Көкіректік пен тәкаппарлық

Көкіректік пен тәкаппарлық

Ф.Гүлен

Көкіректік пен тәкаппарлықтың қаншалықты кесапат екендігі жайлы аят пен хадистердің көптеген жерлерінде айтылып кеткен.
Мысалы, бір хадисте Пайғамбарымыз: «Жүрегінде зәредей тәкаппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді», – деп ескертеді.
Өйткені жүрегінде зәредей көкіректік пен тәкаппарлық бар жанға Аллаһ тура жолға басар есіктердің бәрін жауып тастайды. Аллаһ Құранда былай дейді.
«Жер жүзінде орынсыз көкірек қаққандарды аяттарымнан алыстатамын. (Оларды түсінбейді). Тіпті, барлық мұғжизаларды көрсе де, сенбейді. Сондай-ақ, олар тура жолды көрсе де, оны жол етіп алмайды. Ал егер қисық жол көрсе, соны жол етіп алады. Бұл аяттарымызды – теріске шығарып, одан мақрұм қалғандықтарынан болған нәрсе» (Ағраф, 7/146).
Өркөкіректік – адамның көкірек көзін көр етіп түсірілген перде. Көкіректіктің тас қамалында қалып қойған ар-ождан еш уақытта да ғаламда жазылған сансыз мұғжизаларды көре алмайды, терең біліп, ұғына да алмайды. Өйткені, көкірек көзі тұмшаланып, саңылауына сәуле түспеген соң, көз де ешбір кәдеге жарамайды ғой.
Тәкаппарлық Аллаһқа ғана жарасқан. Күніне бес рет мұнаралардан әлемге атын ұлықтаған осы бір ақиқатты басқа біреудің иемденіп, өзіне икемдегеніне Аллаһ қалай ғана кеңпейілділікпен қарай алсын?
Бір қасиетті хадисте Аллаһ:
– «Кибрия (Тәкаппарлық) менің ридам (шапаным), Азамат (Ұлылық) болса, изарым (киімім). Кім менімен бұл жайында тартысқысы келсе, Мен оны жәһәннамға лақтырамын», – дейді.
Тәкаппарлық (Кибрия) – Аллаһтың бір сипаты. Бізге қандай екені беймәлім Аллаһтың да кибрия мен азаматы сол іспетті. Осы екі сипатты өзімен бөлісуге тырысқанды Аллаһ жәһәннамға лақтырады.
Өркөкірек жүрекке иман тұрмайды. Басқаша айтсақ, егер бір жүрекке Аллаһтан өзге нәрселер өз патшалықтарын құрып алса, ондай жүректен иман орын ала алмайды. Жүріс-тұрысында өркөкіректігін көрсеткен адамның жағдайы да дәл осындай. Хадисте мұндай адам «етектерін жерге жайып жүруші» деп, бейнеленген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *