ҚАЗАҚ СӨЗ ӨНЕРІНІҢ ІЛКІ ӨРНЕКТЕРІ ЖƏНЕ ОЛАРДЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫҚ МƏНІ

ҚАЗАҚ СӨЗ ӨНЕРІНІҢ ІЛКІ ӨРНЕКТЕРІ ЖƏНЕ ОЛАРДЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫҚ МƏНІ

Қазақ сөз өнерінің қалыптасу, даму мəселелері қазақ көркем сөзі туралы ғылым аясында едəуір зерттелді, бірқатар еңбектерде монографиялық деңгейде арнайы қарастырылды. Алайда, қазақ шешендік өнерінің, жалпы түркі халықтарының шешендік өнерінің көне   бастау көзі, туу, шығу тарихының ежелгі тегі, оны жасаушылардың байырғы өкілдерінің елдік, елдің егемендігі, мемлекеттік тəуелсіздігі туралы идеялары Орта Азия мен Қазақстанның ғылыми танымында бүгінге дейін тара¬зыға түспеген, пайымдау пəні болып көрмеген қалпында қалып отыр. Орта Азия мен Қазақстан халықтарының шешендік өнерінің туу тарихын, оны жасаушылардың байырғы өкілдерінің өмірі мен өнегесін зерттеудің мұншалық кешеуілдеуі оның ғылыми мəселе ретіндегі қажеттілігінің, мəдениəлеуметтік маңыздылығының төмендігінен емес, ұлттық мəдениеттің түп тамырын зерттеуге, оған терең бойлауға еркін жол ашпаған одақтық саясаттың салқынымен байланысты. Ел жаңарып, ел билеу тəртібі өзгеріп, ұлттық мемлекет ұлттық егемендігін алған шақта, қазақ халқының дəстүрлі мəдениеті мен өнерінің, оның ішінде шешендік өнерінің шығу көздерін, қалыптасу, даму арналарын əлемдік өркениетпен өзектес, Шығыс пен Батыс мəдениетінің өзара байланысы аясында пайымдаудың ғылыми маңызы өлшеусіз зор. Бұл ретте, Орта Азия мен Қазақстан жерін ежелден мекендеген скифтердің батысқа ауып, Қара теңіздің солтүстік өңіріне барып қоныс тепкен бір ұлысынан шыққан ғұлама Анахарсистің шешендік сөздері айрықша бағалы. Оның сөздері бүгінде көне дəуір авторларының грек, латын тілдерінде жазылған, одан орыс тіліне аударылған еңбектері арқылы белгілі болғанымен, олардан Скиф даласының тыныс-лебі есіп тұрады. Ал, скифтердің Орта Азия мен Қазақстан халықтарының, олардың ішінде қазақ халқының да қалыптасу процесінде үлкен орны бар [1. 22 б.] ұлыстардың бірі болғанын ескергенде, скиф Анахарсистің шешендік толғамдары мен қанатты сөздерінің қазақ сөз өнеріне қатысы туралы ғылыми мəселе бой көтеріп шыға келеді.

Анахарсис Скиф даласынан Эллада еліне біздің заманымызға дейінгі 594 жылы келеді [2. 95-96 б.]. Оның шыққан ортасы, өмірі туралы алғашқы деректер Геродоттың «Тарихында» жазылған. «Ариапифаның сенімді кісісі, тыңшы Тимнен естуім бойынша, – деп жазады Геродот, – Анахарсис əке жағынан Скиф патшасы Идантирстің ағасы болып келеді. Сапаргапифтен – Лик, Ликтен – Гнур, одан Анахарсис туған» [3. 76 б.]. Геродоттың мəліметіне қарағанда, Анахарсистің Эллада еліне барып, мемлекет ісіне, даналыққа үйренуі Скиф патшасының тікелей тапсырмасы бойынша болған іс. Анахарсис туралы көне дəуірдің Геродоттан кейінгі ғұламалары да ой айтқан. Олардың жалпы саны жетпіске жуықтайды [4. 3-13 б.].

 

Олардың ішінде Эфор, Страбон, Диоген Плутарх, Платон секілді телегей-теңіз білім иелері бар. Аталған ғұламалар Анахарсисті көне дəуірдің атақты данышпаны, сөз майталманы деп көрсетеді. Əсіресе, оның Солонмен достығы кең көлемде баяндалған, көне грек сөзшеңі,  атақты мысалшы Эзоппен бір дастархан басында бір табақтан дəм татып, тіпті, бірге шарап ішкені де хатқа түскен. Эфор Анахарсистің текті ортада туып, өскенін, əлемдегі атағы жер жарған жеті данышпанның бірі болғанын айта отырып, оның екі тісті якорь, ұста көрігін ойлап тауып, оларды алғаш жасап шығарғанын айтса, Страбон оның өз елінің кішіпейілділік, қарапайымдылық, əділдік сияқты жақсы қасиеттерін бойына терең сіңіргендіктен, эллиндер ортасында үлкен құрметке иеленіп, даңққа бөленгенін жазады [5. §8]. Диоген Лаэртский Анахарсис туралы жазбаларында оны Скиф елінің патшасы Гнурдың ұлы деп, шешесінің элладалық грек қызы екендігін көрсетеді. Анахарсис өз Отанында тамаша тəрбие алып, ана тілінде сөздің майын тамызып сөйлейтін сөз шебері деңгейіне көтеріледі. Сонымен бірге, ол шешесінің үйретуімен грек тілінде жап-жақсы сөйлей білген [2. 95-97 б.]. Анахарсистің ата-анасы жайында, өзінің жастайынан екі тілде сөйлеп өскені, Солонмен бірге жүріп, бірге тұрғандығы туралы Платон да осындай пікірде болған

[6. 63 б.].

Диоген Лаэртский «Атақты философтардың өмірі, ілімі жəне сөздері туралы» деп аталатын еңбегінде көне грек философтарының данышпандар туралы пікірін талдай келіп, Пифагордың данышпан мен данышпандық жайындағы ойларына үлкен мəн береді. Пифагордың айтуы бойынша, данышпан болу оңай нəрсе емес, данышпан болу құдайдың ғана қолынан келмек, данышпандық та тек соның болмысына ғана лайықты. Диоген Пифагордың осы пікірін сараптай отырып, өзінше тұжырым жасайды. Құдай болмағанмен, құдай берген қасиеттің арқасында данышпан қатарында саналған көне заманның жеті ойшылының ішінде скиф Анахарсисті алғашқылардың бірі ретінде атайды [2. 9596 б.]. Ал, Лидия патшасы Крез Анахарсисті өз айналасындағы данышпандардың ең ұлысы деп білген екен [7. §2-5]. Шешен сөздің байырғы көсемдерінің бірі М.Т. Цицерон да Анахарсистің ақыл-ойын, ғылым мен білімге, өнерге деген көзқарасын өте жоғары бағалаған [8].

Анахарсистану саласында еңбектеніп жүрген ғалымдардың болжауынша, Анахарсис скиф жəне эллин халықтарының өмір-тіршілігі, салт-санасы, əдет-ғұрпы, кəсібі туралы 800-ден астам шешендік сөз, толғау қалдырған [2. 95 б.]. Сондай-ақ, антикалық дəуір əдебиеті нұсқаларында оның түрлі жағдайда, түрлі тақырыпта жазған 10 хаты сақталған [9. 109 б.; 10. 131 б.]. Дала данышпанының аталған еңбектері Евразияның бірқатар ғалымдарының назарына ілігіп, тиісті бағытта қарастырылды, сарапқа салынды. И.В. Куклина, М.И. Ростовцев, А.М. Хазанов, А.И. Доватур, М.В. Агбунов сияқты ғалымдар Анахарсистің өмірі мен шығармашылық мұрасын тарих, мəдениеттану ғылымдары тұрғысынан пайымдағанына қарамастан, олардың ізденістері мен қол жеткен нəтижелері дала данышпанының өмірін, ортасын, көзқарасын, танымын танудағы елеулі ғылыми табыстар еді. Академик Ғ.Есімнің, белгілі философ, профессор А.Қасабековтің, əдебиеттанушы Т.Жұртбаевтың ойлары Қазақстан ғылымының анахарсистану саласындағы жаңа серпіні болды.

Ел аузында сақталған аңыз мəліметтері, халықтық таным қазақ шешендік өнерінің түпкі негізін, қайнар-бастауын ноғайлы дəуірінде өмір сүрген Майқы биден таратады. Бұл пікірдің бірден-бір басты негізі – халық жадында ғасырлар бойы сақталып, бүгінгі күнге жеткен «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген қанатты сөз. Халық танымында хатталып қалған бұл ұғымды бүгінде сөз өнері туралы ғылым да жоққа шығармайды. Алайда

қазақ шешендік өнерінің қайнар-бастауын, оны жасаушылардың байырғы өкілдерін анықтау барысында, Майқы биден арғы заманға көз салып, біздің заманымызға дейінгі VІ ғасырда жасаған скиф ханзадасы Анахарсистің сөз өрнегіне, өмірі мен өнеріне көңіл аудармайтын болсақ, онда бұл қазақ шешендік өнерінің тарихы үшін де, оның байырғы өкілдерінің рухани мұрасы алдында да үлкен айып болар еді.

Қазақтың белгілі билері мен шешендері секілді Анахарсис те сөздің қадір-қасиетін ондағы ой-пікірдің қадір-қасиетімен өлшеген. Данышпанның танымында сөз өз бетімен тұрып жақсы да, жаман да бола алмайды, ой, ойдың жүйесі жаман болса, оны жеткізіп тұрған сөз де жақсы емес, егер сөз жүйесіндегі ой жақсы болса, онда сөздің өзі де жақсы. Сұлу айтылған сөздің мəні мен мағынасы таяз болса, бұл ақылдың, ойдың мешеулілігінің белгісі, ал сөздің мəні мен мағынасы терең келіп, оның айтылу реті бұзылып жатса, бұл – шешеннің сөйлеу өнеріне тəн кемшілік.

Берілген ойлардың қазақ билері мен шешендерінің ойларынан ешқандай бөтендігі жоқ, тіпті скиф ханзадасының сөз сөйлеу, сөз саптау мəнері де қазақ билері мен шешендерінің сөз жұптау машығымен үндес келіп жатады. Көне дəуір ғұламаларының еңбектерінде Анахарсистің бірқатар шешендік сөздері сақталған. Солардың бəрінде де оның шешендік сөздерінің қазақ шешендік өнеріне қатысы анық көзге түсіп, көңілге қонып тұрады.

Лукиан Самосатский Анахарсис туралы жазған еңбектерінде оны Солонның досы, пікірлесі қатарында танытады. Ойларын екі данышпанның алма-кезек пікір алмасқан диалогы тəртібіне бағындыра баяндай отырып, Лукиан эллиндер мен скифтердің салт-дəстүрі жайында мол мағлұмат береді. Əңгіме үстінде Солон Анахарсистің афиналықтардың салты мен дəстүріне, заңы мен мемлекет құрылысына, адамгершілік əлеміне өте үлкен мəн беріп, солардың бəрін білуге, үйренуге қатты ықылас қойғанын нағыз ерге, ойлы азаматқа тəн қасиет деп бағалайды. Өзінің осы орайдағы ойларын ол Анахарсиске былай жеткізеді: «Осындай ізгі қасиеттерің үшін барлық афиналықтар саған алғыс айтуға əзір. Өйткені, сен мені қандай да бір пайдалы іске үйретсең немесе маған қандай да бір жақсы үлгі көрсетсең, онда біздің еліміз бен мемлекетімізге сенің үлкен пайда əкелгенің. Бұл жақсылығыңды мен елден жасырып қала алмаймын, қайта мұны қазір-ақ көпшілікке жария етем. Мінбеге көтеріліп, былай деп айтатын боламын: «Афиналықтар, мен сендер үшін əділетті заң жасадым, оны өздерің үшін де, мемлекет үшін де өте пайдалы деп есептеймін. Ал мына жат елдік азамат, Анахарсис скиф бола тұра ақылға бай, əрі дана. Ол менің көзімді ашып, ойымды байытты, көптеген пікірлерімді басқаша байымдауға көмектесті, толып жатқан кеңес беріп, білім мен пайдалы іске үйретті. Сондықтан да бұл азаматты ел үшін де, мемлекет үшін де құтты, қайырлы деп санап, оның мүсінін мыстан құйып, ең бір құрметті жерге халық қалаулыларымен қатар қойыңдар!»

[11. 194 б.].

Солонның бұл сөзінде шындық, тек қана шындық жатыр. Солон Анахарсистен Скиф даласының əдеті мен салтына, дəстүріне, тарихына қатысты мол мағлұмат алады, Анахарсис Солоннан афиналықтардың өмірі, мемлекет құрылысы, заңы туралы көп нəрсеге үйренеді. Солон мен Анахарсис арасындағы мұндай өзара түсіністік, сыйқұрмет олардың арасын жақындастыра түседі. Солон афиналық данышпандардың бас қосқан сейіл-серуенінен Анахарсисті қалдырмауды дағдыға айналдырады.

Солон мен Анахарсис арасындағы достық қарым-қатынастың кейбір қырлары Диодор Сицилийскийдің еңбектерінде де кең көрініс тапқан. Ол Крез патшаның қабылдауында болып, онымен əңгімедүкен құру құрметіне ие болған төрт данышпанның қатарында Анахарсистің Солонның орнын ерекше бөліп көрсетеді. Диодордың «Кітапхана» деп аталатын еңбегінде Крез патшаның алдында болған əңгіменің ұзын-ырғасы берілген. Əңгіме жүйесінде Анахарсистің Крез патшаға айтқан сөздерінің ойлылығы, ойларының мəнділігі мен əсерлілігі, айқындығы мен дəлелділігі бірден көзге ұрып, көңілді баурап алады. Бір ғажабы, соның бəрі қазақ шешендік өнеріне тəн басты поэтикалықлогикалық жүйе табиғатымен мейлінше тектес, туыстас.

 Анахарсистің ойлау жүйесі мен сөйлеу əдебі дала мəдениетінің өлшемдеріне негізделген. Туған жері мен туған еліне қатысты көлеңкелі мағынада айтылған сөздерді ол жаны ауырып, жүрегі сыздап қабылдап, қайтарар жауабын тебірене, тербеле отырып айтады. Оның: «Менің сорым – Отаным, ал сен – Отаныңның сорысың», – деп афиналық біреуге айтқан сөзінен туған жерін, туған елін жанындай сүйген, ал сол елі мен жерінің мəдени-əлеуметтік жағынан артта екендігін сезіп, білгенде, жаны күйген кісінің күйзелісті күйі, Отаны үшін жаны ауырған жайы белгілі болады. Анахарсистің даналық сөздерінің болмысбітімі мен қазақтың белгілі шешендері мен билерінің сөздері арасындағы туыстық пен тектестіктің айқындығы сонша, оларды бір-бірінен даралайтын ерекше белгілерді табудың өзі қиын.

Анахарсистің əлеуметтік-этикалық көзқарастарын аңғартатын бірқатар ойлардың желісі оның хаттарында сақталған. «Афиналықтарға» хатында ол өзінің грекше жатық сөйлей алмайтынына эллиндіктердің күле қарайтынына көңілі толмайтынын айта келіп, былай деп жазады: «Мен афиналықтардың ортасында сөйлеген сөзімде қате жіберсем, скифтердің ортасында сөйлегенде, афиналықтар қате жібереді. Кісі кісіден сөйлеген сөзімен дараланбайды, сөзімен даңқын да шығармайды, бір тілде сөйлейтін эллиндердің де бірбірінен айырмашылықтары бар секілді, кісі бір-бірінен ойымен ерекшеленеді. Спартиат аттика тілінде таза сөйлей білмейді, бірақ оның ісі қандай даңқ пен мадаққа да лайықты. Скифтер істің мəнін жете түсіндірген сөздердің қандайын да мансұқ етпейді, ал діттеген жеріне жетпеген, көздеген нысанасына дарымаған, ойды жеткізуге жарамсыз, ойсыз, мəнсіз лақпа сөзді мақтамайды. Егер, сөз мағыналы айтылып, мағыналы іске ұласатын болса, онда ол жаман бола алмайды. Скифтер мағынасыз сөзді ғана бос сөз деп біледі».

«Медокке» хатында Анахарсис қызғаншақтық пен қорқақтық туралы ойларын афиналықтар мен скифтердің тұрмыс-салтына байланыстырып баяндайды. «Қызғаншақтық пен қорқақтық оңбағандықтың басты көрінісі, – дейді ол. – Өйткені, қызғаншақтық дос-жаран мен өзге жұрттың артықшылығын көре алмаудан туатын дертке ұласады, ал қорқыныш бос сөзден үміт күттіретін бейшаралыққа ұшыратады. Скифтер мұндай адамдарды ұнатпайды, өзгенің артықшылығына сүйсініп, өзі де соған, сондай болуға ұмтылады. Ал қызғаныш, жек көру жəне басқа осындай оңбаған қылықтарды орталарынан жауды қуғандай айдап шығады».

Анахарсис екі хатында да скифтердің сөз, қызғаныш, қорқақтық туралы ұғымтүсініктерін барынша əділетті, орынды деп бағалап, оны эллиндердің түсінігіне белгілі дəрежеде қарсы қояды, сөз туралы эллиндердің ұғымынан скифтердің ұғымы əлдеқайда биік тұрғаны жайындағы пікіріне эмоциялық бай мазмұн дарытып сөйлейді.

Анахарсис «Аннонға», «Патша баласына», «Крезге» сияқты хаттарында байлықты, қамсыз тіршілікті мансұқ етеді. Өзі эллин жеріндегі жағдайы, тұрмыстіршілігі туралы жазғанда, қара жерді төсек, табан терісін етік, шекпенін көрпе етіп жүргенін, тамағы сүт пен ірімшік,

отқа қақталған ет, ал сусыны қара су екенін көрсетеді. Мұндай тіршілік кешуінің сырын ол патша баласына жолдаған ха-

 

тында былай баяндайды: «Сенде флейта мен əмиян болса, менде садақ пен жебе. Сондықтан, өзінен-өзі көрініп тұрғандай, сен – құлсың, ал мен – еріктімін. Сенде дұшпан көп, ал менде оның біреуі де жоқ. Егер күміс теңгелеріңді лақтырып тастап, садақ пен қорамсақ асынатын болсаң, сен де азат азамат боласың» [9. 110 б.].

Анахарсис, осылайша, адамның жанының еркіндігін оның дүниемүліктен, байлықтан азат болуымен тығыз байланыстырады. Əмиянын ақшаға толтырған адамның ойы мен сезімінде, ісі мен əрекетінде, тіпті сөзінде де құлдық, кіріптарлық таңбасы болатыны, қолындағы дүние-мүліктен, байлықтан оның жаны ешқашан бостандық ала алмайтыны жайында ой толғайды. Қол астында мың сан қызметшісі, қалтасында мың сан теңгесі бар, төрт құбыласы түгел кісінің де дүниеден, байлықтан бостан бола алмайтыны туралы ойды баса айта отырып, мұндай құлдыққа ойдың, ақылдың еркіндігін, жанның азаттығын қарсы қояды, əрі скифтердің ешнəрсеге, ешкімге тəуелсіз тұрмыс-тіршілігін, кəсібін адамның еркіндігінің, бас бостандығының, жан азаттығының басты шарты, кепілі бейнесінде зор сүйіспеншілікпен, ыстық ықыласпен еске алады.

Анахарсистің сөздері түгелдей ақиқатқа, ой мен сезімнің тазалығына, ізгілікке негізделеді. Ғұламаның ақиқат ой мен сезім тазалығына байланысты ізгілік туралы ұғымдары мен түсініктері өзара сабақтаса, байланыса келе, адам жаны, ар тазалығы туралы таным тұтастығына ұласады. Ол жан тəуелсіздігі, ой мен сезім азаттығы жоқ жерде ар-ождан тазалығы да болмайтындығын аңғартады. Өмірде адамның азат жанының ұлылығымен теңесе алатын ешқандай құдірет-күш жоқ, сондықтан адам жанының азаттығына қызмет ететін құбылыстардың бəрі де маңызды, ал тұрмыстың қалған қызықтары мен қуаныштарында баян болмайды – Анахарсистің сөздерінің асыл арқауы осындай ойдан тартылған.

Дала данышпаны өз еліне, туған жеріне деген құрметін «Крезге» хатында барша жұртқа ғибрат болатындай түрде жинақтайды. Хатта ол өз көзімен көрген бір оқиғаны баяндай отырып, одан үлкен ой түйіндейді. Болған оқиғаның қысқаша мазмұны мынадай: Скиф жеріндегі ең үлкен өзендердің бірі Истра бойымен жүзіп келе жатқан көпестердің кемесі қисапсыз мол тиелген дүние-мүлік салмағынан шөгіп, қайырлап қалады. Қайырға отырып қалған кемені орнынан жылжыта алмай, амалы таусылған көпестер жағаға шығып, бетбетімен кетуге мəжбүр болады. Көпестердің жағдайын көріп білген қарақшылар кемеге келіп, ондағы дүние-мүлікті тией бастайды. Дүниеге көзі тоймаған қарақшылар қайықтарына тиеген балық, зат, мүлік салмағының мөлшерден асып кеткенін байқамай қалады. Ақырында қарақшылық жолмен табылған қисапсыз мол дүниенің ауыр салмағы қарақшыларды қайықмайығымен өзен түбіне тартып кетеді. Ал, жүктен босаған кеме бауырын қайырдан көтеріп, өзен айдынына шығып, жүзіп кете барады. Бұл оқиға бай біткеннің бəрінің басынан өтуі мүмкін. Скифтер үшін мұндай қауіп жоқ. Олардың бəрі де жер еміп күн көреді. Жер ана қандай ризықты өз еркімен берсе, олар соны алады, не нəрсені бермей, қойнында жасырып қалса, оған тиіспейді. Мал өсіріп, оны жыртқыш хайуандардан қорғай жүріп, скифтер тамаққа сүт пен ірімшік алады. Қару-жарақты да олар біреуге қарсы пайдалану үшін емес, қажет болған жағдайда өздерін өзгелердің қысастығынан қорғау үшін асынады…[9.

110 б.].

Толғау түрінде жазылған бұл хатты шешендік ғибрат сөздің елдік туралы теңдесі жоқ тамаша үлгісі деген дұрыс. Ойын ойнап емес, ойлап, ойланып толғай отырып, Анахарсис скифтердің өмірдің

мəні, байлық туралы қалыптасқан дəстүрлі елдік, халықтық ұғым-түсініктерін асқақтата дəріптейді. Мұндай сөздерден Анахарсистің туған Отанына, туған даласына деген сүйіспеншілігі мен сағынышы сағымдай бұлдырап, шетсіз, шексіз, таза болмысымен мөлдіреп тұрып алады.

Көне заманның ұлы ғұламаларының бірі Плутарх Анахарсистің даналық толғамдарында эллиндердің тұрмыссалтын сынап қана қоймай, олардың тіршілігі мен кəсібіндегі бірқатар дағдылы істер мен əдеттерді сүйсіне мақтағанын көрсетеді. Анахарсистің сондай сүйініп, əрі таңғалып айтқан сөздерінің бірі эллиндердің ағаштан көмір алу кəсібіне байланысты. Эллиндердің далада ағаш жағып, оның шоғынан көмір жасағанын, көмірді үйге əкеліп отын ретінде пайдаланғанын көргенде, Анахарсис: «Эллиндердің бір ғажап жері – олар отынның түтінін далада қалдырып, отың үйге əкеледі» [12. 106 б.], – деп айтқан екен. Скиф даласында туыпөскен Анахарсис үшін эллиндердің мұнысы таңғажайып, тамаша іс, асқан тапқырлық болып көрінсе керек. Эллиндердің көп қылығына сын көзімен қарағанмен, дала ғұламасы олардың жақсылығын жасырмай, ашық айтып, сүйінішін де ірікпей білдіріп отырған.

Эллиндер елінде Анахарсис ұлы данышпандармен бірге толып жатқан пікірталасқа ой жарыстырған, ақыл салыстырған əңгімелерге қатысқан. Анахарсис қатысқан осындай əңгімелердің бірін Плутарх «Жеті данышпанның сауығы» деген атпен баяндаған.

Жеті данышпанның сауық-сайраны үстінде əңгіме желісі бірнеше рет ауысады. Əңгіме бағыты патшаның атақ-даңқы мен абыройын асыратын қасиеттер жайына ойысқанда, жеті данышпанның əрқайсысы бір-бірден пікір айтады.

Анахарсистің сөзі қалған алты данышпанның ешқайсысының да сөзінен кем түсіп жатқан жоқ, қайта өзінен басқа алты дананың алты ауыз сөзіне ажар беріп, терең мағына дарытып тұр. Шынында да, билеген жұртының ішіндегі жалғыз ақылды адам патшаның өзі ғана болса, онда оның атақ-даңқы мен абыройын, ақылпарасатын кім танып, кім бағаламақшы…

Мемлекет, əділетті мемлекет туралы пікір жарысында да Анахарсистің ойы ерекше дараланады.

Анахарсис бұл жерде де кісілік, адамгершілік тұрғысының биіктігімен көзге түседі. Ізгілік туралы ұғымы да салдарлы. Өзегін зұлымдық жайлаған мемлекетте əділеттің болмайтыны жайындағы пікірдің əлеуметтік, философиялық мəні өте терең. Ал ізгілікті əділетті мемлекеттің негізі деп тану данышпанның өмір сүрген дəуірінің əлеуметтік, философиялық ойы мен ойлау деңгейі үшін бұлттан шыққан күндей əсерлі, жарығы да, қызуы да аса күшті көзқарастың көрінісі еді.

Көне дəуір авторларының еңбектерінде сақталған сөздеріне қарағанда, Анахарсис даналық деңгейінде сөз сөйлеп, сол биікте ой ойлап тұрса да, өте əсершіл, сезімтал болғанға ұқсайды. Əсіресе, ол өзінің шыққан тегіне, еліне қатысты айтылған көлденең сөздерге қайтарған жауабында қатты ширыққан күй аңғартады. Оның Крез патшаға жауап ретінде айтылған жоғарыдағы сөзінде психологиялық ахуал, эмоциялық мазмұн барынша анық көрініс тапқан. Бұл ерекшелік Анахарсис пен грек мысалшысы Эзоп арасындағы əңгімеде жаңа бір қырынан ашылады.

Анахарсистің сөзінен оның жан шындығы, сезім бұлқынысы аңғарылуымен бірге, скифтердің күн туралы ұғым-түсінігі, сол арқылы олардың дүниетанымының ерекшелігі де көзге көрініп, көңілге жарығын түсіреді. Бір ғажабы, Анахарсис өзінің күн туралы ұғымымен де қазақ халқының байырғы дүниетанымына, дəстүрлі мəдениетіне жақын тұр. Анахарсиспен қатар пікір айтып отырған данышпандардың сөздерінде де ойлылық, тапқырлық, даналық іздері сайрап тұрғанында сөз жоқ. Бірақ, олар айтқан пікірлер мазмұн, мағына аясы, жалпылық, жинақтаушылық деңгейі жағынан

Анахарсистің пікірінің мағыналық аясына енетіні, Анахарсистің пікірімен бүтіннің бөлшегі дəрежесіндегі қатынаста тұрғаны аңғарылады.

Данышпандардың ортасында пікір жарыстыруға қатысып, мұндай терең, белгілі бір қасиеті бойынша əріптестерінен озық, кең ой толғау Скиф ғұламасының даналық биік тұлғасын даралай түседі. Оның шарап ішу жөні, жан мен тəннің құдайға қатысы туралы айтқан ойлары ажарлы, айшықты түрімен, өткірлігімен, қазіргі қазақ сөзіндей ұғымға жеңілдігімен, əрі көп мағыналылығымен ерекшеленеді.

Дала данышпанының аузынан шыққан бір қанатты сөз оның өз мүсініне қашалып жазылған екен. Онда: «Тіліңе, құлқыныңа, нəпсіңе ие бол» [2. 96 б.], – дейді ол. Анахарсистің өзін қазақ қылу қиын екені рас. Ал мына сөзін қазақтың сөзі емес деп дəлелдеу одан да қиын. Онда қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтарының ілкі өрнектері бар.

Анахарсис əр сөзін шын жүректен толғаған. Ол ойын қозғамаған, сезімін тербемеген құбылыстар жайындағы əңгімелерге араласпаған. Ғұламаның шешендік сөздері мен даналық ойлары оның жанын толқытқан шындықтан туып, айтпауға болмайтын, тіл қатпаудың мүмкіншілігі мүлде қалмаған шақтарда айтылған.

Скиф данышпанының сөздері мен толғаулары өзінің ішкі жүйесі жағынан да, сыртқы ажар-көркі жағынан да мейлінше келісті. Оларда ой тереңдігі сезім шынайылығымен, сезім тазалығы ой алғырлығымен тығыз байланысты. Ғұламаның өзі мен сөзін байырғы ата жұртына алып ұшып келген қос қанат – оның осындай ойы мен осындай сезімі, жан шуағы. Ойды ойнатып, сезімді мөлдіретіп толғауда қазақ сөз өнерінің ертеден келе жатқан ескі нұсқаларының, солардың ішінде шешендік сөз үлгілерінің де өз ерекшеліктері бар. Сондай ерекшеліктерден түзілген мəнер мен машық Анахарсистің сөйлеу, сөз толғау өнерінің өз өрнегіндей, асыл өзегіндей жарқырап, көз қарықтырып тұрады. Мұндай тектес құбылыстар қазақ шешендік өнерінің байырғы өкілдерінің қатарында қазақ даласынан Кіші Азия даласына ауып барған скиф ұлыстарының ортасынан шыққан Анахарсистің де өз орны барын көрсетеді. Қазақ шешендік өнерінің түп төркінін, шығу тарихын, сондай-ақ қазақ шешендік өнерін жасаушылардың байырғы өкілдерінің ел мен елдік, мемлекеттік, тəуелсіздік туралы ұстанымдарының болмыс-бітімін анықтау ісінде Анахарсистің шешендік сөздері мен толғамдарының маңызы мен мəні жоғары. Сондықтан, қазақ сөз өнерінің түп төркіні, ежелгі тарихы жайлы сөз бастағанда, Отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық идеямыздың ілкі бастаулары туралы ой қозғағанда, Анахарсистің шешендік өнерін айналып өтуге болмайды.

Анахарсис өлер алдында мына сөздерді айтқан екен деседі: «Қызыл тілімнің арқасында жат елден аман кетіп едім, отаныма келіп көре алмаушылардың қызғанышынан мерт болдым» [6]. Бір ауыз сөз. Сол бір ауыз сөзде өкініш пен күйініш тұнып тұр. Өз халқының, елінің игілігіне жұмсамақ оймен Элладаға барып білім алып, өнер үйреніп, ақырында сол елдің атақты жеті данышпанының бірі дəрежесіне жеткен, сөйтіп, атақ пен даңққа бөленген дала перзентінің соңғы сөзін тебіреніссіз қабылдау мүмкін емес.

Анахарсистің трагедиялық өлімінің себебін Геродот скифтердің əдетғұрпымен, салт дəстүрімен байланыстырады. Геродоттың баяндауына қарағанда, Анахарсис Эллада елінде оқып, білім алып, мемлекет ісіне үйреніп, еліне қайтады. Еліне келе жатқан жолында Анахарсис Кизик деген ауыл адамдарының Құдай-Ана құрметіне құрбандық шалып, дүрілдетіп той жасап, ас беріп жатқанының үстінен шығады. Той рəсімінен Анахарсис те тыс қалмайды: Құдай-Анаға құлшылық білдіре тұрып, егер отанына аман-есен жетер болса, Құдай-Анаға арнап құрбандық

 

шалып, дəл осындай қараңғы күнді жарық қылғандай, тамаша той жасайтыны туралы іштей уəде етеді.

 
   


Скифияға келген соң, қалың орманды Гилей алқабында Анахарсис ҚұдайАнаға берген уəдесін орындауға кіріседі. Анахарсистің Құдай-Анаға көрсеткен құрметі аясында жасаған істерін, ғұрыптəртіптеріне сай атқарған қызметтерін скифтердің біреуі көреді де, көргенін сол қалпында скиф патшасы Савлийге жеткізеді. Савлий болып жатқан жайды өз көзімен көрмек үшін, Гилей орманына келеді. Анахарсистің Құдайға құрмет жасап, онымен тілдескендей күйде тұрғанын көргенде, Савлий қатты шошынады. Патша үрейленген күйде садағына оқ салады. Еліне, жеріне аман-есен жеткені үшін құдайына құлшылық етіп тұрған Анахарсис, осылайша, ойда жоқта өзінің туған бауырының қолынан атылған оқтан өлім табады.

Анахарсис туған Отанына жат жердің салтын алып келгені үшін емес, өзінің соңғы сөзінде айтылғандай, көре алмаушылардың қызғанышы, күншілдігі салдарынан мерт болады [13. 176-177 б.]. Тірісінде туған Отанын жалындап сүйіп, оның қараңғылығына жаны күйіп арланған, күншілдікке, қызғанышқа, байлық пен билікке қарсы жалпыадамзатқа үлгі болғандай ұстаным ұсынған, нешеме қанатты сөздер айтқан сөз атасы жарық дүниеден біздің заманымызға дейінгі VІ ғасырдың соңында осылай өтеді.

 

ƏДЕБИЕТТЕР:

  1. Марғұлан Ə. Ежелгі жыр, аңыздар. – Алматы, 1985.
  2. Диоген Лаэртский. О жизни, учениях и изречениях знаменитных философов. – М., 1979.
  3. Геродот. История в девяти книгах//Перевод и примеч. Г.А.Стратановского. – Л., 1972. – ІV кн.
  4. Куклина И.В. Анахарсис//Вестник древней истории. – 1971. Вып.3.
  5. Страбон. География. – Л., 1964. – Гл. 3.
  6. Платон. Сочинения: В 3-х томах. – Т.2. – М., 1968.
  7. Латышев В.В. Известия древных писателей греческих и латинских о Скифии и Кавказе. – Т.

1-2. – СПб., 1893-1906. – Кн. ІХ, гл. 26.

  1. Цицерон М.Т. Три трактата об ораторским искусстве. – М., 1972.
  2. Агбунов М.В. Путешествие в загадочную Скифию. – М., 1989.
  3. Нахов И.М. Киническая литература. – М., 1981.
  4. Лукиан. Сочинения. – Т. 2. – Философия. Быт. – М., 1920.
  5. Плутарх. Застольные беседы. – Л., 1990.
  6. Хазанов А.М. Социальная история скифов. Основные проблемы развития древных кочевников евразийских степей. – М., 1975.

Резюме

В статье рассмотрены древние образцы искусства слова казахского народа. Осмыслены значения, смысл и художественное своеобразие ораторской речи Анахарсиса, отношения его литературного наследия к истокам казахской литературы.

Summary

In the article the ancient samples of art — words of the Kazakh people are considered. Values, sense and an art originality of oratorical speech of Anaharsisa, the relation of its literary heritage to sources of the Kazakh literature are comprehended.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *