
Үш анық
Ш.Құдайбердіұлы
Жан, рух
…Дененің арасы сезімнің орта тұрағы, центрі мида, ол тоқтаса, бәріде тоқтайды. Сол мидағы орта тұрақпен мұқым денелер арасындағы сезетін, қимылдататын тамыр-сіңірлерге тұтастыратын бір жалғастық (проволкі) бар. Сондықтан жан деген бөлек нәрсе жоқ. Егер жан деген бар болса, ми жан болар еді. Оның жан емес екендігін көріп біліп тұрамыз.
Дене әрқашан өзгеріп тұратын болғандықтан,жылдар, өту себепті, бір жола өзге дене болып ауысады. Адамның әр түрлі сезімі, істі істеу сол мидыңөзіне ғана біткен сезу, ескерулер. Ол денеше әрқашан өзгеріп тұрмайды. Адам өлген соң, дененің қураулары шашылып, бытырап басқада өсімдік хайуандарға кіріп, араласады. Сөйтіп әркім өзіне арнаулы жаны болмай, біреуден біреуге көшіп жүретін болған соң, не дене, не жан қайта тірілуі жоқ. Адам сезімім, өмірім деп жүргені сол миға біткен сезу, әсерлендірудің жаңаруы, әрбір жаңаны сезуі ғана. Өзге бөлек ешнәрсе емес. Ол өзгеріп тұрған дене бұрынғы дененің өзі емес, құры ұқсағаны болады. Сондықтан, адам оны өзім деп біледі дейді…
Жан жаралысынан денеден шыққан соң, денедегісінен қуатты болып, тіпті, жоғалмайтындығы білінеді. Шын анықтап қарағанда, жан дене сияқты емес. Дене өледі, өзгереді. Жан олай емес, екеуі бірігіп тұрған кезде бір-біріне қатты әсер береді. Ашу, жек көру,сүю сияқтыларда әсері бетке шығады. Жан қатты әсерленсе, денені қиыншылыққа түсіреді. Кейде қапиядағы қатты қуаныш, қорқыныш, қайғы адамды өлтіріп те жібереді. Жан мен дене бір-біріне жат, бөлек жаралған болса да, бірігіп тұрғанда біріне-бірі әсер береді…
Жан менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бір жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса бір түрге түсіп, барлықтың ішінде бар болып жүреді. Мен бұл араға шейін жанның бірінен-бірі артылатын қасиеттерін бөліп анықтап айтпай, бәрінен де жан деп келдім. Жан әр түрге түседі. Мәселен инстинкті – сезімді жан, сознание – аңғарлық жан, мысль – ойлайтын жан, ум – ақылды жан дегендей әр түрлі қасиеттері болады. Бұлай әр түрлі болуы, менің ойымша, дене бітіміне, себептеріне қарай болады. Дене әр түрге түскен сияқты жан да өсіп, өніп жоғарылайды…
Жан туралы тағы бір ой бар. Ол су суға, топырақ топыраққа қосылып кеткендей жан-жануарларға қосылып, араласып әбден былжыр сияқтанған соң ол жан өзге жандардан қайтып айырылып шыға алады, дегенмен мұны саяз ойлағандық деймін. Себебі жанның бар екендігіне жаннан шыққан ерік, талап, ой, мақсат, сезім, білім арқылы көзіміз жетсе де, оның денелерге қосылып кетуіне ешбір дәлелім жоқ. Ол денеше қосылмас керек. Және қосылады десекте бөлінуі оңай. Мәселен, жаратушысы соқыр сезімсіз табиғат болсын, мейлі біліп жаратушы тәңірі болсын, қайсысы жаратса да жаралыс жолында денелерді бір-біріне қосып, неше түрге түсіріп, ол құрауларды қайты шешіп, негіздерді бөліп, онан неше түрлі қасиеттерді шығарып отырған жоқ па?
Шақпақ темір мен шақпақ тастан шыққан оттан бастап, электрия, радио құралына шейін ойлаңыз? Және су әншейін қарағанда бір – ақ нәрсе. Оның қаншасы кислород екенін біліп, соны айырып алып керегіне жаратып, керек болса қайта қосып су қылып отырған кім? Соқыр табиғат жаратқан адам. Басында газ қылып, онан соң сұйық, онан соң қатты дене қылып, ол денеден өлшеу сипаттауға келмейтін нәрселер, қасиеттер шығарып отырған соқыр, саңырау табиғат не біліп жаратушы тәңірі болса, ол мынаны былай қылмайды деп қандай ақыл айта алады? Менің ойымша, жанның жоғарыда айтылған қасиеттерінің бірде-бірі дене істеріне, дене қасиеттеріне тіпті ұқсамайтынына қарағанда, денеше бір бұзылып, бір түзелмей, бірте-бірте жоғарылауына қарағана келесі айналыста мұнан да жоғарылап, зор қасиетке ие болуы байқалады.