
Халықтың ауызекі сөйлеу тілі – қазақ әдеби тілінің негізі
Қазақ халқының этнос ретінде қалыптасқанына дейінгі оны құраған ру-тайпалардың және одан кейінгі қазақ қауымының өмір сүру барысындағы ауызекі сөйлеу тілінің барлық қаттауын (лексикалық қазынасын, грамматикалық тұлғатәсілдерін, фонетикалық жүйесін) және олардың әр кезеңдегі нақты күй-қалпын дәл көрсету қиын. Дегенмен қазақ халқын түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататын, ж-мен сөйлейтін (сөз басында j емес, ж дыбысы келетін: жоқ, жақсы, жыл деп сөйлейтін) тайпалар одағы құрағандықтан, осы тайпалардың жеке хандық құрған тұсы – ХV ғасырға дейінгі ауызекі сөйлеу тілінің жалпы грамматикалық сипаты мен сөздік қазынасы- ның, дыбыстық жүйесінің қандай болғанын көз алдымызға келтіре аламыз[1].
Зерттеушілердің ізденістеріне қарағанда, қыпшақтардың нағыз дәуірлеп тұрған кезі – ХII-ХIV ғасырларда хатқа түскен «Кодекс Куманикус» (ХІІІ ғ.) «Терджуман турки уа араби» (XIII ғ.) «Китаб ал-идрак ли-лисан ал-атрак» (XIV ғ.), «Китаб ат-туһба аз-закйа фил лүғат ат-туркийа (XIV ғ.) т.б. сияқты сөздіктер сол дәуірлердегі сөйлеу тілінің ескерткіштері болып саналады[2]. Қыпшақтардың ауызекі сөйлеу тілінің заттық (сөздік) көрінісі мен грамматикалық, фонетикалық сипатын Махмуд Қашғари (ХІ ғ.) сөздігі де танытады. Бұлардағы түркі сөздеріне, олардың тақырыптық топтарына зер салсақ, ерте дәуірлердің өзінде-ақ қыпшақ тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің ауызекі сөйлеу тәжірибесінде деректі, дерексіз ұғымдарды беретін бай лексика қоры болғанын аңғарамыз.
«Кодекс Куманикус» (латынша «Кумандардың кітабы» деген атау) – XIII ғасырда жазылып, бізге қолжазба күйінде жеткен ескерткіш. 164 беттік бұл ескерткіш екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлім үш тілдік (латын, парсы, қуман) сөздіктен, зат есімдер мен есімдіктердің септелу үлгісінен тұрады (1-110-б), екінші бөлімінің басымын (111-164-б.) діни уағыздар құраса, қалғанын куманша-немісше, куманша-латынша сөздер, итальян поэзиясының үзінділері (ақын Петрарканың қолымен жазылған), қысқа куманша, латынша мәтіндер, куманша жұмбақтар құрайды. Куманша мәтіндердің мазмұны негізінен христиан дінін берік ұстауға үгіттейді, Иисус Христостың айтқан ақылдарын ұсынады, көрген азаптарын баяндайды.
Ескерткішті зерттеуші қазақ ғалымдарының пайымдауынша, кітаптың I бөлімі практикалық мақсат көздеп, II бөлімі кумандарға христиан дінін уағыздау ретінде ұсынылған41. Бұл ескерткіш жайында толық мәліметті сілтемеде көрсетілген еңбектен алуды ұсынамыз.
Кумандарды қыпшақтар, половецтер деп те атаған. Қыпшақтар XII-ХIV ғасырларда мерейлері үстем болып ша- рықтаған, осы кездерде құмандар (қыпшақтар) тілі Қара теңіз бен Каспий айналасында жалпыға бірдей ортақ тілге айналып, Еуропа елдері қыпшақтар туралы тиісті мәліметтер алып отыруға мәжбүр болған.
Көрші отырған орыс, армян сияқты елдердің оны үйреніп алуын өмірдің өзі талап еткен. Осылардың нәтижесінде «Кодекс Куманикус» сияқты еңбектер жазылып қалған[3].
Бұл ескерткіштің материалдарына қазақ әдеби тілінің бір арнасы ретінде зер салсақ, лексика саласынан мынаны айтуға болады: XIII ғасырлардағы қыпшақтардың ауызекі сөйлеу тілінде адам, табиғат, қоғам, адамдардың өзара және табиғатпен қарым-қатынасы сияқты тұстардағы нақты зат, құбылыс атауларымен қатар, дерексіз ұғым аттары дараланып, едәуір дамыған түрде қалыптасқанын көреміз. «Кодекс Куманикусқа» қарасақ, қыпшақтар тіліне тән және бір ерекшелікті аңғарамыз, ол – мұнда дерексіз (абстракт) зат есімдер негізінен түркі, оның ішінде қыпшақ тілдерінің сөздері болып келеді. Мысалы, айтмақ (хабар), ақлық (ақтық, күнәсыздық) алғыш (алғыс), аманат, ант, арувлық (тазалық, арулық), асров (тәрбие), ачув (ашу), базлық (бейбітшілік), бейуклук (биіктік), бошақ (бостандық), бұйрук (бұйрық), бұлғақ (қым-қуыт кезең), бірлік, бүтүнлүк (бүтіндік), егілік (игілік), ексүк (кемшілік), емгек (қиындық), емінлік (қауіпсіздік), йете (жете, ақыл, ес), йеңмек (жеңіс), уғат (ұят), улулуқ (ұлылық) т.т. Бұл сөздер қазіргі қазақ әдеби тілінде де дерексіз ұғым атаулары болып табылады. Әрине, XIV-ХV ғасырлардан кейінгі даму кезеңінде бірқатар түркілердің, соның ішінде қазақтардың әдеби тілінің лексикасында дерексіз ұғым атауларын араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздермен білдіру басым болып келгені белгілі. Бірен-саран дерексіз кірме атаулар (ақыл, ашық «ғашық», бақт «бақыт», давлат «дәулет», дүние т.т.) «Кодекс Куманикус» ескерткішінде де бар. Дегенмен негізгі бағыт – лексикалық байлық түркінің өз сөздері болып келгенін аңғару қиын емес.
Мұндағы үш тілдік сөздікте берілген сөздердің мағына- лары бойынша топтастырылған түрлеріне қарасақ, 70-беттегі және оның атына байланысты сөздерден бастап, адам, зат, табиғат, қасиет, сапа атаулары т. т. 110-беттегі дақыл аттарына дейін 40 түрлі топқа бөлініп берілген. Бұлар – қазіргі әдеби тілдердің сөздік қазынасының бұдан 6-7 ғасыр бұрынғы көзін танытатын материалдар.
Сөздік түрінде жеткен келесі ескерткіш – «Терджуман турки уа араби» («Түркіше-арабша тәржіма») да сөйлеу тілінің материалдарын танытады. Бұл сөздік 1245 жылы Египетте жазылған. 76 беттік қолжазбада 2,5 мыңдай түркі сөздері жинақталған, дені (62 беті) – түркіше-арабша сөздік, қалған аз беттері монғолша-парсыша, арабша-монғолша сөздік болып келеді. Мұнда сөздер тек лексикалық топтарға қарай емес, сөз таптарына (есімдер және етістіктер), сөз тұлғаларына (қо- сымшалар) түрінде топтастырылып көрсетілгендіктен, ішін- ара сол кезеңдегі түркі (қыпшақ) тілдерінің грамматикалық анықтағышы ретінде де танылады.
Абу Хайанның «Китаб ал-идрак ли-лисан ал-атрак» («Түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітап») деген еңбегі 1312 жылы Каирде жазылып біткен. Кітап фонетика, морфология және сөздік болып үш бөлімнен тұрады. Сөздікте 3500-ге тарта қыпшақ сөздері араб тіліне аударылған, олар түрікмен, татар, ұйғыр, бұлғар, Түркістан түріктері, тоқсаба тілдерімен салыстырылып отырылады. Кітап көлемді, екі көшірмесі сақталған (1335 жылғы көшірме 132 беттен, 1402 жылғы көшірме 194 беттен тұрады). Кітап екі бөлімді: І бөлім – сөздік (қыпшақша-арабша), II бөлім – грамматика. П.М.Ме- лиоранскийдің айтуынша, «Китаб ал-идрак» негізінен қыпшақ диалектісін сөз етеді. Бұл ескерткіштің тілін қазақ тілі тарихы- на байланыстыра арнайы зерттеген М.Мәженова мұндағы септік көрсеткіштері қыпшақ тілдерінікі екендігін, сөздік қор- дың 56,5 пайызы фонетикалық тұлғасы мен беретін мағына- сына қарай қазіргі қазақ тілімен бірдей түсетіндігін, яғни өзен, ечкі, бешік, ине, бұйдай, төшек, киіз, бөрі сияқты қыпшақтық сөздер басым екендігін, ал 33,5 проценті сыртқы фонетикалық тұлғасы жағынан ғана өзгешеленетіндігін, қал- ғандары көне түркілік қор мен оғұз-түрікмен тобының сөздері екендігін дәлелдейді. Ал фонетика саласында Абу Хайан еңбегінің қазіргі қазақ тілінен өзгешеленіп тұратындығы, мұның негізгі себебі дәстүрлі түркі емлесіне байланысты екендігін айтады[4].
Китаб ат-тухбат аз-закия фи луғат ат-туркия» («Түркі тілі туралы жазылған ерекше сыйлық») – ХIV ғасырда Мысырда жазылған, 180 беттік қолжазба ескерткіш. Бұл кітап сөздіктен және грамматика бөлімдерінен тұрады. Бұл сөздікті түрік ғалымы Б.Аталай, өзбек ғалымдары С.Муталлибов, Э.Фазылов, М.Зияевалар түрік, өзбек, орыс тілдеріне аударып, түсініктемелер берген (бұл жөнінде толығырақ мәліметті «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» атты кітаптан, Ә.Құрышжановтың, Т.Арыновтың еңбектерінен оқып білуге болады). «Китаб ат-туһбаның» лексикасын арнайы зерттеген қазақ ғалымы Т.Арынов бұл ескерткіште қамтылған лексика қазынасын ортағасырлық өзге ескерткіштердің материалдарымен салыстыра отырып, оның «жалпы қыпшақтық» бөлігін айырып алады да ескерткіште қамтылған сөздердің қазақ тіліне қатысын талдайды. Өзге ескерткіштерде жоқ (тіркелмеген) бұрау, көже, күндеш (күндес), қолаңса сөздерінің қазіргі қазақ тілінде бар екендігін көрсетеді және бұл ескерткіштен сөздердің 75-80 пайызы қазақ тілінің сөздігімен сай түсетіндігін дәлелдейді. Зерттеуші бұл ескерткіш ескі қыпшақ сөйлеу тілінің көрсеткіші дегенді баса айтады[5].
Сөйтіп, жоғарыда сөз болған ескі қыпшақ жазба ескерт- кіштерінің фонетикалық және грамматикалық сипатын зерттеген материалдарға қарап, қазақ әдеби тіліне негіз болған ескі қыпшақ ауызекі сөйлеу тілінде сөз басындағы б дыбысының орнына м (мұрын, бұрын емес; мойын, бойун емес), ғ/г орнына сонор у (тау, тағ емес), й орнына ж (жақсы, йахшы емес), ш орнына с (жас, йаш емес), ч орнына ш (шал, чал емес), д орнына т (тау, дағ емес) т.т. заңдылықтары бар болғанын көреміз.
Қысқасы, қазақ халқын құраған ру-тайпалардың өте әрі- ден, бірқатар зерттеушілердің (мысалы, Қ.Өмірәлиевтің) тұ- жырымдауынша, біздің жыл санау дәуірімізге дейінгі III- II ғасырларда және жыл санау дәуіріміздің басында өмір сүрген үйсін, қаңлы сияқты түркі тайпалары мен тайпалық одақтардың ауызекі сөйлеу тілін қазақ халқының ауызша, жазба әдеби тілдерінің негізгі көзі деп тануға болады.
[1] Курышжанов А. К истории изучения разговорной речи кыпчаков XIII-XIV вв.// Известия АН Каз ССР. — Серия общественных наук. — 1970. — № 6.
[2] Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. — Алматы, 1971. 41 Сонда, 47-б.
[3] Құрышжанов Ә., Жұбанов А., Белботаев А Құманша-қазақша жиілік сөздік. — Алматы, 1978. — 27-б.
[4] Мәженова М.Н. Абу Хайан – исследователь кыпчакского языка. Автореф. канд. дисс. — Алма-Ата, 1969.
[5] Арынов Т. Лексико-семантические и стилистические особенности языка старокыпчакского памятника «Китаб атгуһба аз-закийа фил-лугат ат-туркийа». Автореф. канд. дисс. — Алма-Ата, 1983.
Р.СЫЗДЫҚОВА