
Адамның басында болатын күйініш-сүйінішті суреттеу. Адам баласы өмірде әр алуан жағдайға кездеседі. Оның қуанып, шаттанатын да, ренжитін, қайғыратын да кездері болады. Бұлардың бәрі де адамның ішкі сезім дүниесінде, рухани жан жүйесінде болатын құбылыстар.
Ақын, жазушылар өмір шындығының жыршысы, «адам жанының инженері» болғандықтан, ол жайларды көрсетуге міндетті. Оқушылар шығармадағы қаһармандардың ерлігін көріп риза болады, жеңісін, қуанышын көріп шаттанады, ауыр халін көріп қайғырады. Оқушы жұртшылықтың сезімдеріне ең үлкен әсер ететін нәрсе – адамның басында болатын күйініш-сүйініштерді суреттеу. Оның әр алуан жолдары, әдістері бар.
Адамның сезім дүниесіндегі өзгерістерді суреттеудің әріден келе жатқан бір түрі – психологиялық параллелизм. Ескі заманнан қалған әдебиет нұсқаларында адамның басында болатын қайғы, қуаныштарды көрсету үшін, сол халге сәйкес табиғаттағы бір құбылысты қатарластырып суреттеу әдісін кездестіреміз. Ол бір кезде адам баласының ой-санасының әлі сәбилік дәуірінде, табиғаттағы әр алуан құбылыстар жанды, оны қозғалтатын саналы күштерге бағыныңқы деген нанымнан туған да, кейін ой-сананың өскен кезінде, шартты түрде қолданыла берген.
Адамның сезім дүниесінде болатын құбылыстарды суреттеуде ауыз әдебиетіндегі ең үлгілі саналатын психологиялық параллелизмге мысал үшін «Ер Тарғын» жырынан мына үзіндіні келтірелік:
Асыл туған Ақжүніс!
Көкті бұлыт қоршайды. Күнді байқай қарасам
Күн жауарға ұқсайды.
Айды бұлыт қоршайды.
Айды байқай қарасам,
Түн жауарға ұқсайды
Көгілдірін еріткен Көлдегі қулар шулайды.
Шулағанға қарасам,
Қол, аяғым көсіліп,
Аузы-мұрным ісініп,
Алланың хақ бұйрығы Таянғанға ұқсайды.
Бұл – Тарғынның ауру азабынан, аштықтан әбден тарылып, өлуге таянған кездегі жан күйзелісін, ішкі сезім дүниесіндегі күйініштік халін суреттеу. Сол үшін ақын табиғаттағы әртүрлі құбылысты, әртүрлі жануарлардың арасындағы жайларды параллель етеді. Қаһарманның басындағы ауыр халін жырдан оқушылар сол қатарластыра суреттеген табиғат құбылысы, жануарлардың арасындағы жайлар арқылы сезінеді.
Адамның күйініш-сүйініші, рухани-психологиялық жайттар кейде ерекше құрылатын монологтар арқылы суреттеледі.
Бедеу аттың бестісі-ай,
Адамның азбас естісі-ай,
Қайда кетіп барасың,
Қарағымның аманат қойған ешкісі-ай! Шөрей, жаным, шөрей!
Бұл үзіндіде жалғыз ұлы жау еліне барып, хабарсыз кеткен, дұшпаны жаулап алып, өз малына өзін малшы қылып қойған сексендегі қарияның ауыр халін сеземіз. Адам психологиясындағы өзгеріс, құбылыстарды суреттеуде қазақ әдебиетінің классигі Абайдың да сүйіп қолданғаны осы тікелей суреттеу әдісі болды.
|
Қызарып, сұрланып, Лүпілдеп жүрегі, Өзгеден ұрланып, Өзді-өзі керегі.
Аяңдап ақырын, Жүрекпен алысып, Сыбдырын, тықырын Көңілмен танысып… Дем алыс ысынып, Саусағы суынып, Белгісіз қысылып. Пішіні құбылып. Иығы тиісіп, Тұмандап көздері, Үндеспей сүйісіп, Мас болып өздері |
Екі ғашық құмарлы Бір жолдан қайта алмай, Жолықса ол зарлы, Сөз жөндеп айта алмай. Жанында жапырақ, Үстінде жұлдыз да Елжіреп, қалтырап, Жігіт пен ол қыз да Өзге ойдан тыйылып, Бірімен-бірі әуре Жүрекке құйылып, Жан рахат бір сәуле Жүрегі елжіреп, Буындар босанып, Рахатпен әлсіреп, Көзіне жас алып… |
Абайдың бұл өлеңінде аңсап қосылған шын ғашық екі жастың жан құмарлықтарын, жан рахат тәтті сүйістерін, бір қызарып, бір бозарған бет, лүпілдеп соққан жүрек, ысынған дем, суынған саусақ, қысылған пішін, тұманданған көз, елжіреген жүрек, босаған буын, әлсіреген бой, көзге іріккен жас, қысқасы адамның сыртқы құбылыстарын суреттеу арқылы іштегі әртүрлі сезіну түйсіктерін дәл береді. Міне, осыны күйініш-сүйінішті тікелей суреттеу дейді.
Осы үзіндідегі Абайдың әр сөзін алып, ойланып көрсек, терең сезіну, үлкен толқудан туғандығын көреміз. Сөйлемдер арасына дәнекер болып, Абайдың басындағы күйініш-сүйініштерді дұрыс түсінуге сілтеу берерлік автордың баяндауларын есепке алмағанда, кейіпкердің ішкі монологының өзінен-ақ оның жан дүниесіндегі толқуын анық сезінуге болады.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ