ГАПЛОЛОГИЯ
Гаплология (грек. harloos – жеке, жай) – сөз ішіндегі бір-біріне ұқсас буындардың бірінің түсіп қалу құбылысы. Бұл құбылыс көбіне ауызекі сөйлеу тілінде кездеседі. С.Мырзабеков гаплология құбылысын ықшамдалудың нәтижесі деп түсіндіреді. Мысалы:
Бұрынғының шалдары
Өтіп кеткен хандардай.
Бүгінгінің шалдары
Ойнап жүрген балдардай (Кердері Әубәкір).
Бұл мысалдағы балалардай сөзінің орнына балдардай деп қолданудан гаплология құбылысын көруге болады. Бұл құбылыс функционалды стильдің ішінде көркем әдебиет стилі мен ауызекі сөйлеу стилі үшін норма болып табылады. Ал басқа тілдік жағдайларда ол нормадан ауытқушылық ретінде қабылданады.