
Жуанышева А.Т. –магистрант ҚазИГЗУ Ғылыми жетекші-п.ғ.д. Амиргазин Ж.К.
БІРЛЕСКЕН ІС-ӘРЕКЕТТЕГІ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ДАМУЫ
Қарым-қатынастың бірлескен іс-әрекетті жүйелендірудегі қоғамға пайдасы жан-жақты дамыған жаңа тұлғаны қалыптастырады. Психологияда бірлескен іс-әрекеттің мәнін арттыру үшін қарымқатынастың маңыздылығы қарастырылған және дәлелденген (А.А. Бодалев [1], Я.Л. Коломинский, В.А. Кан-Калик және т.б).
Қарым-қатынас – бұл әлеуметтік-психологиялық құбылыс, ол адам өміріндегі көптеген рухани және материалдық құндылықтарды қамти отырып, оның өміріндегі ең жоғары қажеттіліктердің бірі. «Қарымқатынасты» біз кәсіби, жеке, шығармашылық және адамдардың бір-бірімен байланысы және қатынастары деп түсінеміз. Адам қоғамда, өзін қоршаған адамдар тобында өмір сүреді және дамиды, оның талаптарына сай өз пікірі мен мінез-құлқын өзгертеді, топтың өзге қатынасушыларымен бірлескен іс-әрекет ықпалымен түрлі сезімдерді бастан кешеді.[2] Қарым-қатынас психологиясы адамдардың бірлескен іс-әрекеттегі бірін -бірі қабылдауы және түсінуі; еліктеуі, иландыруы мен сенімі; ұйымшылдық пен қақтығысқа түсушілігі; бірігіп әрекет ету мен тұлғааралық қатынастар сияқты құбылыстарды зерттейтін сала. Бұл психологиялық құбылыстардың алуан түрлі болуына қарамастан, олардың пайда болуының негізгі көзі – адамдар арасындағы қатынас аймағы.
Қарым-қатынас мәселесінің негіздері туралы кеңес ғалымдары Л.С. Выготский, С.Л. Рубинштейн, А.Н. Леонтьев, Б.Г. Ананьев қарымқатынасты адамның психикалық дамуының, әлеуметтенуі және тұлға қалыптасуының маңызды шарты ретінде қарастырды. Қарым-қатынас мәселесіне мәдени-тарихи психологияның негізін салушы Л.С. Выготский үлес қосты.[3]
В.А. Петровский «іс-әрекетті жүзеге асыру процесінде адам объективті түрде басқа адаммен белгілі бір байланыс жүйесіне түседі». Осылайша, байланыс, алмасу (әрекеттермен, заттармен, ақпаратпен, т.б) және өзара ықпал кез келген өзара әрекеттің мазмұны болып табылады деп көрсетеді. С.И. Ожегов сөздігі бойынша, екі құбылыстың өзара байланысы-өзара әрекеттестік болып табылады. Философиялық сөздікте өзара әрекеттестік — «өзара ықпал», «кез келген байланыс және материалды объектілер мен құбылыстар арасындағы қатынас» ретінде пайымдалады. Мазмұны танымдық және формасы бойынша бірлескен-диалогтық ісәрекеттің қалыптасу процесі индивидуалды іс-әрекеттің мақсаттарының, мағыналарының және мотивтерінің өзара бір-бірімен байланысуы мен түйісуі барысында жүзеге асады. Жаңа мақсаттардың қалыптасу процесі – бірлескен танымдық іс-әрекеттегі мақсат, құрылым, мазмұны жағынан — практикалық, ал формасы бойынша бірлескен мақсаттардың қалыптасуынан басталады. Нақтылы психологиялық зерттеуде ойлау мен қарым-қатынас бірлігінің қағидасын жүзеге асыру бірлескен ойлау ісәрекетін зерттеуге байланысты өте өзекті мәселеге айналады.
Психологтар үшін адамның жоғарғы психологиялық функциясында сөздің рөлі – оның ойлаумен, санасымен, есте сақтауымен, эмоциясымен және т.б. қарым-қатынасы өте қызықты болып табылады, мұнда оның жеке тұлға мен шығармашылық құрылысының ерекшелігі өте маңызды. Сонымен, қарым-қатынас – негізгі психологиялық категориялардың бірі. Адам басқа адамдармен қарым-қатынас және өзара әрекеттесу нәтижесінде тұлға болып қалыптасады.
Қарым-қатынас – бірлескен іс-әрекетте қалыптасатын негізі құрылым, сонымен қатар мәдениет сапасын анықтайтын қоғамдық тарихи дамудың жемісі. Ал қарым-қатынас процесінде адамның ұжымдағы әрекет бірлігі қамтамасыз етіледі, мінез-құлықтың қалыптасуы және тұрақталуы, тұлғалардың өзара бірін-бірі қабылдауы, еңбек пен таным субъектісі іс-әрекетінде сенім тудыратындықтан, адамның қасиеттері қалыптасады, эмоциялық күйлерін реттеу қамтамасыз етіледі. Сондықтан, тұлғаның қалыптасуы қарым-қатынас пен іс-әрекет процесінде жүреді [4]. Бірлескен іс-әрекеттегі тұлға қарым-қатынастарының маңызды фактілерімен қатар, олардың арасындағы байланысты жақсартуға және сақтауға оның түрлері мен құралдары көмек береді. Қарым-қатынас қиындықтары дегеніміз – жеке тұлға және оның қарым-қатынасқа қанағаттанбауынан қарым-қатынас мотивтері мен мақсаттарын жүйелі түрде жүзеге асырмаған жағдайдағы түрлі ауытқушылықтар болады.
Сонымен тұлғаның психологиялық қалыптасуы мен дамуында қарым-қатынас маңызды мәнге ие. Тұлғаның қарым-қатынастағы бірлескен іс-әрекеті өзінің мінез-құлқын тұлғалық өлшемдермен келісімді түрде құру шеберлігі, кәсіби мамандануына талаптануы арқылы басқаларды қабылдауы және түсінуі мүмкіндігін анықтайды.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Бодалев А.А. Формирование понятия о другом человеке как личности. – Ленинград: Изд-во Ленинградского университета, 1970
2. Жақыпов С.М. Оқыту процесіндегі танымдық іс — әрекет психологиясы. – Алматы: «Алла прима» ЖШС, 2008.
3. Выготский Л.С. Психология развития человека. – М.: Смысл; Эксмо, 2003.
4. Тоқсанбаева Н.Қ. Педагогикалық ұжымдағы қарым-қатынастың психологиялық ерекшеліктері // Әл-Фараби атындағы ҚҰУ хабаршысы, Социология және психология сериясы. №1 (14). – Алматы, 2005.