ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОБАНЫ ҚОЛДАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ  

ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОБАНЫ ҚОЛДАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ

 

Мадешова Гульзия Ботабаевна — Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Магистратура және PhD докторантура институтының 1-курс магистранты (Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы) gulzia_87_82@mail.ru

Қазіргі таңда елімізде білім беру үрдісінің өзіндік ұлттық үлгісі орнығып, жаңа мазмұндағы білім беру, оқыту жүйесі қалыптасуда. Дүниежүзілік білім беру әлеміне кіру мақсаты көзделіп, әрбір білім-ғылым саласында нақты жаңа өзгерістер енгізілуде. Мұндай түрлі бағыттағы өзгерістер білім беру жүйесінің даму бағыттарын нақтылап, оны тың арнаға, жаңа сапаға қарай дамыту қажеттілігін міндеттеп отыр. Ұстаздарға оқыту әдістемелерін саралау, ғылым нәтижелерін сын көзбен бағалау, оқушыларды болашақта жан-жақты дамыған, рухани жетілген жеке тұлға ретінде қалыптастыру және өз іс-әрекетін, кәсіби шеберлігін жаңаша қалыптастырып, жаңаша ұйымдастыру сияқты міндеттер жүктеліп отыр. Сондықтан еліміздің алдыңғы қатарлы дамыған елдермен терезесі тең, өркениетті ел болуына, олармен білім мен ғылымы, мәдениеті мен технологиясы теңесуі үшін маңызды істер атқару – ел мүддесі алдындағы абыройлы міндет. Әсіресе, қазақ тілін оқыту барысында шығармашылық ісәрекет, жоба жасауды саналы деңгейге көтеру – күрделі іс.  

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін не істеуіміз керек?»[1,8] — дей келе, оны іске асыруда «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда балаларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды»[1,8] және сонымен қатар «Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіңдік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс»[1,8] деп атап өтті. Елбасымыз еліміздегі білім беру жүйесін жақсартуға өз үлесімізді қосуды міндеттейді және соған талпыныс жасауда. Сондықтан қоғам сұранысынан туындап отырған талапқа сәйкес студенттің ой-өрісін дамытып, алған білімдерін болашақта өз тәжірибесінде қолдану біліктілігін арттыруда ізденімпаз, шығармашыл тұлға қалыптастырудың бірден-бір жолы – оқыту үдерісіне еніп жатқан жаңа бағыттарды ұстану, оқытудың дәстүрлі түрінен жаңа педагогикалық технологияларға ауысу.

Жалпы алғанда, шығармашылық әлемдік мәдениеттің барлық дәуірінде ойшылдардың назарында болғандығын «Шығармашылық теориясын» жасауға талаптанған көптеген ізденістерден байқауға болады. Әлемдің озық мәдениеттің шоқ жұлдыздары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлының даналық ой-пікірлерінің қазіргі заман талабымен үндесетін тұстары көп. Мәселен, Абайдың 19-қарасөзінде «Өнердің кез келгені адамның белсенді шығармашылық қызметінің барысында қоршаған орта шындығынан нәр алып, мазмұндық жағынан байи бермек»[2,234] деп есептейді.

Қазақ тілін оқыту барысында  білім беруде алынған мәтіндер, мысалдар, сөйлемдер тікелей өмірмен, болып жатқан жаңалықтармен, ел  экономикасы, өнеркәсіп саласындағы қол жеткен табыстар мен өнегелі адамдардың өмірімен таныстыра түсіндіру бағытында жинақталды. Студенттердің түрлі мәтіндердің көмегімен еліміздің егемендік алуы, тіл мәртебесінің жоғарылауы, тарихи тұлғалар туралы танымы артады, сонымен бірге мәтіндер тілді меңгерту барысында теориялық біліммен қабат ірі тарихи мәліметтермен ақпараттандырылады. Еліміздің ізгі мұрасын, ізгілік қасиеттерді сіңіру, салт-дәстүр үлгілерін көрсетіп, бойына сіңіру жолдары басты назарда  болады.

Ғылыми зерттеулерге сүйенетін болсақ, студент шығармашылығын дамытуда «шығармашылық тапсырмалар» үлкен рөл атқарады. «Шығармашылық тапсырмалар» атауы педагогикада белгілі, екі құрамдас бөліктен тұрады. «Шығармашылықты біріншіден, студенттер дербес, өз бетімен ойдан жаңаны құрастырады; екіншіден, жағдай тудырушы материалдар даярлап, шығармашылыққа икемдейтін ересек адамның қатысуы қарастырылады»[3,116].

Жалпы, «шығармашылық дегеніміз не?» деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, шығармашылық – бұл адамның мақсатты ісіне жету жолындағы талаптануы мен талпынысынан, жігері мен сабырынан, сұранысы мен ізденісінен түзіліп, ақыл ойы мен сезімінің, қиялының ерекше бітімінен көрінетін әрекеттің жоғары деңгейі. «Шығармашылық – ол таң қалу және танымдық қабілет, белгісіз жағдайда шешім таба алу іскерлігі, жаңалық аша білу және өзі ашқан тәжірибені ұғына білу қабілеті»[4,238]. Шығармашылық жұмыспен айналысу, оны ұйымдастыру – жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі. Сонымен қатар, шығармашылық – адамның өмір шындығына өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі және бүкіл тіршіліктің көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі.

Білім алу, оқу – алдағы үлкен өмірде өз орныңды дұрыс таба білу үшін қажет дүние.Сондықтан оқу барысында студентке өз бетімен іздендіре отырып, өзіне деген сенімділік  күшін тудырып, өз ойын анық жеткізе біліп, дұрыс шешім қабылдауға, яғни жеке тұлға болып қалыптасуына бейімдеу және зерттеу жұмысын ұйымдастыруға, жоба жұмыстарын жасауға мақсатты әрі жүйелі түрде бағыттау қажет деп есептеймін.

Ал, енді «шығармашылық жоба» дегеніміз не? Шығармашылық жоба – бұл әр студенттің немесе топтаса отырып, белгілі бір тақырып бойынша өз ізденісімен жасайтын жаңа шығармашылық жұмысы. Мұндағы басты мақсат – студенттердің қызығушылығын дамыту, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру арқылы болашақта кездесетін әр түрлі жағдайларда, әр түрлі қоғамдық ортада өзін-өзі көрсете білуге бейімдеу болып табылады. Сонда шығармашылық жобаның тиімділігі – көзбен көріп, құлақпен естіп, есте сақтай отырып, студентті ізденіске, іскерлік пен танымдық ынтаға, шығармашылық қабілетті жетілдіру арқылы түрлі мәселелерді шеше білуге, тапқырлыққа, жаңа ғылыми ізденіске жетелеу болып отыр. 

Шығармашылық жоба — мұғалімнің қажетті нұсқаулар бойынша студенттің оқу жұмысының жеке дара және ұжымдық түрі. Шығармашылық жұмыстың негізгі ерекшелігі – студенттің берілген тапсырманы мұғалімнің көмегінсіз орындауы болып есептеледі. «Мұндағы басты мақсат: 

Біріншіден, студенттердің танымдық қызметіндегі дербестікті дамыту және одан әрі өрістету, оларды білімді өздігінен игеруге, дүниеге көзқарасын қалыптастыруға, ой белсенділігін арттыруға үйрету. 

Екіншіден, оқшылардың алған білімін өздігінен іс жүзінде қолдана білуге баулу. Студенттерді шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылықтарын оятып арттыра түсу үшін, сабақта және сабақтан тыс уақытта әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады»[5,58]. Сондай-ақ шығармашылық жұмыстың міндеттеріне мыналар жатады:

  1. Жаңа материалды оқып-үйрену және оқып игеруге деген қызығушылықтарын ояту.
  2. Жаңа білімнің мазмұнын жоспарлағанда студентке берілетін тапсырманы оның қабілетін ұштайтындай, ойын, қиялын дамытатындай етіп дайындау.
  3. Студенттерге тапсырмаларды әртүрлі күрделірек дәрежеде орындату арқылы олардың білімін саралауды ұйымдастыру.
  4. Студенттердің ізденімпаздық, шығармашылық мүмкіндіктерін тудыратын, қабілеттерін жан-жақты дамытатын әртүрлі белсенді оқыту әдістәсілдерін кеңінен қолдану.
  5. Студенттердің білім алу нәтижелерін жүйелі талдап, бағалап отыру. Ғылым мен білім дамып жатқан уақытта бұрынғы белгілі материалдарды көшіру немесе қайталауды шығармашылық деп айтуға келмейді, дегенмен, белгілі дүниелерді дамытып, жаңашаландыру, ерекше қасиеттерін табу – шығармашылыққа тән құбылыс.

            Сонымен, қазақ тілі сабақтарында шығармашылық жобаны қолданудың маңызы:

  1. Өмір шындығын, өзін-өзі тануына ұмтылады, ізденеді;
  2. Прогрессивті алдыңғы қатарлы ойларды уағыздап, сыни ойлау деңгейі жоғарылайды;
  3. Өз білімін тұрақты көтеріп отырумен жүйелі түрде айналысады, өз жұмысына талдау жасауға қабілеті артады;
  4. Эстетикалық талғамы және көркемдік мәдениеті жинақталады;
  5. Барлық жаңалық пен озық ойларға қызығушылық танытады;
  6. Белгілі бір мәселе шешуде тапқыр, өзіндік жеке пікірі қалыптасады; 7. Өмірлік позициясы, ұстанымы болады;

Қазақ тілді  оқыту барысында шығармашылық жобамен жұмыс істеуде тірек ететін ұстанымдарымызды анықтау білім мазмұнын, дамыта оқыту мен сын тұрғысынан ойлау технологияларының әдістері мен стратегияларын мақсатқа сай ұйымдастырудың тиімді жолдарын ашуға мүмкіндік берді. Студенттің шығармашылық қабілеттерін дамытумен қатар, олардың бойына адами қасиеттерді дамыту; дүниетанымын кеңейту; өмірде болып жатқан құбылыстарды пайымдай білу; алған білімін өмір шындығымен байланыстыра алу секілді қасиеттерді сіңіру әрекеттері сабақтастырыла жүргізілді. 

Шығармашылық жоба арқылы қазақ тілін оқытудың зор тәрбиелік мәні бар. Адам болмысын тәрбиелеу үдерісінің маңыздылығы – оның жанын  дамыту. Адамның өсіп-жетілуіне орай дамытылып отыратын әдіс-тәсілдерді қолдану, оны түрлендіріп, жаңғыртып пайдалану әрекеттерімен санасады. «Шығармашыл жеке тұлға тәрбиелеудің бірден-бір жолы – оның дүние сырын тануға деген құлшынысын қалыптастыру, өз бетімен дүние сырын танып-білуге құштарлығын ояту, дамытушылық іс-әрекеттер мен әдістәсілдер таба білуге үйрету секілді тәрбиелік үдерістер негізі[6,160].

Қорыта келгенде, шығармашылық тұлға басқалардан өз ісіне деген сенімділігімен, қиял ұшқырлығымен, әдемілікті сезіне білуімен, өзгеше шабытымен ерекшеленеді. «Өз ойын жаза білу зиялылықтың бірінші белгісі. Шығармашылық адамның бақылағыштық қабілетін, қиялын, фантазиясын дамытады» — деген А. Рыбаковтың пікірі осыған дәлел. Шығармашылық жобаның негізгі сипаты жаңа, тың дүние жасауға, жаңа амал-тәсілдер табуға ұмтылыс жасау деп айтуға болады.  Қазақ тілін  оқытуда шығармашылықпен жұмыс істеу әдістемесі студенттердің туған елін, Отанын сүюге, халықтық мұраларды, салт-сананы қастерлеуге тәрбиелейді және әр студенттің жеке пікір, көзқарасын қалыптастырып, тұлғалық сипат алуына әсерін тигізеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына Жолдауы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». – Алматы: ЮРИСТ, 2014-8б
  2. Құнанбаев А.. Шығармалар жинағы. -Алматы: Жазушы. 1998.-234б.
  3. Беспалько В.П. Педагогика и прогрессивные технологии обучения. – М.,1995.-116б
  4. Андреев В.И.. Диалектика воспитания и самовоспитания творческой личности. К.Издательство Казанского Университета.-М.,1988. -238 с
  5. Сабыров Т. Оқушылардың оқу белсеңділігін арттыру жолдары.-А., Мектеп, 1978.-58б
  6. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері(Көмекші оқу құралы). – Алматы, 1993.-160б
  7. Ерхожина Ш. Л. Шығармашылықтың мәні, психологиялық негіздері // «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы. -Алматы. 2007. -№8. 19б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *