
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫН ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ — ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Ертуғанұлы Жанұзақ —
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
6М010200-Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығының 1-курс магистранты (Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы) E_zhanuzak.kz@mail.ru
«Қазақстан Республикасы азаматтарын патриоттық тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламасында» қамтылған мәселелер Республикада патриоттық тәрбие беруде, отансүйгіштікке тәрбиелеуде негізгі орын алады. Бағдарламада бүгінгі ұрпаққа тәрбие беруді отбасы, балабақша, мектеп, әлеуметтік қоғамның өзара бірлігінде, сабақтастықта қарастырады. Аталған бағдарламада: «Қазақстандық патриотизм – әрбір азаматтың өз Отанының тағдырына, қауіпсіздігіне, болашағына деген жауапкершілігін сезіну. Барлық отандастарды ұлты мен конфессиясына қарамастан жете құрметтеу, олардың салтын, дәстүрін, тарихы мен мәдениетін құрметтеу, мемлекеттік тілге құрметпен қарау, –деп көрсетілген. Бастауыш сынып оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеуде жалпы білім беретін мектеп негізгі роль атқарады. Осы тұрғыдан алғанда «Жаңа әлеуметтік даму» жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудің тұжырымдамасында: мектепте тәрбие жұмысын жандандыруға оның ішінде патриоттық тәрбие беруге баса назар аударады [1].
Патриотизм ұғымы Қазақ Совет Энциклопедиясында: «Патриотизм (грек сөзі Patriotes – отандас, Patris – отан, туған жер) – Отанға деген сүйіспеншілік, бойындағы күш қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау. Туған жер, ана тілін, елдің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрмет тұту сияқты патриотизм элементтері ерте заманнан бастап-ақ қалыптаса бастайды» деп көрсетілген өзінің ізгілікті мәнін сақтайды [2]. Философиялық сөздікте: патриотизмге (гр. Patris-отан) – адамгершілік және саяси принцип, әлеуметтік сезім, оның мазмұны – Отанға сүйіспеншілік, оған адалдық, оның өткені мен қазіргісіне деген мақтаныш, Отан мүддесін қорғауға құлшыныс» – деген анықтама берілген. Патриотизм адамның мыңдаған жылдар бойы бекіген ең терең сезімдерінің бірі. Туған жерге, елге, тілге, салт-дәстүрлерге адал болып, олардан қол үзбеу түрінде патриотизмнің тарихи элементтері көне заманда-ақ қалыптаса бастаған [3]. Отансүйгіштікке тәрбиелеу дегеніміз – халқымыздың ерлік батырлық дәстүрі негізінде оқушылардың ерік-жігерін табандылық, батылдық қасиеттерімен бірге ұлттық сана, намысын оятып, елі, жері, Отанына деген сүйіспеншілік, мақтаныш, ана тіліне деген құрмет сезімін тәрбиелеу. Философиялық тұрғыда «патриотизм – адамгершілік және саяси принцип, сезім, оның мазмұны – Отанға сүйіспеншілік, оған адалдық, оның өткені мен қазіргісіне деген мақтаныш, Отан мүддесін қорғауға құлшыныс. Патриотизм – адамның мыңдаған жылдар бойы бекіген ең терең сезімдерінің бірі».
Педагогикалық тұрғыда «патриотизм – әдетте Отанға сүйіспеншілік деп аталатын, нақты бір әрекет бейнесінде және қоғамдық сезімдердің күрделі жиынтығында көрініс беретін балаларының Отан анаға деген көзқарасын сипаттайтын қоғамдық және адамгершілік принцип».
Психологиялық тұрғыда «патриотизм тұлғаның бойында – Отанға деген сүйіспеншілік, бойындағы күш қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің әдет ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриотизм элементтері ерте заманнан қалыптаса бастайды»,- деп көрсетілген.
В.А.Макаров: «Патриотизм – кез-келген саяси, әлеуметтік, этникалық топтардың ғасырлар бойғы тұтастығын қамтитын құбылыс», — деп тұжырымдайды [4]. Ал, Н.И.Губановтың пайымдауынша, шын мәніндегі патриотизм кім-кімнің болса да өз Отанына шексіз берілгендігі, сонымен бірге өзге халық мақтанышына құрметпен қарау болмақ. Ал мұндай қасиет іс-әрекет пен идеяның, ықыластың бірлігінің айғағы іспетті, – деп тұжырым жасаған [5].
Патриотизм туралы идеяларды кезінде өздерінің шығармаларында қазақ даласының ойшылдары да, атап айтсақ, әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари т.б. айтқан болатын. Өз ұлтына деген отансүйгіштік сезімді қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев; Алашорда қайраткерлері М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов және т.б. нақтылы ісәрекеттері мен шығармаларынан да байқауға болады. Қазақ тарихын тұңғыш зерттеуші ғалым Ш.Уәлиханов отансүйгіштік сезімінің қалыптасуы туралы: «Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай (бір сандықтың ішінде бір сандық, оның ішінде тағы бір сандық) мен ең алдымен өз отбасымды, туған туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел-жұртымды, руластарымды, одан соң халқымды, одан соң Сібір орыстарын, Ресей жұртын қадірлеймін» деген тұжырым жасаған [6].
Данышпан ақын Абай отыз тоғызыншы қара сөзінде: «Рас бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ол екі мінезі қайсы десең — әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Екіншісі – намысқор келеді екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерге ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. Кәнеки, енді осы екі мінез қайда? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді», — деп жазды. Абайдың бұл қара сөзінде: «Арлылық, намыстылық, табандылық – тәрбиенің жемісі»,- дейді. Адамның ең ұлы сезімін азаматтық парызын орындау үшін жоғарыда аталған мінезді игеру керек екенін ақын атап көрсетеді.
Ұлы Отан соғысында аты аңызға айналған Т.Тоқтаров, Б.Бұлқышев, Р.Қошқарбаев, Қ.Қайсенов, Б.Момышұлы және батыр қыздар Әлия мен Мәншүктің кескілескен жаумен айқастағы ерен ерліктері мен батырлықтары да ұлттық дәстүрлердің, ерлік тәрбиесінің жемісі. Халықтың біртуар ұлы Б.Момышұлы: «Патриотизм – Отанға (мемлекетке) деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығының қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, ал мемлекеттік нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды, жеке адаммен, яғни өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасты білдіреді» — деп патриотизм ұғымына анықтама берген болатын [7]. Б.Момышұлының ұлттық патриотизм ұғымына берген анықтамаларына сүйене отырып, ұлттық патриотизм ұғымының өлшемдерін анықтадық. Олар: адамның ұлттық ерекшеліктерін сақтауға бейімділігі, өз халқына сүйіспеншілігі, тарихи дәстүрі, мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі, ана тілі, тұрып жатқан территориясы, шыққан тегін сезіну, өз халқымен қан жағынан байланысын сезіну. Бауыржан Момышұлы «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген бесігі жоқ елден қорқам. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әжесінің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ» — деп өсиет қалдырған еді. Бұдан әрбір адамның өз халқына, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі өзінің шыққан тегін сезіну мен өз халқына қан жағынан байланысын жүрегімен сезіну тұрғысынан түсіну қажет деп санаған, – деген қорытынды жасауымызға негіз болды.
1991 жылдан бастап Қазақстанның тәуелсіздік алуына орай ұлттық патриотизмнің, қазақстандық патриотизмнің жаңа жылнамасы басталып кетті. Бұған мемлекеттік дәрежеде айрықша мән беріліп отыр.
Педагог компративист А.Құсайынов: «Патриотизмді қазақ елін шексіз сүю деп түсінемін», — дей келе, «Отан сүю сезімі – халқының келешегі үшін күресумен, ол үшін аянбай еңбек етумен қабысып жатқан сезім. Қазақстанның келешегі үшін ақ жүрек, адал ниетпен қандай салада болмасын өз шама-шарқы келгенше аянбай еңбек ету мен Қазақстандық патриотизмнің бүгінгі шынайы көрінісі дер едім», — деген тұжырым жасаған [8].
Психолог М.Мұқанов педагогикалық психология тұрғысынан бастауыш мектеп оқушыларының мінезіне: қиыншылыққа төзімділігі аз, берген уәдесінде тұра алуы, өзгелерге сүйкімді келуі, бір нәрсеге әуесқойлық, т.б. жатқызады. Осы жағынан алып қарағанда қыздар мен ұлдардың мінезінің осы түрлері бірдей болып келе бермейді. Мысалы: қиыншылыққа төзімді келіп, одан бас тартпау, табандылық т.б. ұлдарға көбірек кездесетін болса, өзгелерге сүйкімді, сыпайы, біреуге қамқорлық жасағысы келуі қыздарда басымырақ келеді.
Бұдан қыздарға тиісті қасиеттер ұлдарда кездеспейді деген ой тумау керек. Бұл тек әрбір баланың түрлі мінездерге ие болуға мүмкіндігінің бар екенін көрсетеді. Осындай мүмкіндікті ескеріп, ересектер тобынан бастап тіл дамыту мен көркем әдебиет сабақтарында берілген мазмұны патриоттық тәрбиеге арналған көркем шығармаларды оқып беруде өзінің елін, туған жерін сүйетін, оны қорғауға деген намысын оятатын, «Мен – Қазақстан азаматымын» т.б. мақтаныш сезімін оятуға болады, – деп есептейміз. Философ Д.Раев: Патриотизмді өшіретін келеңсіз бір ғана себепті айта келіп, Д.Раев бұдан құтылудың жолын этномәдени тәрбие жүйесін қалыптастырудан іздестіреді. Ал, этномәдени тәрбие ұлттың өзіндік салтсанасы мен әдет-ғұрпынан, дәстүр-рәсімдерінен бастау алары сөзсіз.
Сонымен, қазақстандық патриотизм – республиканы мекендейтін халықтардың рухани құндылықтарын ортақ игілікке айналдырудың құралы болып табылады деп санаймыз. Жоғарыда берілген «Отансүйгіштік», «Патриотизм» және «Қазақстандық патриотизм» анықтамаларын талдау негізінде «қазақстандық патриотизмнің» белгілері айқындалды: Олар:өз Отанына сүйіспеншілік, өз ұлтына сенімі, дүниетанымдық және саяси көзқарастары, еліне, жеріне құрмет, мемлекет рәміздерін құрметтеу. Біз зерттеу барысында алыс және жақын шетел ғалымдарының еңбектеріне талдау жасай келе, олардың мектеп жасына дейінгі балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеуді әр қырынан қарастырғанына көз жеткіздік. Қорыта келгенде, тақырыпты зерттеу бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық талдау нәтижелері төмендегідей қысқаша тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Отансүйгіштікке тәрбиелеудің негізгі компоненттері туралы философиялық, психологиялық, педагогикалық тұрғыдағы ғалымдардың көзқарастары мен ой-пікірлерінің бірін-бірі толықтыратындығы анықталды. Психологтардың теориясын қорытындылайтын болсақ, сана мен сезімді бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын біртұтас дүние тұрғысынан қарастырады, себебі сана-психика дамуының ең жоғары дәрежедегі сатысы, солай болғандықтан адам көңілкүйінің көрінісі сезім мен эмоцияны сана билейді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
- ҚР азаматтарын патриоттық тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік
бағдарламасы 2005.-5б
- Қазақ Совет Энциклопедиясы Алматы 1977. 9 том. 451 б7 3. Философиялық сөздік.Алматы 1996.- 335 б.
- Макаров В.А. Родина и я. — М., 1985. — 78 с.
- Губанов Н.И. Человек и его мировоззрение. — М., 1991. — 56 с.
- Уәлиханов Ш. Еңбектері. — Алматы, 1979. — 69 б.
- Момышұлы Б. Халық танымы. — Алматы, 1980. — 52 б.Балалар әдебиетін пайдалану. канд. дисс. … — Алматы, 2005, 15- 63б.
Құсайынова Д.С. Әлия мен Мәншүк ерлігінде жоғары сынып оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеу. Пед. ғыл. канд. дисс. – Алматы, 1999.