Қазақ тілін оқыту әдістемесі – жеке ғылым саласы

 Қазақ  тілін оқыту әдістемесі – жеке ғылым саласы. Пәнінің жалпы мәселелері, мақсаты мен міндеті,   зерттелу жайы.   

 

Қазақ тілін оқыту әдістемесі және оның зерттеу нысаны
Қазақ тілін оқыту әдістемесі педагогика ғылымының бір саласы болып табылады. Ол өз алдына дербес ғылым. Өйткені оның өзіндік зерттейтін нысаны, мазмұны, зерттеу әдістері мен тәсілдері бар.
      Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттейтіні оның оқыту жолдары мен жағдайлары туралы заңдылықтар. Бұл заңдылықтар педагогика, психология және лингвистика ғылымдарының негізінде жинақталған практикалық тәжірибе мен бұрыннан қалыптасқан теориялық қағидалардан, тұжырымдардан шығарылады. Егер нақтылап айтсақ, оқыту әдістемесі мына мәселелерді зерттейді: 1) мақсаттары (не үшін оқыту керек?); 2) мазмұны (нені оқыту керек?); 3) ұйымдастырылуы (қалай оқыту керек?); 4) құралдары (ненің көмегімен оқыту керек?); 5) оқыту кезінде оқушылардың білімді меңгеру деңгейі, ақыл-ойының дамуы мен тәрбиеленуі арасындағы ұштастық мәселелері. Бұл проблемаларды шешу мектепте тәрбие мен білім берудің жалпы мақсаттарын белгілейді.
          2. Қазақ тілі әдістемесінің мәселелері
          Зерттеудің теориялық әдістері. Ең алдымен назар зерттелетін құбылыстардың, процестердің заңдылықтарын жинақтауға, анықтауға, қалыптастыруға бағытталады. Соңғы жылдары оқыту әдістемесінде жүйелі құрылымдық әдіс қолдана бастады. Оның мәнісі — зерттеу өзара байланысты элементтерден құрылған біртұтас жүйелерінде қаралады, элементтер арасындағы өзара байланыстылық пен қарым-қатынасқа басты назар аударылады. Осыған сәйкес оқыту әдістемесінде мұғалім мен оқушының арасындағы байланысты анықтау қажеттілігі туады (яғни оқыту мен білім алу), оқытудың мақсаттарымен, мазмұнымен, әдістері, құралдарымен, оқушылардың білімді қабылдауы, дамуы және тәрбиелену арасындағы  байланыстарды  анықтау қажет  болады Оқытудағы жүйелі-құрылымдық әдіс сабақтың мақсатын анықтауды, осы мақсаттарға байланысты оқытудың мазмұнын, әдістері мен құралдарын сұрыптап ала білуді, сабақтың тиімділігін бағалауды көздейді. Жүйелілік әдіс мұғалімнің бағдарлама бойынша бірнеше сабақты жоспарлап, дайындалуына мүмкіндік береді, әр сабақтың өзіндік ерекшеліктері мен мақсаттары,  мазмұны, оқыту әдістері жағынан, оқушылардың танымдық әрекетінің сипаты жағынан өзара байланыстылығы сақталады.
                   3. Қазақ тілін оқытудың мақсаттары мен міндеттері
         Қазақ тілі оқыту мақсаттары үш топқа біріктіріледі.
         1. Білім беру мақсаттары: оқушыларға ана тілі туралы ғылымның негіздерін беру; тілдің қоғам өміріндегі маңызын аша көрсетіп, оны меңгерудің өндірісте, қоғам өмірінде аса қажетті екендігін түсіндіру; оқушының ана тілінен жақсы білім алуына мүмкіндік туғызу; тілдің қатынас құралы екендігіне көздерін жеткізу; түрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушылар¬дың ауызша, жазбаша тілдерін дамытып, онымен қаруландыру; оқушылар¬дың тіл мәдениетін қалыптастыру; өздігінен сөйлей, жаза білуге  жол ашу.
      2. Тәрбиелік мақсаттар: оқушылардың тілдік құбылысқа көзқа-расын қалыптастыру; тілдің адам қоғамымен бірге жасасып, өмір сүретінін, қоғам үшін қажетті қарым-қатынас құралы болатындығын түсіндіру; тілдің жан-жақты дамуына жасалып отырған жағдай қазақ тіліне мемлекеттік дәреже беру актісімен дәлелденіп, оқушылардың сенімін арттыру, көздерін жеткізу; оқушылардың салт-дәстүр сезімдерін қалыптастыру, қазақ тілі сабақтарында еңбек тәрбиесін уағыздап, еңбек ардагерлері жайындағы мағлұматтар арқылы еңбекке баулу.
        3. Оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту: ана тіліне деген қызығушылықты арттыру; оқушылардың байқағыштық, елес-болжамдық, ес, ойлау, сөйлеу қабілеттерінің дамуына жол ашу; оқушылардың тілдік проблеманы өздері шеше алатындай дәрежеде үйрету; тіл фактілеріне, құбылыстарына жан-жақты, жинақты түрде қарау қабілетін, өз бетімен тіл фактілерін талдау іскерлігін қалыптастыру.
       Қазақ тілі пәнінің міндеттері: 1) Толық сауатты адамдар даярлау; 2) оқушылардың творчестволық күштерін, танымдық қабілетін, өздігінен жұмыс істеу дағдыларын дамыту.
  Қазақ тілі   және пәнаралық байланыс
Қазақ тілі мен басқа пәндер арасында, әсіресе, әдебиет, орыс және шетел тілі пәндерінің арасында, сондай-ақ тарих, география т.б. пәндері арасында тығыз байланыс болады. Бұл байланыс көбінесе тіл ұстарту мақсатында жұмсалады. Өйткені бағдарламада тіл ұстарту жұмысы тіл мен әдебиет пәндеріне ортақ. Бұл ортақтық мектепте бүкіл оқу мерзімі уақытында тіл ұстарту жұмысының жүйесін жасауға, оқушылардың сөздік қорын байытуға, олардың сөйлеуіндегі қателерді түзетуге мүмкіндік береді. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында мәнерлеп оқу кезінде оқушылар жіберген қателерді үнемі түзетіп отыруға (дауыс ырғағын дұрыс қоя білу т. б.) жол ашылады.
Орыс және шетел тілімен байланыстылығы, алдымен, грамматиканы оқытудан байқалады: ана тілі мен орыс және шетел тілдерінде кездесетін ортақ грамматикалық ерекшеліктерді, ережелерді байқауға мүмкіндік туады. Ана тілі грамматикасы орыс және шет ел тілдерінің сәйкес, ұқсас грамматикалық заңдарын игеруге септігін тигізеді. Екі тілдің арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты салыстырып ұғуға мүмкіндік береді. Орыс және шетел тілдерін оқу тіліміздегі басқа тілден енген сөздердің түп-төркінін білуге жәрдемдеседі.
         Дәрісті қорытындылау: Қазақ тілінің әдістемесі ғылымының зерттеу нысаны мен пәні, методологиялық – теориялық негіздері  туралы мағлұмат. Қазақ тілінің оқыту әдістемесінің тарихи қалыптасу, даму жолдары. Әдістемелік мұра және оны талдау әдістері.

Әдебиеттер:

  1. Қазак тілі окулықтары мен бағдарламалары
  2. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы, 1992
  3. Аймауытов Ж. Психология, Алматы, 1992

4.  Әлімжанов Д., Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы. -Алматы, 1965.
5. Исабаев У. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. -Алматы, 1999.
6. Әбілқаев А. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. -Алматы, 1995.
7. Жиенбаев С. Қазақ тілі методикасы. -Алматы,  1958.
8. Күлмағамбетова Б.К. Қазақ тілін оқыту методикасы. -Алматы, 1988.
9. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. -Алматы, 2004. 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *