Қазіргі түркі халықтары. Түркі тілдері және олардың классификациясы

Қазіргі түркі халықтары. Түркі тілдері және олардың классификациясы.

Түркі халықтарының дүниеде таралуы, демографиясы. Түрік, өзбек, ұйғыр, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, татар, башқұрт, әзербайжан, түркімен, чуваш, саха, құмық, қарашай, балқар, ноғай, гагауыз, хакас,т.б. халықтары.Қазіргі түркі халықтарының этнографиясы, материалдық және рухани мәдениеті туралы мәліметтер.

Тілдердің материалдық туыстастығын айқындайтын критерийлер. Түркі тілдерінің құрылысы, типологиялық сипаттамасы. Түркі тілдерін жіктеу прициптері(тарихи, географиялық, фонетикалық, фонетика- морфологиялық). Түркі тілдерінің негізгі классификациясына шолу. Өткен ғасыр түркологтарының( И.Н.Березин, В.В. Радлов, Ф.Е.Корш) түркі тілдерін жіктеудегі тәжірибелері.А.Н:Самойлович, В:В:Богородицкий, С:Е:Малов, Н.А.Баскаков, И.Бенцинг,К.Менгес, А.Дж.мре,т.б. жасаған классификациясы. Қазақтардың сөйлеу мәдениетінің, тілінің тарихын зерттеу жұмыстарына жазба ескерткіштер материалдарын тартудың, сол арқылы тіліміздің толығу, даму жолдарын білудің маңызы зор.

Тіл фактілерін тарихи тұрғыдан алып зерттеудің, білудің ғылым үшін де, практикалық іс үшін де үлкен мәні бар. Өйткені қандай құбылыстың, фактінің болмасын өткенін, тарихи даму жолдарын білмей тұрып, оның қазіргі күйін, сырын жете білу мүмкін емес [1,5].

Қай тілдің болмасын, өткен тарихын, грамматикалық құрылысының даму жолдарын зерттеу, үйрену үшін, ең алдымен, тілдің сол өткен күйін білдіретін, өткен дәуірлерінен сақталған тілдік фактілер, жазба материалдар болу керек. Тілдің әрбір тарихи кезеңдегі күйін білдіретін жазба материалынсыз, тілдік фактісіз оның өткен тарихын зерттеу, білу мүмкін емес.  Олай болса, тіл тарихын, тілдің грамматикалық құрылыс тарихын зерттеудегі, білудегі алғашқы қадам тілдің әрбір  тарихи кезеңдегі күйін білдіре алатын жазба материалдар бар ма, болса олар қайсылар деген сұрауға жауап беруден басталу керек [1, 8].

Қазақ мәдениетінің тарихына қатысты кезеңдердің бірі – кейінгі орта ғасыр, яғни ХІІ-ХV ғасырлар аралығы болып табылады. Осы уақыттар аралығында түркі халықтарының, оның ішінде қазақ ұлтының қалыптасуына зор үлес қосқан қыпшақтардың тілі, әдебиеті, тарихы және т.б. туралы жазылынып қалған бірқатар тарихи мұралар бар: Рабғузи «Қиссас ул-Әнбия»,  Құтыб «Хұсырау-Шырын», Сайф Сараи «Гулистан би т-түрки», Махмуд бин Али «Нахдж ал-Фарадис», Ахмет Иасауи «Диуани Хикмет»,  Абу Хайиан «Китаб ал-Идрак ли-лисан ал-атрак», ат-Түрки «Китаб булғат әл-муштақ фи-луғат ат-түрк», «Хуласа», «Мунийат ал-ғуззат», ас-Самарқанди «Китаб муқаддима» т.б.

Бүгінгі қыпшақ тілдерінің тарихын  түсініп, танып білу үшін орта ғасырлық жазба ескерткіштер тілін оқып үйрену, зерттеу, мұрағаттар материалдарын есепке алу маңызды, қажет іс. Ескіні білмей – бүгінгіні түсіну қиын-ақ. Қазақ тілінің тарихына қатысты жазба мұраларды игеру, зерттеу ұлт тарихын бағдарлауға да негіз болады.

ХІV ғасыр жазба ескерткіштерінің жазылу уақыты қазақ тілінің ұлт тілі ретінде қалыптасу кезеңімен сай келеді. Ал аталмыш ескерткіштер лексикасының өзара айырмашылықтарынан гөрі ұқсастықтары мол, бір жазба дәстүрге негізделген, сондықтан біртұтас (монолитті) жүйе ретінде қазақ тілімен сабақтастыра зерттеу көптеген тың тұжырымдарға жетелейді [2.16].

Қазақ тілінің тарихына, сонымен қатар түркі тілдері тарихын зерттеуде ең көне, алғашқы материал ретінде Орхон-енисей жазба ескерткіштерін атай аламыз.

Қазақ тілінің бұдан кейінгі тарихын осы кезеңде Қыпшақ бірлестігі, тайпалық одақтар құрамында болған тайпалар, рулар тілдерімен байланысты болғаны тарихтан мәлім.

Осы Х-ХV ғасырлар арасында осы бірлестікке енген тайпалар мен рулар тілінде жазылған жазба ескерткіштер түркі тілдеріне ортақ мұра болып есептеледі, қазақ тілі үшін тума материал болады.

Қазақтың біртұтас этнос болып қалыптасуында, ұлт тілінің дараланып өсіп-жетіліп өркендеуінде Алтын Орда мемлекеті зор рөл атқарды. Ол дүниежүзілік тарихта, әлемдік мәдениетте өзіндік орны бар іргелі де қуатты мемлекет еді. Бұл солтүстік-шығыста Бұлғар облысы, Еділдің орта және төменгі жағалауын,  оңтүстік Қырым, Кавказдың Дербентке дейінгі, тіпті одан да арғы далаларды, шығыста батыс Сібір мен Сырдарияның төменгі жағалауын алып жатқан кең байтақ ел болатын [2, 4].

Алтын Орда мемлекетінің территориясын мекендеген халықтардың  этникалық құрамы туралы  әртүрлі мәліметтер бар. Түркітанушы П.М.Мелиоранский «Араб филолог о турецком языке» деген еңбегінде: «Золотая Орда состояла из смеси различных турецких и монгольских племен» деп көрсеткен. Белгілі ғалым Ә.Құрышжанов тарихи деректерге сүйене отырып, Алтын Орда халқының дені қыпшақ рулары болған деген қорытындыға келеді. Сол қыпшақ рулары қазіргі қазақ халқының арғы тегі екені даусыз. Бұл ру, тайпалар әлемдік мәдениетке өз үлестерін қосып, кейінгі ұрпақтарға мол мәдени мұралар қалдырып кетті.

Діні мықты елді жау алса да, тілі  мықты елді жау ала алмайтынына тарих куә. Алтын Орда мемлекеті тарихтың өкпек желіне ұшырап, қанды соғыстар мен саяси жағдайлардың әсерінен күйреп, бірнеше ұсақ хандықтарға ыдырап кетсе де, оның орнында сол дәуірдегі бабалар тілінде жазылған құнды әдеби жазба ескерткіштер қалды [2, 5].

Көптеген түркі тілдес халықтардың, алдымен қазақтардың  қалыптасуы ортағасырлық қыпшақтар тарихымен тығыз байланысты. Қыпшақ этносының үлкен-үлкен топтары қырғыздардың, қарақалпақтардың, өзбектердің, татарлардың, башқұрттардың, Кавказ маңындағы, Оітүстік Сібір мен Алтайдағы түркі  халықтарының құрамына қосылды; қыпшақ тайпалары Орыс, Грузия, Армения, Византия, Румыния, Венгрия, Мысыр және Сирия халықтарының тарихында  өз ізін қалдырды.

Қыпшақтардың тарихи даму кезеңдері әртүрлі тілдерде жазылынып қалған: көне түркі, қытай, орыс, грузин, византия, латын, араб, парсы, моңғол және т.б. Алғашқы дереккөздердің мәліметтік деңгейі хронологиялық немесе аумақтық шектеулігіне байланысты әртүрлі болып келеді. Жалпы дәстүр және мәдениет аясына біріккен араб және парсы тілді дереккөздер орны ерекше: олардағы маңызды материалдар – VІІІ ғасырдың бас кезеңінен бастап, кейінгі орта ғасырларға дейінгі бірнеше ғасырларды  қамтиды, қыпшақтардың шығыстан батысқа – Ертіс алабынан Днепр мен Нилге дейінгі таралу кезеңдері баяндалады.

Көне, ескі қыпшақ мәдениеті туралы ІХ-ХVІІ ғасырларда  Орта Азиядан бастап, Таяу Шығыста, сондай-ақ Испанияда араб,  парсы және кейбір түркі тілдерінде жазылған ескерткіштер саны  мол. Ортағасырлық ескерткіштер ХVІІІ ғасырдан бастап зерттеу  нысанына алынып келеді, бірақ ол зерттеулер тұрақты түрде жүзеге асырылып отырмады. ХІХ ғасырда, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде арабтардың классикалық географиялық және  тарихи  шығармаларының ғылыми айналымға енуіне байланысты  сапалық тұрғыдан, соның ішінде Орта Азиялық түркі халықтары туралы жаңа зерттеулердің пайда болуына алғышарт жасалынды [3, 6].

Бүгінгі уақытта жалпы түркі тілдерінің, оның ішінде  қазақ тілінің де тарихына байланысты көне түркі, ескі түркі, ескі қыпшақ, армян, араб, ескі грек, ескі қазақ тілдерінде, әртүрлі  графикалық үлгілерде жазылған жазба жадыгерліктердің бірқатары ғылыми тұрғыдан зерттеу объектісіне алынып, қазіргі мәдениетіміздің игілігіне ұсынылып жүр [3, 48].

З. В. Тоғанның пікіріне қарағанда, қазақ тілінің тарихына қатысты жазба мұраларды қазақ ауызекі тілінің (фольклорының) материалдарымен салыстыра зерттеу ісін жүзеге асыра білу қажет. Ортағасырлық жазба мұраларда «түрки тіл» деп берілген жазба тілдің стильдік, морфологиялық ерекшеліктері кейінгі зерттеушілердің назарына ілінбей келеді. Ал «түрки» тілдің синтаксистік, ареальдық-синтаксистік ерекшеліктері осы уақытқа дейін мүлдем зерттелінген емес. Жазба мұралар тілінде қолданылған, жалпы түркі халықтарына ортақ жазба мәдениет тілі ескі қыпшақ, ескі оғыз, түрки, шағатай тілдері деп сараланғанымен, әлі де болса олардың синтаксистік қолданымдары, өзара айырмашылықтары тілдік-тарихи тұрғыдан нақтыланған жоқ. Келешектегі зерттеу жұмыстарында түркітанушы ғалымдар осы мәселеге арнайы тоқталып, ауқымды зерттеу жұмыстарын жалғастыруы қажет деп білеміз.

Әдебиеттер:

  1. Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі .- Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. -229 б

2.Сартқожаұлы Қ. Байырғы түркі жазуының генезисі. Алматы: Арыс, 2007. -301 б

  1. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. — Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. – 255 б.
  1. Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. — Алматы: Арыс, 2008. -470 б.
  2. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. — Алматы: Санат, 2009. -496 б.

Қосымша:

  1. 6. Махмұт Қашқари. Түркі сөздігі. Алматы, Сөздік-Словарь, 2006. -336 б
  2. 7. Түркі тілдері (Энциклопедиялық басылым). Астана: Фолиант, 2002. -699

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *