
«Қамбар батыр» жыры – қазақ еліне ерте кездің өзінде-ақ тараған жыр. Кейіпкерлері — Қамбар батыр, Назым, Алшыораз, Әзімбай, Қараман, Келмембет т.б. «Қамбар батыр» жырының басты идеясы халыққа қызмет еткен батырды, оның ерлік істерін ардақтаудан туған. Егер басқа жырларда батыр образы көбінесе бірден оның күреске, аттанысқа қатысуын суреттеу арқылы жасалса, олардан Қамбар образының елеулі бір айырмашылығы бар. Халық жыры оны еңбекші халыққа қызмет еткен еңбек ері деп көрсетеді. Бұдан халықтың ел қорғаған батырды ғана емес, еңбек адамдарын да ардақтайтындығы байқалады. Екіншіден, халық неше түрлі жыртқыш аңдарды, соның ішінде жолбарысты жеңуін Қамбардың күшті батырлығы деп бейнелейді. Жырда Қамбар образы жау адамдарының іс-әрекеті, сөзі арқылы да толықтырылып отырады. Қараман мен Келмембеттің Қамбардан сескенуі, қорқуы, одан қауіптенуі батыр образын ұлғайта түскен. Халық бейбітшілік кезінде де, басқыншы жау шабуылдаған кезде де жұрт үшін аянбай күресетін ер-азаматы Қамбардай болуын арман еткендігін білдіреді.
«Қамбар батыр жырының ерекшелігі – оқиғаны әр түрлі шегініс жасау арқылы жырлауында. Жырдың тілі көркем. Аз сөзбен көп мағына беріліп отырады. Мысалы, Қамбардың аң аулауға шыққаны была суреттеледі:
Күмістен тағып қарғысын,
Соңына ертіп тазысын,
Ау қылып Қамбар шығады.
Қасындағы құмайы
Таңынан тартып талайын
Тау текені жығады.
Таңы арылып жыртылып,
Киік пен жатқан құланы,
Ат бетіне қаратпай,
Ақбөкендей жосытып,
Айқайын салып қуады.
Бұл суреттен қазақ халқының ерте кездегі тұрмыс-тіршілігі, күн-көрісі бір көзі аңшылық болғандығы байқалады.
Қандай шығарма болса да, оның негізгі мақсаты – тәрбие. Ауыз әдебиеті – халықтың ой-санасы мен мінез-құлқын қалыптастыратын тарихи мектебі. Батырлық жырлар – сол мектептің маңызды құралы.[..] Қаршадайынан халықтың ауыз әдебиетін сүйе тыңдап өскен әрбір қоғам мүшесі еліне пайда тигізетін ер болуды армандады.
Жеке адамдардың жетесіне жеткен қара бастың қамын ойлайтын психологияға эпостық жырлардағы халықтық ойлар қарсы қойылып отырды. Халық ер мен езді, ақылды мен ақымақты, еңбекшіл мен тірліксізді айқын бағалап, ұрпақтарына жақсыны үйретті, жаманнан жирентті. Тәрбие мүддесіне сай, халық эпостық шығармаларға сюжеттер ендірді, мінездеу мен кульминация неғұрлым әсерлі болуын қарастырды, жеке образдар көркем де шебер жасалынып, есте мәңгі қалатындай әсерлі болды, ой түйіндері өнегелі өрнекпен құрылды. Бағдарлай зерттеп байқасақ, эпостық шығармаларда тәрбиенің алуан түрі бар. Дене шынықтыру тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, адамгершілік тәрбиесі, эстетикалық тәрбие, отансүйгіштік тәрбие, еңбексүйгіштік тәрбие, еңбек тәрбиесі,батырлық жырлардың табиғатындағы мақсатты мұрат – міне осылар.
Эпостық шығармалардың негізгі оқиғалар арқаулары да – осы тәрбиелік мақсаттар. 1. Дене шынықтыру тәрбиесі эпостық шығармаларда бірінші кезекке қойылады. Эпостық шығармаларда атқа шабу, мергеншілік, найзагершілік, қылыш шабу шеберлігі дәріптеліп жырланады. Халықтық шығармаларда бұл өнерлер оңайлықпен келмейтіндігі суреттелінеді. Батыр мерген болу үшін әуелі мергеншілікке үйреніп, мергеншілік мектебінен өтеді де үлкен айқаста сынаққа түседі. 2.Халық Отан қорғау адамгершіліктің асқар шыңы деп тұжырымдайды. Ел үшін ерлік жасаудан артық адамгершілік болмасқа керек. Сондықтан халықтың арман-мүддесін айқындайтын батырлардың ауыздан-ауызға мәңгі жатталған бейнелері өздерінің үлгі-өнегелік құнын еш уақытта бәсеңдетпейді. Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар бейнелері қазіргі жастарға да үлгі. 3.Батырлық жырларда халықты қорғаушы ерлер мен азаттық үшін күресуші ғашықтардың ерліктерімен қатар, сол халық үшін жан аямай еңбек еткен еңбексүйгіш, кішіпейілді, саналы жандар да тәрбиелік үлгі ретінде баяндалады. Мысалы, Қамбар батыр ең әуелі аң аулап, “алпыс үйлі арғын мен тоқсан үйлі тобырды” асыраған; Қобыланды батыр мал бағып, аң аулаған; Құртқа Тайбурылды алты жыл күні-түні бағып-баптаған.