
АТМОСФЕРАЛЫҚ ҚЫСЫМ – атмосфера ауасының жер бетіне және ондағы барлық заттарға түсіретін қысымы. Табаны бір бірлікке тең жазықтықтың үстіндегі ауа бағанының массасымен өлшенеді. Теңіз бетінде атмосфералық қысымның орташа шамасы (қалыпты қысымы) 1013 мб (миллибар) (760 мм сынап бағаны). Атмосфералық қысымның Халықаралық бірліктер жүйесіндегі (СИ) өлшемі паскаль (Па). 1Па = 0,01 мб.
Атмосфералық қысымның болатынын алғаш рет 1643 ж. итальян физигі Эванджелиста Торричелли (1608 – 1647) ашқан. 1646 ж. француз математигі әрі физигі Блез Паскаль (1623 – 1662) Торричеллидің тәжірибесін қайталап жасап, атмосфералық қысымның болатынына көз жеткізген. Паскаль атмосфера қысымының жоғары көтерілген сайын кемитіндігі туралы болжам айтқан. 1647 ж. Паскальдың осы болжамы тәжірибе жүзінде расталған. Тау басында түтіктегі сынап бағанының, таудың етегінде байқалған сынап бағанының төмен болатыны анықталған. 1654 ж. неміс физигі Отто Герике (1602 – 1686) «магдебург жарты шарлары» деп аталған тәжірибе бойынша ауа қысымының болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеген.