ӘДЕБИ МЕТОД – ӘДЕБИ СТИЛЬ

 ӘДЕБИ МЕТОД – ӘДЕБИ СТИЛЬ

 

Жалпы түсінік. Көркем шығарманың композициясы туралы сөз қозғағанда, композицияның өзгешелігі автордың айтайын деген ойына, шығарманың мазмұнына бағынады. Осы мазмұнды айтып беретін көркем шығарманың әртүрлі жақтары (тақырып, сюжет, образ, табиғат суреті, шығарманың композициясы, тіл, т.б.) көркем шығарманың идеялық мазмұнына негізделінеді.

XVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихын алсақ, идеясы жағынан айқындалған екі бағыт болғандығын көреміз: Бірінші бағыттағылар: Бұхар, Дулат, Байтоқ, Жанұзақ, Шортанбай, т.б. Екінші бағыттағылар: Махамбет, Шернияз, Ыбырай Алтынсарин, Абай, т.б.

Бір бағыттағы ақындардың творчествосында идеялық жағынан да, өмірді суреттеу әдістерінде де өзара бір-бірімен жақындықтары барын байқаймыз. Ал екі бағытты салыстырсақ, арасында айырмашылықты көруге болады. Бұхар, Дулат, Байтоқ, Жанұзақ, Шортанбай, т.б. феодал табының идеясын жырлаушы, салт-сананы қолдаушылар болды. Халыққа хан-сұлтан би-феодалдардың ықпалын жүргізуді өз өлеңдерінің өзегі етті. Өз заманындағы өзгерістерге ескілік мұнарасынан қарады. Жаңалықпен байланысты туған кейбір шындықтарды көрмеді. Көре қалса, оларды да сол ескі көзқарас тұрғысынан көрсетуге тырысты.

Екіншілер, Махамбет, Ыбырай Алтынсарин, Абай, т.б. өз кезіндегі өмірдің басқа жақтарына көңіл бөлді. Халықтың ауыр халін көре білді, қанаушыларға қарсы күреске үңдеді. «Ереулі ат мініп, егеулі найза ұстауға» шақырды. Өзінің ащы тіл, улы сөзін езушілерді әшкерелеуге жұмсады. Кейбіреулері жақсылықты алдан күтті, қазақ елінің келешегі прогрестік мәдени жолмен алға дамуда, оқу-өнерге қол созу, қараңғылықтың, ескіліктің шырмауынан арылуда, жаңалықка ұмтылып, мәдениеті озат елдермен достасып, олардан үйренуде деп білді. Махамбет, Ыбырай Алтынсарин, Абай творчестволарынан біз осыны көреміз.

Алтынсарин мен Абай ағартушылық идеясының туын биікке көтерумен қатар, шығармаларының халықтығын, көпшілікке түсініктілігін, жаңа жағдайға өз кезіне сәйкес түрде дамыту мәселесін алдыңғылардан (Махамбет, Шернияз) гөрі де тереңдете түседі.

XVIII-XIX ғасыр қазақ әдебиетінде екі түрлі әдеби бағыт болды, олардың идеялық көзқарасы, өмір құбылысын суреттеудегі тіл, композиция, тақырып, сюжет, т.б. жақтарындағы айқын айырмашылықтарды негіз етеміз. Әдеби стиль – әдеби методтың тууының да негізі солар болмақ.

Әдеби стиль немесе әдеби метод біp күнде не бір жылда пайда бола салмайды. Әуелі ағым, бағыт дәрежесінде болып басталады да, кейін дами, өсе келе әдеби стиль әдеби метод[1] дәрежесіне көтеріледі.

Біз XVIII-XIX ғасырлардағы әдебиет бағыты дегенде, әдебиетіміздің (қазақ әдебиеті) даму процесін әдеби стиль[2] методқа айнала бастау ұғымында айтып отырмыз. Әдеби стиль өзгермейтін тас боп қатып қалған нәрсе емес, қоғамдағы таптың өзгерген жағдайына, әр дәуірдегі күрес тартыстардың кезеңіне бағыныңқы түрде стиль де өзгереді. Қоғамдағы жаңа тап өзімен бірге жаңа мазмұн, жаңа мүдде, жаңаша құралған ойсезімдерді ала келеді. Жаңа мазмұн, әдебиет өзіне лайық түр, үлгі туғызады.

Әрбір жаңа тап өзінен бұрынғы таптың мұрасын пайдалана отырып, біртіндеп өзінің суреттеу құралдарын бір жүйеге салады. Әрбір жаңа стиль, метод басқа стильден төмендегілер арқылы айырылады.

1) Өмірге жаңа көзкарас, жаңаша дүние танушылық, 2) суреттеу  үшін өмірдің жаңа, басқаша бір жағын таңдап алып, ескі тақырыпты жаңаша көрсету, 3) дүниеге жаңа көзқарасты айтып беру үшін суреттеу құралының жаңа жүйесін табу, 4) әдебиет мұраларына жаңа қатынас, жаңа көзқарас.

[1] Метод (грекше – methodos) – зерттеу, зерттеудің әдісі, принцип.

[2] Стиль (грекше – stilos) – бір жазушының өзіне тән идеялық-көркемдік ерекшелігі (стиль – адам) немесе бірнеше ақын, жазушылардың шығармаларында кездесетін идеялық-көркемдік бірлік, жақындықтарын да бұрынғы стиль, әдеби стиль деп атайды. Қазір бұл ұғымда әдеби метод қолданылады.

Қ.ЖҰМАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *