ХІХ ғ.екінші жартысы мен ХХғ. басындағы қазақ мерзімді баспасөзі.

ХІХ ғ.екінші жартысы мен ХХғ. басындағы қазақ мерзімді баспасөзі.

          1869 жылы 2 қаңтарда Орынбор және Сібір ведомоствосына қарайтын территория қайта құрылып, Торғай облысы делініп атала бастады, құрамына 4 уезд, 28 болыс қарайтын облыс сол кездегі Қазақстанның біраз жерін алып жатты. Ал, 1879 жылы орталығы Орынбор қаласында облыстық басқарманың баспасөз орталығы құрылып, оның ресми органы шыға бастады.1895 жылдан бастап бұған қосымша “Тургайская газета” деген атпен ресми емес бөлімі шығарылып, ол 15 жылдай өмір сүрді. “Торғай газетінде” Ш.Уалихановтың, Ы.Алиынсариннің өмірі, қызметімен таныстыратын материалдар жарияланды.

          “Торғай газеті” көпшілікке пайдалы материалдарды қазақ әрпімен және араб әріптерімен қазақ тілінде жиі-жиі жариялап отырды. Әсіресе, сол кездегі жұртқа, эпидемияға байланысты материалдар, қоғамдық құбылыстарды сынайтын фельетондар, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап басып отырды.

          Орыс алфавитін икемдеп, таза қазақ тілінде материалдар жариялау баспасөз тарихында осы “Тургайская газетадан” басталды. Орынборда шығатын баспасөз органдарына жетекшілік еткен Торғай облыстық басқармасының газет столының төрағасы Ә.Балғынбаев болды.(1902-1906жылдар).

      Ә.Балғынбаев туралы деректі толық болмаса да Қазақ Кеңес Энциклопедиясынан алуға болады. Онда оның журналистік қызметіне қатысты бір-ақ сөйлем жазылған: “Торғай облыстық ведомостволары” газетінің редакторы (1902) Ә.Балғынбаев тек әкімшілік жұмыспен ғана айналыспай өзі де жиі-жиі мақалалар жазып тұрды. Қазақ тіліндегі материалдарды орыс газеттеріне аударып беріп отырды. Революциялық қозғалыс жылдарында “Торғай газеті” прогресшіл бағыт ұстады. Революция қарсаңында бұл газеттің бетінде қазақ еңбекшілерінің екі жақты езгіге – “өз” байларының және патша самодержавиесінің езгісіне түсіп отырғанын сипаттайтын материалдар жарияланды.

Ә.Балғынбаевтың публицистік қызметі “Тургайская газетаның” 1895 жылғы 45 – санында “Қарабұтақтағы қыздардың орыс-қазақ училищесінің ашылуы” мақаласынан басталды. “Тургайская газетаның” 1904 жылғы 48 санынан бастап Ә.Балғынбаевтың әлденеше номерге жарияланған “Қырғыз (қазақ) тұрмысының  очерктері” қосалқы тақырыпшасымен “бесіктен молаға дейін” фельетоны көшпелі қазақ халқының денсаулық сақтау ісінің кемшіліктерін өлтіре сынаумен бірге, олардың тұрмысы мен әдет-ғұрпының тозығы жеткен көлеңкелі жағын әшкерлейді.

      Ә.Балғынбаев сол кездегі Орынборда шығып тұрған басылымдарда ғылыми мақалаларын және халық ертегілері, аңыз т.б. үлгілерін орыс тіліне аударып жариялап отырды.

          Бұл басылымда Ә.Балғынбаевпен қатар Ж.Сейдалиннің де біраз мақалалары жарық көрген.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында (1860-1900) Қазақстанда патриархалдық – фнодалдық қатынастардың ыдырап, капиталистік қатынастардың дамуы баспасөздің дамуына айтарлықтай ықпал жасады. Екіншіден, қазақ мерзімді баспасөзінің пайда болуы орыстың революцияшыл – демократтық бағыттағы журналистикасының қосқан үлесі де баршылық.

Ал, қазақ публицистикасының ірге тасын қалаушылары, яғни көшбасшылары дегенде, ең алдымен Ш.Уәлихановтың публицистикалық еңбектерін, екіншіден, Ы.Алтынсариннің «Қазақ газеті» деп аталған газет үлгісі және кезінде «Оренбургский листок» газетінде жарияланған мақала, корреспонденция, очерктері мен этнографиялық мақалалары, үшіншіден, А.Құнанбаевтің еңбек, білім, тәлім- тәрбие тақырыбына арналған өлеңдеріндегі  публицистикалық элементтер мен қара сөздері еске түседі.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразайұлы Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. — А., 1996.
  2. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақтылары. 1-кітап. – А., 1994.
  3. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзі тарихының очерктері. – А., 1981.
  4. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – А., 1996.
  5. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С.,

       Сақов  Қ. – А., 1998.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *