Адамның бақытқа кенелуі
Әл Фараби
Егер адамның өмір сүруінің мақсаты бақытка − ең жоғарғы кәмелетке жету болса, (82-бет) онда адамның осы бақытқа жетуін көрсету үшін оны меңгеруге қабілетті нәрселердің бәрін алу керек. Бұл әрекетшіл ақыл-парасат алғашқы білім болып табылатын алғашқы ақылмен пайымдалатын мәндерді білген кезде мүмкін болады. Ақылмен алғашқы пайымдалатын мәндерді білуге кез келген адам жаратылысынан қабілетті бола бермейді. Адам индивидтерінде түрліше күштер мен түрліше қабілеттер жаратылысынан берілген. Бұлардың ішінде алғашқы негіздерден жаратылысынан түк алмайтындар бар, ал енді біреулері оны бұрмаланған күйде алады. Бұлар − есі ауысқандар. Ал оларды бұрмаланбаған күйде алатындар бар. Бұлар табиғаты дұрыс қабілетке ие адамдар.Бақытқа жетуге тек осылар ғана қабілетті.
Туасы дұрыс қабілеттері бар адамдардың бәрінде ортақ қасиет болады, сол қасиеттің арқасында бұлар ақылмен пайымдалатын, олардың бәріне ортақ мәндерді білуге қабілетті және бұлар осының жәрдемімен бәріне ортақ күйлерге және әрекеттерге талпынады. Осыдан соң барып олар жіктеліп, бірінен бірінің айырмашылығын біледі. Сөйтіп, бұлардың әрқайсысы және әрбір топ өздеріне ғана тән қасиеттерге ие болады. Бұлардың қайсыбіреулері ақыл мен пайымдалатын басқа бір ерекше сипатты мәндерді қабылдауға бейім болады. Осының нәтижесінде бұлар қайсыбір текке талпынады. Басқа біреулер ақылмен пайымдалатын басқа бір мәндерді қабылдауға, басқаға тән қасиет бірдей тән болмайтын қайсыбір басқа текке пайдалануға жарайтын мәндерді қабылдауға бейім тұрады. Қайсыбіреулері белгілі бір текте соның біреуіне ғана тән ақылмен пайымдалатын көптеген мәндерді қабылдауға әзір болады. Нақ осы сияқты адамдар зерттеу жолымен пайымдалатын жағдайларды анықтауға қабілеттілігі жағынан әр қилы болып кездеседі. Екі адамның екеуіне де ақылмен пайымдалатын қайсыбір текке тән мәндердің тек біреуі ғана берілген болуы әбден ықтимал. Бірақ осы екеуінің бірі ақылмен пайымдалатын сол тектегі мәндер арқылы өзінің жаратылысы бойынша азын-аулақ нәрселерді ғана анықтауға қабілетті. Ал басқа біреуі сол текке жататындардың бәрін анықтауға жаратылысынан қабілетті.
Нақ осы сияқты, бір затты анықтау жағынан екі адам тең қабілетті болуы мүмкін, бірақ соның біреуі осыны тез арада жасап тастайды, ал екінші бірі баяу жасайды. Сондай-ақ, осы адамдардың бірі сол тектегінің ең көркемін тез анықтаса, екінші біреуі сол тектегінің ең пәсін тез анықтайды. Олар сондай-ақ, бір нәрселерді анықтауда күші мен тездігі жағынан тең түсуі мүмкін, бірақ бұлардың бірі өзінің сол анықтаған нәрсесін басқа адамға түсіндіріп, оны соған оқытуға қабілетті болады да, екіншісінде болса мұндай қабілет болмайды. Дәл сол сияқты, қара жұмысты атқаруға қабілеттілігі жағынан адамдарда айырмашылықтар болуы мүмкін. Бұл табиғи қасиеттер ешбіреуге күштеп танылмайды және бұл әрекеттерді орындауға ешбіреуді зорламайды, керісінше, осы әрекетті орындауды жеңілдететін табиғи қасиеттер болады. Алайда, егер біреу өз қалауы жөнінде ерікті болып ешбір нәрсе сырттан оны итермелемесе, онда, ол соған күні бұрын қарама-қарсылыққа қарай табиғи түрде бейімделіп, өзіміз айтқан мақсатқа ұмтылады. Ал егер сыртқы қозғаушы оны соның өзінің қарама-қарсылығына қарай итермелейтін болса, онда ол өз тарапынан осы қарама-қарсылыкка қарай талпынады, бірақ оның талпынуы қинаумен, күштеумен және қиындықпен болады. Алайда, мұның өзі ол үшін әрекеттенудің арқасында жеңілдейді. Жаратылысы бойынша өзіне бір мінез берілген адамдар да болады, (84-бет) бірақ бұлар қатты қиналған кезде табиғи құлқынан бас тартады. Алайда, бұл қасиет көп адамдарға тән болмауы да әбден ықтимал. Адамның жаратылысынан дімкәс болуының нәтижесі оны ақыл-естің арылмайтын кеселіне ұшыратуы да мүмкін.
Осы табиғи қасиеттердің бәрі ерік күшіне негізделген тәрбиені [нәрселер] арқылы тәрбиелеуді қажет етеді; ол нәрселер жоғарғы кәмелетке немесе соған жақын дәрежеге жеткізуге арналған болуы тиіс. Қайсыбір тұрғыдан алғанда, аса тамаша және өте-мөте абзал қасиеттер болуы мүмкін, бірақ оларды елеусіз қалдырып, арнаулы амалдармен ол қасиетті дамытпаса, тиісті нәрселермен баулымаса, осының нәтижесінде уақытын өткізіп алса, онда ол қасиетті жойып алуға болады. Осылардың ішінде сондай бір қасиеттер болуы мүмкін. Егер оларды ең пәс амалдармен тәрбиелейтін болса, онда өте абзал әрекеттер құрып кетіп, пәс, пасық әрекеттер пайда болуы мүмкін /31/.