
Фетхуллаһ Гүлен
«Ғаламның Рақым нұры Мұхаммед пайғамбар» кітабынан үзінділер
Қызғаныш
Олар Аллаһ Елшісін өте жақсы танитын. Бірақ, әрине, тану бар да, иманға келу бар. Олар танып-білгендерімен, қызғаныш пен күншілдіктері иманға келулеріне кедергі жасады.
«Оларға Аллаһтан өздеріндегі Тәуратты растаушы Құран келген шақта, бұрыннан (Құран келмей тұрып, келетін ақырзаман пайғамбары арқылы) кәпірлерге қарсы жеңіс тілеп жүрсе де, сол білген (Құран) өздеріне келген кезде, оны теріске шығарды. Теріске шығарушыларды Аллаһ лағынет етсін» (Бақара, 2/89).
Аятта олардың Аллаһ Елшісін мойындамауларының басты себептері баяндалған. Мәселенің төркіні соңғы пайғамбардың Исрайыл ұрпағынан болмауында. Хазіреті Пайғамбар Исрайыл ұрпағынан шыққанда, олардың іс-әрекеттері де мүлдем басқаша сипат алар еді.
Айтқандайын, Абдуллаһ бин Сәләм (р.а) бірде Аллаһ Елшісіне келіп:
«Ей, Аллаһтың Елшісі! Мені бір жерге жасырып, Мәдинадағы барлық яһуди ғалымдарын түгел шақыр! Сосын олардан мен және әкем жайлы сұра! Сөзсіз шын білгендерін айтады. Сол кезде мен жасырынған жерімнен шығып, мұсылман болғанымды жария етейін», – деп ұсыныс жасайды. Аллаһ Елшісі оның бұл ұсынысын қабыл етеді. Содан Абдуллаһ бин Сәләм (р.а) үйдің бір жеріне жасырынды. Шақырылған яһуди ғалымдары да келіп жалғасты. Пайғамбарымыз оларға: «Сендер Абдуллаһ бин Сәләм мен оның әкесі жайында не білесіңдер?» – деп, сауал қояды. Олар: «Ол да, әкесі де арамыздағы ең мықты ғалым һәм ардақ тұтар ең абзал адамдарымыз», – деп жауап береді. Аллаһ Елшісі қайта сұрап: «Ол мені растап, мұсылман болса, оған сендер қалай қарайсыңдар?» – деген кезде, олар бірауыздан: «Жоқ-жоқ, олай болуы мүмкін емес!» – деді.
Дәл осы сәтте Абдуллаһ бин Сәләм (р.а.) жасырынған жерінен шыға келді де, иман келтіріп, Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлығын растады. Олар не дерін білмей абдырып қалды да, жаңа ғана оны марапаттаған сөздерін қайтып алып: «Ол – біздің ең жаманымыз һәм ең жаманымыздың баласы», – деді. Мұнан кейін Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы екіжүзділерді көруді қаламады. Бұл оқиға яһудилердің Аллаһ Елшісін танитындарын толық қуаттайды. Бірақ дереу шешім қабылдаулары мен тұрақсыз ой-пікірлері олардың иманға келулеріне кедергі жасады.
Бұл жайға Салман Парсының өмірі де дәлел бола алады. Бұрын ол мәжуси еді. Бірақ кейіннен оның тұла-бойында хақ дінге деген құштар сезім пайда болып, сол дінді тапсам, көрсем деп ынтығып тұрды. Кейін христиандықты қабылдады да, шіркеуге қамалып отырды. Жан-тәнімен беріліп ұстаз тұтқан монахтан өлер алдында өзіне басқа бір монахты насихат етуді сұрады. Ол да өзінің сенім артқан бір монахына баруын насихаттады. Ол осылайша көптеген монахтардың жанында болды. Соңында ол көз жұмғалы жатқан қартаң монахтан бұрынғыдай басқа біреуге баруына насихат етуді сұрағанда, христиан ғалымы оған: «Балам, дәл қазір саған насихат ететін ешкім қалмады. Бірақ соңғы келетін пайғамбардың заманы өте таяу. Ол Хазіреті Ибраһимнің Ханиф дінімен келіп, Ибраһимнің хижрет (көш) еткен жерінен шығады. Басқа жерге хижрет етіп, сонда орналасады. Оның пайғамбар екеніне анық дәлелдер бар. Шамаң келсе, сол жерге жет.
Мен білетін үш айқын дәлелі мынау: Ол садақа алмайды, бірақ сыйлықты қабыл етеді, екі иығының ортасында пайғамбарлығын дәлелдейтін мөрі бар», – деп пайғамбарымызды нұсқады.
Әңгіменің жалғасын Салман парсының өз аузынан тыңдайық:
«Монахтың айтқан жеріне бару үшін керуен іздедім. Ақырында, сол жерге баратын керуен таптым да, олармен жол ақысын төлеуге келісіп, мені сол жерге апаруларын өтіндім. Қабыл етуін қабыл етті-ау, бірақ «Уадил-Қураға» келген кезде опасыздық жасап, мені құл деп бір яһудиге сатып жіберді. Барған жерімнің құрма толы бау-бақшасын көргенде, бәлкім, монахтың маған айтқан жері осы шығар деп, сол жерде қалдым.
Бір күні Бәни Қурайза яһудилерінен болған біреу мені сатып алып, Мәдинаға апарды. Ол жердің де құрма өскен керемет бау-бақшасы бар екен, сол жерде жұмыс істеп жүрдім. Аллаһ Елшісінен ешқандай хабар ала алмадым.
Бір күні ағашқа шығып құрма жинап жатқанмын. Яһуди қожайыным ағаштың астында отырған. Күтпеген жерден оның туыс ағасының яһуди баласы шыға келді. Ашулы түрде: «Құдайдың қаһарына ұшырағыр. Бүкіл халық Қубаға кетіп жатыр. Меккеден келген бір адам пайғамбарлығын жария етіпті. Оларда Оны пайғамбар екен деп сеніп қалыпты!» – деді. Сол сәтте қатты толқып кеткенім соншалық, аяқ-тізем дірілдеп, қалтырай бастады. Сәл қалса, талдан төмен қарай тіке қожайынымның үстіне құлап түсер едім. Тез ағаштан лып етіп түстім де, әлгі адамға: «Не дейсің? Не дедің? Бұл қандай хабар?» – дей бердім. Қожайыным қатты толқып тұрғанымды байқап, алақанының теріс жағымен мені салып кеп жіберді: «Сенің не шаруаң бар? Алдыңдағы ісіңе қара!» – деді. Мен болсам, күмілжіп, күбірлеп: «Ешқандай. Жай әшейін білгім келіп, сұрап едім», – дедім. Сөйттім де, қайта ағашқа шықтым. Ымырт қараңғысы түсе бастағанда, қолымдағы барымды жинап алып, Қубаға тартып кеттім. Аллаһ Елшісі сахабаларымен бірге сұхбаттасып отыр екен. Мен оларға: «Сендер кедей жансыңдар. Мен садақа алатын жер іздеп жүр едім. Мыналарды сендер үшін әкелдім. Ал, кәне, дәмнен алыңдар», – дедім.
Аллаһ Елшісі жанындағыларға қарап: «Сендер жеңдер», – деді. Өзі ауыз да тимеді. Ішімнен: «Монахтың айтқан бірінші белгісі», – дедім. Ертеңіне тағы бардым: «Бұл садақа емес, сендерге арнаған сыйым, дәмнен алыңдар», – дедім.
Аллаһ Елшісі сахабаларға қарап: «Алыңдар», – деді. Өзі де жеді. Ішімнен: «Екінші белгі де анықталды», – дедім.
Бір күні сахабалардың бірі қайтыс болды. Аллаһ Елшісі де жаназаға қатысып, «Бақиу’л-Ғарқадқа» (Мәдина Мазараты) келді. Жанына барып, сәлем бердім. Сосын арқа жағына барып, пайғамбарлық мөрін көруге тырыстым. Ол да ниетімді сезе қойды. Онсыз да иықтары ашық болатын. Осылайша көзге ұрып тұрған пайғамбарлық мөрін де көрдім. Үшінші белгі де дәл монахтың сан жылдар бұрын айтқанындай. Өзіме-өзім ие бола алмай қатты толқып, құшақтап мөрді сүйе бастадым. Аллаһ Елшісі (с.а.у.): «Тоқта, тоқта», – деді. Мен кейін шегіндім. Содан кейін алдына отырдым да, басымнан кешкенімді түгелдей баян еттім. Ол қатты қуанды. Тіпті, Оған айтқандарымды сахабалардың да естуін қалады…»
Ия, қыңырлық пен күншілдікті тастап, жүрек лүпілін тыңдағандар Оны тапты. Тіпті, тауып қана қоймай, бүтін болмыстарымен оған ғашық болды. Кешегі мен бүгінгі күннің арасында мағына жағынан ешқандай айырмашылық жоқ. Бүгін де сан мыңдаған жылдар Оның ақиқатын көріп, растауда. Соңғы Елші екенін растап, барлық әлемге жар салуда. Бірақ кешегі мен бүгінгінің арасында өзгермеген бір өзгешелік бар. Ол – қыңырлық пен күншілдігін тастай алмаған жандардың Оның пайғамбарлығын біле тұра мойындамаулары.