БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ТҰЛҒАСЫ

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ТҰЛҒАСЫ

 

Тəрбие жұмысында жастарды ұлтымыздың ұлы тұлғаларымен    таныстыру  жақсы  дəстүрге айналуы тиіс. Сол тұлғалардың бірі жəне бірегейі — аты аңызға айналған  Бауыржан Момышұлы. Қайталанбас қаһарман қолбасшы, біртуар баһадүр батыр, ұлағатты ұстаз, терең психолог, əскери саладағы көрнекті ғалым, екі тілде тең жазатын керемет жазушы, соғыс туралы көркем əдебиеттің негізін қалаушысы. Ең бастысы, қазақ тілі мен мəдениетінің үлкен жанашыры, ұлтын ерекше сүйген, халқының ар мен намысын арқалаған абзал азамат. Егер де, біз Баукеңнің осы қадірлі қасиеттерін жастарға таныта білсек, ел арасында дəріптей білсек, тəрбиенің ең ұтымды түрі осы болмақ.

Бауыржан Момышұлы — Кеңес одағы мен партияның идеологиясы билік құрып, ұлттық сана жаншылып тұрған кездерде  ұлт мəселелерін  көтеріп, ұлтшыл атанған азамат. Ұлттық сезімді, рухани дүниені ол отбасында жүріп бойына сіңірді. Бұл тұрғыда Имаш атасының, Қызтумас əжесінің, Момыш əкесі мен Разия шешесінің, туған-туыстарының тəрбиелік əсерін өзінің  «Ұшқан ұя» кітабында жақсылап тұрып жазады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» деген халық мақалы түгелімен Баукеңнің өмірінің өзегі десе де болады.

      Дүниеге      жаңа       келген   нəресте

Бауыржанға Имаш атасының берген батасы қабыл болып, тұла бойына толығымен дарыды:

Алатаудың қыраны  мол еді – Қырағы болсын құлыным.

Қойнауы  суға мол еді –

Бұлағы болсын құлыным.

Елінің тірегі  зор еді –

Шырағы болсын құлыным.

Ата тілегі оң еді –

Құмары болсын, құлыным. Бұл жер  батырлар  төрі еді – Сыңары болсын құлыным. 

Бауыржан өз өмірінде осы ата тілегінің бəрін түгел іске асырды десек те болады.

Жастайынан үлкенді сыйлап, құрмет тұтып, сəлем беруге үйренген Бауыржан, ағайын-туыстардың ара қатынасын, халқымыздың салтдəстүрлерін көзімен көріп, көңіліне тоқып өседі. Атасы Имаш ауыл ақсақалы, данагөй адам болса, əкесі өлең шығаратын, рухани қазынасы мол, əділдікті, тазалықты сүйетін, оған қоса молдалығы бар азамат еді. Ал, əжесі Қызтумас аңыз-əңгімелерді көп білетін кісі екен. Бауыржан сол əжесінің ертегілерін, əлдилеген əндерін есітіп өскен бала. Кейін осы кездерін еске алып, қазіргі ана-əжелерге көңілі толмай былай деп айтқаны бар: «Ертексіз өскен бала — рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға əжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте  жатқанда құлағына анасының əлди əні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын».

Халқымыздың ұлттық дəстүрін, салтсанасын, əдет-ғұрпын ерекше сыйлаған Баукең «Ұшқан ұя» кітабында солардың барлық түрлерін (шілдехана, бесікке бөлеу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, атқа міну, келін түсіру, қыз ұзату т.б.) керемет көркемдікпен баяндаған. Қыз ұзату жəне үйленуге байланысты барлық салт-дəстүрді өзінің Үбиан  əпкесінің ұзатылуына байланысты жан-жақты сипаттайды. Үбианның өз елімен, ағайынтуыстарымен қоштасу салты, сыңсу, жұбату жырлары, келін  болып түскен ауылдағы жар-жар, беташар, той бастар үлгілері түгел келтірілген.

Бауыржан қазақтың салт-дəстүрлерінің ерекше түрі ұлттық ойындарға да кең көңіл бөлген. Қыз қуу, бəйге, көкпар, жамбы ату, күрес, алтыбақан сияқты ойындарды  қастерлеген. Жоғарыда аталған кітабында Баукең былай деп жазады: «Көкпар, бəйге, аударыспақ батылдыққа, ептілікке, бұлшық етті шынықтырып, құмарлықты оятар, ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дəстүрлі ұлттық ойындар. Бұл ойындардың игілікті екендігіне  ешқандай  күдік болмауы тиіс».

Бауыржан Момышұлы — өзінің ұлттық рухын өмір бойын шыңдап өткен адам. Осы  жолда оның ұстазы болған Алаштың арыстары болатын. Тұрар Рысқұловпен бірнеше  мəрте кездескен, əңгімелерін есітіп, ақылын тыңдаған. Ахмет Байтұрсынов, Əлихан Бөкейханов,

Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектерін түгелдей оқыған, ал көбісін жатқа айтатын болған. Баукеңнің Тəңірберген Отарбаев  дейтін  ұстазы — Жүсіпбекпен өте жақын араласып дос болған адам. Сол мұғалімі арқылы  Жүсіпбек туралы, оның шығармалары жөнінде өте көп мəлімет алған. Бауыржанның рухани жəне саяси бағыт-бағдары осы Алаш көсемдерінің ұстанған жолымен, ой-пікірлерімен, ұлттық идеяларымен қалыптасты десек қателеспейміз.

Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» деген еңбегі Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» деген кітаптарының сарынымен жазылған, осы кітаптардың идеялық жəне логикалық

НАМЫС

жалғасы десек те болады.

Бауыржан Момышұлыкүрделі тұлға, ол кісінің əрбір қыры мен сырын ашудың өзі үлкен еңбек. Жазушылығы жөнінде көп айтудың қажеті жоқ шығар, оны өзінің қайталанбас шығармаларымен дəлелдеп кетті емес пе. Бəукеңнің жазушылығы оның соғыстан кейінгі екінші ерлігі деп халқы бекер айтпаса керек. Жазып қалдырған еңбектері  30 томнан асатын түрі бар деп жүруші ек, сөйтсек Тараз қаласында ашылған орталық Баукеңнің басылған, басылмаған еңбектерін жинақтай отырып, 45 том дайындапты. Ал, барлық еңбектерін түгел жинаса 100 томға  жететін түрі бар.

Ал, осы еңбектерінің ішінде ұлттық рух пен нəрге толы Бауыржанның мақалмəтелдері, нақыл сөздерібір төбе. Олар баспасөз бетінде жеке бөлініп жарияланып та жүр. Бірнеше газеттерде қазақ тілінде «Батырдан қалған өсиет», «Бəукеңнің қанатты сөздері», «Сөз маржандары» жəне т.б. аттармен басылып шықты. Орыс тілінде Ф.Оразбекова мен А.Шаухановтың жинаған нақыл сөздері «Глубокий след тулпара. Бауыржан Момышулы: личность, воин, мудрец» деген атпен 2006 жылы Алматыда жеке кітап болып жарық көрді.

Қанатты сөздер жайдан-жай тумайды жəне оны айтып қалдыру кім болса соның қолынан келе бермейді. Ол үшін ғұлама, терең ойшыл, үлкен философ, ақынжанды жəне өз басы күнделікті күйкілжің өмірден жоғары тұратын ірі тұлға болу керек. Бəукеңміне, сондай адам. Ол кісінің нақылдары сан алуан тақырыпқа арналған: соғыс жəне бейбіт өмір, тəртіп пен тəрбие, парыз бен қарыз, тіл мен əдебиет, салт пен дəстүр, тағы сол сияқты болып жалғаса береді. Айтылған сөздерінің көбісі өз тағдырына байланысты. Мысалы: «Мен запастағы полковникпін, бірақ отставкадағы азамат емеспін, соңғы демім біткенше халқыма қызмет етемін» деген сөздің өзі не тұрады. Бұл ол кісінің өмірінің негізгі қағидасы емес пе, қаншама игілікті істер атқарып кетті бұл өмірде.

«Отан үшін отқа түс – күймейсің», «Тізе бүгіп тірі жүргенше, тік тұрып өлген артық», т.с.с. өз өмірінің кредосы ретінде қорытып шығарған нақыл сөздері көп. Соғыста  207 рет шабуылға шығып, бірнеше рет жараланып тірі қалғаны, өмір бойы ешкімге бас имей, тек өз ар-намысының ғана құлы болғаны, халқының қамын ойлап, болашағы үшін күресіп өткені, өмірдегі өзі арқалаған ауыр жүгін, қоғам алдындағы өз парызын терең түсінгені – осының бəрі Бəукең шығарған қанатты сөздердің қайнар бұлағы. «Мен өмір бойы парыз сезіміне бой алдырып, жалғыз соған ғана бағынып келдім»,дейді ағамыз өз өмір жолдары туралы. Ал, осы «парыз» деген түсініктің өзіне отыздан аса анықтама беріп, оларды қанатты сөздердің қатарына қосты. Бəукеңнің нақыл сөздеріне айналған оның басынан кешкен жайттары ғана емес, өмірден көріп білгені, көкірек көңіліне түйгені, жүрегіне ұялағаны, қоғамға, болашаққа деген ойпікірлері. Ал бұл ойларды жинақтап, мақал-мəтел деңгейіне дейін көтеріп, болашаққа өсиет ретінде жазып қалдыру тек Бауыржан Момышұлы сияқты  талантты тұлғаның ғана қолынан келетін іс.

Бауыржанның баталары өзінше бөлек əңгіме. Бата беру халқымыздың ежелден келе жатқан қасиетті дəстүрлерінің бірі. Ақ тілек айту, жылы пейіл – ықылас білдіру, шын жүрегінен шыққан лебізді жеткізу – ата-бабаларымыздың өсиетнамасы, адамгершілік аманаты. «Бата – сөздің анасы», «Атаңнан бота қалмаса да, бата қалсын» – деген сөздер тегін емес. Бəукең батаның қадір-қасиетін білген, мəн-маңызын терең түсінген адам. Сондықтан, бұрынғы ескі баталарды қайталамай, осы заман ауқымына сай, өмірдің өзекті мəселелерін қоса отырып, өз жанынан шығарған баталары ел ішінде кең тарап кеткен. Солардан аз ғана үзінді келтірейік:

Е, жаратушы жасаған!

Тілегімізді қабыл ет.

Иманымызды кəміл ет.

Дозақтағы  оттан сақта.

Қаңғыған оқтан сақта.

Парақор соттан сақта.

  • * *

Несібе кесер кесірден сақта. Некесіз бала табатын, Жолы лас жесірден сақта.

  • * *

Əкімінде шапағат жоқ, Молдасында шариғат жоқ,

Байларында салауат жоқ,

Кедейінде қанағат жоқ,

Үлкенінде ұлағат жоқ, Кішісінде инабат жоқ, Адамында ар-ұят жоқ Қоғамнан сақта!

Осыны айтып келеді де, ары қарай барша еліне бақ пен бақыт тілейді, ынтымақырыс тілейді, сонымен қатар, бар ұрпаққа ар-намыс тілейді. Міне, Бəукеңнің кемеңгерлігі осында.

Бауыржан Момышұлының өз халқын жақсы көретін, оның тарихын, салтдəстүрін керемет жақсы білетін, тілін аса қадірлейтін азамат екені белгілі. Ол ол ма, биліктегілер үшін еліміздегі №1 «ұлтшыл» болған да осы кісі. Бəукеңнің ана тілімізге қамқорлығы ерекше болған. Осыдан 67 жыл бұрын сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Мұхаметжан Əбдіхалықовқа жазған тіл туралы хатының бас жағында  былай дейді: «Алматыға келгелі орталық «Социалистік Қазақстан» газетін оқып, кейбір кейінгі кезде басылған қазақ тіліндегі кітаптарды желе-жорта қарап шығып, күннен-күнге ұлғайып, шым-шытырық болған «тіл шұбарлығын» көзбен көре, құлақпен ести отырып, дəтім шыдамай жазайын деп отырғаным тіл мəселелері туралы».

Өзі тіл маманы болмаса да, ұлтқа жаны ашығаны сонша, тілдің, оның ішінде ана тіліміздің, қоғамдағы  орнын, күнделікті өмірдегі мəні мен маңызын маман ғалымның деңгейінен бірде кемітпей таратып айтқан. Оған осы хаттағы мына сөздері  куə: «Ежелден, атам заманнан тіл – елдің мəдениет,  əдебиеті өсіп-өніп, отбасындағы үй тіршілігінен бастап, қоғам, халық, ел-жұрттың, жалпы мəдениеттің арнаулы құралы, ғылымның атаулы  саласы екені сөзсіз… Тілсізді айуан дейді. Тілі кедей елді – мəдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды. Тіл  – адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан, тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми əдебиетін, өнеркəсібі, мəдениетін, қоғамның құрылысын,  салт-санасының, жауынгерлік дəстүрінің мұрасының қай дəрежеде екенін көрсететін сөзсіз дəлелді мөлшері (Мерило)».

Осылай тілдің маңызын, қоғамдағы ойнайтын рөлін дөп басып дəлелдеп  бергеннен кейін тілден айырылудың қандай қасірет екенін ескерте кетеді. Ана тілінен ажыраған  ел азып-тозып, бытырап жоғалып кетеді, тарих қойнауынан ғайып болады дейді Баукең.

Қазақ тілінің  өте бай,  мықты тіл екенін де сөз етіп, айтып кетеді.

Осы хатта айтылған ой-пікірлері, ұсыныстары осы күнге дейін маңызын жоғалтпапты. Хатының соңында арнайы бөліп айтқан ұсыныстарының бір-екеуін ғана келтірейік:

  • «Аяқ асты елеусіз болып кеткен қазақыландыру мəселесін алдымен қазақтардың өздерін, тіл жөнінен тəртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркəсіп орындарында қайтадан əділдікпен көтеріліп қолға алынуы жөн».
  • «Тиісті оқу орындарында қазақ тілі, қазақ əдебиеті, қазақ тарихы міндетті сабақ болу керек»…

Міне, біздің бүгін іске асырамыз деп əлек болып жүрген мəселеміз де осы емес пе? Ал, бұл ойды Бəукең 1944 жылдың басында айтқан екен.

Сонымен, ірі тұлға, даңқты батырымыз, аса көрнекті жазушы Бауыржан

НАМЫС

Момышұлының ұлттық тəрбие барысында пайдалануға ұсынатын мұрасы өте бай. Бірақ, олар жүйеленбей,  жинақталмай, шашырап жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз қажет.

Ол үшін ең алдымен бөліп жармай, жұлмаламай толыққанды «Бауыржантану» ілімін қалыптастыруымыз қажет. Арнайы жасалған бағдарламаларда

Бəукеңнің өмірі, əскери қызметі, соғыстағы ерліктері, жазушылық еңбегі, негізгі шығармаларының түйіні, қоғамдағы алатын орны мен халқының берген бағасы түгел көрсетілуі тиіс. Бұл бағдарлама қаһарман Момышұлының болмысын, ішкі рухани бай дүниесін толығымен ашатындай болу керек. Ал, Бəукеңді дəріптеу барысында «Бауыржантану» бағдарламасының əр түрлі деңгейдегі бірнеше варианттары болғаны абзал. Бастауыш жəне орта мектеп оқушыларының жас ерекшеліктері ескерілгені жөн. Жоғары оқу орындарына кеңірек варианты ұсынылсын. Ал, əскери ұйымдар мен əскери оқу орындарында міндетті түрде оқылатын арнайы пəн кіргізілсін.

Əскери жағын айтар болсақ, ол кісі əскери ғылымның бірнеше саласын, соғыс тактикасы мен əскери ережелерді қалыптастырумен қатар, ұлттық тұрғыдан алғашқы болып əскери патриотттық тəрбиенің негізін салған ғалым адам. «Соғыс психологиясы», «Москва үшін шайқас», «Қанмен жазылған кітап» сияқты еңбектерінде осы патриоттық тəрбиенің мəселелері кеңінен қамтылған.

Осы бай мұраларды ғылыми тұрғыдан зерттеп, əскери саламызда қолданып, жас əскерлерді тəрбиелеуде пайдалана алсақ ұтарымыз көп болар еді. Бірнеше шет елдерде Б.Момышұлының əскери қағидалары бойынша дəріс оқылатын көрінеді. Ал, біздің өз Отанымызда əскери саламыздың басшылары Бəукеңнің бұл еңбектерінен тіпті хабарсыз екен. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деген осы да.

Барлық          оқу           орындарында            «Бауыржан оқуларын» ұйымдастырып, өткізуді тұрақты  дəстүрге айналдыруға тырысайық. Оның үстіне жалпы халыққа, əсіресе, жастарға арнап интернет жүйесінде Бəукең туралы сайт ашу керек. Бұл Б.Момышұлы жөнінде хабардар болайық деп мəлімет іздеген көпшіліктің қолын ұзартар еді.

Осы бағыттағы тағы бір игілікті іс – ол Алматы қаласында Бауыржан Момышұлының жеке мұражайын ашу. Бəукең бұған лайықты тұлға. Алыстан атақтыларды іздеп əуре болмай-ақ, қолымызда барды неге қадірлемейміз. Жас кезінде елімізді шапқан жаумен алысып, қан майданда айтусыз ерлік көрсетіп, кейін қайталанбас талантты шығармаларымен өзіне-өзі ескерткіш қойған, соңғы демі біткенше өзінің саналы өмірін əділетсіздікпен, жағымпаздықпен, көзбояушылықпен, ұлтсыздықпен аянбай күресуге жұмсаған айбатты азаматымызды, бүкіл əлем бас иіп мойындаған баһадүр батырымызды неге тиісті деңгейде дəріптемей жүрміз? Жастарға, келешек ұрпаққа үлгі етер Бауыржан Момышұлынан артық кім керек?

 Сонымен қатар, əскерилердің ерлігін марапаттайтын Бауыржан Момышұлы атындағы арнайы орден бекітілсе артық болмас еді. Осы орденді омырауына таққан қазақ əскерлерінің патриоттық сезімі өте жоғары деңгейде болатынына жəне олар Отан үшін қандай да болса ерлікке баратынына күмəн келтіруге болмас. Ендеше, патриоттық тəрбиенің осы түрін тиімді пайдаланып, осы ұсынысты неге іске асырмаймыз?

Қорыта айтқанда, ұлтымызға ұран болған Бауыржандай алып тұлғаны жастарымызға жан-жақты, тереңірек таныстыра білейік. Бəукеңнің өмірі, халқына  жасаған қызметі, ұлттық рухы, артына қалдырған рухани мұрасы тəрбие жұмысында таптырмайтын орасан зор байлық, соны дұрыс жəне тиімді пайдалана  білейік.

 

ƏДЕБИЕТТЕР:

  1. Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармашылық жинағы. – Алматы: «Өнер»,
  2.  
  3. Нұршайықов Ə. «Ақиқат пен аңыз», – Алматы: «Жазушы», 2009.
  4. «Аты аңызға айналған», – Алматы: «Тоғанай Т», 2010.
  5. «Жұлдыздар отбасы» журналының «Аңыз адам сериясы», №9, 2010 ж, Алматы.

Резюме

В статье  описывается  личность  Бауыржана Момышулы  как национального героя, его богатый духовный мир, любовь к  своему народу, его истории, культуре, языку и литературе. Рекомендуется использовать личностные качества Б.Момышулы для духовного и патриотического воспитания молодежи.

Summary

 In this article Baurzhan Momyshuly’s personality is described as a national hero, his rich spiritual world, love to his people, his history, culture, language and literature. It is recommended to use Momyshuly’s personal qualities for spiritual and patriotic upbringing of youth.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *