Ақжан Әл-Машани оқымысты, ғалым, насихаткер
Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани (1906 жылы, қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Нұркен ауылы — 02.05.1997, Алматы) — геолог ғалым, тау-кен инженері, геология-минералогия ғылымдарының докторы (1946), профессор (1968), ҚР ҰҒА-ның алғашқы құрылтайшыларының бірі және академияның корреспондент мүшесі (1946), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1966).
Қазақстанда геомеханиканың негізін салушы, мектебін құрушы; жазушы. Қазақ тау-кен металлургия институты (қазіргі ҚазҰТУ) бітірген (1939). КСРО ҰА-ның Қазақстан бөлімшесінде (1939 — 43), Геология ғылымдары институты (1943 — 46), Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты (қазіргі ҚазҰПУ) (1946 — 50), Қазақ политехникалық институты (қазіргі ҚазҰТУ) (1950 — 88) ғылыми-зерттеу және педагогикалық жұмыстармен айналысты. Негізгі ғылыми бағыты геомеханиканың құрылымы — кристалдық заңдылықтарды зерттеуге арналған. Ол геометрия, оптика, механика, химия, геохимия, кристалдық химия, география, геология, технология тәрізді пәндердің сабақтастығын анықтау кезінде біртұтас геомеханика заңдылығын ашып, қағидасын тұжырымдады. Сөйтіп, өз алдына дербес ғылым саласының ортақ өзегін іздеу барысында Эйлер теориясы жаңғыртатын жаңалық жасады.
Ол тау-кен өндірісінде геомеханика заңдарын іс жүзінде қолдана отырып, бір-біріне қарама-қарсы екі мәселені шешуді мақсат етті:
- тау жыныстарының кернеулі-деформация күйінің теориясы негізін анықтау;
- тау-кен жұмыстары кезінде күрделі кен қазбаларының, жер бетінің орнықтылығын және жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жасау.
Осы мәселелерді біріктіре шешу — тау жыныстарының жер қойнауындағы жай-күйін, құрылымдық ерекшеліктерін және беріктілік қасиеттерін зерттеуге негізделген. Жер астындағы кеннің геол. құрылымын анықтау үшін алғаш рет жер қойнауының геометриясы әдісін қолдана отырып, Ақбастау — Құсмұрын кен өрісін ашқан. Қазақстанда геомеханика мектебін құруға және соғыс жылдарында П.А. Рыжовпен бірге Лениногор, Зырьян, Торғай, Жезқазған, Қаратау кен орындарын ашуға қатысты. М. геология, тау-кен ісі, маркшейдерия ғылымдарының мемл. тілде дамуына ерекше көңіл бөліп, қазақ тілінде оқулықтар мен сөздіктер шығарды. Жаратылыстану ғылымдарындағы ұлттық құндылықтарды сабақтастыра отырып, гуманитарлық мазмұн-сипатта дамытуда көп іс атқарды. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің ғыл.-көпшілік, фантастик. жанрларына да үлес қосты. Оның “Жер астына саяхат” атты кітабы көптеген оқырмандардың геолог, тау-кен мамандықтарына деген қызығушылығын оятты. Әбу Наср әл-Фарабидің Дамаскідегі (Сирия) Баб ас-Сағир қорымынан қабірін тауып, құлпытас орнатуға ат салысқан. Ол әл-Фараби мұрасын ислам дінімен және қазақ халқының ұлттық дүниетанымымен сабақтастыра зерттеу нәтижесінде фарабитанудың негізін салушылардың бірі ретінде де кеңінен танылды. “Әл-Фараби” тарихи романында оның көркем бейнесін сомдады, ал “әл-Фараби және Абай” еңбегінде екі ғұлама арасындағы ғыл. және рухани байланыстар мәселесін зерделеді. Түркі тілдес халықтардың мәдени мұраларын, ғылым тарихын, ислам ғылымын зерттеуде де көп тер төккен. 1984 ж. Кувейтте шығатын “әл-ұараб” мерзімдік басылымында “әл-Машани” бүркеншік атымен өзінің зерттеулерін жариялады. М. 350-ден астам ғыл. еңбек, оның ішінде 9 монографияны жазған. Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Өзінің көрген білгендерінің ішінен ғибрат болатындықтарын хабарлау әрбір адамның міндеті болса керек. «Ұзақ өмір бойында менің жиған тергенім үш бастаудың құйған арнасы болды»- деген Машанов.
Табиғат табыстарының дәлелділігі
Адам баласының табиғат танудағы жолдары (тарих және діни)
Ана тілінің қазынасы
Осы үш компоненттің қосындысынан әр мағынасына тілі басқа әдісі басқа, ойлау өрісі басқа, сол себептен 1 саладан табылған нәрсе 2-ші салада істеуге белгісіз, пайдасыз болып қала береді. Біздің заманымыздағы ғылыми жетістікте кемшілікте осында. Жеке таңдалмаса ғылым жетілмейді. Бірақ жекеленіп кеткен ғылымдар біріне-бірі жат болмайды. Олар барлық ғылымды тұтас қалпында бүтіндей қамтиды.
Халқымыздың “Жақсы адам-қазына” деген нақыл сөзі бар. Сондай адамдардың бірі емес, бірегейі Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани өміріне көз жіберсек, ол кісінің өте бір бай өмір кешкенін байқаймыз.
Байлық деген, біреу үшін ақша, біреу үшін дүние-мүлік. Әрі беріден соң, біздің жер астындағы қазба байлықтармызды ысырапсыз пайдалана берсек, қайтадан қалпына келмейтінін, сарқылатынын білеміз. “Сонда таусылмайтын қазына не?” – дегенде, ол – адам бойына ана сүтімен бітетін дарын. Дарынды адамдар күнде¬лікті өмірде, қарым-қатынаста, жұмыста, үйде, түзде жан- жағындағы адамдарға бойындағы қабілеттің шуағын шашып жүреді. Сондай, өмірінің ақырғы сағатына дейін біздерге білім мен ғылымның, өнеге мен үлгінің нұрын шашқан, таусылмас қазына қалдырып кеткен академик, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани еді.
Машан Жамантай төренің кеңесші биі, аузымен орақ орған шешен болған. Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі, тау-кен инженері, қазақтың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин өзінің “Қаһар” атты романында Машан бидің атақты Ағыбай батырдың досы, Құнанбай, Құдайберді тәрізді адамдармен үзеңгілес, туыстық та қарым-қатынаста болғанын, қаз дауысты Қазыбек бидің досы болғандығын жазған. Құнанбай қажы мен Машан би жылына бір рет Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып отырған екен. Осындай бір кездесуде атасымен бірге жәрмеңкеге барған бала Ақжан Шәкәріммен де кездескен. Ақаңның әкесі Жақсыбек Құранға жүйрік, сол кездердегі “Айқап”, “Дала уалаяты” атты газеттерді жаздырып оқитын адам болған. Ақаң алғаш әліппе тануды өз әкесінен, кейін кеңес мектебінен үйренген. 1924 жылы Қарқаралыдағы Әлімхан Ермеков негізін қалаған педагогикалық техникумға түсіп, Әлекеңнен, Ахаңнан (Ахмет Байтұрсынов) дәріс алған. Міне, осындай думанды шаңырақта, ойшылдардың ортасында жүріп, тәлім-тәрбие алған Ақжан Жақсыбекұлының ғұлама ғалым болмауы мүмкін емес еді. Ақжан ата бойындағы әділдігі, сабырлылығы, зеректігі, зерделілігі, ізденімпаздығы атадан балаға ұласқан сарқылмас қазынаның жалғасы деп білеміз.
Еңбек жолын өзі оқыған мектепте мұғалім болып бастаған Ақжан Жақсыбекұлы 1933 жылдың күзінде Семейдің геологиялық техникумындағы – дайындық курсын¬да оқып, 1934 жылы Алматыда ашылған Қазақ тау-кен металлургия (қазіргі ҚазҰТУ) институтының алғашқы студенттерінің бірі болып қабылданады.
Институтта оқи жүре, ол Алматыдағы техникумдарда, курстарда сабақ берді. Қазақстандағы маркшейдер мамандығының негізін қалаушы, профессор П.А.Ры¬жов зерделі студентті 1939 жылы аспирантураға алып қалады.
Ол ғылыми еңбегіне жер қойнауының геометриясын өзек етіп алды. Бұл екінің бірінің тісі бата бермейтін тың тақырып еді. Кертартпа ғалымдар ғылыми жаңалыққа күдікпен қарады. Алайда Ақанның диссертациясындағы кен орындарын зерттеудің жаңа әдісі Қазақстанның көптеген кен орындарында байқаудан өтті. 1940 жылы геологиялық-барлау ғылыми экспедициясын басқарып жүрген аспирант Ақжан осы жаңа әдіс негізінде Ақбастау-Қосмұрын алтын кен орнын ашты. Сөйтіп, кендердің жер қойнауында түзілу заңдылықтарын ашуда алғаш рет жер қойнауы геометриясының әдістерін қолдануы геология мен тау-кен саласында ғылыми жаңалық болды.
1946 жылы Ақжан Жақсыбекұлы Мәскеу қаласында “Кендер құрылымын жер қойнауын геометрлеу әдістерімен зерттеу” тақырыбына докторлық диссертация қорғады. Ғылыми жұмыс үш мамандықтың (геология, механика және тау-кен ісі) түйісінде жүзеге асқан болатын. Сөйтіп, үш ғылым саласының түйісуіне тау-кен ісінде жаңа ғылыми бағыт – “геомеханика” дүниеге келді.
А.Машанов жетекшілігімен жүргізілген геомеханика саласындағы ғылыми жұмыстардың өрісі кеңейіп, жас ғалымдар саны көбейе түсті. Геомеханикалық зерт¬теулерді жүргізуде, Ақжан Жақсыбекұлы – ең алдымен, кен орнының табиғи геологиялық жағдайын және қатты денелер механикасы мен физикасының негіздерін зерделеу арқылы адамзаттың инженерлік қызметінің нәтижесінде пайда болған жасанды ортаның геологиялық, кернеулі жай-күйін білуге және ашылған тау жыныстарының әртүрлі тереңдіктеріндегі физикалық-механикалық қасиеттерін анықтауға басты көңіл аударды десек, ол КСРО-дағы геомеханика ғылымының негізін салушылардың бірі және Қазақстандағы геомеханика мектебінің іргетасын қалаушы.
А.Машановтың геология, геомеханика саласындағы ғылыми еңбектері, көп жылдардағы далалық, өндірістік, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бүгінде еліміздің жоғарғы оқу орындарының тау-кен мамандықтарына геомехани¬каны жаңа ғылыми пән ретінде оқу үрдісіне енгізуге негіз болды. Ол тау-кен саласындағы ғалымдар ішінде алғашқысы болып “Геомеханика” пәнінің мақсаты мен мазмұнын тұжырымдады. А.Машанов көптеген ғылыми кітаптар жазды. Солардың ішіндегі “Механика массива горных пород”, “Введение в геомеханику”, “Основы геомеханики скально-трещиноватых горных пород”, “Геомеханика”, “Устойчивость бортов карьеров бассейна Каратау” сияқты монографиялық еңбектері осы саладағы іргелі зерттеулер қатарына жатады. Бір айта кететін жәйт, оның еңбектері “Маркшейдерлік іс” ілімінің отаны Германияда неміс тілінде жарық көрді. Бұл оның ғылыми мектебінің халықаралық деңгейде мойындалуы еді.
Қазақстанның алғашқы техника саласындағы интелегенттерінің алдында ғылым мен техниканың жалпы мәселелерімен қатар, ұлттық инженерлік-техникалық әдебиеттер жазу қажеттігі тұрды. Сол кездері А.Машанов тау-кен атауларының тұңғыш сөздігін, жоғары оқу орындарына арнап қазақ тілінде көптеген оқулықтар даярлады. Мәселен, “Кристаллография, минерология және петрография” атты кіта¬бы соңғы ғасырдағы алғашқы және әзірге жалғыз оқулық болып есептелінеді.
А.Машанов ғылыми-техникалық білімді көпшілікке кеңінен насихаттаушы. Оның қаламынан туған “Жанар тау”, “Жер сілкіну”, “Таулар қалай құрылды”, “Жер сыры”, “Ғажайып ошақ басында”, “Табу” сияқты кітаптары көпшіліктің ықыласына бөленді.
Ол ғылымның сыр сандығын біртіндеп ашып, інжу-маржанын, талғаммен терген жан. Ғалым “Кісіліктің өлшемі – білімділік, сондықтан да барлық ғылымдар тарихын жақсы білу керек” деген қағиданы біздерге айтудан жалықпады және өзі де өмірінің соңғы сағатына дейін ғылымды сүйіп, ұлы ғалымдарды құрмет тұтып кетті.
Осы саладағы Ақжан Жақсыбекұлының баға жетпес, ерлікке пара-пар келетін, еңбегі – ұлы бабамыз Әл-Фарабидің қазақ топырағында туып қана қоймай, қаны түркі екендігін дәлелдеудегі, оның еңбектерімен ұрпағын сусындату және насихат¬таудағы теңдессіз қызметі. Ақанның арқасында Әл-Фараби сынды ұлы ғұламаның рухы, есімі өз Отаны қазақтың қара топырағына қайта оралды. Бұл жолда жер жүзі елдерінің кітапханаларында шашырап жатқан Әл-Фараби еңбектерін жинап, 1969 жылы бабамыздың Дамаск қаласынан бейітін тапқан да Ақаң еді. Ұлы бабамыз Әл-Фарабидің мәңгі мекені – Баб ас-Сағир зираты басындағы көңіл-күйін, ішкі сезімін біздерге жырдай қылып айтушы еді және оны өзінің “Әл-Фараби және Абай” атты кітабында жазып та кетті. “Қабір басында көз жасымды тыя алмадым, қабіріне бас иіп тұрып, бір шөкім топырағын орамалымның шетіне түйіп алдым да, құранның өзім білетін сүрелерінің бірін ағытып қоя бердім” дейтін. Ақаңның бабамыздың басында тұрып шығарған өлеңі бар.
Ақаңның үйіндегі кітапханасында сирек кездесетін кітаптар көп еді. Солардың бірі – Иоган Кеплердің “Аспан музыкасы” деген кітабын оқып отыра, Ақжан Жақ¬сыбекұлы Кеплердің жазғандарының бірсыпырасы Әл-Фарабиден алынғандығын анықтады. Осы мәселеге байланысты А.Машанов 1984 жылы Кувейтте шығатын “Әл-Фараби” журналына “Орта Азияның мәдениет шамшырақтары” атты мақала жариялап, онда өз пікірін дәлелдеді. Кейіннен осы мақала төңірегінде жарық көрген пікірлерде белгілі ғалымдар “Әл-Машани мырза өз көзқарасын толық дәлелдеді” деп жазды. Міне, содан бері “Әл-Фарабиді ашқан Әл-Машани” деген сөз тіркесі жалғасып кете берді. Әл-Машани деген атақ Ақаңның өзіне де ұнағандығы соншалық, “Ай арысы” және “Геомеханика” атты кітаптарында авторы Әл-Машани деп өз қолымен жазып кетті.
Жалпы, Әл-Машани 200-ден астам ғылыми мақалалар, 10 монография, 5 оқулық және 8 ғылыми көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырған ғалым. Осы еңбектері арқылы ғалымның кемеңгерлік қырлары жарқырай көрініп, есімі елге мәшһүр болды.
Әл-Машани қаламынан ұлы бабамызға арналған “Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы”, “Шығыстың Аристотелі”, “Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы”, “Әл-Фараби”, “Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары”, “Әл-Фараби және Абай” сияқты көптеген кітаптары жарық көрді.
Әл-Фараби мұраларына арнап осындай еңбек жазып жүрген және 1978 жылы Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өткізуге көшбасшы болған Ақаң әлем оқымыстыларын өзіне тәнті етті. Жетпісінші-сексенінші жылдары Әл-Машани қаққан дабылдан кейін Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесінде, Отырар, Арыстанбаб тарихи қорымына мемлекет тарапынан көңіл аударыла бастады. 1985 жылы ғалымның өзі Түркістанға барып, Отырар мұражайының ашылуына атсалысты. Ол Қазақстан Республикасы мен шет елдердегі Әл-Фараби мұрасын зерттеушілердің алғашқы ғылыми кеңесшісі болды.
Абай атамыздың 150 жылдық тойы тұсында жазылған “Әл-Фараби және Абай” атты кітабы өзінің мән-мағынасымен, ойшылдық, талдау болжамдарымен аса құнды, халқымыздың мың жылдық мәдени тарихының үндестігін зерделеген еңбек. Ақжан Жақсыбекұлы Абай дүниетанымын, ғылымның бастауы орта ғасырлық, араб, шығыс елдерінде жатқандығын, оның көш бастаушысы ұлы бабамыз Әл-Фараби болғандығын, сөйтіп екі дананың арасын жалғастырар ғылымның даңғыл жолын баяндаған, сонау мың жылдан астам уақыт өткен Әл-Фарабиден кейін, оған ой өрісі жақын. Парасаты кең, ойшыл Абай екенін дәлелдеген.
2001 жылдың 12 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен халықаралық деңгейде Әл-Фарабидің 1130 жылдығы аталып өтті. Әкім бекіткен арнайы сыйлық және Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы сыйлықтың №1 куәлігі артына мол мирас, өшпес іс қалдырған Әл-Машаниға берілді.
Әл-Машанидің ғылымға қосқан зор үлесін және ғылыми педагогикалық қызметін жұртшылық пен Үкімет жоғары бағалады. Ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдар және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ жанындағы жараты¬лыстану гуманитарлық институтына Ақжан Әл-Машани есімі берілген.
Әл-Машани барлық ғылымдардың басын біріктіруші – ислам дініне, мұсылманшы¬лыққа, ислам философиясына ден қойған ойшыл ғалым. Ол ғылым мен ислам діні байланысының сырын ашқан, “екеуін бірінен-бірін айыруға болмайтынын”дәлелдеп кеткен.
“Алдаспан” тәуелсіз журналының бас редакторы Қазтай Әбіш тоқсан бір жастағы Әл-Машаниден (қайтыс боларынан бір ай бұрын) сұхбат алған болатын. Сонда журналист соңыңыздан ерген інілеріңізге, шәкірт балаларыңызға өсиет етер амана¬тыңыз қандай – деп сауал қойғанда, Ақаң былай деген болатын: “Кісіліктің өлшемі – білімділік. Қазақ жастары тек білімге ұмтылулары керек. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұтқасын ұстау үшін де білімді болуы керек. Ал бар ғылымның тоғысар арнасы, зәулім шырқау шыңы – қасиетті Құран кітабын оқуды аманат етемін. Ислам діні – ең таза, ғылымға негізделген. Исламның бір үлкен парызы – ғылым. Ата-бабалары¬мыз қастерлеген сол дінді қадірлеп, имандылыққа бет бұрған ұрпақтарымның ертеңгі өмірі арайлы болатынына сенемін”.
Бұл айтылғандардың барлығы Ақаңның “Исламның ғылыми негіздері” атты қолжазбасында баяндалған.
Ұсынылған әдебиеттер:
- Тарихи тұлғалар. Танымдық — көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009
- . Машанов «Шарафат» А-73 99-100 беттерде, 102,103,105 бет
- А.Машанов «Әл-Фараби және Абай»