Лао-Цзы

Лао-Цзы

 

Бірінші кітап
4
Дао бос, бірақ қолданыста сарқылмайды. Ол, тереңдік! Ол барлық заттардың бабасы сияқты.
Егер оның көрегендігінен айырса, хаостығынан босатса, жарқырауын азайтса, бір түйір ғып жіберсе, онда ол анық өмір сүруші болып көрінеді. Мен оның кімнің туындысы екенін білмеймін, (мен тек) аспан әміршісінің алдында (екенін ғана білемін).
5
Аспан мен жерде адамсүйгіштік қасиет жоқ және олар барлық тіршілік иелеріне өз жолымен өмір сүруіне мүмкіндік береді. Кемеңгер данышпанда адамсүйгішік қасиет жоқ және ол халыққа өз өміріне өздері иелік етуіне мүмкіндік береді.
Аспан мен Жердің арасындағы кеңістік ұстаның көрігіне ұқсайтыны рас емес пе? (Онда) бос кеңістік қаншалықты көп болса, соншалықты (ол) әрекет жасайды, (оның) қозғалысы қаншалықты күшті болса, соншалықты (жел ) де қатты соғады. Кім көп сөйлесе, сол жиі сәтсіздікке ұшырайды, сондықтан ең жақсысы – әр нәрсенің орнын білу.
6
Көзге көрінбес (даоның) өзгерісі шексіз. (Дао) – туылудың терең қақпасы. Туылудың терең қақпасы – аспан мен жердің тамыры. (Ол) таусылмас жіп тәрізді (мәңгі) өмір сүреді, оның әрекеті де таусылмайды.
7
Аспан мен жер – мәңгілік. Аспан мен жер өздері үшін өмір сүрмегендіктен мәңгілік. Міне, неліктен олардың мәңгілік бола алатындығы осыдан.
Сондықтан кемеңгер данышпан өзін басқалардың соңына қояды, соның арқасында ол ең алдында тұрады. Ол өз өмірін елемейді, сол арқылы оның өмірі сақталады. Бұл оның жеке (қызығушылықтарын) елемеуінен болып отырған жоқ па? Керісінше, (ол) жеке өзінің (қызығушылықтарына) сай (әрекет жасайды).
8
Жоғарғы қайырымдылық су сияқты. Су барлық тіршілікке пайдасын тигізеді және (олармен) күреспейді. Ол адамдар оның болуын қаламаған жерден табылады. Сондықтан ол даоға ұқсайды.
(Жоғарғы қайырымдылыққа ие адам су сияқты) жерге жақын орналасуы қажет, оның жүрегі ішкі сезімдеріне бағынуы керек; адамдармен арақатынаста ол жылы шырайлы болуы керек; сөйлегенде адал болуы керек; (елді) басқаруда жүйелі болуы керек; іс-әрекетті өз мүмкіндігіне сай жасауы керек; әрекет жасағанда уақытын есепке алуы керек. (Ол) су сиқты, заттармен күреске түспегендіктен, қателік те жібермейді.
9
Ең жақсысы – бір нәрсені толтыруға талпынғаннан гөрі, ешнәрсе жасамау. Егер ылғи бір өткір нәрсені қолдана берсе, ол өзінің өткірлігін ұзақ уақыт сақтай алмайды. Егер зал алтын мен яшмаға толтырылған болса, оны сақтап қалуға ешкімнің шамасы келмейді. Егер байлар мен атақтылар дандайсушылық танытса, олар өздеріне бақытсыздық шақырады.
Ісі аяқталған кезде адам аулақ кетуі (керек). Көктегі даоның заңы осындай.
10
Егер жан мен тән бірлікте болса, оны сақтап қалуға бола ма? Егер рухты жұмсартса (жаңа туған нәресте) сияқты жайдарлы болуға бола ма? Егер сыртқы көз таса болса, онда қателесу мүмкін бе? Данышпандыққа жүгінбей, халықты сүйіп, елді басқаруға бола ма? Жұмсақтыққа сай жүрсе, табиғатта өзгерістер мүмкін бе? Егер табиғаттағы барлық өзара қатынастарды танып білсе, әрекетсіздікке жету мүмкін бе?
(Мәнді) жасау және тәрбиелеу; жасай отырып (жасалған нәрсеге) ие болмау, қозғалысқа түсіре отырып, өзін әміршімін деп санамаса – міне, осы терең дэ деп аталады.
11
Отыз сым шабақ бір күпшекке жинақтала отырып, (доңғалақты құрайды), бірақ доңғалақтың айналуы (сым шабақтардың) арасындағы бос кеңістікке байланысты. Саз балшықтан сауыттар жасайды, бірақ сауыттардың қолданылуы олардың ортасындағы бос қуысқа байланысты. Үй салу үшін есіктер мен терезелер ояды, бірақ үйді пайдалану оның ішіндегі кеңістікке байланысты. Міне, сондықтан (кез келген нәрсенің) пайдалылығы ондағы бар кеңістікке байланысты.
12
Бес бояу көруді нашарлатады. Бес дыбыс естуді нашарлатады. Бес дәм сезушілік дәмді нашарлатады. Жылдам жүріс пен аңшылық жүректі қобалжытады. Бағалы заттар адамды қылмыс жасауға итермелейді. Сондықтан кемеңгер данышпан өмірді толымды етуге тырысады, бірақ оны әдемі заттарға ие болу үшін жасамайды. Ол соңғыдан бас тартады және алғашқымен шектеледі.
13
Даңқ пен масқаралық қорқыныш сияқты. Атақтылық өмірдегі үлкен бақытсыздыққа сай. Даңқ пен масқаралық қорқыныш сияқты деген нені білдіреді? Ол төменде тұрған адамдар даңққа қорқынышпен ие болады және одан қорқынышпен айрылады деген сөз. Міне, осы даңқ пен масқаралық қорқынышқа ұқсайды дегенді білдіреді.
Атақтылық өмірдегі үлкен бақытсыздық сияқты деген нені білдіреі? Бұл мен өзімді өзім (қадір тұтқандықтан) үлкен бақытсыздыққа иемін дегенді білдіреді. Мен өзімді өзім қадір тұтпаған кезде бақытсыз болмаймын. Сондықтан ақсүйек адам, адамдарға жан аямай қызмет ете отырып, олардың арасында өмір сүре алады. Адамгершілігі жоғары адам, адамдарға жан аямай қызмет ете отырып, олардың арасында бола алады.
14
Оған қарап тұрып, көрмеймін, сондықтан, оны көзге көрінбес деп атаймын. Оны тыңдай отырып, естімеймін, сондықтан оны дыбыссыз деп атаймын. Оның қайнар көзі туралы білуге талпынудың қажеті жоқ, өйткені ол біртұтас. Оның жоғары жағы жарықтанбаған, төменгі жағы қараңғыланбаған. Ол шексіз және атауы жоқ. Ол қайтадан бейболмысқа оралады. Міне, оны формасыз форма, мәнсіз бейне деп атайды. Сондықтан оны түсініксіз және тұманды деп атайды. Онымен кездесемін де, бетін көрмеймін, оның соңынан еремін де, оның арқасын көрмеймін.
Өмір сүретін заттарға ие болу ежелгі даоны ұстана отырып, ежелгі бастауды білуге болады. Бұл даоның принципі деп аталады.
15
Ертеде, кім білімге қабілетті болса, сол өте ұсақ және өте жіңішке (заттарды) білген. Бірақ басқаларға олардың тереңдігі белгісіз. Олар белгісіз болғандықтан, (мен) оларға ерікті түрде сипаттама беремін: олар қыстың күні ағынды судан өткендегідей жасқаншақ болған; өз көршілерінен қорқатын сияқты именшек болған; қонақтар сияқты маңызды болған; олар еріп жатқан мұздың үстінен өтіп бара жатқандай, абай болған; олар тазартылып дайындалмаған ағаш сияқты қарапайым болған; олар алқап сияқты кең байтақ болған; олар түк көрінбейтін лай су сияқты болған. Олар тыныштық сақтай отырып, ласты тазаға айналдыра алатын. Олар, өздерінің шеберлігімен мәңгі қозғалысты баяулата отырып, өмірге жәрдемдесетін. Олар даоны ұстанған және көп нәрсені қажет етпеген. Көпті қажет етпей, олар бас нәрсені қанағат тұтқан және жаңадан ешнәрсе жасамаған.
16
Тыныштықты сақтай отырып (өз жүрегіңді) барынша батылдандыру қажет, сонда барлық заттар өз-өздігінен өзгеріп отырады, ал бізге тек олардың қайта айналып келуін бақылау ғана қалады. (Әлем) көптүрлі заттарға толы, бірақ (олардың барлығы) өз бастауына қайта оралады. Бастауға қайта оралу тыныштық деп аталады, ал тыныштық мәнге оралу деп аталады. Мәнге қайта оралу тұрақтылық деп аталады. Тұрақтылықты білу (айқындылыққа жету) деп аталады, ал тұрақтылықты білмеген ретсіздікке, (ақырында) зұлымдыққа әкеледі. Білгір адам ылғи кемелдікке жетеді; кімде-кім кемелдікке жетсе, сол әділ болады; кімде-кім әділдікке ие болса, сол патша болады. Патша болған адам аспанға табынады. Аспанға табынған, даоны ұстанады. Кімде-кім даоны ұстанса, ол – мәңгі және өмірінің соңғы күніне дейін (ондай патша) қауіп-қатерге ұшырамайды.
24
Кім аяғының ұшына көтерілсе, сол ұзақ тұра алмайды. Кім үлкен адымдар жасаса, сол алысқа бара алмайды. Өзін жарыққа ұстаған жарқырамайды. Өзін мақтаған даңққа жете алмайды. Шабуылдаған жеңіске жетпейді. Өзін-өзі дәріптеген басқалардың арасында беделді бола алмайды. Егер даоға сүйенсек, бұл артық ықылас және пайдасыз жүріс-тұрыс деп аталады. Ондайларды барлық тіршілік иелері жек көреді. Сондықтан даоға ие болған адам ондай қылықтар жасамайды.

25
Міне, хаоста туған, аспан мен жерден бұрын жаралған зат! О, дыбыссыз!
О, кескінсіздік! Ол өзі жалғыз тұрады және өзгермейді! Барлық жерге әсерін тигізеді және кедергіге кездеспейді. Оны Көк аспан аясындағы әлемнің анасы деп атауға болады. Мен оның атын білмеймін. Иероглифпен белгілеп, оны дао деп атаймын; өздігімнен ат бере отырып, оны ұлы деп атаймын. Ұлылық – ол шексіз қозғалыста. Шексіз қозғалыстағы шекке жетпейді. Шекке жетпей, ол өз бастамасына қайта оралады. Міне, сондықтан дао – ұлы, аспан ұлы, мемлекет басшысы да – ұлы. Әлемде төрт ұлылық бар, мемлекет басшысы да олардың ішіне кіреді.
Адам жердің заңдылықтарын ұстанады. Жер аспанның заңдылықтарын ұстанады. Аспан даоның заңдылықтарын ұстанады, ал дао өз-өзін ғана ұстанады.
26
Ауырлық жеңілдіктің негізі болады. Тыныштық қозғалыстың негізі болады. Сондықтан кемеңгер данышпан күні бойы адымдап, ауыр жүгі бар арбадан алыстамайды. Ол тамаша өмір сүрсе де, ол өмірге терең бойламайды. Неліктен он мың арбаның иесі әлемге менсінбей қарайды? Елемеушілік оның негізін қиратады, ал асығыстық биліктен айырады.
27
Адымдай алатын ізін қалдырмайды. Сөйлей алатын қателік жібермейді. Кімде-кім санай алса, сол санауыш құралды пайдаланбайды. Кімде-кім есікті жаба алса, сол есікке құлып салмайды және оны аша алмастай етіп қатты жабады. Кімде-кім түйіншектеп байлай алса, сол жіпті пайдаланбай, бірақ мықтап шеше алмастай етіп байлай алады, сондықтан кемел дана адмдарды әрқашан шеберлікпен құтқара алады және оларды тастап кетпейді. Бұл терең даналық деп аталады. Сөйтіп, қайырымды – қайырымсыздардың ұстазы, ал қайырымсыздар оның тірегі болып табылады. Егер қайырымсыздар өз ұстазын бағаламаса, ал қайырмды өз тірегін жақсы көрмесе, онда олар, өздерін зерделіміз деп есептесе де соқырлыққа душар болғаны. Міне, осы маңыздырақ және тереңірек.
28
Кімде-кім өзінің ержүректілігін біле отырып қарапайымдылықты сақтай алса, сол тау бұлағына сай, ол елде басты адам болады. Кім елде басты адам болса, сол ешқашан дэні жоғалтпайды және сәбилікке оралады. Кім думандылықты біле отырып, өзіне тән әдептілікті сақтай алса, сол басқаларға үлгі бола алады. Кім басқаларға үлгі болса, сол тұрақты дэнің қасынан алшақтамайды және бастапқы қалыпқа оралады. Кім өзінің даңқтылығын біле отырып өзі үшін белгісіздікті сақтаса, сол елде басты адам болады. Кім елде басты адам болса, сол тұрақты дэнің кемелдігіне жетеді және табиғилыққа оралады. Табиғилық ыдыраған кезде, ол кемелденген данышпан қолданатын құралға айналады және ұлы тәртіп бұзылмайды.
29
Егер кімде-кім елді күшпен бағындырмақ болса, онда, меніңше, ол өз мақсатына жете алмайды. Ел қол тигізуге болмайтын ғажайып құмыра тәрізді. Егер кімде-кім оған қолын тигізсе, сол сәтсіздікке ұшырайды. Егер кімде-кім оны қолға түсірсе, сол оны бәрібір жоғалтады.
Сондықтан кейбір тіршілік иелері алға басады, басқалары оның соңынан ереді, біреулер гүлдейді, біреулер қурайды; біреулер бекінеді, біреулер әлсірейді; біреулер пайда болады, біреулер қирайды. Сондықтан кемеңгер данышпан қанағатсыздықтан арылады, байлық пен шашпалықтың көзін жояды.
30
Кім елге дао арқылы қызмет етсе, ол басқа елдерді әскердің күшімен жеңбейді, өйткені ол өз басына тууы мүмкін. Әскер жүріп өткен жерде шомырт пен тікенек қана өседі. Үлкен соғыстардан кейін аштық жылдары басталады. Шебер қолбасшы жеңіске жетеді де, сонымен тоқтайды және ол зорлық-зомбылық жасауға батылы бармайды. Ол жеңіске жетеді және өзін мадақтамайды. Ол жеңіске жетеді, өйткені оны оған мәжбүрлейді. Ол жеңеді, бірақ ол соғысқұмар емес.
Күш-қуатқа толы тіршілік иесі қартайған кезді даоның жоқтығы деп атайды. Даоны ұстанбаған адам өз уақытына жетпей өледі.
31
Жақсы әскер – бақытсыздық тудыратын құрал, оны барлық тірі жан жек көреді. Сондықтан даоны ұстанатын адам оны қолданбайды.
Текті қолбасшы бейбітшілік кезінде көрші елдермен қатынасында жақсы болуға тырысады және тек соғыста ғана күш қолданады. Әскер – бақытсыздық құралы, сондықтан текті қолбасшы оны қолдануға тырыспайды, ол тек оны мәжбүрлеген кезде ғана қолданады. Ең бастысы, тыныштық сақтау керек, ал жеңіске жеткен жағдайда өзіңді мадақтамау керек. Өзіңді жеңіспен мадақтама, бұл – адамдардың өліміне қуану. Кім адамдардың өліміне қуанса, сол елде жанашырлыққа ие бола алмайды.
Аман-есен болу сыйлаушылықтан туады, ал бақытсыздық зорлық-зомбылықтан пайда болады.
Сол жаққа флангтардың әскер басылары сапқа тұрады, оң жақта қолбасшы тұр. Оларды жерлеу рәсімімен қарсы алу керек дейді. Егер көп адамды өлтірсе, онда қатты жылау керек. Жеңісті жерлеу рәсімімен атап өту керек.
32
Дао мәңгілік және атаусыз. Ол өте кішкене болғанмен, әлемде оны ешкім өзіне бағындыра алмайды. Егер ақсүйектер мен елбасылары оны ұстанса, онда барлық тіршілік иелері өздігінен ұстамды болады. Онда аспан мен жер үйлесімділікте бірігеді, бақыт пен жетістік келеді, ал халық бұйрықсыз тынышталады.
Тәртіп орнаған кезде атаулар пайда болады. Атаулар пайда болғандықтан, оларды қолданудың шегін білу керек. Шекті білу қауіптен арылуға мүмкіндік береді.
Дао әлемде бар кезде тау бұлақтарының өзендер мен теңіздерге құйғаны сияқты тіршілік иелерінің барлығы оның құшағына енеді.
33
Адамдарды білетін адам – зерделі. Өзін білетін адам – білімді. Басқаларды жеңген мықты. Өзін жеңген құдіретті. Молшылықты білген бай. Кім қажырлықпен әрекеттенсе, сол жігерлі. Кім өз табиғатын жоғалтпаса, ұзақ өмір сүреді. Кімде-кім өлсе де ұмытылмаса, сол мәңгі.
34
Ұлы дао шартарапқа тарайды. Ол оң жақта да, сол жақта да бола алады. Оның арқасында барлық мән пайда болады және өзінің өсуін тоқтатпайды. Ол ерліктер жасайды, бірақ даңқты тілемейді. Барлық тіршілік иесін махаббатпен тәрбиелей отырып, ол өзін билеушімін деп есептемейді. Оның ешқашан өзінің жеке ықылас, тілегі болмайды, сондықтан оны түкке тұрмас деуге болады. Бірақ мән соған қайта оралады, сөйтсе де өзін олардың билеп-төстеушісімін деп санамайды. Оны ұлы деп атауға болады. Ол ұлы болады, өйткені ешқашан өзін сондаймын деп есептемейді.
35
Даоның ұлы бейнесі болып саналатын адамға бүкіл халық келеді. Адамдар келеді, ал ол адамдарға зияндық жасамайды. Ол адамдарға бейбітшілік, тыныштық, музыка және азық әкеледі. Тіпті жиһангер де оның үстіне тоқтайды.
Дао ауыздан шыққан кезде ол дәмсіз, татымсыз. Ол көрінбес, оны ести де алмайсың. Қимылы таусылмайды.
36
Бір нәрсені қысу үшін алдымен оны созу керек. Бір нәрсені бәсеңдету үшін алдымен оны қатайту керек. Бір нәрсені құлдырату үшін алдымен оны гүлдендіру керек. Бір нәрсені біреуден тартып алу үшін алдымен оған соны беру керек. Бұл терең ақиқат деп аталады. Жұмсақ пен әлсіз қатты мен күштіні тудырады. Балықтың тереңдікті тастап кете алмайтыны сияқты мемлекет де адамдарға өзінің жетілген басқару тәсілдерін көрсетпеуі керек.
52
Аспан астында бастау бар. Ол – аспан астының анасы. Анасы әбден танылған кезде, оның балаларын да білуге болады. Оның балалары белгілі болған кезде тағы да олардың анасын еске алу керек. Сонда (адамның) өмірінің соңына дейін қауіп болмайды. Егер (адам) өз талап-тілектерін тастап, құмарлықтарынан арылса, онда ол өмірінің соңына дейін шаршамай, білмей өтеді. Егер ол өз құмарлықтарынан арылмаса және өз істеріне батып кетсе, онда (бәледен) құтылуы мүмкін емес.
Өте ұсақ нәрсені көру – қырағылық деп аталады. Әлсіздікті сақтай білу – құдіреттілік деп аталады. (Даоның) нұрына еру, оның терең мағынасын танып-білу (адамдарға) бақытсыздық шақырмау – міне, бұл тұрақтылықты сақтау болып табылады.
53
Егер мен білімді болсам, онда үлкен жолмен жүрер едім. Мен қорқатын жалғыз нәрсе – бұл тар соқпақтар. Үлкен жол өте түзу, бірақ халық соқпақтарды ( ұнатады) қалайды.
Егер сарай сән-салтанатты болса, онда егіс далаларын арам шөп жайлайды және астық қоймалары мүлдем бос болады. Ақсүйектер сәнді матаға оранады; өткір қылыш тағады; (қарапайым) тамаққа қанағаттанбайды және артық байлық жинайды. Осының барлығы қарақшылық және мақтаншақтық деп аталады. Ол даоны бұзу болып табылады.
54
Кім нық тұра алса, оны төңкеру мүмкін емес. Кім сүйеніп тұра алса, оны құлату мүмкін емес. Ұлдары мен немерелері оны мәңгі есте сақтайды.
Кім өзі ішінде (даоны) жетілдірсе, оның қайырымдылығы шынайы болады. Кім (даоны) жанұясында жетілдірсе, оның қайырымдылығы көл-көсір болдаы. Кім (даоны) ауылда жетілдірсе, оның қайырымдылығы кең байтақ болады. Кім (даоны) патшалықта жетілдірсе, оның қайырымдылығы бай болады. Кім (даоны) аспан астында жетілдірсе, оның қайырымдылығы жалпылық болады.
Өзіңді тану арқылы басқаны танып-білуге болады. Бір отбасы арқылы қалғандарын танып-білуге болады; бір ауыл арқылы басқаларын тануға болады. Бір патшалыққа қарап, басқаларын танып — білуге болады. Бір ел бойынша бүкіл Көк Аспан аясын танып-білуге болады. Көк Аспан аясының осындай екенін мен қалай білем? Солай істеу арқылы.
55
Кімнің бойында жетілген дэ болса, сол жаңа туған нәрестеге ұқсас. Улы жәндіктер мен жыландар оны шақпайды. Қаһарлы аңдар оны ұстап алмайды, жыртқыш құстар оны шоқымайды. Оның сүйектері жұмсақ, бұлшық еттері әлсіз, бірақ ол (даоны) мықты ұстайды. Екі жыныстың одағын білмесе де, ол күш-қуат беру қабілеттілігіне ие. Ол өте қырағы. Ол күні бойы айғайласа да, оның дауысы өзгермейді. Ол өте үйлесімді.
Үйлесімділікті білу тұрақтылық деп аталады. Тұрақтылықты білу данышпандылық деп аталады. Өмірді байыту бақыт деп аталады. Сезімдерді бағындыруға тырысу табандылық, жігерлік деп аталады. Күш-қуатқа толы тіршілік иесі қартайса, бұл даоның бұзылуы деп аталады. Кім даоны бұзса, ол уақытынан ерте қаза болады.
56
Білетін адам сөйлемейді. Кім сөйлесе, ол білмейді. Кім өз арман-тілектерін қалдырса, құмарлықтарынан бас тартса, сол өзінің қырағылығын жоғалтады, өзін хаостықтан босатады, өз жарқылын шектейді, өзін тозаңға теңейді, тереңдіктің тереңдігі болып табылады. Онымен туыстасу үшін оны жақындату мүмкін емес; оны елемеу үшін жақындатуға болмайды; оны пайдалану үшін жақындатуға болмайды; оны жоғары көтеру үшін жақындатуға болмайды; оны кеміту үшін жақындатуға болмайды. Міне, сондықтан ол Көк Аспан аясында сыйлы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *