
ВЕКТОР (латынша – тасығыш) – сан мәнімен және бағытымен сипатталатын, түзу кесіндімен бейнеленетін шама.
Векторлық шама – сан мәнімен және кеңістіктегі бағытымен сипатталатын физикалық шама; координаттар жүйесінің біреуінен өзге координаттар жүйесіне ауысқан кезде кесінді бағытының проекциялары ретінде түрлендіретін координаттық осьте анықталады.
Күштер жүйесінің бас векторы – жүйеге енетін барлық күштердің векторлық қосындысына тең вектор.
Магниттік вектор – жарық толқынындағы магнит өрісінің кернеулік векторы.
Магниттелу векторы – заттардың біраз көлеміндегі микробөлшектердің магниттік моменттері қосындысының осы көлемнің шамасына қатынасына тең вектор.
Толқындық вектор – шамасы толқындық санға тең, ал бағыты толқынның таралу бағытымен үйлесетін вектор.
Умов – Пойнтинг векторы – электрмагниттік өрістің энергия ағынының тығыздық векторы. Бұл вектор орыс физигі Николай Умов (1846–1915) пен ағылшын физигі Джон Пойнтингтің (1852–1914) құрметіне аталған.
Электрлік вектор – жарық толқынындағы электр өрісінің кернеулік векторы.
ВЕКТОРЛЫҚ ӨРІС – кеңістіктің әрбір нүктесінде вектор (немесе төртөлшемді вектор) болып табылатын функциямен сипатталатын физикалық өріс. Электрдинамикадағы векторлық потенциал осыған мысал бола алады. Өрістің кванттық теориясында спині 1-ге тең (мысалы, фотон, болжалды глюондар және аралық векторлық бозондар) бөлшектер векторлық өрістің кванты болады. Кеңістіктік инверсия кезінде векторлық өріс таңбасын өзгертеді, яғни векторлық өріске сәйкес келетін бөлшектер теріс ішкі жұптылыққа ие болады (және векторлық деп аталған; бұған фотон, ρ-, ω-, φ-мезондар, ψ- және γ – бөлшектер т.б. жатады).