
АТОМ РАДИУСЫ – молекулалар мен кристалдарда атомаралық (ядроаралық) қашықтықты жуықтап анықтау үшін қолданылатын сипаттама. Кванттық механиканың негізгі қағидалары бойынша атомның айқын қатаң шекарасы жоқ. Атомның мөлшері оның электрондық қабықшаларының шекарасы бойынша анықталады. Әдетте әрбір атомның электрондық қабықшалары басқа атомдармен ұласып (бірігіп) жататындықтан, оның мөлшері жуық шамамен ғана анықталады. Атом радиусының орташа шамасы үшін 10–8 см, яғни 1Å не 0,1 нм алынған (нанометр). Атом радиустары атомдар арасында қандай күштердің әсер етуіне тәуелді түрде металдық, иондық, коваленттік және ван-дер-ваальстік атомдық радиустарға ажыратылған. Металдық радиус – таза металдың кристалдық торларындағы ең қысқа атомаралық қашықтықтың жартысына тең. Коваленттік радиус жеке химиялық байланыстың ұзындығының жартысы ретінде анықталған. Иондық атом радиустары жекелеген иондардың атом радиустарының шамалары бойынша бір-бірнен айырмашылықтары болатын бірнеше жүйелері бар. Полинг жүйесінде радиус шамасы үшін оттегі ионның радиусы 0,140 нм алынған.