Ұждан – совесть
Ш.Құдайбердіұлы
Адам ынсап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда мұсылманша ұждан, орысша совесть бар. Бұл не? Бұны істеп тұрған кім? Бұған жауап берушілер “адамшылдық ары соны ұнатады” дейді. Менше, бұл жауап сол ұжданың солай қалғанда ұнайды деген болып шығады. Мен ұждан, совесть қайдан шығып тұр десем оған жауап жоқ сияқты. Меніңше совесть – жанның тілегі. Неге десеңіз, жан жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе. Сондықтан тезірек жоғарылауға себеп керек қылады. Мәселен, таза дене, таза толық мінез, ой, істер керек қылады. Соның қатты бір керегі совесть – ұждан…
…жан жоқ деушілер жан миға біткен бір сипат, онан бөлінетін бір нәрсе емес дейді. Бұл сөз жанды таба алмай орнын сипалаған сияқты. Себебі ми, жұлын, электрия қуаттарын жинайтын бөтелкесі, батерея сауаттары сияқты жанның тұрағы, ол бұзылса электрия кеткен сияқты жан да кетеді. Жан адам өлген соң бір хайуанға кіріп, ол өлсе тағы бір хайуанға кіріп жүреді деген сөздің дәлелі не екен?
Олай болғанда шыққан жан тағы бір денеге кіре ме? Жансыз денеге кіре ме? Егер жанды денеге кіреді десе, өлген адамның жаны тіпті жоғалмай әр түрлі хайуан болып құбылып жүрген жоқпа? Қандай хайуанға жан болса да, ол жан өзін-өзі мен деп біліп жүрмей ме? Аяғында жан әр түрге түсіп дүние тіршілігіндегі ісіне қарай не рахат, не бейнетте болады деген брахман дінінің сөзі болған жоқ па?…
Ең түпкі жаратушы туралы болмаса, барша өсіп-өнгендерді түрлентіп шығарып жатқан жаралыс жолы екендігіне еш сау ақыл таласпайды.
…жылқы мен есектен қашыр туса да, екі жылқыдан қашыр тумайды. Бұл сөзімнің қорытындысы тәмам барлықтың ата-анасы бір екені рас. Сонан туып өзгеріп жатқаныда рас. Бірақ ұқсасы, бәрі бірінен-бірі туып өзгергені жоқ. Жаралған себептерінің ыңғайына қарай біріне – бірі ұқсас, не ұқсаңқырап, не тіпті ұқсамай жаралып жатыр. Бұл сөзді маймылдан туғанға арланып айтып отырғаным жоқ, қайта жаманнан жақсы туғанға қуанатын орным бар. Бұл кезде бүкіл Еуропа мойындап отырған сияқты Дарвин сөзіне қарсы дау-дамай айтып отырғаныма орысша ғылым оқыған жастар тексермей, үстірт қарап, мені сөгуі мүмкін…
Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таң қаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен? Осы кезде жанның барлығына, өлген соңда жоғалмайтындығына күндей жарық дәлелдер табылып тұрса да, нанып қалған әдет алған шатақ діннен шыға алмаған молдаларша қатып алу – ақыл ісі ме? Бір адам жанының өлген соң жоғалмай, мұнан таза, жоғары болатынын ақылымен қабылдап нанса, және бір адам жан өлген соң біратола жоғалады деп таныса осы екеуі өлерде есі дұрыс болып, өлерін біліп өлсе, екеуі не жанынан өледі? Әрине жаның өлген соң тазарып, жоғарылайтынына нанған кісі қуанышта болып, жоғалуына кісі өкініште болып, біржола жоғалмады-ау деп өлсе керек. Және ұждан, совесть жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кеіп, жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Олай нанбай, бай ұждан, совесть құры ғана көрініс үшін адамдыққа лайық деген кісіге жақсылық қиянаттың көп айырмасы жоқ болса керек.
Ізін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне нана алмай ұждан,совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар. Жанның екі өмірде де азығы – ұждан, совесть деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл бұл жоғарылаудың ең зор жәрдемі үш анық дегенім осы.