
Жеті буынды өлең. Көп өлеңдер ылғи 7 буыннан құралады. Бұл да екі бунақты болады. Мұның алдыңғы бунағы кілең 4 буыннан құралады да, соңғы бунағы кілең 3 буыннан құралады. Таза 7 буынды өлеңдер бұл өлшемнен аспайды, сондықтан мұны 7 буынды өлең дейміз.
4 3
Ханның кірген/ /ақ орда/
4 3
/Бұзуын ойлап/ /кеңестік./
4 3
/Аламанға/ /жел бердік,/
4 3
/Аса жұртты/ /меңгердік,/
4 3
/Қара қазақ/ /баласын/
4 3
/Хан ұлына/ /теңгердік./
4 3
/Өздеріңдей/ /хандарды,/
4 3
/Қарны жуан/ /билерді/
4 3
/Қабырғасын/ /сөгілтіп,/
4 3
/Қабырғадан/ /аққан қан/
4 3
/Ат баурына/ /төгілтіп,/
4 3
/«Әділ» жаннан/ /түңілтіп,/
4 3
/Ат артына/ /өңгердік./
(Махамбет)
Жалғыз бұл үзінді емес, таза 7 буыннан құралатын поэма, басқа да өлеңдер көп. 7 буынды өлең ылғи бұлай болып келмей, 8 буынды өлеңмен аралас келіп отырады. Ескі жырлардың бір тармағы 7 буынды боп келсе, екінші тармағы 8 буынды боп келеді және бұл сол ретпен келе бермейді. Кейде 7 буынды тармақтар көпке шейін қатарлас келеді. 8 буынды тармақ та сол сықылды ара сына 7 буынды салмастан, 8 буын болып, бірнеше жолға шейін барады.
7 буынды мен 8 буынды тармақтарды аралас келтіруді Абай да көп қолданады. Оның «Татьянаның хаты», «Онегиннің сөзі» деген өлеңдерінің бір тармағы 8 буын да, екінші тармағы 7 буын, бірақ Абай сол өлшемнен аспайды. Өлеңінің басынан аяғына шейін бірінші жолы 8 буын, екінші жолы 7 буын болып келеді.
Мұны Абайдың басқа өлеңдерінен де табуға болады. Ал жырларда олай емес, кей жолы 7 буынмен бірнеше жерге шейін барады да, 8 буынды жолға кеп түседі. Сәлден кейін 7 буынға қайта түседі, сөйтіп айнымалы болады. Бұл жыр өлеңдеріндегі бір ерекшелік.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ