- ӘДЕБИ ТІЛ
Әдеби тіл – жалпы халықтық тілдің белгілі бір жүйеге түскен, ауызша және жазбаша әдебиеттің негізінде қалыптасқан, стильдікжанрлық тармақтары бар, сол тілде сөйлейтін адамдардың бәріне ортақ, түсінікті тіл. Әдеби тіл ғылым салалары мен зерттеу жұмыстарында, көркем әдебиет пен мерзімді баспасөзде, білім жүйесі мен іс-қағаздарда, радио мен теледидарда қолданылатын халықтық тілдің нормаға түскен нұсқасы. Әдеби тілдің тіл біліміндегі орны мен ерекшеліктері жайында М.Балақаев терең зерттеулер жүргізген. Ғалымның пікірінше, «халық тілінің ең жоғарғы формасы – әдеби тіл. Әдеби тіл көбінесе халық тілі негізінде жасалатындықтан, оны сөйлеу тілінен мүлде оқшау тұрған өзгеше тіл деп тану дұрыс емес. Сонда да оның елеулі ерекшеліктері болады. Әдеби тіл дегеніміз – жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан тіл». Ал академик Р.Сыздық «Әдетте, көпшілігіміз әдеби тіл деген ұғымды осы күнгі кемелденген, стильдік дифференциациясы ажыраған, мәдени өмірдің алуан түрлеріне қызмет ететін ұлттық жазба әдеби тіліне телиміз де, басқа жайларды көп ескермейміз — дей келіп, — бұл мәселені объективті түрде шешу үшін әр халықтың ауыз әдебиетінің сол қоғам өмірінде атқаратын әлеуметтік, мәдени рөліне жеке-жеке қарау керек. Жазуы болмаған қазақ сияқты халықта сөйлеу мәдениетінің ғасырлар бойғы тұрақтала түскен нормалары мен тілдік көркемдеу әдістері осы ауыз әдебиетінен орын алып, әрі қарай дами бергенін және ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғанын ескерсек, біздіңше, ауыз әдебиеті үлгілерінің ең құндылары және ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы тарихи қазақ әдебиеті өкілдерінің тілдері жазба әдеби тілдің аралығындағы көпір, яғни ауыз әдеби тілі деп түсінеміз» деп түйіндейді. Қазіргі қазақ тіл білімінде әдеби тілдің стильдік тармақтарын бес түрге бөледі: 1) ресми іс-қағаздар стилі; 2) публицистикалық стиль; 3) ғылыми стиль; 4) ауызекі сөйлеу стилі; 5) көркем әдебиет стилі. Әрбір стильдің өзіндік стильдік тармақшалары бар. Ал жүйеленген, өңделген тіл болуына байланысты әдеби тіл лексикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, грамматикалық (морфо ло гиялық, синтаксистік), пунктуациялық, стилистикалық, сөз ту ды рушы, коммуникативтік нормаларға ие. Әдеби тіл дегенде бірден ойға тіл мәдениеті келеді. Яғни сөздің дәлдігі, логикалығы, тазалығы, мәнерлілігі арқылы әдеби тіл сақталып, дамиды. Әдеби тілдің дәуірлеу кезеңіне келетін болсақ, көптеген қайшы пікірлерді көруге болады. Н.Сауранбаев әдеби тілді үш тарихи дәуірге бөліп қарастырған: 1) ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейінгі дәуір; 2) ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейінгі дәуір; 3) Советтік дәуір. С. Исаев «Қазақ әдеби тілінің қалыптасу, даму кезеңдері» деген еңбегінде әдеби тілдің сипатын, қызметін, қалыптасу жолдарын басқа да мәселелерді қамти келіп, қазақ әдеби тілінің қалыптасуын шартты түрде үш дәуірге бөледі: 1) Қазақ халқының жеке халық болып қалыптасқанына дейінгі көне дәуір, яғни жалпы түркі әдеби тілі дәуірі. 2. Қазақ халқының халық болып қалыптасқанынан кейінгі кездегі қазақ әдеби тілінің туып, даму дәуірі. 3. Қазақ әдеби тілі дамуының советтік дәуірі. Ал М.Балақаев әдеби тілдің даму кезеңдерін мынадай топтарға бөледі: 1. ХІІІ ғасырдың орта тұсы мен ХІХ ғасырдың І жартысы. 2. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы. 3. ХІХ ғасырдың басы. 4. Совет дәуір. Р.Сыздық әдеби тілдің даму сатыларын саралай келе, оны басты-басты екі дәуірге бөлді: 1. Қазақ халқының ұлттық кезеңге дейінгі әдеби тілі; 2. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасқан кезеңіндегі әдеби тілі. Қазіргі таңда көптеген жаңа сөздер, қолданыстар нормаланып, әдеби тіл қатарына қосылуда. Мұндай сөздер тілді тұтынушылар үшін бүгін жаңа сөз болғанымен, қолданыс барысында етене кірігіп, күні ертеңақ жаңа сөз деген белгісінен айырылады. Р.Сыздықтың пікірінше, «лексикалық құрамның толығуына себепкер болатын факторлар да әр алуан: 1) тілдің өзіне тән ішкі даму заңдары: сөз мағынасының кеңеюі, әр затты, әр құбылысты, әр ұғымды даралап, жеке-жеке атау қажетті; 2) экстралингвистикалық факторлар: термин жасау процесі, аударма әдебиеттің дамуы, бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа түрлерінің дамуы, қоғам өміріндегі саяси-мәдени өзгерістер, ғылымитехникалық революция». Осы үдерістер негізінде әдеби тілдің сөздік қоры молаяды. Мысалы: қазіргі таңда «Астана» сө зінің орнына сөздердің бірігуі арқылы жасалған «елорда» сөзін жиі қолданады. «Хана» қосымшасы арқылы жасалған «намазхана, тойхана» сөздері жиі қолданылатын жаңа сөздер қатарында. Сонымен қатар интернационал сөз қатарындағы «президент» сөзі «елбасы» сөзімен қатар қолданып жүр. «Елбасы» сөзі ана тілімізде болған соң, мағынасы түсінікті әрі артикуляциялық жағынан тілімізге жақын. «Елтаным» сөзі қазіргі ғылым тілінде жиі қолданылатын осындай сөздердің бірі.