
Ер-азаматқа
Әумин десең, міне, бата,
Қолдасын Қыдыр Ата.
Қыдырың қияласын,
Періште ұяласын.
Ел шеті жаусыз болсын,
Ел іші даусыз болсын!
Өрісің мықты болсын,
Қонысың құтты болсын!
Артқаның түйе болсын.
Сауғаның бие болсын!
Көргенің көген болсын,
Айтқаның өлең болсын!
Кигенің күпі болсын
Мінгенің жылқы болсын!
Ырысың тасып тұрсын,
Абыройың асып тұрсын!
***
Жортқанда, балам, жолың болсын,
Өмір-жасың ұзақ болсын!
Қатарынан озған ерен бол,
Сынай қалса, құлақ сал,
Мақтай қалса, керең бол!
Теңіздей терең бол!
***
Жақсының қадірін біл,
Кәрінің әділін біл!
Өнегеңді қазық ет,
Ақылыңды азық ет!
Сағың сынбасын
Бағың нұрлансын!
***
Біле білсең адам үшін бақыт көп,
Таң сияқты тұрар саған атып кеп.
Сені өсірген алақанды жырлатып,
Анаң болса, айналайын, бір бақыт.
Қамқорлығы қанат берген шырқатып,
Әкең болса асқар таудай бір бақыт.
Бұл да бақыт – жалғыздықты жазбаса,
Бақыт сол ғой – жас үмітің маздаса.
Бақыттысың – ардан безіп азбасаң,
Бақыттысың – біреуге ор қазбасаң.
Жаныңдағы жақсылықты ұрлатып
Алмай, өссең – бұл да саған бір бақыт.
Алысқанда қасың саған тіл қатып.
Әлсіздігін мойындаса – бұл бақыт.
Жылағанның жасын сүртсең құрғатып
Бұл да, балам, бойыңдағы бір бақыт.
Демек балам, жаманатқа таңылма,
Тірлігіңде бақытыңнан жаңылма.