
Жунусова Ж.Ж. — ҚарМТУ студенті (ПСК-15-2 т.)
Нығыметолла А.С. — ҚарМТУ студенті (ПСК-15-2 т.)
Ғылыми жетек. — аға оқыт. Акынжанова А.А.
ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ МЕНІҢ
Біздің Отанымыз – байтақ та, бай, сәулетті егеменді ел. Елімізде қаншама ұлт өкілдері тұрады. Әр ұлт өкілдерінің өз ана тілі бар. Тіл – халықтың басты қасиетті байлығы. Ана тілі адам баласының бойына ана сүтімен еніп, бойға тарайды. Қастерлі де құдіретті тіл байлығы әр елдің мақтанышы, атадан балаға мирас болып қалған баға жетпес мұрасы.
Тіл – халықтың жаны, соғып тұрған жүрегі. Қазақ халқының атақты сазгері, ғалымы Ахмет Жұбанов: «Әр халықтың ата тілі – білімнің кілті. Болашақ жастарымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті, зерек азамат, тұлға болуға ұмтылу – адамдық парызымыз» — деп, өсиет қалдырып кеткен. «Тіл – халықтың алтын діңгегі» дейді халық даналығы. Біздің тіл – түркі тілдер тобының ішіндегі ең бай тілдердің бірі. Әр адамның азаматтық, әрі мәдені қасиеті өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Кімде – кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, оны сауатты адам деп санауға да болмайды. Ана тілін ұмытқан, өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте.
Туған халқымыздың тарихының тамырына ене отырып, ата – бабамыздың қаншама қиыншылық көрсе де мойымай бізге жеткізген асыл мұрасы тіліміздің қадір – қасиетін түсіне, зерделей білуге міндеттіміз. Көркем, мәнерлі сөзді өнер табиғатына сай шеберлікпен айтуды үйренуіміз қажет.
Тіліміздің түп негізіне үңілетін болсақ, қазақ тілі ғайыптан пайда болған жоқ және оқшау жаратылған тіл емес. Оның шыққан тегі бар. Қазақ тілі түркі тілдері деп аталатын алып бәйтеректің бір тармағына жатады. Бір негізден өрбіп, түркі ата тілінен тарағандықтан да балқар, башқұрт, қазақ, қарақалпақ, қарайым, қарашай, ноғай, туба, түрік, хакас тілдері – түркі тілдері деп аталады. Біз қазақ тілінің түркі тілдері тобына жататынын біліп келеміз. ХІV-XV ғасырларда қазақ ұлысы болып қалыптаса бастаған қазақ елі өз тілі мен өнері, мәдениетін де тарих сахнасына алып шықты. Тіл – мемлекеттік нышан ретінде танылатын басты құндылық. Қазақ халқы өз тілін ардақтап, дара да кие тұтқан. Тіл құдіретін біртіндеп танып, «өнер алды – қызыл тіл», «Бас кеспек бар да, тіл кеспек жоқ» деп дәріптеген.
Қазақ тілі – әуезді де бай тіл. Неше ғасырлық тарихы бар, ауызша да, жазбаша да мол мұрасымен танылған тілімізді бабаларымыз қасиетті деп қастерлеп, келер ұрпаққа, яғни біздерге аманаттаған. Тіліміз еліміздегі азаматтардың өзара қарым – қатынас тілі болумен ғана шектеліп қалмайды, оның мұрағаттық, ақпараттық қасиеттері де мол. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас болып келеді.
Тіл адамдар арасындағы қатынас құралы, өйткені адамдар қоғамдық өмірде бір – бірімен тіл арқылы сөйлеседі, пікір алмасады, ойын жеткізеді. Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибрат аламыз. Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді. Ана тілінің қадір – қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды.
Өткенге терең ой салсақ, белгілі бір тарихи себептермен кейбір халықтардың әдеби тілі өз тілі емес, өзге халықтың тілі болуы мүмкін. Бұл жағдай сол халықтар өз тәуелсіздігінен айырылып, өзге халықтарға тәуелді болуымен байланысты туған. Ал біздің елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі, өйткені қазақ халқы сан қилы тарихи оқиғаларды басынан өткерсе де, тарихи жерін, салт – дәстүрін, тілін, ұлтын сақтап қалған ел. Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер?! Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтіп күн көрер?! Туған тілден айрылса, Халқым қайтіп күн көрер?!
Міне, осылайша толғанған Асан қайғы бабамыз желмаясына мініп алып өзіне дейінгі, өзінен кейінгі дәуірлерге барады екен. Осылайша, өткен қайғы – қасірет, қиыншылық заманда толғап, жырлап, жандарын тілім, жерім, Отаным деп пида еткен ғұламалар аз емес.
Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт – санамыз бен дініміз осы тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің ендігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Егеменді ел болып, ес жиып, етек жия бастаған бұл күндері осындай ойға қонбайтын, солақай сорақыларды көбін көріп, қазақ тілі мәселесі жөнінде толғанбай тұра алмаймыз.
Бүгінгі қазақ тілінің тағдыр мен болашағы Елбасын аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген сөздерді жадымызда сақтайық. «Тілден асқан байлық жоқ», тон – торқа, мал – мүлік, алтын – күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Өз тілін білмеген адам, ата – баба тарихын ешқашан түсіне алмайды. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпағанымыз абзал.