
Панчатантра немесе Бес бәйіт
(авторы белгісіз үнді шығармасы)
Елде патшаның, уәзірдің және саудагердің ұлдарын әкелері еркелігін, өз еңбектерімен келмеген байлыққа негізделген сауық-сайранын көбейтіп бара жатқаны үшін үйлерінен қуып жіберіпті. Олар күтпеген жерден бастарына түскен тауқыметтен жағдайлары күрт төмендеп, ашығып, тарыға бастағанда саудагердің ұлының есінде әкесі тауда гауһар тастың кені бар екені айтқаны түсіп, соны іздеп көрелік, бағымыз ашылып, жолымыз болар, күн көруді ойлайық деп, қалған екеуі ол ұсынысты мақұл көріп тауға барыпты. Үшеуі үш асыл тас тауып алып кері қайтыпты. Жолда гауһар тастар ұры-қарының қолына түсіп қалуы мүмкін деп, олар тастарды бір-бірден жұтып алыпты.
Олардың бұл ісін жақын жердегі бір ұры көріп тұр екен, соңдарына түсіп, «орайы келгенде өлтіріп, тастарын алармын» деп ойлап, жандарына жақындап: «Мына қалың орманнан жалғыз өтуге жүрексініп тұрғаным, сіздермен бірге жүрсем бола ма?» деп келісімдерін алып, үшеудің тобына қосылыпты.
Жолда бір тайпаның қасынан өте бергенде тайпа көсемінің тотықұсы бар екен, сол: «мыналардың ішінде гауһар бар», деп сайрап қоя беріпті. Тотықұсына әбден сенетін көсем оларды тұтқындап, гауһар тастарды беріңдер деп қинапты. Болмаған соң, таңертеңге дейін өз еріктеріңмен бермесеңдер әрқайсыңның іштеріңді жарып аламын деп қамап тастапты.
Түнде жолдан қосылған ұры: «Әншейін бір тас үшін үш адамның жанын аламын деп келе жатып өзімнің жаным алынатын болды, бұл да Құдайдың құдіретімен болған тағдыр ісі шығар. Неде болса, ертең пышаққа бірінші түсейін, менен гауһар таппаған соң, мына үшеуін босатып қоя берер. Ал, олар менен бұрын пышаққа түссе, мені де тексеремін деп бәрібір өлтіреді. Ақыры бір өлім болған соң, тым болмаса мен қиянат жасамақ болған мына үшеуі тірі қалсын» деген тұжырымға келіпті.
Сонымен, таңертең ұры бірінші болып пышаққа түсіпті. Одан гауһар шықпаған соң тайпа көсемі «бейбақтың қанын босқа төктім-ау» деп қатты өкініп, тотықұсты өлтіріп, қалған үшеуін босатып жіберіпті.
Үш жігітке бұл оқиға қатты әсер етіпті. Достар енді адал кәсіппен ант байласыпты. Ұзамай істері оңға басып, ата-аналарының мақтанышына айналыпты. Бірақ, баяғы ұрының бұлар үшін өз өмірін құрбан еткенін олар естерінен шығармапты. Адал ақшаларына оның құрметіне мінәжатхана ашып, алдына ескерткіш орнатып, ескерткішке мына сөздерді ойып жаздыртыпты: «Жалғанда жаман адам болмайды, жаман әдеттер ғана болады. Осы әдеттерден арылған қаны бұзық қылмыскердің өзі қайырлы іс үшін жанын құрбан етуге барады».
***
Егер патша қиянат пен қатыгездікке бейім болса, оны сарайдағылар жақсылыққа, әділдікке бағыттауға тырысуы керек. Төңірегі оның мінезіне мән бермесе, онда патшалыққа зиян келеді, бұл жағдайда патшаның өзімшілдігі мен менмендігі арта бермек, ол өзін халқынан үстем санай бастайды. Өз отанын сүйетін, оны тастап ешқайда кеткісі келмейтін зиялылардың халыққа озбырлық жасап, зорлық-зомбылыққа бейім тұратын патшасын бетімен қоя беруге ақылы мен ұжданы рұқсат етпеуі тиіс. Патшаның теріс әрекетімен күресерлік тілден мықты қару жоқ.
***
Зиянды нәрседен қашу адам түгілі жабайы аңдарға да тән қасиет. Хайуандардың да ақылдысы қауіпті суатқа өз үйірін айдап апармайды, ол алдымен оны сақтықпен кешіп байқайды, қауіпті болса жуымайды.
***
Саналы басшы бір істі қолға аларда өзінен дәрежесі жоғары кісімен де, төмен кісімен де кеңескені абзал. Бір кісінің ақылы жеке мәселені шешуге де жеткіліксіз, ендеше жалпыға ортақ мәселені шешуге келгенде ол тіпті де аздық етеді.
***
Даналардың ақылы патшаларға бұйыра бермейді, олар білімі мен ақылының арқасында патшаның билігіне мұқтаж емес, оларды патша баса-көктей алмайды. Ақыл мен ұяттың біреуі жоғалса, екіншісі де табылмайды. Бұлар қиыспас екі дос тәрізді: бір-бірінен ажырай қалса, өмір бойы сағынысумен өтеді. Кімде-кім ғалымдар мен даналарды қадірлемесе, оларды мойындап құрметтемесе, ондай жандарды ақылсыздар қатарына қосыңыз.
***
Дүниедегі барша тіршілік иелерінен адамды айырып тұратын төрт-ақ қасиет бар: соның бірі – білімділік, екіншісі – ұстамдылық, үшіншісі – ақыл, төртіншісі – әділдік. Ғалымдық, оқымыстылық, ойлап сөйлеушілік – бұлар білімділік. Зерделілік, төзімділік, әдептілік және ізеттілік – ақылдылықтың белгісі. Ұяттылық, ізгі ниеттілік, өзін-өзі тежей білу және өз басын қадір тұту – бұлар ұстамдылыққа жатады. Шыншылдық, міндетін орындай білу және мейірімділік – әділдіктің белгісі. Осы қасиеттер түгел бір адамның басында болса, ол адам бұл дүниеде қиындыққа ұшырамайды, жоқтық көрмейді. Бұл қасиеттер оны рақатқа жеткізбеген сәтте де, ол уайымдамайды, кейде зиян келсе де күйінбейді. Осы төртеуін даналық десе болады, ол таусылмас қазына, қанша жұмсасаң да ортаймайды, жоқшылыққа ұрындырмас қор да сол. Даналық өмір бойы тозбайтын сапалық киім, ұзақ өмірде ләззаты сарқылмайтын рақат.
***
Бір патша өзіне ұдайы кеңес беретін төрт данасын шақырып: «Әркім бір-бірден нақыл айтсын, олар өнегелі тәрбиенің негізі болсын» депті. Сонда біріншісі: «Тіршілікте ең лайықты қылық – үндемеу» депті. Екіншісі: «Ең пайдалы іс – өз ақылыңның шама-шарқын аңғармай тұрып, сөзге кіріспеу» дегенді айтыпты. Үшіншісі: «Адам үшін ең пайдалы іс – алды-артын ойламай сөйлемеу» депті. Төртіншісі: «Адамға ең жайлы нәрсе – тағдырдың дегеніне көну» деген екен.
***
Қытай, Үнді, Парсы және Үрім елдерінің патшалары бас қосыпты да, әрқайсымыз мәңгі сақталуға лайық бір-бір ауыз сөз айталық десіпті.
Қытай патшасы: «Мен айтқанымнан гөрі айтпағанымды кері қайтарып алуға ерікті екенімді білемін» депті.
Үнді патшасы: «Біреу өзі туралы бір сөз айтса, ол сөзінің пайдасы өзіне тимейді, ал сөзі біреуге қарсы айтылса, өзіне зияны тиюі мүмкін» депті.
Парсы патшасы: «Сөз айтсам, ол мені билейді, айтпасам, сөзіме өзім қожамын» депті.
Рум патшасы: «Мен еш уақытта айтпағаныма қынжылған емеспін, бірақ көбінесе айтқаныма өкіндім» депті.
Мағынасыз, бос сөз айтқаннан үндемеген артық.
***
Түрлі замандарда, өзіне ескерткіш болар талай істер атқарып, қалалар салып, елді аузына қаратқан, патшалық құрып, қызықты дәурен сүрген, мәртебелі ата-бабаларының орнын басып, салтанатты сарайлар салдырған, қалың әскермен жорыққа шыққан, таусылмас қор жинаған патшалар болды. Барлық салтанатты, мінетін аттары мен сауық-саймандары да өз заманының алды еді, олардың билігі ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, ғасырлар бойы бақытты әрі қуанышты өмір сүрді. Олардың даңқына билігі мен байлығы сеп болды, мейірбандығы көпшіліктің алғысына ие етті, мемлекетінің алдында сертті міндеттерін орындауға ешбір кедергі болған жоқ. Салтанатты өмір сүрді, құдіретті ісіне елігіп адаспады. Олардың жері де, салдырған қалалары да кейінгіге мұра болып қалды. Тәңірінің бұйрығымен патшалық басқаларға өтті, бірақ кей патша дәстүрді патшаларға жүктелетін борышты ақтамады. Шектен асты, халқына зәбір көрсетіп дандайсыды, елден өзін жоғары санады, тәртіпсіздік пен қиянатқа жол берді. Өзінен бұрынғылардың жақсы үлгілеріне еру әміршіге лайық іс екенін түсінбеді, бұрынғы өткен патшалардың қалдырған өнегелі ісіне еліктемеді, өзін әшкерелейтін, артына салмақ боларлық қылықтардан тыйылмады. Қол астындағы жұртқа көзінің қырын салып, олар үшін мейірімді, әділ заң шығарса, оның даңқы өршір еді.
Патша әрі ақылды, әрі мейірімді болса, өз орнына лайық патша сол.
***
Патшаға шындықты айтуға әркімнің батылы бара бермейді, ол тек санаулыларға ғана бұйырады. Шындықты айта алғандар үшін патшада ашу болмауы тиіс, өйткені ең басты дұшпан – ашу. Ашуланшақ адам ұрыншақ келеді, қателікке көп ұшырайды.
***
Тәңірінің адамға берген сыйының ішіндегі ең құндысы – ақыл, өмірдегі барлық нәрсеге қол жеткізетін күш осы, ол болмаса ешкімде күнделікті өмірді тәртіппен игере алмайды. Ақыл бар игіліктің негізі, әрбір талаптың кілті. Ол тәжірибе мен білім арқылы келеді, тастың бойындағы от тәрізді, ол – адамның жасырын табиғаты. Егер тас соғылмаса, оның оты жасырулы жата береді, ал соғылған сәтте тұтанып, жалын шашады. Сол секілді, ақыл да адамның бойында байқаусыз жатады, көрінбейді, бетін ашпайды. Парасатты ақыл мен оқымыстылықтан артық еш нәрсе жоқ. Кімге Тәңірі ақыл беріп, оны білімге ынталандырса, өзі талаптанып соларда жетілдіруге тырысса, табыс кілті сонда.
***
Адамның ақылы сегіз түрлі қасиетімен әйгіленеді. Біріншісі – биязы, әрі әдепті болу. Екіншісі – өз жүрегін жете танып, оның бағасын білу. Үшіншісі – патшаға бағына тұрып, оны керек жерінде ақылына мойынсұндыру. Төртіншісі – сырға беріктік. Бесіншісі – әрі әдепті, әрі байыпты, сыпайы болу. Алтыншысы – өз сырын да, өзгенің сырын да сақтай білу. Жетіншісі – ауызға ие болу, ой тезінен өткізбей сөйлемеу. Сегізіншісі – топтың алдында өзінен арнап сұрағанда ғана жауап беру, өзінің анық білетін заты жөнінде ғана сөйлеу, арты өкінішке апарар әңгімеден аулақ болу. Осы қасиеттердің бәрі бір адамның басында болса, тілеген игілігіне жетеді, жаны рақатта болады, бәле-жала одан аулақ қонады.
***
Дүниеде жүректе жиналатын жан жылуы мол, төңірегіне шуақ шашқан махабаттан артық ешнәрсе жоқ. Кімнің жүрегі махаббатқа толы болса, басқа мінезіне үңілмей-ақ жақын жүруге лайық жан сол деп біліңіз.
Ізгі мінездің шырқау шыңы – өзінің сырына берік болу. Егер құпия сыр сенімді, ұстамды бір ғана кісінің қолына түссе, ол ешкімге паш етпей таза сақтайды, ал егер ол екі ауызға жетсе, онда оның үшінші ауызға ауызға оңай, олай болды дегенше бүкіл жұртқа жайылады. Сыр иесі сырын сақтауға мұршасы келмей қалады.
***
Адам өмір қағидаларына қайшы келмейтін және өз ұжданы дұрыс деп тапқан іске ғана кіріскені жөн. Біреуді ұрып-соғудан, өлтіруден, ашу-ызадан, ұрлықтан, қиянат істеуден ең әуелі қолын тыйсын, күнәлі істен тәнін сақтасын, өтірік айтудан, бөгде біреуге кесірі тиетін қаңқу сөзден тілін аулақ ұстасын. Жалған сөзден, қулық-сұмдықтан, балағаттаудан, жала жабудан, өсек айтудан, біреуді келемеждеуден шет жүрсін. Ешкімге жамандық ойламауды ереже тұтсын. Күпірлік жасаудан тайынбайтын адамдардан мейлінше қашық жүрсін, ниеті таза, адал адамдармен жақындассын. Ата мен анадан, бірге туған бауырдан артық жанашыр әрі мейірімді ешкім болмас, сосын шын досың ғана келелі кеңес беріп, игілікке баулиды; ақылды қанша жұмсап қажетіңе жаратсаң да сарқылмайды. Өмірдің болмашы ләззатына беріліп, адал пиғылдан теріс айналған адам, күшін босқа жұмсап, зиян шегеді.
***
Бұл дүниенің ләззатына, жан дүниені қоздыратын құмарына үңілген сайын кісінің одан көңілі қайтады. Ата-ананың өз баласын тәрбиелегені тәрізді, тақуалық та адамды келесі дүниеге даярлайды. Мәңгі арылмас зұлымдықтан қорғайтын темір сауыт та сол. Тақуалық – рақаттың бесігі, жаннаттың есігі.
Алайда дүние қызығынан баз кешкен тақуа тіршіліктің кері әсері де бар: ол адамның іспен айналысуына кесірін тигізеді, тұрмыс-тіршілікте пайдалы әрекетін, үйренген тәжірибесін ұмыттырады.
***
Аузына сүйек тістеп, өзеннен өтіп бара жатқан ит судың ішінен өз көлеңкесін көріпті де, бөтен ит пе деп, оның сүйегін тартып алмақ болып «арп» етіп үріп жіберіпті, сөйтіп өзінің аузындағы сүйегі де суға батып кетіпті.
Осы өмірдің ләззаты мен рахатының азаппен ауысып кезектеспейтіні жоқ, олар үнемі уайыммен бітеді. Бұл дүние – ащы су тәрізді: оны ішкен адам тек аңқасы кеуіп шөлдей береді. Ол иттің көзіне түскен баяғыда қурап қалған қу сүйек тәрізді, иісін сезеді де, еті бар ма деп кеміреді, бірақ іздеген еңбегі еш болады, түк нәтиже шықпайды, қатып қалған сүйекке жырғызып құр босқа аузын қанға бояйды. Ол бір жапырақ ет тістеген құс тәрізді, аузындағы етін көріп оны басқа құстар талайды, өз басын қорғау үшін ол етін тастап қашып құтылуға мәжбүр. Ол түбінде уы бар бал құйған құмыра тәрізді. Жеген адам алғашында рақатқа батады да, ал түбіне жетпек болғандар у жалап, ажалға килігеді. Ол ұйқыда жатқан кісінің түсінде көрген қуанышы тәрізді, ояна кетсе түк те жоқ. Ол жарқ ете түсіп заматта сөнген найзағай тәрізді, лезде жоқ болады да, оның жарығын бір сәт көргендер қайтадан қараңғылықта қалады. Ол жібек құрты тәрізді: оранған сайын жібек қорғаны қалыңдап, өз орауынан өзі шыға алмайды.
***
Адам өз өміріндегі өзгерістерді анасының құрсағына біткеннен бастап, соңғы күндеріне дейін басынан өткізеді. Нәресте шырылдап жерге түскенде, денесіне ауа тиеді, оны қолмен ұстайды, бұлар оның терісін сыдырғандай сезіндіреді. Бірте-бірте ол ашықса жеуге, шөлдесе ішуге ынтығады, көмек тілейді. Қолға көтеру, төсекке жатқызу, жаялыққа орау, маймен сылау секілді керекті істердің өзі ол үшін азап секілді болады. Оны шалқасынан салып бесікке таңады, қимылдауға мұршасын келтірмейді. Онан соң тәрбиелеу азабына душар болады, бұл кезде де түрлі қиындықтар тап келеді. Ауру-сырқау, тағы басқа неше алуан күйзелістер тағы бар, оларға байланысты ащы, кермек дәрі-дәрмек қолданылады, түрлі тыйым салынады. Есейе бастағанда оқу-білімге үйретеді, оның да мойын жар бере бермейтін қиындығы болатын. Жасы толып ержеткен соң үй болу, мал-мүлік жинау, бала асырау міндеттері келеді. Жаратылысымен бірге келген дүниеқорлығы, ашқарақтығы артады, қауіпті іске бой ұрып, ізденуге кіріседі, олардың да өзінше әлегі жетерлік; ыстыққа күйіп, суыққа тоңады; ажалдың уынан, жыртқыш аңнан және адамнан қорқу пайда болады. Егер өмірі ұзақ болса, онда кәріліктің түрлі азабы тағы келеді. Осылардың бәрінен де қаймықпаса, зияны тиер деп ойламаса онда ажалға қарсы барады, бұл дүниемен қоштасуға мәжбүр болады, бала-шағасынан, жақындарынан, сүйген адамынан, тағы басқа ардақтыларынан ажырайды.
Сайып келгенде, адам қаншама асыл-әзіз дегенімізбен, тағдырға бас июге мәжбүр, кейде соны мойындағысы келмей алас ұрады. Адам ақылға қаншалықты бой ұрғанымен осыларды ұғынады, сонда да кей адам саналы іске беттемейді, өзін жаманшылықтан қорғау үшін әрекеттенбейді. Аңғарып қарағанда, адамды игі іске жібермей отырған зат тәтті иіс пен ауызды тұшытатын дәмділік және сипалап сезіну екен, осыларға жетем деп ентелей ұмтылу, аз да болса өмірден өз үлесін қарпып қалу ғана екен.
***
Білімділік адамың мінезі мен ісінен көрінеді. «Білім – ағаш, іс – жеміс» деген сөз бар. Білім иесі оны пайдалану үшін іске жұмсайды, ал егер білгенін іске асыра алмаса, онда білімді адам болып саналмайды. Егер біреу жолдың қауіпті екенін біле тұра, сол жолмен жүрсе, онда білімділіктен аулақ болғаны. Кімде-кім өзінің құштарлығының еркіне бағынса, өз бетімен немесе біреудің ықпалына еріп, керекті істі істемесе, онда ол пайдалы ас пен зиянды астың арасын ажырата алмай, тағамның жеңілі мен ауырын жақсы біле тұра сақтанбай, ашкөздікке салынып, ауру тапқан адамға ұқсайды.
Екі адам келе жатса, біреуінің көзі сау, екіншісінің көзі соқыр болса, бұлар тағдырдың ісімен апанға құлап кетсе, сонда өлім қаупі екеуіне бірдей төнеді. Бірақ көзі бардың соқырға қарағанда жұрт алдында өз кінәсін жуып-шаярлық дәлелі аз, өйткені жүрген жолын аңғаратын оның екі көзі бар, ал анау болса, қайда бара жатқанын сезбейтін соқыр ғой.
Білімді адам алдымен білімін өз пайдасына жұмсасын. Білім тапқандағы оның мақсаты басқаға көмектесу үшін ғана емес қой. Олай етсе өзі бір бұлақ секілді болар еді, өйткені оның суын ел ішеді де, өзіне одан тиер пайда жоқ. Білімді іздеген кісі өз басының қамын да ұмытпауға тиісті, одан кейін ғана білімін басқаларға үйретуге болады.
Кімде-кім бір нәрсеге талаптанса, оның іздеген нысанасы болсын, соған жетуге талаптансын, жеткеннен кейін қанағат тұтып, әрі аспай тоқтай білсін. Бұрынғылар айтқан екен: «Мақсатсыз ілгері аттаған тез шаршайды, өйткені мақсатсыз құлшыныс болмайды. Өзінен бұрын ешкім жетпегенді іздеймін деп өзін-өзі қажыта бермесін. Ол туралы уайым жеудің де, бұл дүниені ол дүниеден артық санаудың да керегі жоқ. Екі жақсы қылық бар, олардың бірі – тақуалық, екіншісі – байлық; оған қоса еш кешірілмейтін, зиян әкелетін екі жаман нәрсені де ұмытпау керек, оның бірі – патшаның бөтен кісіні өз әкімшілігіне ортақтастыруы, ал екіншісі – ерінің өз әйелін басқа біреумен бөліске салудан тайынбауы».
***
Ойлы жан орынсыз нәрсеге сеніп малданбасын. Біреуді Құдай қолдап, өзі түк істемесе де ісі оңынан келіп жатса, ол бұған алданбасын. Мұндай жағдай өмірде аз, адамдардың көпшілігі өзінің жағдайын жақсартуға тырысады, мұратына жету үшін қиналып еңбектенеді.
***
Жаратушы өзі жаратқан қай нәрсесі болсын оған лайықтап, өзі жетіп жығылатын белгілі бір шек қойыпты деседі. Егер біреу-міреу осы шектен асып кетпек болса, оны «жазмыштан озмыш жоқ» деген ереже күтеді. Кімде-кім о дүниенің де, осы дүниенің де қамын қатар ойлаймын десе, онда бұл адамның өмірі екі ұшты болады, бірде өзін жақтаса, ал екіншіде оған қарсы шығады. Бұл дүниеде адам үш нәрсенің қамын жеп, соған бар ниетімен тырысуы керек екен, солардың бірі – күнкөріс жағдайы, екіншісі – өзінің адамдармен қарым-қатынасын дұрыс құра білу, үшіншісі – өзі туралы кейінгі ұрпаққа жақсы үлгі қалдыру деседі. Қашанда қадірсіз қасиеттер бар, солардың бірі – орынсыз тоғышарлық, екіншісі – білімсіздік, үшіншісі – естігеннің бәріне бірдей сене берушілік екен.
***
Ақылды адам өзінің құштарлығына күмәнмен қарасын, әркімнің сөзін қабылдай бермесін, шешілуі қиын жағдайға кезіккенде ақиқат айқындалып, шындық ашылғанша мүлт кетпесін, қателессе, онысын қорғап қасарысып қалмасын.
Ақылды адамның әрекеті саналы болсын, өзі нені қаласа, басқаларға да соны тілесін, өз басының пайдасы үшін біреуге зиян шектірмесін.
***
Әр адам үш нәрсеге ынтық болады, ал оған жету үшін ол тағы да төрт шартты орындауы тиіс. Сол үш нәрсенің бірі – емін-еркін өмір сүру; екіншісі – жұрттың құрметіне бөлену; үшіншісі – келешекке пайдасы тиетін игі еңбекке үлес қосу. Осы үш нәрсеге жету жолында орындалуы керек төрт шарт бар, біреуі – дүние-мүлікті адалдан жинау; екіншісі – қолда бар дәулетті ұқыптап ұстап, жақсы күту; үшіншісі – жиған-тергенді күнделікті керекке, үй ішінің, туған-туысқанның қажетіне жарату; төртіншісі – қолдан келгенше пәле-жаладан сақ болу. Кімде-кім осы төрт шартты толық орындамаса, мақсатына жете алмайды. Дүние жинап, оған ие бола алмаған адамның өзі де өмірдің рахатын сезінбейді, өзгеге де себі тимейді. Байлыққа ие болған адам оны ұқыптап ұстамаса, дәулеті жылдам сарқылады. Егер байлықты молайтуға әрекет етпей, аз-аздан жұмсай берсе, оның жұмсалуы әп-сәтте. Егер адам байыған сайын сараң бола бастаса, дәулетін өз игілігіне жаратудан қимаса, оны кедейдің кедейі деу керек, ондай адамның жиған дәулеті қатаймайды, түрлі себептермен азая береді, ауып кетеді. Ол қашыртқысы жоқ су бөгетті бұзады, іркілген су арнасына сыймай толғанда осал жерінен саңылау табады. Сонда барлық су босқа ағып кетеді, пайдасы ешкімге тимейді.
***
Патшаға жақындасқанның бәрі бірдей қарнын тойдыру үшін ғана жүрген жоқ, қарынды басқа жерден де тойдыруға болады. Шындығында олар досы сүйініп, дұшпаны күйінетін мәртебеге жетіп бедел тапқысы келеді. Төмен адам аузына тістеген қу сүйекке алданған ит тәрізді, болмашыға мәз болады. Бір жапырақ нан тастағанша, ит құйрығын бұлғаңдатады, ал пілді сылап-сипап еркелетпесе, қаншама ашығып тұрса да алдына қойған жемді жемейді. Өзіне де, өзгеге де пайдасы мол тиетін кісі ұзақ дәурен сүрмек, ал жоқтықтың тақсіретін тартып, өзін керексіз сезінетін адамның көңілі құлазуда болады, оның өмірі ұзақ болса да көретін қызығы келте болады. Жоқшылықты көп көрген адам бақытсыз. Бірақ, қарнын тойдырып, құлқынының қамын ойлаудан басқа ойы жоқ адам да төрт аяқты малмен тең.
***
Адам түрлі-түрлі жағдайда бола береді, қажыр-қайраты мол адам талпынып төменнен жоғарыға ұмтылады, сол таудай талабы арқылы үлкен дәрежеге жетеді, ал қайратсыз кісі жоғарыдан төменге құлдилай береді. Ең төменгі лауазымнан құрметті биік сатыға көтерілу қиын, ал құрметтен жұрдай болып, төмендеп кету өте оңай. Мәселен, ауыр тасты жерден көтеріп иыққа қою қиын, ал оны иығыңнан жерге тастап жіберу оңай болғаны секілді. Өзінің әліне сай дәрежені іздеген адам, бар қажыр-қайратын жұмсап, ұмтылып байқаса, төменгі сатыда қалып қоймайды, өйткені үлкейіп өсуге әркімнің де мүмкіншілігі бар.
***
Ақылды құл өз қожасының сырын кейде айтпай таниды, оның кескініне, түріне қарай сырын ұғынады.
***
Күші мол, қайратты адамды ауыр жүк қайыстыра алмайды, ал оған кездескен әлсіз жан қиналады.
***
Ақылдыны жалғыздық азаптамайды, ақ пейілді ізгі адамнан ешкім де сырт айналмайды.
***
Мынадай үш нәрсеге тек ақылсыздар ғана ұрынады, соның бірі – патшамен достасу, екіншісі – дәмін байқау үшін у ішу, үшіншісі – әйелге сырын айту екен. Даналар патшамен болған достықты асу бермес асқар таумен салыстырады, оның ұшар басында жемістер де көп болады, сонымен қатар онда жем іздеген жыртқыш аңдар толып жүреді. Демек, тау басына шығу қызығушылықты қанағаттандырғанымен аса қауіпті.
***
Қауіпке қарсы тұра білмейтін адамның көздеген мұратына жетуі қиын. Қорқақтық істеп, үнемі қауіптене берсе, өзінің қабілеті жетерлік істен бас тартатын болса, ол ұлы жеңістерге ие бола алмайды. Үш нәрсені орындап шығу үшін терең ой мен зор тәуекел керек екен, солардың бірі – патшаға қызмет ету, екіншісі – теңізде сауда жүргізу, үшіншісі – жаумен ұрыс. Даналар айтқан екен: «Ізгі кісіге екі-ақ жерде болу орынды: не патшаның мейір-шапағатына қарық болу, немесе тақуалыққа салыну, басқа мекен оған лайық емес».
***
Егілген бидайдың немесе арпаның дәнін топырақтың арасында жатқанда ешкім көрмейді, тек өсіп-өніп шыққанда ғана белгілі болады. Әрбір кісінің адал ниетіне, ақыл-парасатына, пайдалылығына, өнегелі ісіне қарай мансабын жоғарылатқан жөн. Оң қолы мен сол қолын ажырата алмаған адаммен достаспа деседі. Жұрттың ішінен ең пайдалысын іріктеп ала білу әкімдерге қажет, қолбасшы әскерін сұрыптасын. Көмекшінің көп болуынан іске зиян келетін кез де болады. Істің жемісті болуы көмекшінің көптігіне емес, білігіне, мінезіне, біліміне байланысты. Мысалы, жақұт тағынған адам, оны ұнатып, мойнына таққан соң оның салмағын ауырламайды. Тыныш қана орындалатын іске ерекше ұмтылыс таныту қажетсіз. Мансабы төмен болса да, талабы таудай адамды елемеу орынсыз, өйткені бұрын төмен дәрежеде болған адам, кейде үлкен мәртебеге жетіп, қадірі артуы мүмкін.
***
Ұлық болған кісі өзінің істеген қателіктерін жөндей жүргені жөн. Егер біреу жаратылысында тік мінезді болса, жолында жатқан жыланның құйрығын басып өткен жүргіншіге ұқсайды, оның есі болса жылан оны шақпаса да өлтіру үшін кері бұрылмайды, өзіне өшіктірмейді, бөгелмей ілгері тарта береді. Жаратылысы жұмсақ адам мұздай темірге ұқсайды – ысқылаған сайын қызып, қолыңды күйдіреді.
***
Нашар бөгетті су бұзар, ақыл түбіне менмендік жетер, қаңқу өсектен батыр да зиян шегер, жүрексіздің зәресін дауыс-ақ ұшырар.
***
Бал арасы құмыраның мойнына жұққан балдың хош иісті дәмін сезіп, ләззатына құмартып, дәмін татып көріп, оған місе тұтпай, құмыраның ішіне түсіп, мол балды татпақ болыпты. Одан қалай шығарын ойламапты, құмыраның ішіне түскен ол балды бойына малып, ісініпті де, құмыраның аузына сыймай қысылып өліпті. Кімде-кім бұл дүниедегі еншісіне тиген несібесін місе тұтпай, есепсіз молшылыққа, ен байлыққа ұмтылса, төніп тұрған қауіпті елемесе, осы араның кейпін киеді.
***
Ақылды адамның қасиеті керекті затын ұғына біліп, соны орындауға ұмтылу, пайдалы, зиянды істерді ой талқысынан өткізу, залал келтірген істен тәжірибе алып, оны алдағы кезде болдырмау, зиянды нәрседен қорғану, барлығын ұдайы ой елегінен өткізіп отыру.
***
Билікті бүлдіретін алты нәрсе бар: соның бірі – бектерін тең ұстамау, екіншісі – сөзге еру, үшіншісі – құмарлық, төртіншісі – өрескелдік, бесіншісі – тағдыр, алтыншысы – қызбалық. Бектерді тең ұстамау дегені: патша қажырлы, ақылды және сенімді көмекшілерін, бектерін қызметтен кетіруі, ол орынды болса жақсы, орынсыз болса дұшпаны көбейеді. Сөзге еру – дау-шарға, ұрыс-керіске жұртты бейімдеу; құмарлық дегеніміз – әйелді аңсау, әңгімешілдік, маскүнемдік тағы осы сияқтылар. Өрескелдік – орынсыз күйіп-пісу, балағаттауға асығу, керексіз жерде күш жұмсау. Тағдыр – адамның басына түсетін ауыртпалық – су тасқыны, жаппай қырғын әкелер кесел түрлері, бедеулік, тағы басқа сол сияқтылар. Қызбалық – мейірімділіктің орнына қаталдық жасау немесе қатал болудың орнына момындық таныту.
***
Егер патша біреудің тектілігі, ақылы, байлығы, айласы өзіне парапар екенін сезсе, онда әлгі адамды орнынан тайдырады, олай істемесе, тағына зауал туады.
***
Арсыздар өзі жетер биігінің шамасы дәрежесіне көтерілгенге дейін ғана тілеулестік білдіреді, пайдалы бола қалады. Дәрежесі мен шамасы қанша жоғарыласа да тояттамайтын, жеткен биігінен жоғары мәртебеге көтерілгісі келеді де тұратындар болады. Патшаға қызмет істеп жүріп тек күні үшін я қорыққанынан ғана сүйіспеншілік танытатындар, патшаның керегі болмаған жағдайда, одан қорықпайтын күнге жетсе, онда қайтадан қалпына тартып келетіндер көп.
***
Кімде-кім досының берген кеңесіне құлақ аспаса, онда ол дәрігердің кеңесін қабылдамай, өзінің ұнатқанын істеген ауруға ұқсайды. Уәзірдің міндеті патшаның беделін, салтанатын арттыратын істі қолдап отыру, патшаны зиянды, айып іске барудан сақтандыру. Бауырдан да, көмекшілерден де жүйелі кеңес беруші адам артық, ал істің ең игісі ақыры қайырлы болуында. Мақтаудың ең асылы ардақты жанның аузынан шыққаны. Достың жақсысы егеспейді, байдың жақсысы дүниеқоңыз болмайды. Өзіне қастандық істемек болған достың ертелі-кеш тісін қайрағанын сезгеннен гөрі доссыз жүрген адамның ұйқысы тәттірек. Патшалардың ең нашары, істі бастарда жай қимылдайды, сезімталдығы төмен болады, мәселеге баса көңіл бөлмейді, істі атқаруда кездескен жағдайға жөнді мән бермейді.
***
Егер үйіңе танымайтын қонақ келсе, оның мінезін білмесең, өзіңді қауіптің ішіндемін де, уайымсыздық пен бейғамдық пәлеге душар етуі мүмкін.
***
Парасатты патшалар айыбын әйгілемей, жазасын жарияламайды, айыбына қарай – жазасы, құпия іске – жасырын жаза, әйгілі іске – ашық жаза. Егер патша біреуді дәлелсіз, күмәнмен ғана жазаласа, не зәбір көрсетсе, онда ол өзін жазалайды.
***
Биік дәрежеге жетіп, оған дандайсып мастанбаған бар ма? Құмарлықтың соңына еріп, оның азабын тартпаған бар ма? Біреуге жарамсақтанып, намысы тапталмаған бар ма? Жаман адаммен дос болып, арын сақтап қалған бар ма? Патшамен дос болғандардың жала жабылмай, өсек ермей кеткені бар ма? Айырылғанда тебірене білмейтін, қасында жүргенде көрсететін опасы аз патша, бір еркекті аттандырып, екіншісін қарсы алып отыруға арланбайтын жезөкше әйел тәрізді емес пе?!
***
Ақыл айтқанда жанашыр адамнан, ауруды емдеу жөнінде дәрігерден, күдікті мәселелер жөнінде заң мамандарынан жеңілдік дәмету жанға жайлылық әкелмейді, қайта қиындыққа ұшыратады. Теңіздің тұңғиық тереңіне бойлаған жан қатерге кезігеді, ал билікшінің досы бұдан да қауіпті жағдайда болады, өйткені билікшіге қаншалық әділдік, сүйіспеншілік, адал ниет көрсеткенмен, түбі бір сүрінуі мүмкін.
***
Кейде әдемі ағаштың бүлінуіне өзінің жемісі себеп болады. Өйткені қалың жемісті ауырлап бұтақтары иіледі, жемісін алам деп жұлмалап, сындырады. Тауыстың құлпырған көркі, салтанатты сәні құйрығында, бірақ, пәлеге де сол душар етеді. Мысалы ол тез жоғары ұшып, аңдыған жауынан құтылайын десе, әлгі құйрығы ауырлық етеді. Кейде жарамды аттың қасиеті өзінің түбіне жетеді: оны мініске көп пайдаланады, күшін кемітеді. Зиялы адам өзінің жақсылық қасиеттерінен жапа шегеді, іші тар пенделер оны көре алмайды. Жақсы адамдардан жамандар анағұрлым көп, олар зиялылар жөнінде жабыла өсек таратып, ақыры көзін құртып тындырады. Ал кейде бұл тағдыр қусынған сұмды ақылынан ажыратып, әлсізді саналы етеді, күштінің бетін бөгеп, ынжыққа қайрат береді. Жарлыны байытып, байды кедей етеді.
***
Игілікті іспен ұштаспаса, сөзбен жоспарлағаннан жақсылық келе салмайды. Тәжірибесіз ілімнен, сараң байдан, опасыз достан, жалған тақуадан, шын пейілмен берілмеген садақадан, денсаулығы, тыныштығы мен қуанышы жоқ өмірден де жақсылық жоқ.
***
Оқымыстылық ақылды адамның мастануын азайтады да, ақылсыздың мастануын арттыра түседі. Ақылды адам қол жеткізген мансаптың да, құрметтің де зияны жоқ. Қаншалық қатты жел тұрғанымен тауға әсері тимейді ғой, ал аз ғана жел тұрса теңселіп кететін селеу тәрізді, ақылсыз болмашы дәрежеге дандайсып сала береді. Ұлықтың өзі мейірімді болғанымен, уәзірлері қолайсыз келсе, ұлықтың мейірімінен жұртқа тиер пайда аз болмақ.
***
Патшалардың көркі мен сәні олардың қайырымдылығында. Опасыздық арқылы жақындасу, екіжүзділікпен табысқа жету, әйел махаббатын өршіту үшін қаталдықты қолдану, өзіне зиян істеу арқылы пайда табуға ұмтылу, даналыққа және жетілуге еңбектенбей жетуге тырысу – ақымақтық.
***
Түзелмейтінді түзетем деп әуреленбе, насихаттауға тұрмайтынды насихаттама.
***
Теңіз суы өзеннің теңізге құйған жерінде ғана тұщы болады. Араға әзәзіл кірмесе, достық берік болмақ. Туыстар арасындағы бауырмалдық та араға сөз кірмесе бұзылмайды, екіжүзділер жылан тәрізді келеді, сөздің әсері де жылан уының әсеріндей. Бұрынғылар: ақылды мен ақпейіл жанның соңына ер, мінезі жаман болса да ажырама, оның жаман қылығынан сақтан да ақылын пайдалан, тіпті ақылы жөндем болмаса да ақ пейілмен достығыңды үзбе, оның ақ пейілін пайдаланып, өз ақылыңды жетілдір, шамаң келгенше ақылсыздан бойыңды аулақ сал деген екен.
***
Опасызға көрсеткен құрмет, жаманға еткен жақсылық, санасызға берген тәрбие, сенімсізге айтқан сыр, осының бәрі босқа кеткен пайдасыз еңбек. Жемісі ащы ағашқа бал жақсаң да, май жақсаң да жемісі ащы күйінде қалмақ. Жақсы адаммен дос болсаң, жақсылыққа кезігесің, ал жаманмен достасу пәлеге ұшыратпақ. Бұл жағдай жел тәрізді – сасық заттың үстінен өткен жел сасық иісті таратып мүңкітеді, хош иістің үстінен өткен жел, оны өзімен бірге таратады. Ақылы кем адамдар даналарды ақымақ санайды, арамзалар мейірбан жанды даттайды, пиғылы қисықтар өзгенің пиғылының түзулігін сезбейді.
***
Ауруына шипа болсын деп адам өзін күштеп ащы дәріні ішеді. Патша кейде бір қызметкерін жақсы көріп, жақын тұтады, кейде одан сескеніп, сақтық істеп, орнынан алып, өзінен аулақтатады. Саусағын жылан шаққан адамның у барлық денесіне жайылмау үшін саусағын шауып тастайтыны болады.
***
Құпия сырды ашпа, тапсырылған аманатты мұқият сақтай біл. Бірақ, әр істің орны, мәні бар. Егер жасыру орынды болса, солай ет, кейде жасырудың өзі залал болып шығатын кезі бар. Жария ететін нәрсені айтпай қалу мен жарияламайтын нәрсені жариялаудың екеуі де зиянды.
***
Патшаларға жақын жүретіндердің арасында мансапқа таласу, қызмет дәрежелерін қызғанып күндеу, көре алмаушылық көп болады, әсіресе араларындағы ең ақылдысын, адал ниеттісін күндейді.
***
Асты құныға жесе ауруы асқынатынан біле тұра елең қылмайтын адам өзінің құмарлығының құлы болғаны.
***
Кімнің сол көзі қысықтау келіп, жыпылықтап тұратын болса, мұрны оң жағына қарай қисайыңқырап тұрса, қастары бірінен-бірі қашық жатса, өне бойы жерге сүзе қарап жүретін болса, бұл адам опасыз, ауыр қылмыс жасауға, озбырлыққа бейім келеді.
***
Бар әлемге жарық берген күн мен ай да өз мезгілі жеткенде тұтылады. Түпсіз тереңде жатқан балықтар да қармаққа ілінеді, аспан аясында ұшып жұрген құстар да кей кезде жерге қонуға лажсыз мәжбүр болады. Міне, осының бәрі жазмыштың тегеурінді күші.
***
Суды қайнату үшін от жағады, отты сөндіру үшін су құяды.
***
Даналар ізгілік жолын іздейді. Жақсылардың арасындағы сүйіспеншілік жылдам басталады, жай суыйды. Бұлардың достығы алтын құмыраға ұқсайды, қанша ескірсе, сонша бағалы. Жаман адамдардың сүйіспеншілігі жайымен басталады да, жылдам суыйды, олардың достығы құмнан жасалған құмыраға ұқсайды, тиіп кетсе сынады. Өзі ізгі адам асыл адамды бір көргенде-ақ танып, жанаса жүреді, ал арамза адам қорықпаса немесе бір пайдасы тиер деп есеп жасамаса, ешкіммен жақындаспайды.
***
Адамдар өзара достасқанда екі нәрсені дәнекер етеді, бірі жүрегіндегісін ұсынады, ал екіншісі қолындағысының барын ортаға салады. Жүрегіндегісін ұсынатындар – адал достар, ал қолындағысын беретіндер біріне-бірі есепті жәрдем беріп, пайда көздеушілер, олар бір-бірінен олжа ғана күтеді.
***
Туыс та, ағайын да, дос та, жолдас та қолда байлық барда көп болады. Ақшасы жоқ жанның мақсатына жетуі қиын, өйткені кедейлік кедергі болады. Жұрт көзінде ақшасы жоқ жанның ақылы да жоқ. Кедейліктің шеңгеліне түскен адамнан ең әуелі туыстары теріс айналады, жақындары жек көріп, одан қашатын болады. Ал кей кезде өз басының және үй-ішінің мұқтаж-мүддесін орындау үшін шара іздейді, қылмысқа ұрынудан да тайынбайды, арынан ажырайды, қор болады, сөйте-сөйте ол екі дүниеден бірдей қол үзеді де мүлде құриды. Бақытсыздықтың бір тетігі кедейлікте, кедейді жұрттың жек көретін себебі – пайдасыздығында. Кедейлік ақыл мен әділеттен де айырады. Кедейлік өтірік-өсектің, қаңқу сөздің ұясы, адамның ар-ұяттан ажырар жері. Ұяттан айрылғаннан қызық қашады, ол үнемі қиындыққа тап болады, ал қиындыққа ұшыраған адам жәбірленеді, жәбірленген кісі қайғыға кездеседі, ой-санасы топасталады, ұмытшақ болады, оның барлық сөзі өзіне қарсы бола береді. Адам кедейленген кезде, оған бұрын сеніп жүрген адамдар сенбейді, күдіктене қарайды, бұрын жақсы дегендер енді оның ісін үнемі жамандыққа жориды. Қылмыс істелсе, осыдан көреді, барша жанның көздейтін қарақшысы осы кедейлік. Жоқшылық кедейді қайыр сұратуға да, ұрлыққа да, зорлыққа да мәжбүрлейді. Сонда да, өтірік сөйлеуден үнсіз қалу артық, зорлықтан алдау артық, арам жолмен байлыққа иеленіп, рақатқа батудан, жоқшылық пен кедейлік артық.
***
Адамның басына біткен байлықтың зоры – қайырымдылық, махаббаттың жоғары сатысы – сенім, даналықтың билігі – келешекте болатын іс пен болмайтынды айыра білу, сөйтіп ізгілік пен сабыр көрсетіп қол жетпейтін нәрсеге ұмтылу.
***
Әдемі сөзден ештеңе өнбейді, жетістік – әрекетте. Мысалы ауру адам емделудің жолын білсе, бірақ емделмесе, ауру өздігінен жеңілдеуі қиын ғой, сонда оның емдеу жолын білгенінен не пайда? Қабырғаңмен кеңесіп, ұйғарған ойыңды ісіңмен көрсет. Малым аз деп қайғырма, пейіліңді кең ұста, ақ пейілдің аты арып, тоны тозбайды, оны жұрт малсыз да сыйлайды. Байлығы мол болса да, адамгершілігі жоқты халық қадірлемейді, мысалы алтынмен аптап, күміспен күптеп, мойнына жалтырақ қарғы, аяғына алтын білезік тақсаң да итті ит деп таниды. Жат жерде жүрмін деп қайғырма, жақсыда жаттық жоқ. Өз елінде де, жат елде жүрсе де адамға ақылы жолдас. Ақша да, басқа байлық та қолдың кіріндей, келеріндей баяу келіп, кетерінде жылдам жоқ болады, ол аспанға лақтырылған доп сияқты, жерге тез құлайды. Бұлттың көлеңкесінде, жалған доста, айлакер әйелде, өтірік мақтауда, мол байлықта баян жоқ. Ақылды жан байлығына сүйінбейді, тапшылық көрсе күйінбейді. Бар байлық – ақыл мен ізгі еңбекте. Адал кісінің істеген ісі, артына қалдырған өрнек-үлгісі жоғалмайды, істемеген қылығы үшін оны ешкім жауапқа тарта алмайды. Болашақ өмірге бейғам қарамаған дұрыс, ақырет үшін игі істер істей беру керек. Ажал аңдаусызда аяқ астынан тап болады, оның келер мерзімін ешбір жан білмейді.
***
Адамның ағайын-туысы, адал достары үйінен арылмаса, үнемі бірге болып бірін-бірі қуантса, туыс-достың мұң-мұқтажын орындауда оның өзі де көсемдік танытса, қуаныш пен бақыт осы адамға қонып, өмірі мағынаға толы болмақ, бақ осы адамның төңірегіне қонбақ. Ізгі жан сүрініп кетіп, орға құласа, оған ізгі адам ғана қол ұшын береді. Қаншама жақсылық жасаса да жақсы адам оны міндет етпейді, басы бәйгеге тігіліп, неше алуан қауіп-қатерге кездескенде бір кезде жасаған жақсылығы алдынан шығады, ол тек жалғанды ақыретке айырбастайды, азды беріп, көпті алады. Ел тағдыры шешілетін кезеңдерде халық озық зиялыларды паналайды.
***
Адам бір сүрінсе, дағдыланады да, теп-тегіс жерде де сүрінуге бейім тұрады.
***
Қу дүние мехнат тарту үшін жаралған! Өмір озады, ол үнемі өзгеріп, жаңғырып тұрады, онда тұрақты, тиянақты ешнәрсе жоқ.
***
Құпия сыры бар адамның сырын қауіптенбей сеніп айтатын кеңесшісі болу керек, дұрыс билік жасауда да соның жәрдемі тимек. Отқа май құйса маздап жанады ғой, сондай-ақ кеңес алушының ой-санасы озық болса да, оған кеңес берушінің ақыл-ойы қосылғанда күшейіп, толыса түседі. Қарашасы ханына өз пікірінің дұрыстығын дәлелдегенде оны бағалай білу қажет. Қожасы қателессе, оның қатесін әдеппен ептеп қана сүйкеп айтқан жөн.
***
Сырдың неше түрі болады, солардың бірін екі-ақ адам біледі, екіншісі – біраз адамға айтылады, ал үшіншісін көп кісі тыңдайды. Сақталуы тиіс сырға тек төрт құлақ, екі тілден өзгесі артық.
***
Ақиқатты жақтаған жан мақсатына адал жолмен жетеді. Бұл жалғанда адамдарға артына қалдырған ізгі істерінен басқа ақша да, дос та опа бермейді. Ақылды адам өзінде аса қажет затты, немесе пайдалы болып қайта оралатын нәрсені ғана ұстауға тырысқаны жөн, осыдан өзгенің бәрін де жақсы көрмейді. Ол үшін ақша мен топырақтың құны бірдей.
***
Балтамен кескен ағаш қайта өседі, түзеліп кетеді, семсер кескен ет пен сүйектің жарасы жазылады, бітіп кетеді, ал тілдің жарасы – дауасыз дерт, мәңгі жазылмайды. Денеге кірген оқты суырып алуға болады. Сөз де сол оқша шаншылады, бірақ ол жүрекке қадалатындықтан, суырғанмен алынбайды. Әрбір жалын атар нәрсенің қайтарғышы бар, мысалы отты су сөндіреді, удың уытын дәрі қайтарады, махаббаттың дауасы – табысу, қайғыны басатын сабыр. Ал өшпенділіктің жалыны өмірі сөнбейді. Ақылды адам әділдігіне, сөзінің растығына қанша сенсе де, ол өзінің ақылына, күш-қуатына сеніп, кек тудыратын, өшпенділікке ұшырататын жағдайға бармайды, өйткені удың бетін қайыратын дәрісі бола тұрып, соған сеніп есті жан уды ішпейді емес пе? Адамгершілік те ізгі ниетті жандардың ғана еншісіне тиеді. Ізгі адамның сипап айтқан сөздері аса маңызды көрінбесе де, түпкі мағынасы іс барысында көрінеді, істің нәтижесі аяғында білінеді, керексіз сөз қанша шешендікпен айтылса да, жұртты бір рет зерттеп, ойы-қырын сараламаса, ондай жанның кемшілігі сезілмей қалмайды.
***
Адам ойға алған ісін жүзеге асыру қолынан келе тұрып, соны орындауға батылы бармаса, екінші рет ондай жағдайға кезікпейді. Кімде-кім бір істің мезгілін күтіп жүріп, уақыты келгенде өз ойын орындай алмаса – оның жұмысы сәтсіздікке ұшырайды, өзі өкінішке ұрынады, ондай сәт енді қайтып келмейді.
***
Менмен бектің елді әділ билеуі кемде-кем, әйелқұмардың әшкере болмайтыны аз, тамақты мөлшерінен асыра жеп ауырмай қалатын кісі сирек, лайықсыз уәзірлердің тілін алса, патша пәлеге ұшырайды. Тәкәппар адам зиялылыққа жетпейді, алдамшыда сенімді дос болмайды, тәрбиесіз адам бекзат бола алмайды, сараңда мейірім жоқ.
***
Жауды жылдам жеңу үшін, асығыс тәуекелден гөрі, есепсіз әрекет жақсы. Лаулаған от қанша ыстық болса да, өсіп тұрған ағашқа тигенде жердің бетінде тұрған жағын ғана өртке орайды, ал су қанша жұмсақ болса да, жеті қат жердің астындағы тамырды кеулейді. Елемеуге болмайтын төрт нәрсе бар: біреуі – от, екіншісі – ауру, үшіншісі – жау, төртіншісі – борыш. Екі адам бақытқа бірдей ұмтылғанымен, оған қай ерлігі асқаны бұрын жетеді. Ал екеуінің ерлігі бірдей болса, онда ақылдысы ие болады, егер екеуінің ерлігі де, ақылы да тең түссе, онда сенімді көмекшілері көптің жолы болады. Озық ойлы, саналы адамдармен кеңесе білетін бек, басталар істің алғашқы кезеңінде біреулерден өзінің көздеген мақсатына теріс келерлік ұнамсыз қылық көрсе де, сөз естісе де елемеуі керек, өйткені оның бәрі өз пайдасына шешіледі, ақыры қайырлы болады. Ал істің байыбына көз жібермей, құмарлыққа берілген адамның кеңесі алғашқы кезде рақатқа бөлеп, жұбатса да, соңы сәтсіз аяқталады. Мінездің ұшқалақтығын жеңе білген адамның жаны жай таба жүреді, ауыр жүктен босаса адамның арқасы тыныстайды.
***
Патшаға адал қызмет еткісі келетін кісі өте әдепті, әрі майда сөйлейді, сөйте тұрып ол патшасына турасын айтады, кейде басқалардың кемшілігін көрсеткендей болып тұспалдай сөйлеу арқылы патшаның кемшілігін түйрейді. Мәселен былай деуі мүмкін: «Өз істеріне патша салақ болмауы керек, өйткені қиын жұмысты тек көп қана атқарып шыға алады, көпті бір орталықтан басқару үшін ақыл мен айла теңдей керек, уақыттан да ұтылмаған мақұл, себебі мезгілі өтіп кетсе қайтып ол іс оңға баспайды. Билікте күш бар, ол көңілі түскенді жарылқай да алады, бірақ оған жеткен кісі сақтай білсін. Дегенмен, қызғалдақтың гүлінен пайда болған көлеңкедей, билік те баянсыз, ол ақылдының ақылсызбен достығы секілді айнымалы. Билікшінің қайырсыздығы күндестікке ұқсайды, ал пайдасы түсіңде көрген дүние-мүлік тәрізді, оянғанда түсің орындалмайды».
***
Ақылдылар іске шебер, сөзге сараң болады. Ол бір іске бел байламай тұрып, оның болашағын шолады. Сүрініп кетіп жерге жығылып түскен адам таянып қайта тұрады ғой, сондай-ақ ол өз істеген қатесін бар жігерін жұмсап, өзі түзеуге тырысады.
***
Патшаға мемлекетін нығайтып, жерін сақтау мен қол астындағы еліне беделін арттыруға ақыл мен сабыр керек. Ақылдасатын саналы серігі жоқ билікшінің қаншалықты қаймықпайтын ержүрек болса да, ісі оңалмайды, кішкене қиындықтың өзі оған алынбайтын асу болып көрінеді, серіктерінің біліксіздігінен, өзінің істі ыждаһатпен біліп алмауынан барып, оның әлсіздігі білінеді. Кейде мұндай адамға тағдырдың себі тиеді, дұрыс бағытқа түседі, ісі оңғарылып жолы болады.
***
Күнәлі мен күнәсізді ақылды адам ғана ажыратады, ол келешек өмірді де біледі, сондықтан ол даңғыл жолмен тура тарта береді.
Дүниеде екі адам қайғыруы тиіс, біреуі – күнә жасаудан қайтпайтын адам, екіншісі – ешкімге ешқашан жақсылық ойламайтын адам. Қуаныш пен рақаттың өмірі шолақ, ал істеген қылығы үшін жазаға ұшырағанда, оның өкініші ұшан-теңіз.
Екі адам қайғырмауы керек, біріншісі – еліне сүйікті жан, екіншісі – еш уақытта күнә іске ұрынбайтын адам.
Көзі көрмейтін жан деп соқырды ғана айтпаймыз, есуаста да көз жоқ. Соқыр аспанды да, жерді де, жұлдызды да көрмейді, ол алыс пен жақынды да, алдындығысы мен артындағысын да ажырата алмайды; сол секілді есуас та ақылдыны ақымақтан, сұлуды сұмпайыдан, жауызды игі жақсыдан ажыратпайды.
Тоймайтын екі адам бар, біреуі баюдан басқаны ойламай, дүниені тірнектеп жинай беретін адам, екіншісі – тапқанын түгел жалмап, өзінде жоқты жұрттан тіленетін адам.
Екі кісіден қашқан жөн, соның біреуі – дүниеде сопылық та, күнәкар қылық та жоқ дейтін адам, ал екіншісі – өз еншісіне тимеген затқа көзін салатын адам, оның жаны тіленіп емінеді де тұрады, ондай адам өтірік- өсектен құлағын да тыя алмайды, біреудің әйеліне құмартуын да қоймайды. Дозақ отынан қорқып тәубе қылу деп осыларға теңескенді айтады.
Үш тұл бар, өзеннің сусыз арнасы – тұл, иесіз ел – тұл, күйеусіз қатын тұл. Қолынан не жақсылық, не жамандық келмейтін ез адам да осы қатарға кіреді.
Ойдағыдай жауап қайыра алатын үш-ақ адам бар, соның бірі – өз қазынасынан ел-жұртын жарылқап, сыйлық үлестіруге мүмкіндігі бар патша, екіншісі – өзінің ерінің ойын ұғып қызмет істейтін қылықты әйел, үшіншісі – өмір заңын дұрыс үйрететін ақылды ұстаз.
Біреудің сырты сұлу, өзі семіз құр аты болса, бірақ ол мініс бермейтін жабы болса, сол адам қайғыруы тиіс; көжесінің суы көп, еті аз, сондықтан тағамының дәмі жоқ адам қайғырады; кімде – кім көптің көзіне түсетін әдемі әйелге үйленіп, оған өзі жаға алмаса, сөйтіп үнемі әйелінен жеккөрініш пиғыл таныса, міне осы үш адам қайғыруы тиіс.
Үш адамды жазалау керек, соның бірі – күнәсізге азап тартқызған адам; екіншісі, шақырылмаған тамаққа өздігінен ұмтылатын сұғанақ; үшіншісі, өздерінде жоқ зәру затын достары сұрағанда, соның мәнісін аңғармаса және сұрап та білгісі келмесе, міне осы үшеуі жазаға лайық.
Ақымаққа саналатын үш адам: бірі – бүкіл бала-шағасымен тар үйде тұратын ұста, екіншісі – ұстарасын ықтияттап ұстай алмай, адамды жаралайтын емші; үшіншісі – өз отанына қайтқысы келмей, дұшпандарының арасында қонақтап қалатын жолаушы; себебі ол жат елде жүріп өлсе, дүниесіне бөтен адамдар ие болады, байлығы да солардың қолында болады, ал өзі мүлдем ұмытылады.
Биік таудың басына өрмелеген адам, балық аулаған адам, ауыр іске бет алған жан, міне осы үшеуі ғана асықпауға тиісті.
Қолы жетпейтінді арман ететін үш адам бар, біреуі – тақуалықтан жұрдай, бірақ өлгенен кейін, діндарлармен теңдей жарылқануды дәме қылатын арамза; екіншісі – өзін-өзі текті туған бекзат жанға санайтын сараң; үшіншісі – мойнына қан жүктеуден тайынбайтын ниеті бұзық, мейірімді, рақымшыл ізгі сопылармен бірге ақыретте рақатқа батудан дәмеленетін адам.
Өзін-өзі михнатқа душар ететін үш адам болады, біріншісі – жауға сақтықты қойып құрқол шауып, майданда босқа өлетін жан; екіншісі – баласы не туған туысы жоқ саяқ, сонда да тоймай, алған мүлкіне жоғары өсім қойып, байлыққа кенелуді армандап, көпшіліктің қаңқуына ұшырайтын бай; үшіншісі – жеңілтек жас әйелге үйленген кәрі шал, жас әйел үнемі оның өлімін тілейді, жас күйеуге шыққысы келеді.
Қожайынын жек көретін үш адам бар, соның бірі – кірісетін жеріне де, кіріспейтін жеріне де килігіп, білетінін де, білмейтінін де сөйлей беретін қызметші; екіншісі – ұстазын ұмытып, оған көмек көрсетпейтін жаңадан байыған саудагер; үшіншісі – қожайынына дау айтып, онымен таласуды жақсы көретін және таласқанда қыр көрсетіп өктемдік танытатын құл.
Өздерін азапқа салатын адам екеу-ақ, соның бірі артына бұрылмай, өңмендей беретін жан. Ол кейде сүрініп кетіп құдыққа құлайды, ал кейде шыңырауға шым батып кетеді. Екіншісі: «Мен ешкіммен дұшпандаспадым», деп сақтанбайтын адам, сөйтіп басқаны да адастырады. Жау көрінген кезде ғана қашып құтылуға тырысады, бірақ кешігеді.
Сүйіспеншігі жылдам ыдырайтындар да үшеу, оның бірі досымен көптен бері кездеспей, хабар алыспай жүрген, қатынасты үзбей жүруге ниет етпеген адам; екіншісі – біреуді жақсы көріп сыйласа, бірақ мұнысы оның қадір-қасиетіне сай келмесе және сол мінезді қабылдамай, келеке етсе, міне бұлардың да қатынасы баянды болмайды; үшіншісі – кедейдің бай достары болса, олар ырзық-несібелі, қуанышты болып жүрсе, әлгі кедей байлардан бір заттарын сұраса, артынан өзі оның қайтарымын қайтара алмаса, міне, бұлардың да достығы тез қожырамақ.
Жеңілтектігін білдіріп алатын да үш адам бар, бірі – өзімен бәсекелесіп жүрген кісіге дүние-мүлкін сеніп тапсыратын жан. Екіншісі – мен батылмын, мен батырмын, дос табуға, мал-мүлік жинауға ептімін, ғимараттар салуға да, келелі істерді орындауға да шебермін деп жұртқа жар салатын, алайда осының бәрін жалған айтатын адам. Үшіншісі – қызба құштарлықтан мүлде қол үзіп, сауапқа бататын рухани ізгі жолға түстім дейтін, бірақ Құдай жолын, шариғаттың заңын сақтамай ылғи әуейіліктің соңында жүретін күллі ел білетін кісі.
Ақылды деуге келмейтін де үш адам болады, бірі – биік жерде отырған етікші, өйткені қолынан не пышағы, не басқа бір аспабы түсіп кетсе, ылғи соны жерден көтеріп алуға алданып, әуреге түседі де, істеп отырған ісінен қалады; екіншісі – инесіне ұзын жіп сабақтаған тігінші, өйткені ұзын жіп ылғи оралып қалып, оның жұмысын тоқтатуға себеп болады; үшіншісі – шаш алғанда жан-жағына алақтап жүріп, шаштың сәнін кетіретін шаштараз.
Төрт адам теріс қылық жасауға бейім, соның бірі – оқыс сөйлейтін, үнемі өтірік айтатын адам; екіншісі – өзінен жоғары кісіге қызмет еткенде, майданға шыққанда, жұмыс үстінде шабан қимылдап, тамақты ашқарақтана асайтын адам; үшіншісі – өз ашуын күнәға батпай тұрып өлшеуге қабілеті жетпейтін адам; төртіншісі – күрделі істі бастауын бастап, аяқтамай тастап қоятын патша.
Рәсім мен дәстүрге лайықты қызмет істейтіндер де төртеу, соның бірі – тамақты дәл мерзімінде даярлап, дер кезінде қожайынына тартатын адам; екіншісі – бөгде әйелдерге көзін салмайтын, еншісіне тиген әйелді қанағат ететін кісі; үшіншісі – келелі істі бастарда білімді, білікті адамдармен ақылдасатын патша; төртіншісі – өз ашуына ие бола алатын адам.
Қорықпайтыннан қорқатындар да төртеу-ақ, соның бірі – ағаштың басына отырып, аспан жерге құлап кетер деп қорқып, бір аяғын жоғары көтеріп, егер де аспан жерге құлардай болса, аяғымен тіреп тоқтатайын деп ойлайтын шынашақтай торғай. Екіншісі – егер екі аяғын бірдей басса, жер ойылып кете ме деп қорыққандай, бір аяғын үнемі көтеріп жүретін тырна; үшіншісі – топырақ жейтін жауынқұрт, ол өмірі тоя жемейді, өйткені жердің құмын тауысып алып, аштан өлем деген қорқыныш билейді. Төртіншісі – жарқанат, ол өзін құстың әдемісімін деп ұғады, сондықтан біреу-міреу ұстап алар деп қорқып, күндіз ұшпайды.
Ешкімге ұқсамайтын төрт-ақ адам бар, біріншісі неше алуан еркекті көріп-көріп, ақырында қанағатқа келіп, бір еркектің етегін ұстаған әйел; екіншісі – өмір бойы өтірікке дағдыланып, ақырында тәубеге келіп шын сөйлеуге бет алған адам; үшіншісі – бұрынғы мінезін жұмсартып, керіскендермен бітімге келген, өркөкірек менмен жан; төртіншісі – өзінің жаратылысын өзгертіп, жақсылыққа беттеген тәкаппар адам.
Болар істің мазмұнын үш жағдайда алдын ала түсінген жөн, бірі – дұшпанынан күші мен ержүректігі басым екенін әрбір адам шайқас басталмас бұрын білуі керек; екіншісі – кімде-кім бір қымбат нәрсесін даулап соттасқанда білімі мен ақыл-айласы олқы соқса, онда ең әуелі ол әділ билік айтатын қазыны іздегені жөн; үшіншісі – егер бір бекзат адамды қонаққа шақырарда беретін тағамын, тағы басқа керек-жарағын алдын ала дайындаса, сонда ол қонақ келіп қалған мезгілде әуреге түсіп асықпайды, әлекке түспейді.
Күнә мен тәубені ұмытпауға тиіс төрт адам бар, біреуі – өлім аузында жатқан ауру; екіншісі – қожайынын қорыққанынан ғана сыйлайтын құл; үшіншісі – жаумен бетпе-бет тұрған жан; төртіншісі – өзінен мықтыға басын имейтін, сонысы үшін жәбірленген, қарғысқа ұшыраған сотқар адам.
Төрт адамда рақым жоқ, соның бірі – денесіне түгел жара түскен жан; екіншісі – өзін үздік санайтын арамза; үшіншісі – ұрлыққа әбден үйренген адам; төртіншісі – жылдам ашуланатын, біреудің өтінішін шабан қабылдайтын жан.
Күн мен түн, сопы мен дінсіз, жарық пен қараңғы, жақсылық пен жамандық, міне осы төртеуі бірімен бірі достаса алмайды.
Қарақшыға, өтірікшіге, екіжүзді адамға, пейілі арам зорлықшыға, міне, осы төртеуіне сенбеген жөн.
Ұйықтай алмайтын адам алтау: бірі – талайдың жазықсыз қанын мойнына көтерген адам; екіншісі – сақтайтын сенімді кісісі жоқ мол байлық иесі; үшіншісі – дүние-мүлік үшін жала жауып, біреуді орнынан тайдырған адам; төртіншісі – өзіне өте қажет ақшаны еріксіз беріп қоюға мәжбүр болған адам; бесіншісі – әбден азғындаған әйел; алтыншысы – жақсы досынан ажырау қаупі төнген адам.
Жеті түрлі адамның қылығынан жұртқа зиян келеді, біреуі – шариғатқа жетік тақуа, бірақ сол білгенін ешкімге үйретпейтін адам; екіншісі – тартқан сыйының қадірін білмейтінге жақсылық көрсеткен патша; үшіншісі – қарамағындағыларға әділдігі жоқ, қатал да мейірімсіз бай; төртіншісі – ерке баласының ерсі қылығына кешіріммен қарайтын ана; бесіншісі – опасызды адалға балап сенген адам; алтыншысы – өзінің досын мінеуге бейім жан; жетіншісі – Құдайды да, оны сүйетін кісілерді де сыйламайтын адам.
Алдау сегіз түрлі болады, әділеті жоқ патшаның әкімдігі алдамшы; біліміне сай қылық жасамайтын ойшылдың сөзі алдамшы; жұлдыздарды санап шықтым деген есепшінің есебі алдамшы; күнәкардың күнәсі алдамшы; қараңғы түндегі ұрлық алдамшы; күндеп отырып айтқан әйелдің сөзі алдамшы; әділдік туралы айта тұрып өзі ұстанбайтынның сөзі алдамшы; аңшының түсі алдамшы.
Сегіз адаммен істес болмау мақұл, соның бірі – орынсыз ақыл беруші; екіншісі – ісі тұрақсыз адам; үшіншісі – өзін үнемі жоғары санайтын өркөкірек жан; төртіншісі – өз пікірін дәлелдеу үшін өтірік айтудан тайынбайтын өтірікші; бесіншісі – өзінен ақшаны артық бағалайтын сараң; алтыншысы – әліне қарамай ауыр жұмысқа кірісетін әлжуаз; жетіншісі – міні көзге көрініп тұратын адам; сегізіншісі – өз туысымен үнемі келісімге келе алмайтын кісі.
Адам он түрлі жағдайда танылады: әскери істі жетік білетін шебер сарбаз ұрыс үстінде әдіс айласымен танылады; біреумен қарым-қатынас жасағандағы биязылығы арқылы қожасы құлын таниды; патша өзінің мінезін, білімін, ақылын ашуы арқылы таниды; көпес өзінің ізгі қылығын сыбайластарына көрсеткен әділдігі арқылы таниды; несие алған адамның сертті сөзіне беріктігін қарызын мезгілінде төлеу арқылы таниды; туған-туыс бастарына түскен қиындықты ортақтаса көтеру арқылы танылады; ақылды адамның тапқырлығы қиын іске кезіккенде ғана байқалады; дархан адамды қайырымдылығы мен кешірімділігі арқылы таниды; күні үшін қылмысқа бармауы арқылы кедей де өзін-өзі танытады.
***
Жауласу мен достасу, сүйіспеншілік пен өшпенділік – бұлардың бәрі бір қалыпта тұрып қалмайды. Түрлі жағдайларға орай сүйіспеншілік өштікке, достық жауласуға айналып кете салады. Ақылды адам мұндай жайттың әрқайсысына өзіне сай шара қолданады: жауынан келсе, қасқиып қарсы тұрады, досынан келсе, кешірім жасады.
Кей кезде жасырын жаулық достық кейпін киеді. Жаулықтың көрініп тұрғанынан бұл анағұрлым зиянды, осыдан сақтанған жөн. Пайдасы тиетін кезде дос санап, зияны тиерін білген мезгілде қас деп ұғатындар бар. Жауынан олжа түсіруді үміттенсе ақылды адам оған достық түрін білдіреді, ал досының зияны тиерін біліп қауіптенсе, оған қарсы жау екенін сездіреді. Аңның да күшіктері анасының соңынан қалмай сүтін еміп алады да, сүттен шыққан кезде аналарын ұмытып кетеді. Ақылы мен айласы тең адам өзінің туыстары мен достарына жағдайлардың өзгеруіне байланысты өз қарым-қатынасын өзгерте береді: ол бірде сенеді, бірде, керісінше, қауіптенеді, бір кезде риза, бір кезде наразы болады, кейде шыдамдылық көрсетеді де кей кезде ашу шақырады.
Достасу еріксіз, есептен туса, онда достықты тудырған себеп өзгерісімен бәрі де өзгереді, бұл астына от жағып қайнатқан су сияқты, оттан айырсаң-ақ ол қайта суып кетеді. Бірімізге біріміз сенісіп, достасып едік, біздің арамызда адал қарым-қатынас, сүйіспеншілік орнап еді, осының бәрі қажеттілік болатын, ол өткеннен кейін маған сенімен жақындасудың қажеті жоқ деген ой туады.
Әлсіздің күшті дұшпанымен жақын жүруінен, адал жанның залыммен жанасуынан жаман нәрсе жоқ. Ақылдының басқа амалы құрығанда дұшпанымен лажсыз ынтымақтасып, еріксіз көнетін, сүйіспеншілік пен адал сенімін білдіретін кезі де болады, бірақ мүмкіндік туа қалған заматта тезірек алыстауға тырысады.
***
Аяғына жара шыққан адам ептеп басуға тырыспаса, ушықтырып алуы кәдік, көзі ауырған кісі желге қарсы жүрсе, оған да зақым келеді. Сол секілді кекті адам дұшпанына жақындай бергенде ескі жараның аузы ашылады. Барлық тіршілік иесі қауіп-қатерден сақтануды ойынан шығармайды, болашақты болжауға тырысады, өзінің күшіне, ақыл-айласына сеніп, шын қатерлі нәрседен мезгілінде сақтық жасайды, алданып қалмайды. Кімде-кім күшіне ғана сеніп, біреудің алдамшы сөзіне елігіп, сақтанбаса, өзіне-өзі қастық жасайды. Тағдырға мойынсұнып қарап отыра беруге болмайды, оның неге душар ететінін кім білсін? Адам өзіне ғана сеніп, ісіне батыл кірісуі, алда-артын байқап отыруы қажет.
Кімде-кім төрт түрлі сипатқа ие болса, қолы көп нәрсеге жетеді. Алысы жақын болады, жат ел дос болады, оның біріншісі – біреуге тіл тигізуден сақтану, екіншісі – әдептілік, үшіншісі – күдіктенуден аулақ жүру, төртіншісі – істеген ісін зеректікпен тындыра білу. Адам өз тіршілігіне шындап қауіп төндірген кезде, туған-туысынан да, баладан да, үйден де, мал-мүліктен де безеді, өз тіршілігінің орнын басатын затты табам деген үміт онда болмайды. Орнына жұмсалмаған байлық, еріне көнбейтін әйел, тіл алмайтын бала, көмек беруге тырыспайтын туыс, бейбітшілікті қорғамайтын мемлекет жаман.
***
Патшаның күш-қуаты уәзірлері мен серіктеріне көп байланысты, олардың пайдасы сүйіспеншілік пен жақсылық тілеу әділеттілік пен әдептілікке байланысты болады. Патша көптеген іскер адамдар мен сенімді қызметкерлерге мұқтаж болады, солардың ішінде әділ де ақылды, ниеті адал адам көп кездеспейді. Ол өз тәжірибесі мен сенімді адамдары арқылы қызметкерлерді тиянақты түрде таңдап алған жөн, сондай-ақ олардың істі жүргізу әдісін де бақылағаны дұрыс. Сонымен бірге, патша өз көмекшілерінің жұмысын ұдайы қадағалап отыруы керек. Ақылды адам тек асықпай, байсалды ойлаумен өкінуден сақтанады. Алды-артын аңдап қимылдау патшалар үшін де керек. Әйел – күйеуіне сүйенеді, бала – ата-анасына, шәкірт – ұстазына, патша – әскеріне, әскер – көсеміне, сопы – дініне, халық – патшасына, патша – қайырымдылығына, қайырымдылық – ақылға сыйынады. Ал ақыл тыңғылықты байыпқа тиянақтайды. Патшаның ақыл-парасатының шырқау шыңы – өзінің достарын жіті тануында, білім дәрежесіне сай етіп, әрқайсысын өз орнына отырғызуында, сонсоң олардың өзара қарым-қатынасын қырағылықпен бақылап отыруында.
Патша өзі істеуге тиіс істі бөтен біреуге тапсырса, өзі орындамаса да болатын істі өзі істеуге кіріссе, онда патшаның ісі ойдағыдай орындалмайды. Ол барлық жағдайды түгел қадағалауы, көзіне ғана сенуі, естігеніне алданбауы тиіс. Достарын бірінен-бірін артық құрметтеген кезде де адаспауы керек, мысалы, ең әуелі түсін, дәмін, иісін анық білмей тұрып, шарап сатып алған кісіге ұқсамағаны жөн. Көзжұмбайлық алданып, зиян шегуге әкелуі мүмкін.
Бек өзіне төнетін қауіп-қатердің көзін жойғанша аялдамай, үздіксіз қимылдап, дұшпандарының одақтасуын ыдыратып бірінен-бірін аулақ ұстауға тырысуы, өзін ойыншыққа айналдырып жіберуге, өз басына қастық істеп, зақым жасауға мүмкіндік бермеуі тиіс. Әлсіз шөптің басын біріктіріп ширатса, үзілмейтін мықты арқан шығады. Сол арқанмен асау пілді де ұстап алып, қолға үйретуге болады.
Жазықсыз жапа шеккен жандардың қастық жасауынан қорқуға болмайды, олардың сүйіспеншілігі мен жақсылық ойлауы қайта жаңғырмас деп күдер үзу дұрыс емес. Қарым-қатынасы қаншама үйлеспесе де әркімді өзіне лайық орында ұстаған мақұл болады. Олардың кейбіреулерінен суысып бөлінген кезде, бұрынғы қарым-қатынасты қайта жаңғыртудан бас тартқан дұрыс, ал екінші біреулерінен ешбір уақытта ажыраспаған, жолға тастап кетпеген мақұл. Кімде-кімнің әділетсіздік атағы шықса, мойнына алған міндеттемеге жүрдім-бардым қараса, сертінде тұрмаса, жақсылыққа жамандық жасаса, ізгіліктен аулақ тұрса, өзін өмірі ренжітіп көрмеген туыстарымен де, достарымен де түзу қарым-қатынас жасауға жарамаса, ондай адаммен араласудан бас тартқан дұрыс. Туыстарына аянбай жақсылық көрсететін, қанша қиын болса да солардың өкпе-назына төзе білетін, қандай жағдай туса да, қиындықтан құтқаруға дайын тұратын, адалдығы көрініп тұратын адамдарды барынша сыйлаған мақұл.
Кімде-кім ауыр жағдайға, бақытсыздыққа жазықсыз ұшыраса, өзінің орнынан, құрметті шенінен ажыраса, мал-мүлкінен әділетсіз айырылса немесе бұрын жақын жүріп, соңынан себепсіз сыртқа ығыстырылған болса, солардың бәріне де сенбеуі керек. Өйткені мұндай адамдар патшаның дұшпандарымен керек жерінде бірігіп кетуі мүмкін.
Ізгі жанның бір жақсы әрекеті оның мың жамандығын, ал арамза адамның бір жауыз қылығы оның мың қайтара істеген жақсылығын ұмыттырып жібереді.
***
Кімде болса ниеті түзу жандарға жақсылық көрсетуі керек, алғыс айтуға да, мақтауға да тұрарлық адамдармен жақын жүргені мақұл, үзенгілес кісілерінің атағына, лауазымына, байлығына, әділдігіне қарай сыйлап, кішкентай жандарға, кедейлерге, әлсіздерге көмек көрсеткен жөн. Үлкенді де, кішіні де әбден сынап, сырын білу керек, білікті дәрігер ауруды сыртынан көріп емдемейді, әуелі аурудың тамырын ұстайды, ағзасын зерттейді, содан кейін барып ем белгілейді. Содай-ақ ақылды адам да сыйласуға тұратын, сертті сөзіне берік бекзат кісілерді тапса, олармен достасып, жақсылық жасай жүруі керек, күндердің бір күнінде басына іс түссе, әлгі жақсылығының қарымы қайтады.
***
Кімде-кім бір келелі іске, зор мақсатқа ұмтылса, алайда бір болмашы кедергіден шошып мақсатынан бас тартса, ондай адам ұлы дәрежеге жете алмайды. Бұл жалғанда ешкімде пайдалы нәрсенің ешқайсысын өзімен бірге ақыретке алып кете алмайды.
***
Әрбір адам бір нәрсе жасарда ойлануы керек. Бұрынғылардан қалған сөз бар: «өз басыңа тілемейтін істі біреуге істеме». Ақиқат, әділдік міне, осында, ал әділдікке Құдай да, ел де риза.
***
Ұмтылған ісіне қолы жетер-жетпесте тастай беріп, тағы бір іске ұмтылатын, бірақ оны да толық аяқтамай ақырында есі шығып, босқа қалатындар көп.
***
Өзінде жоқты аңсай беретін жанды бақытты жан деп есептеуге де, оған кешіріммен қарай беруге де болмайды. Осының салдарынан ашкөздік артады шыдам азаяды. Еншісіне тиген үлесіне қанағат тұтып, қолы жетпеске ұмтылудан бас тартқан адам зор бақытқа, үлкен ырысқа ие болады. Төменгі орыннан жоғары дәрежеге ұмтыла беру арқылы пиғыл бұзылады. Қол астындағыларының қамын ойлаған әкімдер – ұлық, бұлай істемегендер бақытты бола алмайды. Әкімдерінің адалдығына сенбеген ел іші бүлінеді.
***
Өзін-өзі пәлеге ұшыратқан кісіні мүсіркеу жараспайды, өз ажалына өзі себеп болған адамға жұмақта орын жоқ.
***
Мінезді тәңірінің өзі жаратады, хайуанның табиғатын өзгертіп, басқа пішінге түсіру ешкімнің де қолынан келмейтіні сияқты, патшалардың патшасы да мінезді өзгертуге еш қайран жасай алмайды.
***
Ақымақтың берген ақылы қажетсіз нәрсеге ұрындыратыны ақылды адамға белгілі, сондықтан ол надандыққа берілмейді, айтқан сөзін, көрсеткен жоспарын қабылдамайды. Данышпан адам әр істің жайын сұрыптап, саралайды да тиімдісін таңдап алады, осылайша наданның сөзін де өзінің игі ісіне пайдаланады. Данышпан екі жағдайда наданмен кеңесуі керек: бірі – егер сонымен кеңесу арқылы данышпан бөтен адамның сырын біліп алса, сонда ғана ақылдасу керек, ал екіншісі – егер ақымақтың бойындағы жеке қасиеттері бұған көмек беретін болса, сонда ақылдасады.
***
Көзі бардың көретіні, құлағы бардың еститіні сияқты білім де тек ақыл арқылы, саналы ой мен алдын-ала байыптау арқылы келеді. Алайда, тағдыр мен жазмыш осының бәріне үстемдік жасайды, неше түрлі оқиғаларға ұшыратады, кейде адамға оң қабағын береді де, кейде қайғыға душар етеді.
Еңбек те, ақыл да, адамның басына келетін жақсылық пен жамандық та – бәрі де тағдырдың қалауымен болады.