
Тәлім, тағлым, тәрбие туралы
Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің.
Тең-теңімен, тезек қабымен.
Қызым, саған айтам,
Келінім, сен тыңда.
Тауда туған баланың,
Екі көзі таста болар.
Ашаршылықта туған баланың,
Екі көзі аста болар.
Атаңа не қылсаң,
Алдыңа сол келер.
Атасын сыйлаған абыройға бөленер.
Алдыңғы арба қайда жүрсе,
Соңғы арба сонда жүрер.
Атасы мылтық атқанның баласы оқ жонар.
Сүт сүйек өсіреді.
Ағайынға қарап бала өсер,
Қарағайға қарап тал өсер.
Тасты бассаң кетілер,
Шымды бассаң жетілер.
Тісі шыққан балаға,
Шайнап берген ас болмас.
Орман аралаған үйші болар,
Ел аралаған сыншы болар.
Жорғаның тері кеппес,
Еркенің көз жасы кетпес.
Сұрай-сұрай Меккеге барады.
Жығылсаң нардан жығыл.
Асқанға аспан да аласа.
Төрде орын болғанда, есікте отырма.
Бүгінгінің ертеңі бар.
Алуан-алуан жүйрік бар,
Әліне қарап шабады.
Батар күннің атары бар.
Барға қанағат ет.
Күш – білімде.
Көкке бір кісі ұшады,
Етегіне мың кісі сыяды.
Әркімнің шыққан тауы биік.
Құс жеткен жеріне қонады.
Алғыға қарап, пікір ет,
Артқыға қарап, шүкір ет.
Көрмегенге көсеу таң.
Көзі соқырдан қорықпа,
Көңілі соқырдан қорық.
Көп біл, аз сөйле.