АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР – ЖЕКЕ ТҰЛҒА
ҚҰЗІРЕТТІЛІГІН ДАМЫТУ ҚҰРАЛЫ

Оразбек А.С. – ҚарМТУ студенті (ПО-14-1 тобы) Ғылыми жетекші – п.ғ.к., доц. Самашова Г.Е.

АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР – ЖЕКЕ ТҰЛҒА
ҚҰЗІРЕТТІЛІГІН ДАМЫТУ ҚҰРАЛЫ

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз. Қазіргі таңда ақпараттық-коммуникативті технологиялар біздің елімізде де жоғары қарқынмен дамып келеді. Оқу үрдісінде жаңа технологиялық әдістермен қатар жаңа ақпараттық технологияларды да қолданудың мүмкіндігі жасалып отыр» деген болатын. Жас буынды жаңашылдыққа жетелеу деген сөз. Жаңашылдық – оқытуға жаңа технологияларды енгізе отырып, оқушыны заман сұранысына сай етіп дайындап шығару [1].
«ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры» болғандықтан бүгінгі таңда ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдаланудың маңызы зор. Қазіргі кезде оқушыны белгілі бір біліммен ғана қамтамасыз ету жеткіліксіз. Оқушының өз бетінше білім алуына, ізденуіне көп мән берілуі тиіс. Олардың кәсіптік білім алуымен қатар ізденімпаз, тапқыр, ой-өрісі жоғары, өз пікірін ашық білдіретін, жаңашыл ұрпақ етіп тәрбиелеу керек. Бүгінгі заман талабы — қоғамның дамуымен бірге болашақ жастарды жаңашылдыққа, іздемпаздыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу. Осы аталғандарды іске асыру үшін сабақта ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану маңызды болмақ.
Жалпы ақпараттық-коммуникативтік технологияға тоқталатын болсақ, коммуникация – ақпаратты тасымалдап жеткізу әдістері мен механизмдерін және оларды жазып жинақтап жеткізу құрылғыларын қамтитын жалпы ұғым, ал оқытудың ақпараттық технологиясы – қазіргі компьютерлік техника негізінде ақпаратты жинау, сақтау, өндеу және тасымалдау істерін қамтамасыз ету, білімді бүгінгі заман талабына сай жаңаша, ұтымды және тиімді түрде оқырманның санасына жеткізе білу, педагогикалық іс-әрекетке өзгеріс енгізу, білімді қабылдау, білім сапасын бағалау, оқу-тәрбие үрдісінде оқушының жеке тұлға ретінде жан-жақты қалыптасуы үшін жаңашылдық енгізу деп түсінуге болады.
Ақпараттық-коммуникативтік технология арқылы жалпы оқыту үрдісінің функциялары: оқыту, тәрбиелеу, дамыту, ақпараттық болжамдау және шығармашылық қабілеттерін дамытумен анықталады.
Ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану арқылы мұғалім оқушының интелектуалдық, рухани азаматтық және басқа да адами келбетінің қалыптастыруына игі әсерін тигізеді.
Ақпараттық технология – ізденімпаздыққа үйретеді. Сондықтан, бүгінгі компьютерлендірілген ғасырда ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану арқылы ғылымның кез-келген саласын жылдам дамытып, одан нақты тиімді нәтиже алуымызға болады [2].
Бүгінгі заман талабына сай жаңа технологиялармен сабақ жүргізуде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану өте тиімді. Бұл технологияны пайдалануымның негізгі мақсаты:
1. Ақпараттық технологияларды қолдана отырып оқу-тәрбие процесінің барлық деңгейін жетілдіру, оқу-тәрбие жұмысына жаңашылдық енгізу:
— сабақты қызықты етіп өтікізу арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыру;
— білім сапасының көтерілуіне жағдай жасау;
— оқыту процесінің сапасын арттыру;
— пәнаралық байланысты тереңдету;
— қажетті ақпаратты іздеуді оңайлату және көлемін ұлғайту.
2. Оқушыны заман талабына сай жан-жақты дамыту, ақпараттық қоғамда өмір сүруге икемдеу, даярлау.
— коммуникативтік қабілеттерін дамыту;
— өздігінен ізденуге, шешім қабылдай білуге бағыттау;
— компьютерлік графика, мультимедиа технологиясын пайдалану, киноларды, видеороликтерді көрсету, сабаққа байланысты музыкаларды тыңдату арқылы эстетикалық тәрбие беру;
— пәнаралық байланыс орнату;
— ақпараттық мәдениетін қалыптастыру, ақпаратты өңдей білуге үйрету.
Ақпараттық – коммуникативтік технологиямен жұмыс істеу — компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивті тақтаны қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді.
Сонымен, ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән екені айдан анық. Олай болса, білім беруді ізгілендіру, ақпараттандыру – бүгінгі заман талабы. Өркениеттің өсуі ақпараттық қоғамның қалыптасуымен тікелей байланысты екенін ескерсек, қазіргі кездегі білім мен техниканың даму деңгейі әрбір адамға сапалы және терең білім мен кәсіби іскерліктердің болуын, жастардың белсенді шығармашылықпен жұмыс істеуін талап етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2030». Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. – Алматы. «Білім баспасы», 1998.
2. Мұхамбетжанова С.Т., Мелдебекова М.Т. Педагогтардың ақпараттық
– коммуникациялық технологияларды қолдану бойынша құзырлылықтарын қалыптастыру әдістемесі. – Алматы. ЖШС «Дайыр
Баспа», 2010.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *