ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІ

 

ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІ

Тіл тарихындағы жеке кезеңдер, соның ішінде әдеби тіл сипатын алу кезеңі ешқашан тұтқиылдан, тақыр жерден пайда болмайтыны белгілі. Олардың бастауы, қайнар көздері болуы – шарт. Қазақтың ескі ауызша да, жазба да әдеби тілдерінің пайда болып, қалыптасуларына негіз болған арналары бар екен- дігі даусыз. Бұл арналарды анықтауда тағы да қазақ әдеби тілінің ауызша және жазба түрде дамыған екі түрін айырып қарай отырып, бұл екі түрдегі әдеби тілдің көптеген көздері ортақ екенін де бүгінгі ғылым ізденістері көрсетіп отыр.

Қазақ халқының мәдени мұраларының және тілінің тарихы өте көне замандарға кететіндігін, қазақ халқын құраған рутайпалар ежелгі Қытай мен Рум (Византия) аралығында өмір сүрген одақтар мен мемлекеттердің құрамында болғандық- тан, көне мәдени мұраларға осы аралықты мекен еткен өзге де ру-тайпалар сияқты қазақ халқы да ортақ болатындығын «Ертедегі әдебиет нұсқалары» атты еңбек жариялап, сол нұсқа- лардан үлгілер ұсынған авторлар – Б.Кенжебаев, М.Жол- дасбеков, М.Мағауин, Х.Сүйінішәлиев, Қ.Сыдиықовтар 1967 жылы айтқан болатын. Бұл зерттеушілер қоғамның ру, ұлыстық дәуірінде туған тұрмыс-салт жырлары, ертегілер, Алып батыр, Қорқыт жайындағы аңыздар, Оғұз, Алпамыс туралы жырдастандар түркі халықтарының тек біреуіне ғана емес, көп- шілігіне ортақ екендігін баса айтады.

Бұл үлгілердің ішінде «Оғұзнаме» (IX ғ.), «Дәдем Қорқыт кітабы» (IX ғ.), «Құтадғу білік» (XI ғ.) сияқты хатқа түсіп, жазба түрде жеткендері де бар. Сондай-ақ тасқа қашалып, VI-VIII ғасырлардан қалған Орхон-Енисей жазба ескерткіштері түркі халықтарының көпшілігіне ортақ мұра екендігі де айтылады.

Әрине, ортақтықтың белгілерін, арнаның іздерін табу – арнайы зерттеушілердің міндеті. Әсіресе ол белгілердің қазіргі түркі әдеби тілдеріне қатысын, яғни әсерін, үлгісін, элементі- нің сақталуын т.т. сөз еткенде, ұсынылатын тұжырымдарды нақты фактілермен дәлелдеу керек болады. Мысалы, ОрхонЕнисей ескерткіштері тіліндегі сөздердің лексикалық топтарына, мағыналары мен сыртқы тұлғаларына қарай оны осы күнгі түркі тілдеріне жақын келетін немесе алыс тұратын сәттерін айқындау – ескерткіштердің сол тілге қатысын айыру болмақ. Ол жөнінде айтылған пікірлер мен нақты зерттеулер аз емес. Мысалы, бұл ретте С.Е.Малов, В.В.Радлов, А.Н.Кононов, Ғ.Айдаров, В.М.Насилов, В.Г.Кондратьев, А.С.Аманжолов,

Ә.Құрышжанов, М.Томановтардың еңбектерін атауға болады.

Ал Орхон-Енисей жазбаларындағы сөз үлгілерінің қазіргі белгілі бір түркі әдеби тілінің қайнар көзін, қалыптасу тұсын, даму барысына қатысын анықтауда өзгеше әдістерді, басқа объектілерді таңдау керек болады. Әдеби тіл көркем тілдің, белгілі тілдік нормалардың көрінісіне тікелей қа- тысты болғандықтан, алыс-жақындықты жанрлық-стильдік үрдістерден, көркемдеуіш тілдік механизмдерден іздеу керек сияқты. Бұл орайда да ізденістер жоқ емес.

Қазақтың ауызша дамыған әдеби тілінің негізі, қайнар көзі ерте кезеңдердегі қазақ халқын құраған ру-тайпалардың, XIVХV ғасырлардан кейінгі қазақ халқының ауызекі сөйлеу тілі, халық ауыз әдебиеті (фольклор) тілі және көне, ескі түркі жазба ескерткіштерінің тілі болды.

Р.СЫЗДЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *