Тілдің табиғаты мен қоғамдық қызметі
Өмірде алуан құбылыстар бар. Олар табиғат құбылыстары және қоғамдық құбылыстар болып екі топқа бөлінеді.Тіл қоғамдық құбылыстардың қатарынан орын алады. Тілдің табиғатын (мәнін) танып білу үшін оның ең басты қасиетін айқындап алудың маңызы айрықша. Тілдің табиғатын айқындайтын ең басты қасиеті делініп, оның қатынас құралы болу қызметі аталады.
Тіл – адам баласы қоғамында қатынас құралы, сөйлесіп, пікір алысудың құралы ретінде пайда болды. Біріншіден, тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды . Тіл жоқ жерде адамдардың қоғамда бірлесіп еңбек етуі, қоғамдық өндірісті ұйымдастыруы, оны дамытуы мүмкін емес. Демек, қоғамның өмір сүруі, адамдардың бірлесіп еңбек етуі үшін қатынас құралы, пікір алысудың құралы – тіл қажет . Тіл – адам баласы қоғамының өмір сүруінің және дамуының қажетті шарты. Екіншіден , тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді. Қоғам – тілдің өмір сүруінің шарты, қоғамнан тыс, адамдардың коллективінен тыс тіл жоқ. Қоғамның өмір сүруі үшін, адамдардың бірлесіп еңбек етуі үшін тіл қаншалықты қажет болса, тілдің өмір сүруі үшін қоғам да соншалықты қажет.
Тілдің қатынас құралы болу қызметі мен ойлаудың құралы болу қызметіне қоса тағы бір қызметі бар: ол – экспрессивті қызмет. Тілдің экспрессивті қызметі делініп, әдетте, оның адамның субъективті қатынасын, сезімі мен эмоциясын білдіру қызметі аталады.
Тіл мен ойлаудың өз ара байланысы туралы мәселе жалпы тіл білімінің ғана емес, сонымен бірге философия мен логиканың және психологияның ең күрделі мәселелерінің бірі болып саналады.Мәселенің күрделілігі ойлаудың табиғаты мен тілдің табиғатының өте-мөте күрделі болуымен байланысты.Дыбыстық тіл де, абстракті ойлау да – адамға тән құбылыстар. Бұл екі құбылыстың екеуі де адамның екі жақты табиғатына сәйкес әрі әлеуметтік, әрі биологиялық жақтарымен сипатталады, осы екеуін бірдей қамтиды.
Ұсынылатын әдебиеттер:
- Аханов К. Тіл білім інің негіздері. А., 1973,1978,1993,2002, 2010
2.Кодухов В. Н. Введение в языкознание. М.,1979,1987
3.Қалиұлы Б. Тіл біліміне кіріспе. А.,1997