ХV-ХVІІ ғасырлардағы қазақтың ауызша дамыған төл әдебиетінің нұсқалары және

олардың тілін зерттеудегі қиындықтар

ХV-ХVІІ ғасырлардағы қазақтың ауызша дамыған төл әдебиетінің нұсқалары және

олардың тілін зерттеудегі қиындықтар

Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Мағауин, Х.Сүйінішәлиев, Қ.Өмірәлиев, Ә.Дербісалин сияқты ғалымдардың жүргізген зерттеулері бойынша, XV-ХVII ғасырлардағы қазақ көркем әдебиетін танытатын едәуір үлгілердің бар екендігі анықтал- ды. Бұлардың иелері: XV ғасырдан Асанқайғы мен Қазтуған, XVІ ғасырдан Шалкиіз (Шәлгез), Доспамбет, Шобан, XVII ға- сырдан Жиембет пен Марғасқа. Бұлардан басқа да бірер өлең- дерімен аты қалғандар да аталады. Мысалы, Қодан тайшы (кей деректерде «Қотан» деп те беріледі), ол – арғын Дайырқожаның әкесі. Бұлардың өздері де – қазақтың ауызша тараған поэзия дәстүрінің дәл бастамасы емес. Олардың алдында – Кетбұға, ол зерттеуші А.Сейдімбековтің шамалауынша, XII-ХIII ғасыр- ларда (1150-1230) жасап өткен Ұлы жыршы, «Шыңғыс ханға баласы Жошының өлімін естірткенде айтқаны» деген өлең жолдарының авторы (ол өлең XV ғасырларда хатқа түсіп қалған), ал акад. Ә.Марғұлан ибн Батутаның Ұлы жыршы деп отырғаны – Сыпыра жырау болар деп топшылайды. Демек, аты аңызға айналып, эпостарда ғана аталатын Сыпыра жырау тарихта болған адам болса, ол да – XV ғасырларға дейінгі қазақ жырауларының алдында тұрған сөз иелерінің бірі.

Бұл кезең (ХV-ХҮІІ ғасырлар) ескерткіштерінің тілін әңгіме етуге келгенде, мына жайттарды ескеру қажет. Бұлардың текс- тологиялық жай-күйлері бірдей емес. Мысалы, «XV-ХVII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» («Ғылым» баспасы, 1982) деген кітаптағы өлең-толғаулардың ішінде ең әрідегі дәуір – ХV ғасырдың өкілі Асанқайғының толғаулары тілі, стилі жағынан әлдеқайда жаңа, біздің заманымызға жуықтау тұрғаны байқалады. Сірә, бұл факт Асанқайғы атының өзі аңызға айналуымен қатар, толғауларының да көп ұрпақтан өтіп, заман сайын өзгеріп жеткенін танытады. Соңғы жеткізушілер Асанқайғының ауызша тіпті біздің заманымызда, әрі кетсе XIX ғасырларда ғана қолданыла бастаған кейбір сөздер мен тіркестерді салады. Мысалы, оның «Ақ тонынды жамандап, Атлас қайдан табарсың» дегеніндегі атлас сөзі – соңғы дәуірлердің элементі болса керек. Асанның аз ғана мұрасының мәтінінде өзгелермен салыстырғанда, араб-парсы сөздері де көбірек кездеседі. Бұл да – біздіңше, соңғы кезеңдер қоспасы- ның жемісі тәрізді. Мысалы, мұнда халық, ақы, айып, ғаріп, жұмлә, әкім, әділ, әділдік, әзиз, насихат, ғылым, ауыл, қабір, қадір, мурид, хатим ету, мақсұт, ғалым, қызыр, ақырет, мәрмәр, нәлет, қызмет, бейнет, дұшпан, жұпар, бақыт, дәулет, пейіл, дос, залым, бейбіт, надан, пір, Хақ тәрізді араб |ен парсы сөздері бар. Әрине, бұлардың бірқатары (дос, дұш- пан, надан, ақы, ақыл, қызмет, бейнет т.б.) – мүмкін XV ғасыр- дағы жалпы халықтың сөйлеу тіліне де еніп үлгерген сөздер болуы. Бірақ қайткенде де Асанқайғы толғауларының тілі үшін, яғни оның кезіндегі ауызша әдеби тіл үшін олар – көптеу.

Асанның замандасы Қазтуғанның, одан сәл кейінгі Шал- киіздің, XVI ғасырдағы Доспамбет пен Шобанның текстері лексика-грамматикалық және көркемдік-композициялық құ- рылымы жағынан өз дәуірлеріне сай элементтерді көбірек сақтағанға ұқсайды. Ал XVII ғасыр жырауларының тілі соңғы ғасырларға өте жуық. Бұларда тіпті қазіргі кез тұрғысынан алғанда да бейтаныс тұлға-тәсілдер де, лексика-фразеология- лық элементтер де өте аз. Дегенмен бұлардың қай-қайсысыңда да түсінуге қиын, мағынасы күңгірт жолдар немесе жеке сөздер мен фразалар бар. Мысалы, тілі кейінгі кездердің нормасына сәйкестендірілген деп тауып отырған Асанқайғы тол- ғауларының ішінде мына жолдарды контекс бойынша да, контекстен тыс та ұғу өте қиын (олар курсивпен теріліп көрсетілді):

Ойыл деген ойынды, Отын тапсаң тойыңды.

Ойыл – көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың.

Кеңестің түбі – нараду…

Мұндай жолдар мен жеке элементтер Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет жырларында едәуір. Мысалы, Қазтуғанның «Қара ұнымы сұлтандайын жүрістің» дегенін қалай түсінуге болады? Немесе оның «Салп-салпыншақ анау үш өзен» дегенінде салп-салпыншақ эпитеті нені білдіреді? Шалкиіздің «Тал мойныма қол артсаң, Күліктен бек ұнармын» дегенінде соңғы сөз түсініксіз. Сол сияқты оның «Тұсыңдағы болған нартың қорлама, Сөз боларсың көлемге. Сындырау арқа, сырт соқпақ Шемшірлігін ноқталап… Құдаған өскен арулар. Көміртіп не беркініс қолыңнан. Күділенген балдан сырқыт жоқ» деген жолдарындағы курсивпен терілген сөздердің бейтаныс- тығы осы тармақтардағы айтылмақ ойды күңгірттеп тұр. Доспамбеттің «Көмбідей ару жаларға. Кірмембес ауыр қолға бас болып» деген, Шобанның «Аббар кешіп, шет қонған, Балаңқылар батпаған. Сырғаласқан жауды сықтарға. Ісірібі тоқтасқан» деген жолдарындағы көрсетілген сөздер де – қазіргі қазақ тілі үшін бейтаныс элементтер.

Қ.Өмірәлиев ноғайлы циклі нұсқаларындағы мұндай эле- менттерді ноғай ордасынан қазақтарға келіп қосылған ру-тай- палар арқылы келген, оларды сол ру-тайпалардың ұрпақтары – Кіші жүз қазақтары көп өзгертпеген деп түйеді[1]. Зерттеуші бұл сөздерді көне емес, түбі бір туыстас өзге түркі тілдік дегенге меңзейді.

Біздіңше, қазақтың XV-ХVII ғасырлардағы поэзиясы тілін- де кездесетін, қазірде бейтаныс немесе мағынасы өзгеше түсетін сөздер мен грамматикалық ерекшеліктерді тұтасымен алып қарамай, бөліп қарау керек: олардың бірқатары, шынында, қыпшақ тілдерінің бір бұтағы – ноғай тіліндік болса, енді бір тобын және үлкен тобын қазақты құраған ру-тайпалардың өзіне тән, бұл күнде көнерген немесе мағынасы өзгерген сөздері мен тұлғалары деп таныған жөн. Мысалы, шешме (бұлақ), соңратын, сымарыш ету, теңі түгіл-ді, сатқын сияқты сөздер мен бізім, менім, жүрерлер, не білейім, келе жата тәрізді грамматикалық тұлғалар ноғай тілінікі екені – сөзсіз. Ал қалған ерекшеліктердің көнелігін, «қазақтығын» дәлелдеуге әбден болады.

Талданып отырған кезеңдердегі ауызша сақталған әдеби мұралардың тілін зерттеуде қиындық тудыратын, кейде тіпті зерттеушіні немесе жалпы оқырмандарды шатастыратын келеңсіздік бар. Ол – жеке сөздердің қате берілуі. Бұл мұралардың қай кітапта, қай журналда, қай жылда басыл- ғанын алсаңыз да, бәрінде де қателерді, әсіресе бейтаныс сөз- дердің жазылуындағы ала-құлалықты кездестіреміз. Алақұлалықтың бірқатары – араб жазуымен жеткен кітаптар мен қолжазбалардағы сөздерді қазіргі жазуға көшіргенде, контекске қарай түзетіп жазуға байланысты алшақтықтар. Мысалы, алдыңғы басылымдарда Асанқайғының «Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің» деген жолдарындағы шабылып жатқан тіркесі соңғы басылымдарда жайылып жатқан деп өзгертілген.

Сол сияқты Қазтуғанның бұрын «Билер отты, би соңы» деген тармағын «Билер өтті, би соңы» деп дұрыс оқыған- дықтан, екі басылымда екі түрлілік бар. Шалкиіздің «Дүбірдүбір шу көрген» деп басылып келген жолы «Дүбір-дүбір жүгірген» деп түзетілген. Сонымен қатар бұрынғы басылым- дарда дұрыс берілген сөздердің кейінгі кітаптарда не қате жазылғандары, не өзгертілген түрлері орын алғаны да бай- қалады. Мысалы, есімдіктің I жақтағы жіктеулі түрі – менім сөзі 1982 жылғы «XV-ХVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» атты кітапта осы күнгі нормаға сай менің болып «түзетілген»: Сөйткен менің Еділім (72-б.). Сірә, осы жерде менім тұлғасы Қазтуған сөзіне жуықтау болар, өйткені «Салп-салпыншақ анау үш өзен» атты толғаудың бас жағында «Салуалы менім ордам қонған жер» деген тармақ бар. Бір жырау бір толғаудың ішінде екі түрлі тұлғаны (менің/менім) қолдануы неғайбіл. Біздіңше, XV-ХVI ғасырлардағы ноғайлы-қазақ жырлары тілінде бізің, бізім, менім, не білейім деген ноғайлық тұлғалардың болуы – заңды. Тіпті бұлар қазақтың сол тұстағы сөйлеу тілінде де бар болуы ықтимал, себебі менің, біздің деген осы күнгі қазақтық нормалардың бірден қалыптасуы мүмкін емес.

Сондай-ақ 1982 жылғы жариялауда кесе сөзі десе болып (11-

б.), тік жар сөзі тек жар (15-б.), садақтың сөзі сандықтың (19-б.), кілең сөзі – кілік (85-б.), ал шымылдық тіркесі ақ шымылдық (87-б.), қом су тіркесі құм су (88-б.), жол сөзі мол (89-б.) болып қате берілген. Бұл қателер – мәтінді түсінуді ауырлатуымен қатар, тіл тарихшысын шатастыратын фактілер.

Кітап бастыру немесе қолжазба күйінде жазып сақтау дәстүрі өрбімеген елдердің ертерек дәуірлердегі көркем әде- биет мұрасы, сөз жоқ, күңгірттеніп, ішінара авторлықтан айрылып, асылдары халық мұрасына ауысып кететіндігі айтылды. Ал аты-жөнімен сақталып, пәлен автордың шығармасы деп, идеялық-тақырыптық жағынан әбден дәлелдеуге болатын- дарының өзі тілі жағынан қарастырғанда, едәуір тосқауылға душар етеді. Атап айтқандай шығарманың тақырыбы мен идеясы ғасырлар бойы өзгермей, сол күйінде сақталғанмен, оның тіліндегі жеке сөздер мен фразалары және бір алуан грамматикалық тұлға-тәсілдері өзгеріп, соңғы дәуірлерге басқаша жететіні – заңды құбылыс.

Ертедегі әдеби үлгілердің тілі жағынан өзгеріске ұшырауы- ның, біздіңше, бірнеше себебі бар. Ең алдымен, ол мұраның ауызша сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетуі өзгерістің объективтік-субъективтік себептерін туғызады: әдеби мұраны жеткізуші мен қабылдаушы өз бастарының ақындық дарындары мен көркемдік талғамдарына қарай, кейбір тұлға-тәсілдер- ді өзінше жаңғыртып, мәтінді ішінара «редакциялау» құқы- ғына ие болады. Бұған эпостардың варианттарынан мысал келтіруге болады. Айталық, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»

эпосының бір жырланысында:[2]

Қодар, Қодар дегенің кім-ді, сірә,

Құлдан өлсем, жатайын, құным сұрама.

Екі сөздің ішінде елімді айта бердің, Жорығаның қалай еді, жұртым, сірә? –

деп келсе, осы шумақ екінші жырланыста:

Қодар, Қодар дегенің құл ма, сірә, Құлдан өлсем, жатайын, тұрмай, сірә.

Бір сөз айтса, өледі дей бересің, Жораң қалай жаман-дүр, жұртым, сірә? –

болып, едәуір өзгеше құрылған. Әрине, бұл жырланыстардың қайсысы бұрын, қайсысы кейін туғаны белгісіз (хатқа түскеніне қарап, мынауы ілгергісі, мынасы кейінгісі деуге мүлде болмайды: бұрын жырланғаны хатқа кейін түсуі де ықтимал ғой) және тәуірірегін кейінгісі деп кесіп-пішуге тағы болмайды, өйткені соңғы жеткізуші ақындық дарыны жағынан алдыңғы айтушыдан күштірек болу-болмауы екіталай. Бірақ қайткенде де әр жырлаушы өзінше редакция жүргізген және бұл жерде соңғысы тәуірірек жүргізген. Себебі алдыңғы вариантында өлең өлшемінде азын-аулақ ақаулық бар, соңғыда – жатық. Біреуінде қазақтың ескі әдет-ғұрып заңының бір «статьясы» – құн сұрау, құн төлетуді ескертсе, екіншісіңде қарапайым акт – өлсе, тұрмай жататыны ғана білдіріледі. Сол сияқты бір жырлаушы өз заманына сай мұсылманның Алласын қыстыра кетуді дұрысырақ көреді: Алла бұйыртса, жұртым, мені жіберіңіз дейді. Немесе бір жырланыста «Ызаменен сарғайып іші толды» десе, екіншісінде «Санаменен сарғайып іші толды» деп, ассонансқа құрылған кәнігі фразаны пайдаланады (бұл салыстырулар Ы.Дүйсембаев жүргізген текстологиялық материалдар бойынша келтірілді)[3]

Жеткізуші мен қабылдаушының өз дәуіріне бейтаныстау көне элементтерді өзгертіп, өз тұстарындағы жаңа варианттарымен беріп отыруы әбден ықтимал да, заңды да. Мысалы, ноғайлы цикліндегі жырлардың бірқатарында Ал қара кіс тон береді, Омы үстіңе ки сәна деген жолдар кездеседі. Мұндағы кіс – терісі бағалы, орманды жердің аңының аты. Ертеректе қазақ халқын құраған ру-тайпаларға бұл аң өте таныс болып, оның атауы поэтикалық элементке айналғаны байқалады: ал қара кіс тон беру – «қымбат сыйлық беру, қадір тұту» дегеннің символы. Кіс сөзі өзге эпостардың кейбір жырланыстарында да сақталған. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының 1834 жылы жазылған (хатқа түскен) вариантында «Бір жатыпты қара кіс жамылысып» деген тармақ бар. Осы тармақ екінші бір жырланыста «Бір ойнайды жарымен табылысып» деп өзгеше берілген. Мұндағы кіс жамылу, яғни аңның терісімен астарланған немесе тысталған тонды жамылу ерте кездер үшін түсінікті болғанмен, соңғы кезеңдерде көп кездеспейтін, сондықтан көпшілікке бейтаныс фразаға айналған тәрізді. Осының салдарынан кейінгі жырлаушылардың (бұл жолды өзгертіп айтулары – әдеби мұраның ауызша сақталып, ауызша жеткізілуіне тән тәртіптерден туған заңды құбылыс.

Ауызша сақталған ескерткіштің не тұтас өзі, не үзіктері бір автордан екіншісіне ауысып, екі-үш иелікке бірдей телініп жүретіндігі олардың тілін зерттеуге келгенде, айтарлықтай қиындық туғызады. Ескі мұралардың кейде тіпті авторлықтан айрылып, фольклор туындыларына ауысып кетуі мәселені одан сайын күрделендіре түседі. Мұндай ауысулар бір дәуір, бірер ғасыр аясында қалмай, бірнеше ғасыр бойына созылып, бірнеше иегерге тап болатыны тағы бар. Мысалы, кейінгі зерттеулерде XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың I жартысында жасаған ІІІалкиіз жыраудікі деп көрсетіліп жүрген Еділден шыққан сызашық Біз көргенде, тебінгіге жетер-жерпес су еді деп басталатын толғау араларына үш ғасыр салып, XIX ғасырдағы Махамбеттен бір-ақ шығады[4]. Текстологиялық айырмашылықтар – бірді-екілі жеке сөздерінде ғана. Сөз қолданысы мен грамматикалық тұлға-тәсілдері жағынан бұл мәтін соңғы кездердің, XIX ғасырдың туындысына әлдеқайда жуық келеді. Ал, шындығында, бұл өлең әрірек дәуірдікі болуы мүмкін, бірақ ауызша жеткендіктен, бірте-бірте өзгеріп, соңғы кездердің нормасына түсуі (сол себептен де Махамбетке тән тәрізді болып көрінуі[5]), оның үстіне кейде тіпті авторлықтан айрылып, фольклор мұрасына көшіп кетуі – таң қаларлық жайт емес85. Бұл мысал тұтас шығарманың әр дәуірге, әр авторға ауыстырылып келгенін көрсетеді. Ал жеке жолдардың, образдардың ғасыр сайын, автор сайын қайталап бой көрсетуі – бір жағынан, тағы да «ауызша баспаның» ісі болса, екінші жағынан, ол – тұтас поэтикалық мектептің, әдебиеттегі бағыттың жемісі және ертерек кезеңдердегі көркем әдебиеттің даму заңдылықтарына қатысты құбылыс. Мысалы, жаугершілік тақырыптағы шығармаларда толғамалы ай балта, қорамсаққа қол салды, қозы жауырын оқ алды сияқты стереотиптер – тек ауызша сақталудың ғана жемісі емес, бұл – тұтас мектептің (поэтикалық дәстүрдің) әрі қарай жал- ғасып, ұласа беруінің нәтижесі. Зерттеуші Қ.Өмірәлиев мұн- дай ортақ тақырыпты, бірнеше вариантты дүниелерді, әсіре- се дидактикалық-шешендік толғауларды белгілі бір ақынжырауларға телімей (тіпті авторлығының сақталғандығына қарамастан) және белгілі уақыт аясында алмай, мақал-мәтел- дер сияқты ортақ мұра ретінде қарау керек деген пікір айтады. Бұл – жаны бар әңгіме.

Сөйтіп, XV-ХVIII ғасырлардағы қазақ әдеби мұралары- ның тілін танып-білуде ол үлгілердің ауызша таралып, ауызша сақталуына байланысты әр алуан қиындықтар бар екендігі көрінеді. Дегенмен соңғы жылдардағы ізденістерге қарағанда, Бұхар жырауға (XVIII ғасырға) дейін де қазақтың көркем поэзиясының болғандығы және оның бірсыпыра өзгеріске түссе де сақталып, бізге жеткендігі ақиқат болып отыр.

Тілдік талдауларға келгенде, мына жайт та назар аудартады. Сөз етіп отырған дәуірлердегі үлгілерді (немесе бұлардың бірсыпырасын) таза қазақ тіліндегі нұсқалар дегеннен гөрі, қазақ пен ноғай тілдеріне ортақ туындылар деп таныған дұрыс болар. Өйткені, Ш.Уалиханов айтқандай, Жәнібек ханның билік құрған шағында қазақ пен ноғайлы жұрттары бірге өмір сүрген кезі – өлең-жырлардың алтын дәуірі болды. Шоқан Жиренше шешен аңыздарын, «ноғайлы философы» – Асанқай- ғы толғауларын, Әз Жәнібек сөздерін осы ноғайлы-қазақ

85 13 жолдық осы өлеңді ЬІбырай Алтынсарин де өзінің хрестоматиясында жариялаған болатын. Онда бұл толғау тіпті авторынан айрылып, «Бір бидің жамандардан қорлық көріп, бір ханға айтқан сөзі» деп ұсынылған.

дәуірінде туған деп топшылайды[6]. Тек Жиренше мен Асан емес ХV-ХVІ ғасырларда өмір сүрген Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуған, Шобандар да ноғайлы-қазақ жыраулары болып саналуға тиіс. Бұл пікірді принципті түрде алғаш айтқан зерттеуші Қ.Өмірәлиев: «Қазтуған туралы сөз», «Доспамбет сөзі» деген жыр, «Әділ сұлтан жыры» т.б.сөз үлгілері қазақ халқының құралу қарсаңында, одан бергі дәуірде өзге территорияда Еділ мен Жайық бойында, Еділ, Қырым аралығында, Алтын Орданың өзге бір ордасында ұйтқы болған ноғайлар арасында туды. Ал бұл жырларды осы құрамда болып, қазақ халқына кейін қосылған ру-тайпалар өзімен бірге әкелді. Кейінгі дәуірлердегі қайта жырлаулар негізінде бұл жырлар өзінің бұрынғы ноғай әрі Қырым жұрты редакциясынан біраз өзгеріп, біршама қазақыланды. Осы себепті де бұл сипаттас біраз сөз үлгілеріне қазақ, ноғай, қарақалпақ т.б. халықтардың ортақ еншілігі бар мұра ретінде қарау керек»,87 – дейді.

XV-ХVI ғасырлар – қазақ ру-тайпаларының өз алдына ұлыс (народность) болып құрала бастаған дәуірлері. Бұған дейін ноғайлылар мен қазақтың ру-тайпалары Алтын Орда құрамында бірге, аралас-құралас өмір сүргені мәлім. Ш.Уәлихановтың сөзімен айтқанда, «төрде басы, төскейде малы бір болған» осы ғасырлардың өзінде бірсыпыра ру-тайпалар ноғайлы мен қазақ одақтарының біресе біреуіне қосылып, біресе ажырап жүрді. Біртектес түркі тілінде (қыпшақ тобында) сөйлейтін ру-тайпалардың бұл араластығы олардың мәдени-әдеби өмір- інде де, тілдерінде де үлкен із қалдырды. Сондықтан Асан, Шалкиіз, Қазтуған, Шобан сияқты сөз зергерлерін ноғайлы, қазақ болып бөлінгенде, әрқайсысы өзімдікі деп ала кетуі әбден заңды. Осы себептен бұлардың туындыларын қазақ кітап- тарымен қатар, Магомет Османов құрастырған «Ноғай уа құмық шиғырлары» (СПб., 1883) атты жинақта да, А.Жәнібек құрастырған «Ауыл поэзиясы иа де ноғай әдәбиеті» (Мақачқала, 1935), «Ноғай жырлары» (Астрахан, 1912), «Шолпан» (ноғай яжувшыларының ортақ иынтығы, түзеген – Б.Қарасов. — Черкасск, 1969) деген жинақтар мен кітаптардан да таба аламыз.

Қазақ қауымы халық ретінде XV ғасырларда құрала бас- тағаннан кейін тілі ж-мен айтылатын топта қалыптасып, өзге түркі тілдерінен ажырай бастағаны мәлім. Бірақ бұған дейінгі пайда болған әдеби мұралар әлі де ұзақ уақыт қазақ халқы- ның рухани қажетін өтей алатын, сондықтан оңай қазақшs- ланатын дүниелер болғанға ұқсайтынын жоғарыда айттық. XV-ХVI ғасырлардан қалған өлең-жырлар әлі де ноғайлы, қазақ жұрттарына ортақ, мүмкін, көп ретте ж-мен емес, й-мен айтылған болар. Бұған кейбір тарихи есімдерге қатысты жыр- лар мен шағын өлеңдердің Қырым татарларында да (ноғай- ларында) сақталғаны куә. Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазту- ғандарды кейбір зерттеушілердің ноғайлы- қыпшақ жырау- лары деп атайтыны да, Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбет жырла- рының, Тоқтамыс, Сыпыра жырау толғауларының жалпақ қазақ ішіне тарамай, оның батыс бөлігінде – Ноғай ордасынан бөлінген тайпалар арасында ғана айтылды деген пікірлер де[7] осыны дәлелдей түседі. Қайткен күнде де бұларды қазақ- тың XV-ХVI ғасырлардағы әдеби тілі туралы пікір айтқыза- тын нұсқалар деп тану керек.

Ноғайлы-қазақ толғау жырларының ауызша таралып, ауызша сақталуына қарамастан және варианттылық, ортақтық фактілерінің барын есептегеннің өзінде, XV ғасырдан келе жатқан авторлы поэзия өз негізін, бастапқы қалпын түп- тамырымен өзгертпеген деп табамыз. Оған, біздің байқау- ымызша, бірнеше фактор себеп болған. Бұл факторлардың бірі – поэзия үлгілерін халықтың қастерлеп сақтау дәстүрі болса, екіншісі – ол дәстүрді жүзеге асырушы «құралдары- ның» болғандығы. Мұндай «құралдар» деп отырғанымыз – ақын-жыраулардың өз бастары мен арнайы жыршылар, яғни өлең, толғау, жырларды жаттап айтушылар. Оның үстіне үлкен толғау, жырларды жаттап үйренудің белгілі мектебі болғанын және айту қажет. Жырды үйренушілер айтушының жанында айлап-жылдап жүріп, шығарма мәтінін дәл жаттап алатын болған, оның алдында «емтихан» тапсырып, жырды тұтас немесе бөліп-бөліп бұлжытпай айтып беруді дәстүр еткен. Мысалы, зерттеуші Қ.Сыдиықов атақты «Қырымның қырық батырын» жырлаушы Мұрын жырау Сеңгірбайұлы (1859-1954) ұстазы – Нұрым Шыршағұлұлының (1831-1908) қасында бірнеше рет бірге жүріп, жыр-толғаулар жаттап, батасын алған дейді[8]. 1880-1884 жылдары Қашағанмен бес жыл бір жүріп, жыр үйренеді дегенді тағы айтады[9].

Жырды жаттап жеткізушілердің көпшілігінің естігенін жадында сақтау қабілеттері күшті болғандығы[10] туралы да жазылып келеді. Сөз жоқ, мұндай феномендер ертедегі әдеби мұраларды тілі жағынан біршама өзгертпей жеткізуге себепкер болғанға ұқсайды. Мұны кезінде Ш.Уалиханов жақсы байқаған еді. Ол «Киргизское родословие» деген еңбегінде: «Барлық көне жырлар мен аңыз-әңгімелер дәуір өткен сайын ұрпақтан ұрпаққа ауызша түрде жеткеніне қарамастан, жыршы- жыраулардың жаттау әрі есте сақтау қабілеті мен өз атабабаларының ерлік істері туралы өлең-жыр, аңыз-әңгімелерін халықтың шексіз сүйгендігінің арқасында күні бүгінге дейін өзгеріссіз таза жеткен. Олардың жырланыс нұсқалары (списоктары) ұланғайыр кең даланың қай түкпірінен жиналған болса да, бір-біріне өте ұқсас, тіпті бірдей түседі»,[11] – деп бір жазса, осы пікірін екінші шығармасында және қайталайды93.

Екінші фактор мынадай. Өлең шарттылығына байланысты және белгілі бір өлке тұрғындарына (Батыс Қазақстан өлкесіне) біршама түсінікті болғандықтан, кейбір лексикалық және грамматикалық көнеліктер өзгермей жеткен. Ал бірқатар грамматикалық тұлғалардың сақталуы ертедегі әдебиеттің стильдік-жанрлық сипатына тікелей байланысты. Мысалы, дидактикалық толғауларда, мақал-мәтелдер сияқты, есімшенің -ар жұрнақты тұлғасы актив жұмсалады, өйткені мұнда да өмірде үнемі болып жататын, белгілі бір шаққа бейтарап құбылыс баяндалады: «Шағырмақ бұлт жай тастар, Ағытқан қойды жол бастар» (Шалкиіз). «Құйрығы жоқ, жалы жоқ Құлан қайтіп күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ Жылан қайтіп күн көрер» (Асанқайғы). Мұндай баяндау дидактикалық тол- ғаулардың құрамды бөлігі болып келеді, ол – үгіт айтуға қажет фон, ой астары. Демек, бұл жанрдың өзі-ақ етістіктерді оның өзге тұлғаларымен алмастыруға жібермейді.

Үшінші ескеретін жайт – ол авторлы әдебиеттің фольклор дүниесімен қатар өмір сүріп келген фактісі. Екеуінің сақталу, таралу амалы бірдей болғанымен, біздің ойымызша, елеулі айырмашылықтары да бар: біріншіден, авторлы әдебиетте фольклор мұрасын жеткізуге қарағанда, еркіндік кемдеу се- зіледі. Оның бір себебі – ақын-жыраулар туындыларының дені белгілі бір оқиғаға, нақтылы жер-су, адам аттарына қатысты айтылатындығына байланысты. Жеткізуші оларды алып тас- тау немесе өзгерту сияқтыларға көп бара алмайды. Содан соң авторлы әдебиетте ортақ сәттер (дәстүрлі клишелер), фоль- клорға қарағанда, әлдеқайда аз кездеседі. Оған қоса әр автор- дың өзіне тән жырлау мәнері, өзі сүйіп қолданған көркем- деуіш элементтері болуы мүмкін. Бұлардың барлығы – дара- лықты, авторлықты танытатын белгілер. Ал даралық тұрақ- тылықты көбірек қалайды. Қазақ поэзиясын ауызша жеткізу- шілер осыны интуитивті түрде жақсы сезген деуге болады.

[1] Өмірәлиев Қ. XV–XIX ғасырлардағы қазақ… 93-б.

[2] Орыс филологиясыңдағы список деген терминді біз кейде нұсқа деп, кейде орысшасын алып, кейде тіпті әрқилы атап жүрміз. Біз осы жерде жырланыс деген сөзді «списоктің» баламасы ретіңде қолдандық, өйткені список – шығарманың жазылып сақталған варианты, ал қазақ үлгілері – ауызша түрленгендер, сол себептен жырланыс деген термин дәлірек келетін тәрізді.

[3] Қозы Көрпеш- Баян сұлу. Құрастырып, кіріспе мақала мен түсініктерін жазған – Ы. Дүйсембаев. — Алматы, 1959.

[4] «Жаңа мектеп» журналы. — 1927. — №7-8; Кәкішев Т. Махамбеттің жаңа жолдары //Қазақ әдебиеті, 1956, 16 ноябрь.

[5] Біз қазақ текстологиясы туралы жазған бір мақаламызда бұл өлеңнің Махамбет қаламына жуық түсетін сәттерін көрсеткен едік, бірақ ол талдауымыз мысал ретінде ғана жүргізілген- ді (қараныз: Сыздықова Р. Текстология мәселелері туралы ойлар// Жұлдыз. — 1964. — № 8).

[6] Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. — Алма-Ата, 1961. — Т. I. — С. 218. 87 Өмірәлиев Қ. XV-XVI ғасырлардағы қазақ… — 15-б.

[7] Бұл да сонда, 91-102-б.

[8] Сыдиқов Қ. Ақын-жыраулар. — Алматы, 1974. — 68-б..

[9] Сыдиықов Қ. Мұрын жырау //Қазақ ССР ҒА Хабарлары. — 1991. — № 4.

[10] История казахской литературы в 3-х томах. — Алма-Ата, 1968. — Т.І. — С. 396; Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. — Алматы, 1974. — 191-б.

[11] Валиханов Ч.Ч. Көрсетілген кітап. 210-б. 93 Бұл да сонда, 391-б.

Р.СЫЗДЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *