Жазу және оның даму кезеңдері
Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін ауызша түрде де, жазбаша түрде де атқара алады. Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады. Соның нәтижесінде оның қатынас құралы ретінде қолдану шеңбері кеңейеді. Жазу – адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық салаларында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал.
Қазірде біз жазба тілді ауызша тілдегі сөздердің жазбаша түрде әріптердің тіркесімен белгіленуі деп түсінеміз. Бірақ алғашында бұлай болмаған. Жазудың тарихына көз жіберсек, әріппен таңбалаудың кейіннен пайда болғанын көреміз. Жазу өте ерте заманда жасалып, мыңдаған жылдар бойы өзгеріп, дамып келді. Жазудың мыңдаған жыл бойына дамып жетілуімен бірге, оның принциптері де өзгеріп отырды.
Пиктографиялық жазу. Бұл жазудың ең алғашқы түрі. Пиктографиялық жазу – суретке негізделген жазу. Сондықтан оны кейде сурет жазуы деп те атайды. Пиктографиялық жазудың таңбалары пиктограммалар деп аталады.
Пиктографиялық жазудың біртіндеп даму барысында идеографиялық жазу пайда болды. Идеографиялық жазудың таңбалары идеогрммалар деп аталады. Идеографиялық жазудың даму барысында идеограммалар пиктограммалардан біртіндеп алшақтап, ақырынды идеограммалар белгіленетін заттың сыртқы формасына дәлме-дәл негізделуден қалып, шартты таңбалар ретінде қолданыла бастады. Идеографиялық жазудың үлгілерін өтө ертедегі қытай жазуы мен шумер жазуынан көруге болады.
Жазудың даму барысында буын жазуы пайда болады. Жазудың буын жүйесінде таңба буынды белгілейді. Жазудың буын жүйесі шығу тегі мен таңбалардың фонетикалық мағынасы жағынан бірнеше түрге бөлінеді.
Ұсынылатын әдебиеттер:
- Аханов К. Тіл білімінің негіздері. А., 1973,1978,1993,2002, 2010
2.Кодухов В. Н. Введение в языкознание. М.,1979,1987
3.Қалиұлы Б. Тіл біліміне кіріспе. А.,1997
4.Хасенов Ә. Тіл білімі. А.,1996,2002