АМАНДАСУ

АМАНДАСУ

Амандасу  (сәлемдесу) халқымыздың инабаттылық пен әдепке байла нысты қолданылатын қарым-қатынас нормасы ғана емес, адамның сөйлеу мәдениетін байқататын тілдік норма болып табылады. Қазақ халқында адамның әлеуметтік деңгейі мен шығу тегіне, жынысына, жасына қарай амандасудың бірнеше түрлері қалыптасқан. Амандасу екі түрлі тәсіл арқылы жүзеге асады: оның бірі сөйлеу әрекеті арқылы, яғни ауызша амандық сұрасу болса, екіншісі қимыл әрекеті арқылы, яғни қол алысу, құшақтасу, бетіне бетін тигізу, төс түйістіру арқылы бейнелеу болып табылады. Төре мен төлеңгіт, ақсүйек пен қара халықтың сөйлеу мәнерінде де, дене қимылдары арқылы көрсетілетін ишарат белгілерінде де айырмашылықтар болады. Мәсе лен хан немесе ірі сұлтандарға төменгі таптағы адам екі қолын кеудесіне қойып, төмен қарай иіліп амандасса, әлеуметтік дәрежесі орташа адам өзінің әміршісіне басын иіп амандасқан. Қараша халық хан, сұлтандармен амандасқанда тізесін бүгіп, «Алдияр тақсыр!» деп сәлем берген. «Сәлем – сөздің анасы» деп, амандасуға үлкен мән берген ата-бабамыз ет жақын туысын көрсе де, жамағайыны немесе бейтаныс адамды көрсе де «мал-жаның аман ба?» — деп жөн сұрасқан. Амандасудың мұндай нормасы халқымыздың әлеуметтік шаруашылық өмір салтымен тікелей байланысты. Ал әйел адамдар бір – бірімен амандасқанда «үй іші тегіс аман ба?» деп сұрайды. Мұның өзі ер адам мен әйел адамның әлеуметтік мәртебесінен хабардар етеді. Ер адам мен әйел адамның амандасуында бүгінгі таңда да айырмашылық бар. Ер адамдар өзара «Ассалаумағалейкүм» деп, оң қолын созып амандасып, «Уағалейкүмассалам» деп амандығын қабыл алып, қол алысса, әйел адамдар мен қыз балалар «Сәлем бердік», — деп дауыстап амандасып, басын иіп ишарат етеді. Үлкендер «Көп жаса! Бақытты бол!» -деп жауап қайтарады. Жас балалар мен ересек адамдардың амандасуының да бірнеше түрі бар. Еліміздің әр өңірінде мұндай амандасулардың бірнеше түрі кездеседі. Мұндай амандасулар «Есенсіз бе?», «Амансыз ба?», «Сәлеметсіз бе?», «Саламатсыз ба?», «Армысыз?» деген қалыпта қолданылады. Мұндай амандасуға жауап ретінде «Көп жаса, шырағым», «Бақытты бол», «Сәлеметсіз», «Шүкір» деген жауап қатылады, болмаса бас изеу арқылы сәлемін қабылдайды. Сонымен қатар кездескен мезгілге байланысты «Қайырлы таң!», «Қайырлы күн!», «Қайырлы кеш!» деп амандасу да дәстүрімізде бар.  «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» деген ережені ұстанған ата-бабамыз алыс жолдан келген жолаушыны қадірлеп қарсы алады. Ағайынтуыс, көрші-көлем, дос-жар адамдар сол жолаушылап келген адаммен арнайы амандасып шығады. Бұл дәстүрді ел ішінде «амандасу, сәлемдесу» деп атайды. Үй иелері сәлемдесіп келгендердің алдына жылы-жұмсағын қойып, сапардан келген адам көрген-білгенін айта отырады. Халқымыздың бұл игі дәстүрі ел арасында әлі күнге жалғасын табуда.

   Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар    мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия.

                                 — Алматы, 2011.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *