Этимология және «халық» этимологиясы
Этимология (грек. etymos – ақиқат, шындық, logos – білім) – сөз төркінін зерттеп, айқындаушы тарихи лексикологияның және жалпы тіл білімінің бір саласы болып табылады. Этимологияның зерттеу нысанына, негізінен тілдегі жеке сөздер, сөз тіркестері, грамматикалық тұлғалар жатады. Этимологиялық зерттеу нысаны тек мағынасы ұмыт болуына, не күңгірттенуіне байланысты жеке-дара қолданылмайтын сөздер, тұлғалар ғана емес, сонымен қатар тілімізде дербес те жүйелі түрде қолданылатын жалпы лексика-грамматикалық мағынасы айқын сөздер мен сөз тұлғалары да бола береді. Этимологиялық зерттеулер мақсаты мен нысанына қарай әр алуан тәсілдер мен принциптерге сүйенеді. Солардың ішінде жиі қолданылатындары: тарихи-салыстырма тәсілі, морфемдік-модельдік талдаулар, түбірін індете зерттеу, т.б. Этимологиялық зерттеулер мен сөздіктер алдына қойған мақсатына байланысты бір тілге, не бір топтағы туыстас бірнеше тілдерге бағындырылуы мүмкін. Этимологиялық зерттеулердің қай түрі болмасын, қандай тілге бағытталмасын ғыл. тұрғыдан үш түрлі, атап айтқанда, фонет., морфол. және семант. принцип-критерийге сүйенуі шарт. Этимологиялық зерттеуге қойылатын тағы бір шарт – тарихи факторлармен санасу. Фонетикалық принцип – әрбір тілдің немесе бір топтағы туыс тілдердің дыбыстық жүйесіне тән (сингармонизм – үндестік пен ассимиляция, дыбыс алмасу мен дыбыстық сәйкестігі, дыбыстың түсіп қалуы мен қосымша дыбыстың пайда болуы, дыбыстардың қосарлануы мен әлсізденуі, дыбыстардың ұзаруы мен қысқаруы, орын алмастыру мен апокопа, элизия мен флексия мен фузия т.б.) сан алуан фонетикалық заңдылықтарды қатаң ескеруді талап етеді. Морфологиялық принцип – сөздердің тұлғалық өзгерістеріне байланысты заңдылықтарына негізделеді. Лексемаларға жасалатын морфол. талдаудың басты мақсаты, мәселен, Семантикалық принцип – сөздердің мағынасын анықтауда этимологияның негізгі критерийлерінің бірі болып саналады. Сөз мағыналарының көнеруі, күңгірттенуі, ұмыт болуы, тоғысуы, іштей жіктеліп, көп мағынаға, тіпті біртекті омонимдерге айналуы, т.б. сөз табиғатына тән семантикалық заңдылықтар – этимологиялық принцип. Тарихи принцип – этимологияның тарихи лексикологиямен, этнолингвистика және этнография, т.б. тоғысар бір туысы. Этимологияның түрлері үш топқа (ғылыми, қызықты, халықтық) бөлінеді. Ғылыми этимология – жоғарыдағы аталған төрт түрлі принципке, яғни тіл дамуының объективті заңдылықтарына сүйеніп жасалған. Қызықты этимология– сөз төркінін ашуда аталатын принциптерге тереңдеп бара білмейтін, дәйектілігі белгілі бір деректермен шектелген, сөздердің сыртқы тұлғасы және бөлігі контекстегі мағынасымен қанағаттанатын, бірақ өзінің сиқырлы сырымен жұртшылықты қызықтырып, қалың бұқара арасына тез тарап кететін этимологиялар жатады. Халықтық этимология – сөз бен сөз тіркестерінің табиғатын оларға тән өзгеру, түрлену, даму, жасалу, т.б. заңдылықтарымен, этимологияның ғыл. принциптерімен санаспай, табиғатын басқа зат пен құбылыс атауларының кездейсоқ, не тым алыс ұқсастықтарын жақындастыру арқылы анықтауға бейім тұрады. Этимологиялық зерттеулердің түрлері көп. Солардың көп тарағаны және пайдалануға қолайлысы – этимологиялық сөздіктер. Мамандардың пікірінше, түркі тілдері бойынша жарық көрген әр деңгейдегі этимологиялық сөздіктердің 7 түрі бар.
Ұсынылатын әдебиеттер:
- Аханов К. Тіл білімінің негіздері. А., 1973,1978,1993,2002, 2010
2.Кодухов В. Н. Введение в языкознание. М.,1979,1987
3.Қалиұлы Б. Тіл біліміне кіріспе. А.,1997
4.Хасенов Ә. Тіл білімі. А.,1996,2002.