ИҒАҢ…

ИҒАҢ…

Еріншек-ақ кісі еді…
Еріншек болғанда дəл сондай, алдындағы асты алып жеуге ерінетін адамды көрген де бар, көрмеген де бар.
Ұзын бойлы, қапсағай денелі алып адамды біздің ауылда Иғаң дейді. Иғаң Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысқан, қатысқанда да, анау-мынау жаяу солдатың емес, полуторка машинасымен ту-у-у Берлинге аман-есен жетіп қайтқан, бірақ жаудың бірде-бір атқан оғы, не жарылған снаряды дарымаған, бүгінгі заманның нағыз Алпамыс адамы. Сонысына қарамай, орден-медальдары өте аз еді, тым қораш болған соң қорына ма, мереке-тойларда салдырлатып тақпайтын-да. Иғаңның жауған оқ, жанған оттың ортасынан есен-сау оралуы, əлгі кісі басына бермес масқара еріншектігі ме-ау деп қаламын. Кім білсін. Ол да бір адам баласына жат емес мінез шығар.
Иғаң соғысқа бармас бұрын, бозбала шағында қара нардай күшті, жауырыны жерге тимес балуан болған екен деп еститінбіз. Өтірік-шынын қайдам, ол кісінің қазіргі қауқары мəз емес, даң-дұң, ию-қиюдан аулақ жүретін жалтақ, маған тіпті жасықтау да болып көрінетін-ді. «Күші соғыста қайтқан ғой» деседі жұрт Иғаңнан көңілі суымай. Баяғыдай арыстанша атылар мықтылықты замандастары бəрібір аңсайтын.
Ол кісінің менімен даң құрдас ұлы болды. Тегінде, Иғаңда бала басы, шүкір, баршылық: үш қыз, төрт ұл. Өзі алпамсадай болғанымен, əйелі Биғайни өте əлсіз, ілмиген арық, аурушаң адам еді. Тесік өкпесін сүйреп, күрк-күрк жөтеліп, таңертеңнен кешке дейін жез самаурынның оттығын шұқылап, дода-дода бықсып отырушы еді жарықтық. «Мынау жарық жалғанның шуағына қыздырынбай-ақ аттанды ғой байғұс», – деп аяйтын менің шешем (өзі де жетісіп жүр ме).
Менімен даң құрдас ұлы Серікпен ойнап, Иғаңның үйіне жиі барамын. Ең таңғалатыным, берген сəлеміңді ғұмырында алмаушы еді. «Естідім» деп, аюдікіндей алақанын сермей салатын. Үйлеріне қашан, қай мезгілде барсам да, төр алдындағы жыртық-жыртық қырық жамау көне сырмақтың үстінде əскерден киіп келген гимнастеркасын жастанып, теріс қарап тоңқайып ұйықтап жатар еді. Қорылдап барып «пу» деп үрлеп, ақырын ысқырықпен аяқталатын соншалық кəперсіз, ұятсыздау ұйқыны – сиырдың мөңірегені, баланың жылағаны мен иттің ұлығаны – қысқасы, бұл ауылдың ешбір айғай-ұйғайы бұзуы мүмкін емес-ті. Тіпті оқыстан оянып кеткен күннің өзінде, қиянаттап, өз-өзінен боқтанып, шаптығып əйелі мен балаларына бүйідей тиісер еді. Ондай сəтсіз сəтте тек үндемей құтылу керек. Əкесінің ұйқысынан ояту əдісті тек менің құрдасым Серік қана білуші еді. Ол ақырын баспалап баратын да, машина болып дүрілдеп ала жөнелетін. Бес жыл бойы қаратемір – мотормен, бүгінде ауылда жарық берер дизельмен алысып, өмірі, жастығы – бəрі-бəрі дүрілдеп өтіп бара жатқан Иғаң селк етіп шошып оянып, атып тұратын. Ондайда Серік тұра қашады, əкесі жұлығы ағарып, ағаш шегесі ақсиып кеткен етігін жібереді соңынан. Етік баласынан гөрі, үнемі есік көзінде жылтиып сүйек-саяқ аңдып жатар (оның өзі жылына бір-екі-ақ рет), төрт көз, сары аяқ итті қан қақсататын…
Міне, біздің баяғыда бас балуан, солдат-шофер Иғаңның елуінші жылдардағы тірлігі осындай еді.
Иғаңның қос бөлмелі тоқал ағаш үйінің сырт пошымы қандай сұрқай болса, іші одан бетер: төргі бөлмеде іліп алар еш нəрсе жоқ. Шоқпыт-шоқпыт көрпе жабылған сықырлауық ағаш төсек (оның да сирағы əлдеқашан сынып, астына кеспелтек ағаш қойған); ол төсектің белі жоқ, тақтай төселген, таңертеңнен кешке дейін тамам балалары ойнайды да, түнде Иғаңның өзі ұйықтайтын. Ал басқалары ішіне шөп тығылған бөстекті көлденеңінен төсеп, жата-жата қалатын. Байғұс Биғайни тəтеміздің қай жерге ұйықтап жүргенін күні бүгінге дейін білмеймін. Үйге кіріп барғанда, сол жақ бұрышта – əбден тозығы жетіп, тесіліп қалған, мойны қылдырықтай темір пеш бар. Қысы-жазы көмейіне отын тығып жаға берген соң, ыза болып, ашу шақыра ма, қызара бөртіп, селкілдеп тұрар еді. Əсіресе, жаздың шыжыған шілдесінде лаулата өртеп от жаққанда, аядай бөлменің іші моншаға айналады екен… Не себептен далаға…
– Жазда тамақты далаға пісірейік десем, əкем ұрысады, – деді Серік маған. – Өрт жіберіп аласыңдар дейді.
Бүкіл ауыл өртеніп кетпей қалай отыр деп ойлаймын мен. Бүкіл ауыл тіршілік қамымен қора-қопсысын түзеп, бақшасына картоп салып арпалысып, қысқа дайындық жасап жанталасса… Иғаң ысқырып қойып, теріс қарап дүңкиіп ұйықтап жатар еді.
– Əкесінің аузын ұрайын мал-жанның… – дейтін есінеп-құсынап, – …күні ертең баяғыдай соғыс болып кетсе, бəрі де сасып артыңда қалады.
– Бала-шағаң бар ғой, батыр-еке…
– Олар өз несібесін өзі тауып жесін. Мен əке-шешеден бес жасымда қалғанмын, сонда да аштан өліп, көштен қалғаным жоқ. Құдайға шүкір, «Палуан Иғаң» атандым.
Құрдастары: «Сенің палуандығыңды ұрайын, əйелің аштан жығылғалы жүргенде», – деп күңкілдер еді. Ондай нəумездіктерін өзіне ескертіп қаттырақ айтуға сескенер еді.
Күн батып, мал өрістен қайтып, ымырт үйіріле, Иғаң көшенің май топырағын шаңдата балп-балп басып, станция жаққа беттеп бара жатар. Бір қызығы, күнде көріп жүрсе де, бұл ауылдың мұқым иті, Иғаңды көрсе, жер тарпып, түгел үретін. Ал Иғаң палуанның көңіл күйі келмеген, бір самауыр шайды сораптап жалғыз өзі сарқып тауыспаған күні, бұл ауылдың шамы көпке дейін жанбайтын. Ондай сəтте: «Ішіңді ұрайын, қабағы бүгін келіспеген екен, шақырып шай бермесек, қараңғыда қалармыз», – деп құрдастары құрақ ұшар еді.
Алтайға қоңыр күз келіп, шаруашылық етек-жеңін жинай бастаған шақ. Абыр-сабыр саябыр тауып, ел ептеп еріге бастаған. Əр үйдің ауласында қатарлап тізген отын, маялап үйген шөп. Қарбалас тек бақшада ғана қалған секілді. Картоп жинау науқаны басталғанда, Иғаң бəрінен тысқары, тегі, ұйықтап жатқанға ұқсайды. Əйелі Биғайни үш қызын ертіп, сүйегін сүйретіп жүріп көршілердің жемісін жинасып, əр үйден шелек-шелек картоп тасиды. Бағана Серік тоғайға отынға бармақ болғанда, ерігіп тұрған мен бірге еріп кеткен едім. Екеуміз екі арқа отын əкелдік. Биғайни елден сауғалап əкелген картобын суға қуырып қойған екен, түбі күйіңкіреп кеткен бе, темір пештің үстінде мүңкіп тұр. Үйдің іші көк ала түтін, ыстық, Иғаң үйреншікті орнында қорылдап жатыр. Мен əуестік жеңіп, Серіктен сұрадым:
– Картопты өздерің неге екпейсіңдер?
– Əкем огород қоршап бермейді, – деді мұңайып. – Ал біз бекіте алмаймыз. Тəтем қыстай елден етектеп картоп тасиды.
Бəріміз шайға отырдық. Түтіні бықсыған самаурын келді. Ағаштан жасалған дөңгелек жозыны шыр айналдырып, қолымызға бір-бір кетік қасық ұстап отыра қалдық. Өзіміздің үйде осы картопты майға қуырып берсе, кергіп, аузыма салмаушы едім, бұл үйде жалаң қағып, таласа-тармаса ұмтылғаным қызық. Иғаңды оятты. Көзі-басы іскен палуан ұйқысын аша алмай, мең-зең отырды. Табаданға ешкім қол жүгірткен жоқ. Өйткені бірінші болып үй иесі Иғаң қасық салу керек тамаққа, əйтпесе далаға табаны картобымен, содан соң балаларын бір-бірлеп лақтырады.
Иғаң рақаттана есінеп алды да, үлкен ұлы Серікке:
– Ей, жүгірмек, қолымнан тартшы, – деді. Серік алпамсадай əкесінің тоқпақтай қолынан ұстап, мықшыңдап тартқылаған болды, бірақ түйенің жарты етіндей ауыр əкесін орнынан қозғалта алмады.
– Өзің-ақ тұрып кетпейсің бе, кішкене баланы əурелемей, – деді Биғайни.
– Оттама! – деді Иғаң атып тұрып. – Балаңның бəрі саған тартқан, шикі өкпе, ши борбай, жел соқса, құлап қалатындай аш-арықтар…
Иғаң далаға шығып, көршісінен темекі сұрап тартып, қақырынып-түкірініп келгенше, буы бұрқырап, түбі қарылған картоп қуырылған шойын табаданға бір де біріміз қол салған жоқпыз. Мен ыза бола бастадым. Өз үйімде ешкім жемей, ат-көпір болып жатқан жаман картопқа соншама зəру болып, телміріп, сілекейімді шұбыртып отырғанша, кетіп-ақ қалғым келді. Шынтуайтқа жүгінсек, картопты бағана біздің үй, менің апам бермеді ме?
Иғаң келді-ау, əйтеуір. Төрге кескен теректей гүрс етіп отыра кетті. Содан соң:
– Бастайық! – деді күркіреп. Шойын табаданның шетіне сарт-сұрт соғылған қалайы қасықтар сойқанды майдан ашты. Бірақ бірде-бір «қару» Иғаң жаққа ауысқан жоқ. Бəрі де өз тұсын үңірейте ойып жеп, көршілеріне қол сала бастаған. Биғайни байғұс, əншейінде ақырын қимылдайтын адам, екі рет қатынап қайтамын дегенше, Серік бастаған балалары оның алдын жалғыз-ақ сүріп, қырып-жойып жеп кетті. Енді ол көзі мөлиіп, ерінің – яғни күйеуінің алдындағы əлі тақа таусыла қоймаған картопқа тесіле қарады-ай… Иғаң сасар емес, асықпай асайды, қомпаң-қомпаң шайнайды. Анда-санда қарнын сипап қояды. Тегі, Биғайни шыдай алмады білем, күйеуінің көзі тая бере, табаданға ұмтылып еді, Иғаң:
– Тарт қолыңды табақтан! – деп, айғай салып, қолындағы дəу қасықпен əйелінің білегіндегі тобықты шақ еткізе ұрып жіберді. Менің төбе құйқам шымыр ете түсті. Одан əріге төзімім жетпеді. Жүгіріп үйге келдім. Қара табақ радио сөйлеп тұр екен. Диктор: «Тарт қолыңды!» – деп, əлдекімдерге ескертіп жатыр.
Құлағыма палуан Иғаң қорылы келгендей болды. Иə… соғыстан есен-сау оралғанына шүкіршілік жасайық та…

Оралхан Бөкей

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *