ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ДӘСТҮРЛІ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ ТАБИҒИ, ТАРИХИ ДАМУ ЖОЛЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ТӘРБИЕЛІК МҮМКІНДІКТЕРІ

ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ДӘСТҮРЛІ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ ТАБИҒИ, ТАРИХИ ДАМУ ЖОЛЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ТӘРБИЕЛІК МҮМКІНДІКТЕРІ

 

Назарымбетов Еркебұлан —   

 Абай атындағы ҚазҰПУ-ң Магистратура және PhD докторантура институтының 6М010700- бейнелеу өнері және сызу мамандығының магистранты. (Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы) nazarymbetov1990@mail.ru

 

     Көне дәуірден біздің заманымызға дейінгі кезеңде қалыптасқан бейнелеу өнері — бай әлемдік көркем мәдениетінің аса бір арналы саласы. Көне дәуірден Еуроазия мәдениетінің дәстүрін сақтап қалған Қазақстанның бейнелеу өнерінің  әлемдік мәдениетте өзіндік орны бар. Қазақстанның бейнелеу өнерінің  өзіндік  қалыптасуы, даму үрдісі оның геосаяси жағдайына, қазақ халқының көшпелілік мәдениеті мен тарихи кезеңдердегі көркемдік гүлдену дәуірлерімен тікелей байланысты. Қазақстанның көне өнері бастауын палеолит және энеолит дәуірінен алады. Алғашқы қауымдық мәдениетке саздан жасалған ыдыстардағы суреттер, т.б. жатады. Қазақстандағы бейнелеу өнерінің  келесі даму кезеңі — қола дәуірі. Өзінің мифологиялық мазмұны мен сюжеті, пластикалық өрнегі жағынан ерекше қуатымен көрінген кешенді таңбалы тастар — Тамғалы, Бұғы тас, жоғары Ертіс алқабы, Орталық Қазақстан ескерткіштері осыны айғақтайды. Сақ дәуірінен жеткен бейнелеу  өнерінің бай мұрасы да аса бай. Есік қорғанынан табылған сақ өнерінің кешеніндегі (б. з. б. V -IV, III — IV ғасырлар) бүгінге дейін сақталып жеткен “Алтын адам” соның ең бір көрнекті үлгісі.

       Қазақстанның орта ғасырлардағы өнері өзіндік өрнегімен ерекшеленеді. Бұл кезеңдегі өнер тәңіршілдікпен, түркілердің қуатты саясатымен, қалалардың салынып, сауда мен қолөнердің дамуымен үндесті. Балбал тастар мен құлыптастар да осы кезеңнің туындылары. Зергерлік өнер, тері илеу, қыш құю, тоқыма өнері дамыды. Қазақ халқының көркемдік ойлау жүйесі мен бейнелеу тілінің байлығы ою-өрнек өнерінде, белгі, таңба жүйесінде айқын ізін қалдырған. Адам мен табиғатты тұтас бірлікте қарастыратын қазақтың дәстүрлі дүниетанымы мен өнері киіз үйдің құрылысынан өз көрінісін тапқан. XVIII — XIX ғасырлар  мен XX ғасырдың басында қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын Еуропа және орыс ориенталистері өз туындыларында (Т. Аткинсон, Б. Залесский, А. Горонович, В. Штернберг, Т. Шевченко, П. Кузнецов, Г. Хлудов) қызығушылықпен бейнеледі. Қазақтың дарынды ұлдарының бірі Ш. Уәлихановтың суреттері 19 ғасырдың екінші жартысындағы графикалық туындылардың Қазақстандағы алғашқы құнды үлгілері болып саналады. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда кәсіби кескіндеме, мүсін, графика жанрлары қалыптаса бастады. Оның негізін қалаушылар — Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, Х.Наурызбаев, т.б. ұлттық кәсіби  бейнелеу өнері алғаш еуропалық көркемдік дәстүр арнасында дамығанмен, кейіннен ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүр негізінде өзіндік стильмен даралана бастады. Айқын ұлттық қолтаңбасымен көрінген С.Мәмбеев, М.Кенбаев, Қ.Телжанов, С.Айтбаев, Т.Тоғысбаев, Ш.Сариев сияқты дарынды көркем өнер шеберлерінің үлкен шоғыры қалыптасты.    Халық өмірінің барлық қырын қамтыған қазақ бейнелеу өнері — қазіргі таңда ірі өнер саласына айналған. ХХ ғасырдың соңы ұлттық таным, төл тарих пен мәдениет тарапындағы ізденістер қарқынды дамып, қазақ өнерінің жетіліп, ұлттық көркем бағыттар, түрлі ағымдар, даралық стильдер туған кезең болды. Бұл бағытта Е.Мергенов, Е. Төлепбай, А. Ақанаев, А. Сыдыхан, Т.Маданов, А. Есенбаев, А. Есдулетов, т.б. жемісті еңбек етті. Қазіргі кезеңде қазақ бейнелеу өнерінің  мәдени ескерткіштер, халық тарихының бастаулары, ұлттық ерекшелік, т.б. құндылықтарға ден қою, тың ізденістерге жетелеудің басты құралы болды.[1]

       ХХ ғасырдағы қазақ бейнелеу өнері — көркем кескіндеме, мүсіндеме, графика, сән және қолданбалы өнер салаларын қамтитын, ұлттық дүниетанымға негізделген көркем өнер. Қазақ бейнелеу өнерінің бұқаралық ең ежелгі түрі – халықтың қолөнері болып табылады. Әдебиет пен музыкаға қарағанда, кәсіби қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасу және даму жолы өте күрделі болды. Оның бастауында этнограф-ғалым Ш.Уәлиханов тұрды. Кейінгі зерттеулер Шоқан туындыларынан (әсіресе, графикалық суреттері), “Потанин”, “Тезек төре”, т.б. портреттік жұмыстарынан оның кәсіби суретшілерге тән шеберлігі байқалатынын анықтады. Шоқанның қас-қағым сәтте салған графикалық долбар суреттері қайта өрлеу дәуірі өкілдері (Леонардо Да Винчи, Рафаэль Санти) шығармаларымен сабақтасып жатыр (“Аға сұлтан портреті”, “Бақсы”, “Қазақ музыканттары”, “Шығыс ұйғырларының киімі”, т.б.). Шоқан Қазақ Бейнелеу Өнерінің графикалық саласында ғана емес, сонымен қоса, кескіндеме саласында да жоғары шеберлікке жеткен (“Алатау көрінісі”, “Жатақ”). Қазақстанда бейнелеу өнерінің кәсіпқой шеберлерін даярлайтын студия 1920 жылы ұйымдастырылып, онда Н.Г.Хлудов, Н.Антонов және мүсінші А.С. Пономарев сабақ берді.

       ХХ  ғасырдың  20 — 30 жылдары қазақ бейнелеу өнері шеберлері алғашқы қадамдарын жасады. Жас суретшілер кескіндеме мен графиканың кәсіптік шеберлігін меңгерді. Олар (Н.И. Крутильников, Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, И.И. Савельев, Б.Сәрсенбаев, Қ.Қожықов, т.б.) өздерінің қарапайым мазмұнға құрылған алғашқы еңбектерінде елімізде болып жатқан өзекті өзгерістерді бейнелеуге ұмтылды.

       1928 жылы Семейде бейнелеу өнері шығармаларының алғашқы көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстан суретшілерінің кәсіптік шеберлікті тез игеруіне сол кездегі одақтас республикалардың, Мәскеу мен Санкт-Петербург шеберлерінің (Б.В. Иогансон, А.А. Дейнека, С.В. Герасимов, А.А. Пластов) тәжірибесі көп көмектесті.

      1933 жылы республика Суретшілер одағының ұйымдастыру комитеті құрылды. 1934 жылы Мәскеудегі Шығыс мәдениетінің мемлекеттік мұражайында қазақ суретшілерінің тұңғыш көрмесі ұйымдастырылып, бір жыл өткен соң Алматыда Қазақ мемл. көркемсурет галереясы ашылды. Әлеум.-экон. және мәдени өмірдің жаңа жағдайлары, түбегейлі уақыт талаптары шығармаларға тың тақырып болды. Ә.Қастеев шығармаларының өзіндік ұлттық бояуы осы кезде жарқырап көрінді. Қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасу және өркендеу жолы осы суреткер шығармаларымен тығыз байланысты болды. Көркем шығармаларды бүкіл Отан келбетімен бейнелейтін суретші Ә.Ысмайылов та қазақ кескіндемешілерінің аға буынына жататын. Өздерінің шығармашылық жолын республика өмірімен тікелей байланыстырған көптеген орыс шеберлері: кескіндемешілер — А.А. Риттих, Н.В. Соловьев, А.И. Бортников, Н.И. Крутильников, Л.П. Леонтьев, графиктер Г.А. Брылов, Б.А. Чекалин, Л.В.Гербановский, т.б. 30 жылдардағы қазақ  бейнелеу өнерінің дамуына  белсене ат салысты. 1940 жылы маусымда ашылған Қазақстан суретшілерінің І-съезі шығармашылық ұжымның біраз жылғы жұмыстарын қорытындылап, ұлттық өнерді одан әрі дамытудың жолдарын белгілеп берді. 40-жылдардың басында қазақ кескіндемесі мен графикасы едәуір табыстарға жетті. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында республика қыл қалам шеберлері өз өнерлерін фашист-басқыншыларына қарсы үгіт-насихат құралына айналдырып, бүкіл халықтық ерлікті, қаһармандық пен қайсарлықты көрсетуге күш салды. Бұл жылдары Леонтьев, К.Я. Баранов, Риттих, А.И. Черкасский, И.Я. Иткинд, М.С. Лизогуб, т.б. табысты еңбек етті. [2]

      Ал енді екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстан бейнелеу өнерінің барлық түрі: кескіндеме, мүсіндеме, графика ілгері дамыды. Қазақ және өзбек халықтарына ортақ суреткер — қазақ табиғатын тамсана жазған, алғашқы академик-суретші О.Н. Таңсықбаев Қазақ Бейнелеу Өнерінде ерекше орын алады. Ол елден жырақ жүрсе де (Өзбекстанда тұрған) бар болмысымен, жүрегімен өзін әрқашанда елімен, жерімен бірге сезінген, қазақ табиғатын ерекше бір сүйіспеншілікпен жазған суретшінің бірі болды (“Қазақстан жолдары”, “Көш”, т.б.). 50-жылдардың соңы (Қ.Телжанов, М.Кенбаев) Қазақ бейнелеу өнері жанрлық және ізденіс бағыттарының санылығымен ерекшеленеді. Қазақ бейнелеу өнерінде графика саласы елеулі орын алады. 60-жылдары акварельдің, офорттың, линогравюраның, автолитографияның өзіндік бағыттары бар дарынды шеберлері (А.А. Дячкин, Е.Г. Сидоркин, Н.С. Гаев, Ш.Б. Кенжебаев, И.Г. Квачко, т.б.) өсіп жетілді. Қазақстан бейнелеу өнерінің байырғы шебері В.И. Антощенко-Оленев гравюра мүмкіндіктерін барынша табысты пайдалана білді. Қазақ бейнелеу өнерінің шығармалары бұл кезеңде шет елдерде де таныла бастады. Олар Мәскеудегі Третьяков галереясына, Қазақстан мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайына қойылды, шет ел мұражайлары сатып алатын болды. Қазақстан суретшілерінің ең үздік еңбектері ұлт өнерінің қазынасына асыл мұра болып қосылды. Республиканың көптеген облыс орталықтарында (Шымкентте, Қарағандыда, Астанада, Павлодарда, т.б.) шығармашылық ұжымдар құрыла бастады. Қазақстан  бейнелеу өнерінде халықтың өзіндік дүниетанымын, оның мәдениеті мен дәстүрлік ерекшеліктерін танытатын белгілер барған сайын айқын қалыптасты. Бұл кезеңдегі Қазақстан бейнелеу өнерінің дамуына А.Ғалымбаева, Г.Ысмайылова, Қ.Телжанов, М.Кенбаев, С.Мәмбеев, Ә.Жүсіпов, С.Романов, А.М. Степанов, К.Шаяхметов, Ү.Әжиев, т.б. суретшілердің тақырыптық картиналары үлкен үлес қосты. Ауыл тақырыбы көптеген Қазақстан суретшілерінің назарында болып, әсіресе, шығармашылық жолын 60 — 70жылдары бастаған шеберлердің ең басты тақырыбына айналды. С.Айтбаев, Ш.Сариев, Т.Тоғызбаев, Ә.Садыханов, О.Нұржұмаев, А.Ақанаев шығармаларына өзіндік қазақи дүниетаным, өмірді кең көлемде тани білу, символикаға құштарлық тән болды.

      Жалпы М.Аманжолов, К.Муллашев, Е.Төлепбаев, т.б. көркем шығармаларынан романтикалық-символдық және сезімдік бастаулар көрініс тапты. Бұл суретшілердің шығармалары айқын да күрделі түсімен, шиыршық атқан бояуымен, белсенді кеңістік ортасымен, бейнелердің әсемдігімен және сырлылығымен ерекше көзге түседі. М.Қисамединов еңбектері жұртшылықтың қызығушылығын туғызды. Оның Махамбет Өтемісұлының өлеңдеріне салған суреттерінде (1973) өз халқының азаттығы жолында күрескен батырдың тарихи бейнесін жасады. И.Исабаев қазақ әдебиеті классиктерінің, Қазақстан жазушыларының шығармалары, балалар әдебиеті бойынша суреттер салумен қатар көптеген қондырғылы графика шығармаларын берді. ХХ ғасырдың 70 — 80-жылдар шығармаларында өзіндік қолтаңбасы айқын графиктер қатары көбейді. 80 — 90-жылдары Қазақстан  бейнелеу өнері тың ізденістермен, еуропалық жаңа сипаттағы ағымдардың әдіснамасын меңгеруімен ерекшеленеді (А.А. Ақанаев, Е.Мергенов, Д.Әлиев, Е.Төлепбаев, Б.Түлкиев, Ж.Аралбаев, т.б.). Одан беріде күнделікті қарапайым қазақ өмірін, белгілі тарихи кезеңдерді жаңаша сипат беріп, ерекше тәсілмен бейнелей білген суретшілер бой көтерді (М.Аманжолов,

А.Нақысбеков, К.Каметов, Е.Сергебаев, А.Қорғанбаев, Т.Ордабеков, А.Дүзелханов, т.б.). Елімізге қасірет әкелген, көп жылдар бойы жабық тақырып болып келген Семей атом полигонының, Аралдың қасіретті ащы шындығы бейнеленді (Ақанаев, М.Аманжолов, А.Губашев, Ә.Төлебиев, т.б.).

[3]

   Ал енді бейнелеу өнерінің  жекелеген түрлерін және олардың бір-бірінен ерекшеліктерін білу, ажырату адамзатты көнеден бері толғандырып келеді. Бейнелеу өнері — дүниені көзбен көріп түйсіну негізінде бейнелейтін пластикалық өнердің бір саласы. 

     Бейнелеу өнерінің негізіне кескіндеме, мүсін, графика жатады. Бейнелеу өнерінің белгілері сәулет өнері, безендіру және қолданбалы өнерде көрініс табуы тиіс. Сондықтан шартты түрде оларды да бейнелеу өнері қатарына жатқызамыз. Сондай-ақ, театр, кино, теледидарға безендіруді, көркем дизайнды да бейнелеу өнері ретінде таниды. Бұл өнердің де негізінде адам, табиғат және заттық әлемді тұтастықта, бірлікте қарастыру жатыр. Бейнелеу өнері дүниені байқау, бақылау, көру нәтижесінде оның көркем бейнесін жасайды. Әр ғасыр, дәуір, кезеңде пайда болды. Бейнелеу өнерінің туындылары өзіндік бейнелеу жүйесі мен көркемдік үндесудің түрлі типтерін құрайды. Бұл өнер танымдық, құндылық және қарым-қатынастық қызметімен де ерекшеленеді. Уақыттық даму үдерісі басқа өнер түрлеріне (әдебиет, музыка, театр, кино) қарағанда бейнелеу өнерінде шектеулі, ол негізінен кеңістіктік ауқымымен ерекшеленеді. Суретші өз көзімен көріп, түйсінген шындығын сол сәттегі қалпымен көрсетуге ұмтылады. Өмір құбылыстары типтік жағынан таңдап алынып, заманның тірлік-тынысы жан-жақты көркемдік қуатпен беріледі. Бейнелеу өнерінің көркем тіл құралдарына сурет, түрлі түс, пластика, жарық пен көлеңке композициясы, ырғақ жатады. Шығармалар заттық материалдан дайындалатындықтан оған пәндік, заттық болмыс тән. Бейнелеу өнерінің әр жанры қоршаған әлемнің бейнесін түрліше береді: кескіндеме түрлі түсті бояуды, графика түрі сызықтардың қиылысуын, көлеңке мен жарықтың астасуын, мүсін пластикалық үш өлшемдікті пайдаланады. Бейнелеу өнерінің барлық жанрындағы шығармалары мазмұнына қарай монументті-сәндік және қондырмалы шығармалар негізінен мұражайлар, галереялар немесе үй интерьерлерін безендіріп, сол жерлерде орналасады. Монументті мүсін сәулеттік кешендерде, қала көшелері мен алаңдарда, мекеме ғимараттарының қасбеті мен интерьерлерінде орналасады. Бейнелеу өнерінің тарихи даму үрдісі барысында қалыптасқан портрет, пейзаж, натюрморт сияқты жанрлар ортақ.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998
  2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005
  3. Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы

“Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *