
АЛЬТЕРНАЦИЯ
Альтернация (лат. alternatio — өзгеру, алмасу) – бір түбірден (негізден) тараған сөздерде тілдің өзіне тән белгілі заңдылықтарына сәйкес дыбыстардың өзара алмасуы. Мыс.: жақ-жағу, тап-тауып, сап-сабы. Сөйлеу кезінде, не тілдің тарихи дамуы барысында сөз ішіндегі бір дыбыстың басқа дыбысқа айналу құбылысы жиі кездеседі. Қазақ тілінде, негізінен, альтернацияға көбіне дауыссыз дыбыстар жиі ұшырайды. Ғалымдар дыбыс алмасуын фонетикалық заңдылықтарға сәйкес алмасу және тарихи алмасу деп шартты түрде екіге бөледі. Дыбыс алмасуының алғашқы түріне көрші дыбыстардың әсерімен болған алмасулар енеді:
1) тіл алды н дауыссызы б, п дыбыстарының алдында келсе, м дыбысымен, қ, к, ғ, г дыбыстарының алдында келсе, ң дыбысымен алмасады: көмбіс (жазылуы көнбіс), түңгі (жазылуы түнгі), т.б.;
2) қ, к, п дыбыстарының біріне аяқталған сөздерге дауыстыдан басталған қосымша жалғанса, аталған дауыссыз дыбыстар өздеріне сәйкес ұяң дауыссыздармен алмасады: бақ — бағы, көк — көгілдір, шап — шабу, т.б.;
3) ызың дауыссыздар да ауызекі сөйлеу кезінде бірін-бірі алмастыра береді: шашшыз (жазылуы шашсыз), жұмышшы (жазы луы жұ мысшы), тұссыз (жазылуы тұзсыз), т.б.;
4) егер сөз ы дауыстысына аяқталып, оған у сонанты жалғанса, езулік ы дауыстысы еріндік ұ дауыстысымен алмасады: сылы + у (айтылуы сылұу, жазылуы сылу), т.б.
Тектес тілдердегі, я бір тілдің өз ішіндегі диалектілердегі этимологиялық тұрғыдан төркіні бір морфемалардың құрамындағы дыбыстардың бірінің орнына бірі қолданылуы жиі кездеседі. Дыбыстар бірімен-бірі бейберекет алмаса бермейді. Түркі тілдерінде бір-бірімен алмасатын дыбыстардың ежелден қалыптасқан жүйесі бар. Қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдеріндегі бас деген зат есімнің соңындағы с өзбек, ұйғыр, қырғыз, татар, түрікмен тілдерінде баш болып, ш дыбысымен айтылады. Қазақтың тыңда етістігін өзбек, ұйғыр, қарақалпақ тілдерінен тынла деген үлгіде ұшырастырамыз. Бұдан с-ш, л-д дыбыстарының алмасуын да нақтылы жүйе бары айқын байқалады. Осы сияқты а-ә, б-п, қ-ғ, д-т, ч-ш, т.б. көптеген дыбыстардың алмасуында да қалыптасқан жүйе бары белгілі. Қазақ диалектілеріне де осы жүйе ортақ. Қазақстанның біраз жерінде сортаң, теңдік болып айтылатын сөздердің оңтүстік өңірде шортаң, теңлік деген нұсқада айтылуы — осының дәлелі. Түркі тілдерінің түптөркініндегі ортақтықтың сырын ашудың басты бір кілті осы дыбыс алмасу заңдылығында жатыр. Тілдерді салыстырмалы-тарихи тұрғыда танып білу үшін дыбыс алмасу заңдылығын зерттеу қажет.
Қазақ тілі. Энциклопедия. – Алматы, 1998.