
Тіл және этнос.
Көне түркі этногенезі проблемасы. Орталық және Орта Азияны мекендеген түркі тілдес тайпалар туралы алғашқы мағлұматтар. Сақ, үйсін, хун және көне түркілердің этникалық жақындық проблемасы. Орта ғасыр жазба ескерткіштерін жазылу мақсатына қарай 1) әдеби-діни ескерткіштер; 2) тілдік-грамматикалық зерттеулер (сөздіктер және т.б.); 3) тарихи кезеңге арналған ескерткіштер (хандар шежіресі, жалпы шежірелер, қолбасшылар мен батырлар, жорықтар туралы және т.б.) деп үш топқа бөліп қарастыру да кездеседі. Жеке ескерткіштердің тілін арнайы зерттеумен айналысып, монографиялық еңбек жазған ғалымдар көп емес. Ескерткіштер арнайы зерттелмегендіктен, ескерткіштердің тілі жөнінде айтылған пікірлер де сан алуан. Десек те, орта ғасырлық жазба мұралар тарих, әдебиет, тіл, мәдениет, философия т.б. әр саладағы зерттеуші-ғалымдар тарапынан белгілі бір дәрежеде зерттелген. Бұл зерттеулердің көш басында Г.Ю. Клапрот, В.В. Радлов, П.М. Мелиоранский, А.Н. Самойлович тәрiздi тұлғалар тұрса, кеңестiк дәуiрде, одан кейiнгi кезеңде зерттеулер Э.Н. Наджип, А.К. Боровков, Э. Фазылов, А.М. Щербак сынды т.б. ғалымдардың есiмдерiмен байланысты. Ал солардың ішінен осы саладағы зерттеумен тікелей шұғылданушы қазақстандық ғалымдардан Ә. Құрышжанов, Б. Сағындықұлы, Ә. Ибатов, Р. Сыздықова, Ә. Керiмов, А.Н. Гаркавец, М. Мәженова, Қ. Өмірәлиев және т.б. Бұл ғалымдардың қатары аталған мәселе бойынша еңбек етiп жүрген кейiнгi буын өкiлдерiнен С.Құдасов, М.Сабыр, С.Дүйсенов, Р.Досжан және т.б. орта буын зерттеушілермен толығып келеді. Орта ғасыр кезеңі түркі халықтары үшін өте маңызды әлеуметтік оқиғаларға толы болды. Бұл дәуірдің ең басты ерекшелігі: баршаға ортақ түркі тілінен бөлініп, дербес тілдер қалыптаса бастады. Бұған түркі халықтарының әлеуметтік даму дәрежесі, орналасқан географиялық ортасы, тіл дербестігі, діни нанымдары т.б. қозғаушы күштері себепші болды. Орта ғасырлардағы түркі тайпаларының дамуына да осындай факторлардың үлкен әсері болды. Қазіргі таңда орта ғасырларға тән деп есептелетін түркологияға белгілі көптеген ескерткіштер бар. Атап айтсақ, дәстүрлі әдеби тілдегі еңбектерге: Рабғузи-дің «Қиссасу-л-Ән-бия», Құтыбтың «Құсырау уа Шырын», Рауандидің «Мұхаббатнама», Әлидің «Нахдж-әл-Фарадис», Сайф Сараидың «Гүлистан бит-түрки», Сиди Ахмедтің «Ташшұқнама», Хорезмидің «Тәржіма Шаһнама», Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», Әбілғазының «Оғызнама» атты еңбектері мен авторлары белгісіз «Қорқыт ата кітабы», «Сираж әл-Қулуб», «Рахат әл-Қулуб», «Миғражнама», «Дастан-и-Жұмжұма Сұлтан», «Мифта-Һул-Әділ», «Тефсир», т.б. шығармалар. Ал жергілікті халық тіліндегі ескерткіштер — Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикметі», Сүлеймен Бақырғанидің «Хикметі», т.б. Қыпшақ ауызекі сөйлеу тіліндегі жазбалар: «Диуани лұғат-ит-түрк», «Кодекс Қуманикус», «Китаб әл-Идрак Ли-Лисан әл-Атрак» (Әбу Хаййан), «Китаб Булғат әл-муштақ фи-луғагг ат-түрк» (Жамалладдин ат-түрки), «Ат-тухфат әз-Закия фи-л-Лүғат-ат-Түркия», «Әл-Қауанин әл-Куллия ли-дабт әл-лұғати-т-Түркия», «Китаб әд-Дурра әл-Мудийа фи-л-Луғат ат-Туркийа уәл-Камал», «Ашшудүр әд-даһабия уа-л-қита әл-ахмадия философия-луғат-ат-Түркия» (Молла ибн Салих), «Хуласа», «Мани әл-ғузат», «Китаб Муқад-дима» (Ас-Самарқанди), «Китаб ад-Дағуа» т.б. Армян қыпшақтары тілінде жазылған трактаттар, сөздіктер, тарихи жазбалар, т.б. осы топқа жатады. Мәмлүк кыпшақтары тілінде 10-ға жуық еңбек бар. Қыпшақ жазба ескерткіштерінің көбі қыпшақ тілінде жазылып, оғыз тілі әсер еткен (Мәмлүк, Орта Азия мұралары), оғыз тілінде жазылып, қыпшақ тілінің ықпалына түскендері аз (Хорезм нұсқалары)» [2, 45-46]. Бұл орта ғасырлық дереккөздері қазіргі заманғы кешенді зерттеушіден үлкен жауапкершілікпен жүзеге асырылатын деректану жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінің тілі жекелеген категориялар бойынша қарастырылғаны болмаса, арнайы салыстырыла зерттелмеген. Тіл тарихын зерттеу арқылы қазіргі түркі тілдерінің тілдік құрылымын анықтау, осы түркі тілдерінің белгілі бір дәуірдегі ескерткіштер тіліне қатысын анықтау – ең негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Түрколог ғалым А.М. Щербак өзінің «Грамматический очерк языка тюркских текстов Х-ХІІІ в.в. из Восточного Туркестана» атты үлкен монографиялық еңбегінде Х-ХІІІ ғасыр Шығыс Түркістан жазбалары тілін зерттеген. Зерттеуге Йүсүп Баласағұнидің «Құтадғу білігі», Ахмед Йүгнекидің «Һибат-ул хақайиғы», Махмуд Қашғаридің «Дивану луғат-ит түрігі», Рабғузидің «Қисас-ул анбийасы», «Оғуз-наме» т.б. ескерткіштер нысан етіліп алынған [4, 76-113]. Бірінші тарауда жазбалар тілінің фонетикасы, ал екінші тарауда морфологиясы сөз болады. ІІ тарауда сөз таптарының түбір, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, шылау түрлеріне тоқталған. Бірнеше ескерткіштер тілін салыстыра отырып, дәуір тіліне тән ерекшеліктерді, дәуір тіліне тән белгілерді анықтаған. Сондай-ақ айқындалған грамматикалық тұлғалардың ішінен сөз етіп отырған дәуірлерде көне формаларға айналғандарын соған дейінгі дәуір ескерткіштерінің тілімен салыстыра береді. Сөз таптарының морфологиялық құрылысын, сөз тудырушы аффикстердің сөзжасамдық сипатын айқындау, яғни морфологиялық сипатын жан-жақты көрсету түркі жазба әдеби тілдерінің қалыптасуы мен даму теориясын айқындауға үлес қосары сөзсіз. Осы тұрғыдан А.М. Щербак еңбегінің құндылығы жоғары. Қазірге дейін көпшілік түрколог ғалымдар А.М. Щербак еңбегін басшылыққа алып отырады. Түркологияда қолданылатын негізгі септік, тәуелденген септік, құралдық септік т.б. терминдер бұл еңбекте де кездеседі.
Еңбектің соңына қарай грамматикалық тұлғалардың көрсеткіштерін беруі ізденушілер үшін морфология саласында бағыт-бағдар беріп отыратындығы сөзсіз. Мұндай грамматикалық тұлғалардың көрсеткіші Э.Фазылов еңбегінде де кездеседі. Э.Фазыловтың «Староузбекский язык», «Хорезмийские памятники ХІҮ века» атты екі томнан тұратын кітабы лексикалық және грамматикалық бөлімдерден тұрады. Бірінші бөлімде ескі мәтіндегі сөздерге түсінік берілген. Автор ХІV ғасыр тілінің сөздік құрамын толықтай беруге тырысқан. ХІ-ХІҮ ғасырларға қатысты автор былай дейді: «Этот период является наиболее сложным вследствие распространения книжной традиции, взаимовлияния письменных тюркских языков и влияния на них разговорного» [5, 6]. Бұл еңбекте Сайф Сараийдің «Гулистан би-т-турки», Хорезмидің «Мухаббат-наме», Қутбтың «Хосрау уа Ширин», «Нахджу-л фарадис» атты еңбектері мен Мавл Қазы Мухсиннің, Мавлан Имад Мавлавидің, Ахмад Хожа ас-Сарайидің, Мавлан Исхак Туғлы Хожаның, Хаджамидің, Берке Факих шығармаларының тілі қарастырылады. Хорезм ескерткіштерінің тілі бұдан ертеректе жазылған қарахандық ескерткіштер тілімен байланысты, сол ескерткіштердің ары қарайғы жалғасы десек те болады. Сондықтан ескерткіштер тілін салыстыруда бұл еңбектің маңызы жоғары. «Изысканный дар тюркскому языку» (Грамматический трактат ХІV в. на арабском языке) атты еңбек ХІҮ ғасыр құнды ескерткіштерінің бірі «Китаб ат-тухфат уз-закийат фил-луғат-ит-туркийа» (бұдан былай – Ат-тухфа…) шығармасының тілін зерттеуге арналған. Монографияның кіріспесін, лексика-грамматикалық очеркін, қолжазбаның аудармасын, глоссарийін, грамматикалық көрсеткішін жазған – Э.И. Фазылов пен М.Т. Зияева, 1978 жылы Ташкент қаласынан басылып шықты. «Ат-тухфа…» ескерткішінің авторы белгісіз. Осы кітапты жазу барысында белгісіз автор қыпшақ тілін негізге алуды мақсат етіп қойғандығын айтады, себебі қыпшақ тілі сол дәуірлерде кең көлемде қолданылған. «Ат-тухфа…» тек жазба мұра ғана емес, түркі тілін зерттеуге арналған грамматикалық трактат екендігі белгілі. Белгісіз автор қыпшақ тілінің қолданылу ерекшеліктерін, грамматикалық, фонетикалық ережелерін араб лингвистикалық дәстүрі бойынша талдап көрсеткен. Ескерткіш тіліндегі түбірлердің қосымшалары бір бөлек, сөзжасамы бір бөлек әңгімеленген [6, 31-82]. Орта түркі жазба ескерткіштері тілін сөз ететін келесі бір еңбек – түрколог ғалым Э.Н. Наджиптің «Тюркоязычный памятник ХІV века «Гулистан» Сейфа Сараи и его язык» атты еңбегі. Монография Алматы қаласында 1975 жылы жарық көрді. Кітаптың І бөлімінде морфологиялық талдаулар берілген. Мұнда Сейф Сараидің «Гүлистан бит — түрки» ескерткіші тілінің морфологиясы жан-жақты зерттелген. Сонымен бірге автор ескерткіш тілін басқа да тарихи жазбалармен және қазіргі түркі тілдері (өзбек, татар, башқұрт, ұйғыр, әзірбайжан, құмық, қарақалпақ, ноғай, түрік, қазақ) материалдарымен салыстыра отырып талдаған. Ескерткіш тілінің орта ғасырда жазылған басқа да ескерткіштер тілімен ұқсастықтары мен айырмашылықтары айқындалған. Түркітанушы ескерткіш тіліне нақты жасаған талдауларына сүйеніп, «Гүлистан бит — түрки» ескерткіші тілін оғыз, қыпшақ тайпалары тіліне жақын деген тұжырым жасаған [7, 102]. Академик А.Н. Кононовтың «История изучения тюркских языков в России» атты кітабында Орхон-енисей, көне ұйғыр жазба ескерткіштері, сондай-ақ ортағасырлық араб, парсы, түркі ғалымдарының еңбектері және XYIII ғасырдан бергі Батыс Европа мен орыс ғалымдарының зерттеулері туралы толық мағлұмат берілген [8, 215-242]. Т. Қордабаев «Түркология және қазақ тіл білімі» атты еңбегінде қазақ тілін зерттеген орыс түркологтарының ешқайсысы да сөздерді тапқа бөлгенде қандай принципті басшылыққа алатынын айтпағандықтарын [9, 116] және ол еңбектерде жеке сөздердің құрамы мен олардың қандай жұрнақтар арқылы жасалатыны, әртүрлі жалғаулар арқылы қалай түрленетіні сияқты мәселелердің ғана қамтылып, ол сөздердің неліктен белгілі бір сөз табына жататындығы, сөз таптарының неліктен жеке сөз табы болып табылатындығы, олардың өзіндік лексика-грамматикалық сипаттары қандай деген сияқты күрделі теориялық мәселелердің қамтылмағандығы туралы жазған [10, 71 б.]. 1971 жылы Ғ. Айдаров, Ә. Құрышжанов, М. Томановтың авторлығымен «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» атты зерттеу баспадан жарияланды. «Көне ұйғыр жазу ескерткіштерінің тілі» бөлімін Ғ.Айдаров жазған. Мұнда түбір сөздер, туынды сөздер, біріккен сөздер, күрделі сөздер, көптелу, тәуелдену, септелу, жіктелу категориялары әңгімеленеді. Ескерткіштерден нақты мысалдар келтіріледі [11, 140-142]. «Көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштердің тілі» бөлімін Ә. Құрышжанов құрастырған. Ол қыпшақ тілі ескерткіштеріндегі түбірдің жай-күйін айта келіп, жалғаулар мен жұрнақтар туралы біршама мағлұмат береді [11, 213-229]. «М. Қашғари заманындағы түркі халықтарының тілі» бөлімін жазған М.Томанов «Дивану луғат-ит түрк» сөздігіндегі түбірлер туралы баяндайды [11, 157-161]. Аталған еңбектерде тарихи жәдігерлердің дыбыстық, грамматикалық ерекшеліктері жан-жақты ашылып, тарихи сөздік құрам, оның ішінде бір буынды, екі буынды, үш буынды сөздер және күрделі сөздер туралы құнды пікірлер айтылған. Сөз таптарының түбір, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу түрлері мен көмекші сөз таптары (служебные части речи) ретінде септеуліктер, шылаулар, демеуліктер қарастырылған. Сөз тудырушы және сөз түрлендіруші элементтердің ескерткіштердегі көріністері берілген.
Әдебиеттер:
- Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі .- Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. -229 б
2.Сартқожаұлы Қ. Байырғы түркі жазуының генезисі. Алматы: Арыс, 2007. -301 б
- Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. — Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. – 255 б.
- Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. — Алматы: Арыс, 2008. -470 б.
- Аханов К. Тіл білімінің негіздері. — Алматы: Санат, 2009. -496 б.
Қосымша:
- 6. Махмұт Қашқари. Түркі сөздігі. Алматы, Сөздік-Словарь, 2006. -336 б
- 7. Түркі тілдері (Энциклопедиялық басылым). Астана: Фолиант, 2002. -699