БИҒАҢ

БИҒАҢ

Кезекті демалысымды алып, ауылға келе жаттым. Сонымен Алматыдан тым ерте, елең-алаңнан ұшып шығып, Өскеменнің аэропортына қонғанымызда, күн арқан бойы көтеріліп қалған. Ығы-жығы халық тым көп екен – біреуді-біреу біліп болмайтын қайшыласқан ел. Аэропорттың іші қапырық, адам иісі – терден тұншығып өліп кете жаздайсың. Таң-ертеңгілік салқынтымда осындай, қолқаны қабар тымырсық күн төбеге көтерілгенде не күйде болар екен деп ойлап тұр едім, бүйірімнен біреу түртеді. Мынандай күлімсі күнде күлкісі келіп, ойыны тасып тұрған кім екен дегендей жалт қарасам – Биғаң, кəдімгі өзіміздің ауылдағы елу жылға сотталып, екі жылдай отырып, есен-сау оралған Биғаң, біздің ауылдағы орыстан келіншек алып, одан он бір бала сүйіп отырған – Биғаң; жылына екі-ақ ай жұмыс істеп (онда да тек жаз айында, пішеншілерге аспазшы болатын), қалған күндері қыста қоянға тұзақ, жазда, көктем мен күзде балыққа ау құрып жүретін саппас Биғаң; ғұмырында ренжімейтін, дүние өртеніп бара жатса саспайтын, дүниенің қайғысы мен қуанышын бөліп-жармайтын мең-зең, ұйқылы-ояу Биғаң;
«Мына Шөкең алтын адам ғой, қадірімді өлген соң білесіңдер», – деп секек қағып жүретін тынымсыз, бір жерге үлкен кісі болып, құйрық басып бес минут отыра алмайтын Биғаң… Биғаң… Биғаң…
– Ой, Орашжан, жаман құдаңды танымай қалдың ба? Бəкең ғой, – деп төсін қақты. Мен, шынында да, состиып, ыңғайсыздау тұрып қалған екенмін, амандасып қол бердім. Ал ол алақанын ұсынбады.
– Таңертең ерте тұрып, беті-қолымды жумаған едім, – деді. Бəрібір сенген жоқпын, ол кісінің əр нəрсені əдейі қырсықтанып істейтінін бала жастан білетінмін.
– Денсаулығың қалай, аға? – дедім.
– Шүкір, – деді тықыршып. – Қара сиырдың қамы… бала-шағаның наны…
– Балаларыңыз сол баяғы…
– Иə, сол баяғы он бір… екі жыл болды одан əрі жылжымай тұр.
Мен күлдім. Ал ол үндеген жоқ, қолтығына қысқан жеті тиынның ас тұзын ыңғайлырақ етіп ырғай орналастырды да, маған:
– Қашан келдің? – деді. Сонсоң рақаттана есінеді де, менің жауабымды күтпестен:
– Таңдайымда бір жабысқақ шөл бар, ағайын, – деді. Мен түсіндім, түсінгенімді ол да түсінді, түсінісудің белгісі ретінде екеуміз де өп-өтірік күлдік.
…Ол тартып жіберді де, жеңін иіскеді. Суық судак ұсынып едім, жемеді. Тағы да жеңін құшырлана иіскеді де:
«Привычка ғой», – деп столдың шетіне қойған тұзды қолтығына қайта қысты. Менің екі көзім, есіл-дертім сол бір қорап жеті тиындық тұзда. Ақыры, шыдай алмайтын болған соң:
– Биға, – дедім.
– Шөкең тыңдап тұр, – деп кеудесін қақты. Əй, азаматым-ай, дамылдай алмай тықыршып тұр.
– Шыңғыстайда ас тұзы көптен жоқ па?
– Неге, толып жатыр.
– Ендеше, анау қолтығыңыздағы не?..
– Мынау ма, ой, құдай-ай, сен де қайдағыны көресің. Бұл – Өскеменнің тұзы ғой. Өзің білесің, Шөкеңнің тұңғыш қызы осы қалада тұрмыста. Өзің білесің, Шөкең сол үлкен қызы сырқаттанып қалды деген соң, соған барып, міне, қайтқалы айрплан тосып тұр; өзің білесің, Шөкеңнің он бір баласы бар. Шөкеңнің өзі жұмысты түске дейін істейді, түстен кейін аштан өлсе де істемейді. Нинаның, жеңгеңді айтамын, бала оқытып алатын айлығы, мені қосқанда он екі балаға жете ме? Жетпейді. Кəмпит сатып алуға тиыны құрғыр жоқ болды. Тіпті алған күннің өзінде көп баланы тойдыра аласың ба? Папалап алдымнан шыққанда, ұялып қалмайын деп, тым болмағанда ауыздарының дəмін алсын деп, бір пашка тұз сатып алдым, əйтеуір, қаладан алдым ғой… (есінеді).
Аудан орталығынан ауылға дейін автобуспен бірге бардық. Биғаң жол бойы ішек-сілеңді қатырып күлдіріп, өткен жазда Мылтыққарағайда шөп шауып жүріп, ұзындығы екі метр жылан ұстап алғандығын, содан соң оның аузынан жел үрлеп шермитіп, қалай жарып жібергендерін ертегі-жыр ғып айтты. Бір ерекшелігі, Биғаң əңгіме айтқанда кішкентай балалар секілді екіленіп, екі көзі жайнап, «бəлем, бар ғой, иə», «ана бар ғой, иə», «құдайға анық», «сенбесең пəленшелерден сұра», тіпті оқта-текте қызып кетіп, «тошно пионерлік сөзім» деп тамсанып өз-өзінен қарғана жөнеледі екен.
– Ей, Ораш-ай, – деді автобус ауылдың шетіне ілінгенде. – Біз не көрмедік, баяғыда бір əйел айтқан екен: «мен не көрмедім, қасқыр да қамады, Байсал да (байы ғой) сабады» деп. – Ал енді, құда бала, сау бол, – деді Биғаң қолын ұсынып. Мен жымидым. Бағана таңертеңгі «беті-қолымды жумаған едім» деген сөзі есіме түскен.
Өз үйім – өлең төсегім дегендей, аунап-қунай бергенім сол еді, біздің сықырлауық есік ашылып, əлдекім кірді. Даусын естіп жатырмын.
– Саусың ба, құдағи! Қол-аяғың қақсағанды қойды ма?
– Шүкір. Күн бұлттанса болды, зар қақсатады.
– Биыл құрғақшылық қой, бақытыңызға орай.
– Ой, саудайы, – деді шешем, – кеміріп, жеп түсіріп тастаса да күн жауса екен, жердің де, елдің де кенезесін кептірмей.
Төргі бөлмеден шықтым. Биғаң екен, ізімді суытпай келіп қалыпты. Мені көріп орнынан ұшып түрегелді.
– Оу, құда бала, қашан келдің? (Амандасты). Апыр-ай, құдағи-ай, ұлыңның келгенін айтпай, дəтіңіз қалай шыдап отыр.
– Енді сүйінші сұрайын ба? Көрген шығар дедім.
– Қайдан көрейін, Өскеменнен жаңа келдім.
– Ораш та Өскемен арқылы келген жоқ па. Кіргені осы.
– Басқа рейспен ұшқан шығар, – деген Биғаң маған қарап көзін қысты. Қолтығындағы жеті тиынның тұзы əлі жүр екен, тегі, үйіне бармаған секілді. Шешем көкейіңді тескен осы шығар дегендей, үлкен қырлы стаканды шөпілдете құйған арақты алдына қойды. Биғаң сасқалақтаған болды.
– Үйбай-ау, құдай-ау, мынауыңыз не? Мен дегенің…
– Жə, бұлданбай іше сал, – деді шешем. Суық ет əкелді.
– Мені бір ішкіш ойлайсыз-ау. Осы ақмағанбетті ішпей қою қолдан келеді. Тіпті ішпей-ақ қояйыншы (Стаканды қолының сыртымен ары ысырып қойды). Ал татпадым. Өле қалсам да ұрттамадым. Ей, ащы су, (араққа қарап ернін шығарды) сен итті мына Шөкең менсінбей қойды, қылатыныңды қылып ал. Уа, құдағи, көрдіңіз бе, Шөкең қандай шыдамды, (екі алақанымен санын шапалақтады) ура, Шөкең арақ албастыны жеңді. Ал ішпедім, ішпедім ғой осы. Ал, құдағи, бүкіл елге жар салыңыз, жуыңыз, тіпті той жасаңыз, Шөкең арақты мүлдем қоя алады екен. (Стаканға қарап тағы ежірейді). Əкеңнің… көзі көгеріп кісіге қарайды-ей өзі. Қарашы, қылмыңдауын, пішту, оныңнан түк шықпайды, сайқал, ырбаңдама, бəрібір менсінбеймін (екі көзін тас қылып жұмып алды), мə, саған керек болса, көрмей қояйын бəлем.
– Биғаш-ау, əкем, – деді шешем, – өз-өзіңді қинап қайтесің.
– Əне, өстіп зорлайсыңдар енді, – көзін ашып жіберді. – Дегенмен, осы ит маған жағатын секілді. – Стаканды ақырын ғана алып алдына қойды. Сипалап отырып: – Құдағи, айтыңызшы, Шөкең ішіп мас болып, көшеде құлап қалғанын көрдіңіз бе?
– Көргем жоқ.
– Құдағи, айтыңызшы, Шөкең мас болып біреумен төбелескенін, не болмаса əйелін, бала-шағасын сабады дегенді естідіңіз бе?
– Естіген жоқпын.
– Құдағи, айтыңызшы, Шөкең арақ ішіп ауырды дегенді естідіңіз бе?
– Жоқ, құдай. Денсаулығың əзірше жақсы ғой.
– Олай болса, құдағи, айтыңызшы, мал-жанымды сатып, ішімдікке салынғанымды көрдіңіз бе? Міне, елу жыл.
– Көрген жоқпын.
– Ендеше, құдағи, айтыңызшы…
– Жетер, – деді «құдағи» аса бір қажыспен, – шаршадым, шаршаттың…
– Ендеше, құдағи, жақса… неге ішпеймін. Стаканды аузына апара берді де:
– Əй, ішпесем ішпей-ақ қояйыншы, – деп тағы да кейінірек апарып қойды. Содан соң өзі столдың шетіне иегін тіреп, анау мөлдіреген араққа мөлиіп қарады-ай.
– Ішсең де, ішпесең де өзің біл, – деп, шешем орнынан тұрып кетті. Мен болсам Биғаңның мінезіне əрі таңданып, əрі аяй қарадым. «Шынымен-ақ ішпей қояр ма екен» деп ойлаймын.
– Жоқ, – деді Биғаң саңқ етіп. Оқыс дауыстан шешем жүгіріп келді.
– Не болды? Шошып кеттім ғой, түге.
– Бұл ит, ақаңды айтам, маған жағады екен. Ішпесе болмас.
Қырлы стаканды жалғыз-ақ төңкеріп ұрттады да, аузында қалғанымен ұртын шайып-шайып жұтынып қалды. Сарт-сұрт шыға жөнелді.
– Уһ, қожанасыр-ай, маңдайымнан тер шығарып жіберді ғой, – деп, шешем сылқ етіп отыра кетті.
Мен де жіпсіп, əлгі арақты өзім ішкендей болып тұр едім.
Ертеңінде Биғаң көп баласының бірінен бір шымшым тұз беріп жіберіпті. Қаладан əкелген дəм ғой…

Оралхан Бөкей

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *