
АКУСТИКА (грекше «акустикос – есту, тыңдау») – физиканың ең төменгі жиіліктерінен (шартты түрде 0 Гц-тен) шекті жоғары жиілікке (1011 – 1013 Гц) дейінгі серпімді тербелістерді, бұлардың заттармен өзараәсерлесуін және әртүрлі қолданылуын зерттейтін саласы.
Акустика – білімдердің ең көне салаларының бірі. Бұл адам құлағы қабыл- дайтын дыбыс, яғни серпімді тербеліс туралы ілім ретінде пайда болған. Кезінде ежелгі грек ойшылы Пифагор (б.з.б. 570 – 500) естілетін дыбыс пен музыкалық аспап ішегінің ұзындығы арасындағы байланысты ашқан. Ежелгі грек философы әрі ғалымы Аристотель (б.з.б. 384 – 322) дыбыс шығаратын дененің ауаны сығамдайтынын және сирексітетінін, сонымен бірге жаңғырықтың әртүрлі кедергілерден шағылысуынан туындайтынын білген. Орта ғасырларда (XV – XVI ғасырларда) итальян ғалымы Леонардо да Винчи (1452 – 1519) дыбыстың шағылысуын зерттеген, дыбыстың әртүрлі көздерден таралуының тәуелсіздік принципін тұжырымдаған. XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында өзге бір итальяндық физик Галилео Галилей (1564 – 1642) дыбыс тарататын дененің тербеліс тудыратынын және дыбыс биіктігінің жиілікке, ал дыбыс қарқындылығының олардың тербеліс амплитудаларына тәуелді екенін ашқан; дыбыстың таралу жылдамдығын алғаш рет 1636 ж. француз ғалымы Марен Мерсенн (1588 – 1648) өлшеген.
XVII ғасырдың соңынан XX ғасырдың басына дейін акустика механиканың бөлімі ретінде дамытылған. Ньютон механикасы негізінде, Гуктың серпімділік теориясы және Гюйгенстің толқындық қозғалыс принципі негізінде механикалық тербелістердің, орталардағы дыбыстық (серпімді) толқындардың пайда болуы, шығарылуы мен таралуының жалпы теориясы тұжырымдалған, дыбыстардың сипаттамаларын (ортадағы дыбыстың қысымы, импульсі, дыбыстық толқын- дардың энергиясы мен ағыны, дыбыстың таралу жылдамдығы) өлшеу әдістері жасалған.
Ағылшын ғалымы Томас Юнг (1773 – 1829) және француз физигі Огюстен Френель (1788 – 1827) толқындардың интерференциясы мен дифракциясының теорияларын тұжырымдаған, австриялық физик Христиан Доплер (1803 – 1853) толқындар жиіліктерінің дыбыс көзінің бақылаушыға қатысты қозғалысы кезіндегі өзгеру заңын айғақтаған. Күрделі тербелмелі үрдісті қарапайым құраушыларға жіктеу (Фурье әдісі) әдістерін жасау дыбысты талдаудың және күрделі дыбыс- ты гармоникалық құраушылардан синтездеудің негізін қалады. Акустиканың дамуының сол кезеңін ағылшын физигі Джон Рэлей (Стретт) (1842 – 1919) қорытындылады, 1877 – 1878 ж. оның классикалық ғылыми еңбегі «Ды- быс теориясы» жарияланған.