ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҚ ТƏРБИЕ ӨЗЕГІ

ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҚ ТƏРБИЕ ӨЗЕГІ

Адам – қоғамның ажырамас бөлшегі. Ал, отбасы – қоғамдық құрылымның алғашқы ұясы болып табылады. Іс жүзінде отбасы қоғамдық іс-тəжірибе сұраныстарына сəйкес бала тəрбиесін жүзеге асыратын ең алғашқы ұжым. Ата-ана мен отбасының өзге мүшелері қоғамның мақсат-мүддесі мен қажеттіліктерін, құндылықтары мен бағыт-бағдарын білдіретін белгілі бір əлеуметтік топқа жатады. Адам баласы тəрбиенің ең алғашқы бастауын өз отбасында сезінеді. Əрине, адамды отбасынан тыс қоғамдық орта да тəрбиелейтіні рас, алайда ата-ананың жан дүниесінің ізгі ниеті мен баласына арнаған махаббаты ерекше. Адам баласы туғанда өзге тірі организмдерге қарағанда өте əлсіз əрі нəзік болып келеді. Соған орай, ата-анасы баласының адам болып жетілуі үшін бағыпқағып, қамқорлық жасап, өсіп-дамуына жəрдемдеседі. Бұл туралы көрнекті қазақ ақыны, көптеген педагогикалық еңбектердің авторы М.Жұмабаев былай деп атап көрсеткен: «Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте əлсіз, зағып, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал, адам баласы туғанда іңгəлаған айқайы мол бір кесек ет. Ақылы-есі жоқ. Мінекей, адам баласы осылай өте əлсіз боп туып, аса баяу өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни, оған тəрбие қылмай болмайды» [1]. Осылайша, бізге адам баласының дүниеге ақ қағаздай таза, қоршаған ортада болып жатқан түрлі құбылыстардан хабарсыз болып туатыны мəлім. Адам нақтылы бір табиғи жəне əлеуметтік ортада өмір сүріп, жетіледі. Яғни, ол – қоғамдық дамудың нəтижесі болып табылады.

Отбасы адам өмірінде маңызды əлеуметтік қызметті орындап, оны тəрбиелі де тəлімді етіп қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Өз кезегінде қазақ халқының ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталған ұлттық тəрбие тағылымының орны ерекше. Халқымыздың «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсете отырып, парасаттылық танытуы қай ұлтты болсын таң қалдырады. Сондықтан, бүгінгі таңда өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан халықтық тəрбиенің озық та өнегелі дəстүрлерін сіңірсек нұр үстіне нұр болар еді.

Сонымен, бала тəрбиесiнде отбасының орны ерекше. Оны қоғамдық тəрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзгi қызметі баланы өмiрге келтiру ғана емес, оның бойына көне заманнан келе жатқан ұлттық тəрбиенің əдеп-тағылымдарын қабылдату мен аға ұрпақтың тəжiрибесiн сiңiру, қоғамға пайдалы жеке тұлға етiп тəрбиелеу болып табылады. Ата-ананың өз борышын мүлтiксiз орындауы – үлкен тəрбие мектебi. Осылайша, адамға тəн адами сапа-қасиеттерді қалыптастырып, дамыту ең алдымен отбасынан бастау алады. Бұл ретте «Халқым ел болам десең, бесігіңді түзе» деп қазақ халқының ұлы жазушысы М.Əуезов айтып кеткендей, отбасындағы тəрбиенің бесік жырынан нəр алуының маңызы айрықша. Осыған орай əр ата-

 

ананың баласына ертегі, аңыз, əңгіме, жыр-дастандарды айту арқылы, оның ойлау, қиялдау, тыңдай білушілік пен армандау қабілетін ұштай білуі аса зор мəнге ие екендігі даусыз жайт.

Бала мінез-құлқының негізін қалыптастыруда, оның бойына адамгершілік сезімін, инабаттылық, əділеттілік, шыншылдық тəрізді адамдық абзал қасиеттерді егуде отбасы ең алғашқы жəне басты рөлді атқарады. Нақ осы жағымды қасиеттерді жас ұрпақтың бойына дарыту, ең алдымен, отбасындағы тəрбие арқылы жүзеге асатыны белгілі. Осымен байланысты «Тəрбие – табалдырықтан басталады», «Тəрбие – тəлімнен» деген нақылдардың өзі өмірден алынған шындық. Жас ұрпақтың жадына адамгершілік сезімін дарыту отбасында ең алдымен ата-анасының ыстық махаббаты мен мейірімінен, шынайы қамқорлығынан басталады. Яғни, адамға, қоршаған ортаға, Отанға деген қымбат қасиет бала жүрегінде отбасы, ошақ қасында бүршік атып, бұтағын жаяды. Сондықтан да мұны «Отан отбасынан басталады» деп түйіндейді халық даналығы. Ал, бала кезінде ата-ана немесе тəрбиеші тарапынан жылылық, бауырмалдық, жанашырлық сияқты сезімдерді көріп өспеген баланың кейін мейірімді азамат болып өсуі екіталай. Көбінесе мұндай балалар бойынан қайырымсыздық, қатыгездік, тұйықтық тəрізді жағымсыз қылықтарды көруге болады. Осымен байланысты ата-аналар мен отбасының өзге ересек мүшелері баланы өзімшілдік, қыңырлық, жағымпаздық, қатыгездік, жеке басының мүддесін жоғары қоюшылық сияқты жəне т.б. келеңсіз мінез түрлерінен қашықтатумен айналысады. Себебі, бала бойындағы жат қылықтардың алдын алмаса, болашақта ондай адамның Отан үшін, халқының қамы үшін адал қызмет етуі, сонымен қатар қоғамдық жүйеде жоғары дəрежеде əлеуметтік белсенділік танытуы күмəнді. Сəйкесінше, жас балдырғандарға адамгершілік пен борыштың, арлылық пен намыстың мəнін жете ұғындырудың маңызы зор.

Осымен байланысты ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Əбу Насыр əл-Фараби адамның бойына кішіпейілділік, қайырымдылық, шешендік, қанағаттылық, жомарттық жəне т.б. ізгі қасиеттерді негіздеуде тəрбие мəселесіне зор мəн берген. Бұл ретте ол «Тəрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз… Тəрбиелеу кезінде халықтар мен қалалықтарға білімге негізделген қасиеттерден туатын іс-əрекет жасау дағдысы сіңіріледі, олар осындай ісəрекетке жігерлендіріледі.., сөйтіп, осы қасиеттер жəне бұлармен байланысты əрекеттер адамдардың жан дүниесін баурап алатындай жəне адамдарды осыған жан-тəнімен құштар ететіндей болуы көзделеді», – деп тұжырым жасайды [2. 343 б]. Сонымен қатар, ұлы ойшылдың жас ұрпақты жеке тұлға етіп қалыптастыруда адамгершілік тəрбиесін негіз етіп алудың маңыздылығы турасындағы ойпікірлерінің орны айрықша. Соған орай ұлы ойшыл: «Енді біз жақсы адамгершілік сапалар туралы, сондай-ақ, осылардың негізінде туатын жəне мораль саласында ең абзалы болып табылатын нəрсеге қарай ойымызды сілтейтін мінез-құлық нормалары туралы əңгімелегеніміз жөн», – дейді [3]. Сондай-ақ, əл-Фараби əр адамның қоғамның саяси-əлеуметтік жеке-дара тұлғасы болып қалыптасуы үшін екі əдісті – ерікті түрде жəне күштеу арқылы тəрбиелеуді ұштастыра қолдануды талап етеді. Яғни, ол: «Күштеу арқылы тəрбиелеу жəне ерікті түрде тəрбиелеу тəлім-тəрбие алушы адамдар болмысының мəніне байланысты, бұлар өзінің аумағы мен күшіне қарай дараланып отырады… Ерікті түрде тəрбиелеу өнері өте-мөте көп күшті керек етеді. Күштеп тəрбиелеу өнері жөнінде де осыны айтуға болады, ал мұның мəнісі, басқасын былай қойғанда адамның өмірдегі арманы болып табылатын бақытқа жеткізерлік белгілі бір ісəрекет жасау… деген сөз», – деп пайымдайды [2. 347 б].

Өз кезегінде əйгілі түрік ойшылы Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» шығармасында:

«Сəбиінде көкірекке түйгені Өлгенінше санасында жүреді!

Ұяда не көрсе, соны іледі,

Сүтпен сіңген өле-өлгенше жүреді!» [4. 175 б], – деп, бала өмірінің алғашқы жылдарынан-ақ адамгершілік негізін қалыптастырып, өмір есігін енді ғана ашқан жас ұрпақты отбасында жəне қоғамдық ортада тəрбиелеуге айрықша мəн беру қажеттігін тұжырымдайды. Міне, сонда əрбір бала ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі қасиеттерді, ұлттық тəрбие тағылымдары мен əдеп ережелерін өз өміріне серік етіп өседі дейді. Ойшылдың бəйіттері «Сүтпен біткен мінез, сүйекпен кетеді» деген мақалмен үндес.

Халық тəрбиесi – отбасы тəрбиесiнiң негiзгi бастауы.  Өз кезегінде жас ұрпақ өкілдеріне отбасында тəрбие беруде ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тəлім-тəрбиенің, халықтық педагогиканың маңызы орасан. Халықтық педагогиканың негізінде ұлттық сана-сезімді, ар-ожданды, ұлтжандылықты, отансүйгіштікті, қоғамдық жүйедегі ережелер мен ұстанымдарды, ұлттық рухты ұрпақ жадына тоқыту жүзеге асырылады. Осыған орай белгілі педагог-ғалым К.Оразбекова «Иман жəне инабат» еңбегінде: «Халық педагогикасының негізгі көздер мақсаты – бай тарихи тəжірибеге сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасы, ауылаймақтың, елдің ар-намысын қорғауға тағы басқа ізгі қасиеттерге баулу, яғни, адамның белсенді бет-бағдарын қалыптастыру» [5. 29 б], – деп тұжырым жасайды. Осылайша, халықтық педагогиканың тəлімтəрбиелік негізі ретінде  ата-ананы, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, жағдайы төмен адамдарға қайыр қылу, əдептілік, парасаттылық, адалдық, шыншылдық, тектілік сияқты жəне т.б. қасиеттер кең байтақ өлкемізде ғасырлар бойы буыннан буынға жалғасын табуда. Сонымен бірге, ұлттық құндылықтар мен ұстанымдар жайлы отбасында қалыптасқан көзқарас пен көңіл-күй көп жағдайда баланың есінде өмір бойына сақталынады. Сондайақ, өсе келе оның мінез-құлқында көрініс тауып, өмірлік ұстанатын бағытына айналуы да мүмкін. Бұған қазақ халқының ауыз əдебиетіндегі «Отан – қуат, отбасы – шуақ», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» жəне т.б. нақылдар дəлел.

Жеке тұлғаны қалыптастыру – объективті процесс. Ол əр адамның бала кезінен бастау алуы қажет. Баланың дамуы жəне жеке тұлға болып қалыптасу процесі отбасында негізделеді. Отбасында ата-анасы жəне өзге де отбасы мүшелері баланың тəлімді де тəрбиелі болып өсуіне ерекше назар аударатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда баланың бойына жас кезінен ұлттық тəрбие мұраларын орнықтырудың маңызы өте зор. Себебі, бала жасынан қалыптасқан мінез, тəлімтəрбие, қарым-қатынас қағидалары көбінесе есейгенде де сақталынады. Сондықтан əр адам өзінің ар-намысын, қадір-қасиетін жоғары ұстап, өзін-өзі тəрбиелей білуі керек. Өзін-өзі тəрбиелеуге əр адамның жақсы қасиет пен талғамға үйренуінің негізінде өз бойындағы бағалы ізгі қасиеттерін жетілдіруі жатады. Олай болса, «моральдың негізгі міндеті – адамның мінез-құлқын тəрбиелеу, осы арқылы олардың бойында адамгершілік, əдеп сақтау қатынастарын қалыптастыру, сөйтіп адам мен қоғам арасындағы қатынасты реттеу болып саналады» [5. 23 б]. Сөйтіп, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасып, даму процесінде отбасының рөлі ерекше. Отбасында тұрмыстың белгілі жағдайлары жасалып, баланың мінез-құлқының негізі, сондайақ, оның еңбекке, қоғамдық-саяси ортаға, адамгершілік, идеялық-саяси жəне рухани құндылықтарға деген қарым-қатынасы дамып, жетіледі. Демек, адамның қоғамдықсаяси жүйеге еніп, қатынасқа түсуі отбасынан бастау алады. 

 
   


Баланы оқыту мен қоғамдық жағынан тəрбиелеуде де отбасының рөлі орасан зор. Өйткені, жас ұрпақ өкілдерін терең білімді, жоғары саналы, биік адамгершілікті болашақ жеке тұлға ретінде қалыптастыруда отбасындағы берілген тəлім мен тəрбиенің маңызы ерекше. Отбасында ата-аналар балаларға өнегелі іс-əрекеттерімен үлгі көрсетумен қатар, оларды өз халқын, барлық адамзат дүниесін сүюге, ана тілін, ұлттық жəне жалпыадамзаттық рəміздер мен құндылықтарды біліп, маңызын түсінуге, қазақстандық отаншылдыққа, мемлекеттік рəміздердің мəнін ұғынуға тəрбиелейді. Мұнымен қоса ата-аналар баласының санасы мен көзқарасын қалыптастыруға, бағыт-бағдары мен ұстанымдарын жетілдіруге атсалысады. Бұл ретте қазақ зиялысы М. Арын: «Грек ғұламаларының айтуына қарағанда, адамның белгілі бір ұлтқа, халыққа тəн екендігін айқын сезіну үшін бес түрлі шартқа толық жауап беруі тиіс. Біріншіден, сол ұлттың тілін жақсы білуі қажет. Екіншіден, сол ұлттың дінін терең меңгергені жөн. Үшіншіден, сол ұлттың дəстүрін толық бойына сіңіруі тиіс. Төртіншіден, сол ұлттың тарихын бес саусағындай білгені абзал. Бесіншіден, сол ұлт мекендеген жердің ой-шұңқырын жақсы білуі парыз. Осындай бес сипаттаманы бойына дарытқан адам ғана сол ұлттың толық қанды өкілімін деуге құқылы дейді грек ойшылдары… Демек, өзіңді өзің білгің келсе, өз ұлтыңды тереңнен танығың келсе, онда жоғарыда тізбелеген бес шартты, бес анықты жақсы білуің керек. Бұларды дұрыстап түсініп, парызға балап, баршамыз бүгешігесіне дейін білуге ұмтылсақ, оның өзі бір құдірет болар еді», – деген ұйғарым жасаған [6. 13, 14 б]. Білікті ғалым өз пайымдамасын одан əрі былайша түйіндеген: «Адам дүниені тануды, өмірді тануды, ең алдымен, өзінен бастауы керек… Бұлар туралы əңгімелеп отырғандағы мақсатымыз – ұлттық қасиеттерімізді осы бес сипат арқылы танып-білу. Тану дегеніміз аяқталатын процесс емес. Өзімізді өзіміз танығанда өзімізді таныту үшін тануымыз керек. Біздің жақсы жақтарымыз да бар, осал тұстарымыз да жеткілікті. Соның күшті жақтарын, яғни ұлттық қасиеттердің бүгінгі талаптарына сəйкес келетіндерін түгелдей іріктеп алып, соны байытып, дамытып, басқаларға тарату арқылы өзіміздің ұлттық деңгейімізді көтере білу. Өзіміздің жақсы қасиеттерімізді басқаларға танытқан кезде жетіспей жататын тұстары болса, онда басқа ұлттардың тамаша қасиеттерін бойымызға сіңіру үшін де өзімізді тануымыз керек. Бұл – үлкен мақсат» [6. 54 б]. Міне, осылайша отбасында жас жеткіншектердің адами бет-бейнесін, адамгершілік қалпы мен жеке тұлғалық болмысын қалыптастыруға жан-жақты негіз салынады. Осы орайда өсіп келе жатқан жас ұрпақты қазақ қоғамындағы Майқы бидің «Түгел сөзі», Əз Жəнібек ханның «Əдет-ғұрыптары», Қасым ханның «қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» мен Тəуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты мемлекет атынан заң дəрежесінде қолданылатын маңызды ережелерге сүйене отырып тəрбиелеудің маңызы айрықша. «Жеті жарғы» – бұл құқықтық, əдет-ғұрып ережелері жинақталған заңдар жүйесі. Онда қоғамның саяси-əлеуметтік құрылымындағы басқару, билік, мүлік заңы, қылмыс заңы, елшілік, əскери, жұртшылық заңы, жер дауы, құн дауы жайындағы қарым-қатынастар мəселелері қарастырылған. Яғни, «Жеті жарғы» – қазақ əдет-ғұрып заңдарының жинағы.

Қазақ қоғамында түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырушы ірі реформатор – Тəуке хан (1680-1718 ж.ж.) болды. Ол «Халық кеңесі» мен «Билер кеңесін» тұрақты орган ретінде қалыптастырып, олардың мемлекеттік құрылымдағы  рөлін арттырды. Сөйтіп, адам мен қоғамның ара қатынасының негізгі ұстанымдарын айқындады. Қазақ елінің ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан мемлекеттік билігінің даму тарихында, ұлттық тəрбиеге негізделген ел басқаруда билер институтының алатын орны ерекше. Билер институты –шынайы  халықтық үлгіде құрылып, ежелден елдік əдет-ғұрыпқа негізделген дəстүрлі құқық нормаларын берік ұстанған тəуелсіз сот жүйесі. Би – халыққа сот төрелігін турашылдықпен жүзеге асыруда əділ билігімен танылған, соттық функцияны атқаратын қызметші. Қазақтардың дəстүрлі саяси өмірінде жеке тұлғаны күштеп басқару жүйелері, яғни, түрмелер мен азаптау орындарының, сондай-ақ, қатаң бақылауға негізделген мемлекеттік биліктің болмағаны белгілі. Қазақ қоғамында өлім жазасы өте сирек қолданылып, негізінен жазалау айып салу тұрғысында жүзеге асырылған. Жалпы көшпелі қазақ тіршілік əрекетінде басқа адамдарға қарағанда, қоршаған ортаға тəуелді болып келді. Сондықтан да бостандық, жеке бастың еркіндігі, өзіндік қадір-қасиетін жоғары ұстау сезімі оның табиғи тұрмыстық болмысы мен көзқарасында орныққан. Осылайша, Қазақ хандығының саяси құрылымында басқа ұлт аймақтарына қарағанда дала демократиясы қалыптасқан. Бұл жайт қазақ халқының қатал билік жүйелеріне тəуелсіздігінен, адамға жеке тұлға ретінде түсіністікпен қарым-қатынас жасаудан, жеке билікке бағынушылықтың болмауынан көрінеді. Бұған қоса қазақ қоғамындағы кез келген қоғам мүшесінің билеуші топтың алдында өз ой-пікірін еркін білдіру құқығы баянды етілген. Мəселен, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақ нақылы осының дəлелі. Яғни, қазақтардың дəстүрге негізделген саяси өміріндегі билер соты өзіндік мəні бар, дəйекті əрі əділетті шешімдер қабылдаған институт болған.

Айта кетерлік маңызды жайт, бұрынғы билер бүгінгі мемлекеттік биліктің функциясын атқаруға қатысып, заң шығарушылық, билік айтып, ел басқару қызметінің барлық түрлеріне араласқан. Олар қазақ еліндегі түрлі ұлыстар мен ру-тайпаларды басқару мен оларды билеуде, ел мүддесі мен бірлігін қамтамасыз етуде көшелі іс, даналық ойларымен хан, сұлтандар мен бектерге түзу бағыт беріп отырған. Ұлттық идеологияны қалыптастыруда, ел басқаруда туындаған шиеленістерді ақыл-парасатпен шешуде, ұрпақ бойында ұлттық қасиеттерімізді егуде жəне халықты отаншылдық рухта тəрбиелеуде шешен-билердің зор маңызға ие болғандығы даусыз жайт. Билер ел басына қиыншылық туған кезеңдерде халыққа пана болып, қорғаушы əрі қолдаушы қызметін де абыроймен атқара білген. Бұған халық жадында сақталған «Елге бай құт емес, би – құт», «Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш, Ел шетіне жау келсе, қабырғалы биге күш», «Би – хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы» деген даналық сөздер дəлел. Сонымен, қазақ қоғамындағы билер институты – мемлекеттік мүдде үшін ежелгі антикалық дəуірден ХХ ғасырдың басына дейінгі аралықта мемлекеттік билік саласын жəне əділ сот жүйесін жүзеге асыру мен дамытуға өлшеусіз үлесін қосқан ірі тұлғалар болып табылады. Сондықтан ұрпағының қамын ойлаған ойшылданалардың, шешен-билердің өнегелі тəлім-тəрбиесін бала бойына дарытудың мəні зор. 


Демек, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтымыздың бойындағы үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, адамдармен қарым-қатынас жасауда байыпты қылық, биязы мінез таныту сияқты ұлттық қасиеттеріміздің ұрпақ бойында қалыптасуы қоғам игілігі үшін өте маңызды. Өйткені, ұлттық дəстүрге деген саналы көзқарасы қалыптасқан, арнамысы берік жас ұрпақ қана кейін өзінің Отан алдындағы, халық алдындағы парызын адал орындап, адамзат бақыты мен ел игілігі үшін қызмет ететіні сөзсіз. Ал, біздің міндетіміз – отбасындағы əрбір баланың жадына сəби шағынан бастап ұлттық тəрбие негізін егу болып табылады.

 

ƏДЕБИЕТТЕР:

  1. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 13-14б.
  2. Əл-Фараби. Бақытқа жету жайында//Əл-Фараби. Əлеуметтік-этикалық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1975. — 420 б.
  3. Əл-Фараби. Бақыт жолын сілтеу//Əл-Фараби. Əлеуметтік-этикалық трактаттар. – Алматы:

Ғылым, 1975. — 17 б.

  1. Баласағұн Ж. Құтты білік. – Алматы: Жазушы, 1986. — 616 б.
  2. Оразбекова К. Иман жəне инабат. – Алматы: Ана тілі, 1993. — 152 б.
  3.  
       
       
 

  • Арын М. Бес анық (тəрбие туралы толғамдар). – Алматы: «Арыс» баспасы, 1996. -120 б.

Резюме

В статье рассматривается роль семьи в развитии национального воспитания.

Summary

The article discusses the role of families in the development of national education.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *