XVII-XVIII ғасырлардағы туризм
XVІІ ғасырда Еуропада «таза туризм», К.Либере бойынша, танымдық, емдік немесе демалыс мақсатында жасаған тұлғаларды қамтыған формасы пайда болды [63]. Онымен бірге, Еуропада бұрынғыдай дін табыну мен сауда мақсатындағы саяхаттар жалғаса берген [63, 70].
Бұл кезде жолаушыларды тасымалдайтын негізгі көлік ретінде жайлы экипаждар пайдалынылды. Қысқа мерзімде әртүрлі көлік қызметтері пайда болды, жолдардың техникалық ахуалы да жақсарды. Көптеген елдерде мемлекет меншігіндегі дилижанстармен жабдықталған жүйелі желілер ашылды. Саяхатшылардың санының өсуіне қарай жол бойындағы түнеу, тамақтандыру, сауда орындарының қызметтері дамыды. Англия, Франция Италия сияқты елдерде қонақүй кәсібі мен шетелдіктердің келуіне байланысты табыстар ауқымды пайда әкелетін болды [70]. Ғылыми әдебиетте бұған XVІІ ғасырда ағылшын жазушысы Томас Ман бірінші болып назар аударған.*
Жолдар мен көлік құралдардың дамуына байланысты туристік сапарлардың географиясы да кеңейді. Италияда Рим, Венеция, Флоренция, Падуя сияқты үйренішті орталықтармен қатар, XVІІІ ғасырда Неапольға келушілердің саны шұғыл өсті. Бұл қаланың бұрынғы шағын қонақүйлері заманауи қонақүй кешендеріне айналды, ал ғасырдың соңында қала орталығынан тыс жерде, теңіз жағасының маңында жайлы жекежайлардан тұратын тіпті жаңа кварталдар салынды. Сонымен қатар, екі күн сайын туристерді Неапольдан Сицилияға жеткізетін арнайы кеме жүретін болды [70].
XVІІІ ғасырда туризмнің маусымдық сипаты айқын байқалды. Қыс маусымындағы туристік келулер бірнеше арнайы орындарда 1750 жыл шамасында басталды деп саналады [19]. Мысалы, Францияда осындай жерлердің қатарында Ницца, Йер, Монпелье, Безир мен Тулуза болды.
Еуропадағы ең бірінші нағыз қонақүйлердің бірі «Генрих IV отелі» 1788 жылы Нант қаласында салынды. Оның құрылысы өте қымбатқа түсті – $ 17500, ол кезде бұл буда-буда ақша еді. Осы қонақүйде 60 төсек орны болған және ол Еуропадағы ең жақсы қонақүй болып есептелген.
Жазғы маусымда адамдар курорттық жерлерде демалуды жақсы көрген. Ең белгілі курорттардың ішінде маусымына 12 мың демалушы қабылдаған ағылшын курорты Бат болған. Континенталдық Еуропада Баньи ди Люкка, Монтекатини (Италия), Марианске-Лазне (Чехия), Спа (Бельгия), Баден-Баден (Германия), Пфэферс (Швейцария), француздық Пиреней жерінде орналасқан Бареже мен Банере-де-Бигор және Альпідегі Эй-ле-Бенс пен Эвиан мәртебелі курорттар болып саналған, бірақ Батқа келетін демалушылар санымен салыстырғанда оған теңесе алмаған [19]. Англиядағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің, ақсүйектердің өмір салтына еліккен жаңадан байығандардың пайда болуы нәтижесінде XVІІ ғасырдың екінші жартысы мен XVІІІ ғасырда саяхаттың әлеуметтік базасы кеңейді. Экономикалық жағынан нығайған буржуазия мен дәрменді шығармашылық интеллигенция өкілдері континентке ағылды. Осы заманның куәсі, ағылшын тарихшысы Э.Гиббонның айтуынша, 1785 жылы континенталдық Еуропаға 45 мыңға жуық ағылшындар барып қайтқан [Кросс Э.Г., 1996, 255-б.]. XVІІІ ғасыр соңында Еуропадағы негізгі туристік ағымдарды тұманды Альбион өкілдері құраған. Олардың сапарға деген ынтасы ағылшын және француз Ағарту философиясында орын тапқан. Дж.Локк, Ж-Ж.Руссо адамның дұрыс тәрбиесіндегі алыс сапарлардың қажеттілігі мен маңыздылығын дәлелдеген.
________
* T.Mun «England′s Treasure by Foreign Trade», London 1664; К.Либере [63] және К.Крапф [53] бойынша келтірілді.
XVІІІ-ХІХ ғасырлар қиылысында «тур» сөзінен шыққан «турист» және «туризм» ұғымдары дәл осы Англияда пайда болған. Бұл түсініктер алғаш Францияда, кейін басқа Еуропа елдерінде бекітілді [63].
Ағылшындардың континентке сапар жасауымен альпинизм тарихы да байланысты. 1741 жылы ағылшын туристерінің бір тобы экскурсия жасаған кезінде Женевадан кейін бүкіл Еуропаға аты шыққан Шамониге жетіпті. Шамонидің туристік станция ретінде дамуына оның Монблан баурайындағы альпілік терең шатқалында орналасуы әсер етті. XVІІІ ғасырдың жетпісінші жылдары Шамониге алыс альпілік сапарларға, ең алдымен, Монбланға шығу үшін аттанған, алғашқы туристер келе бастаған. Альпинизмді қалыптастырушылар қатарына ең алдымен, көп жылдар бойы осы шыңға шығу әрекетін жасаған Х.Б. де Соссюрді жатқызады. Ең бірінші болып, Монбланды 1786 жылы Ж.Бальма мен М.Ж.Паккар бағындырды, ал де Соссюрдің өзі оған 1787 жылы ғана шықты.
Бұл кезеңде альпілік туризм Еуропадағы индустриализация мен урбанизациялау үрдісімен тығыз байланысты болған. XVІІІ ғасырда Шамониде демалғандардың көпшілігі Франция мен Англияның ірі қалалары және өнеркәсіп орталықтарының тұрғындары болған.
Жаңа Әлемде, ең алдымен, АҚШ-та шағын колониялар қалаларға айналуымен бірге саяхат жасау қажеттілігі өсті, осыған орай саяхатшыларға қызмет көрсету орындарының саны да көбейді. Нью-Йорк пен Жаңа Англияда олар жол маңындағы таверналар, Оңтүстікте ординарлық таверналар, Пенсильванияда қонақжайлар деп аталған. Атауымен бірге жергілікті айырмашылықтары да болған.
Отаршылық кезеңдегі американ қонақжайлары мен таверналары қонақжайлық салт-дәстүрлері мен бай тарихын иеленген. Голланд Ист-Инд компаниясы Stadt Huys ашқанынан бір жыл кейін Боулинг-Грин кентінде Kreiger′s Tavern ашылды. Америка революциясы кезінде бұл таверна, ол кезде Kings′ Arms, ағылшын генералы Гейдждің штабы болған. Ал одан да көп аты шыққан Fraunces Tavern генерал Джордж Вашингтонның штабы тұғын, мұнда ол өзінің әлемге әйгілі «Қоштасу» сөзін айтқан. Бұл таверна осы күнге дейін жұмыс істеуде.
Бұл қонақжайлық орындарында колонистер жиналыс өткізу, өсек айтысу, жаңалықтарды білу, сауда келісімдерді жасауды жақсы көрген. Иесі, Рим империясындағыдай емес, ұжымның ең мәртебелі, беделді мүшесі болып есептелген, оның үстіне, ең бай азаматтардың бірі саналған. Әдетте, ол жергілікті өзін-өзі басқару органдарында мәртебелі лауазымға ие болатын, кейде одан да жоғары самғап кететін. Мысалы, Құрама Штаттарының екінші президенті Джон Адамс 1783-1789 жылдарында таверна иесі және оның басқарушысы еді.
Отаршылық кезеңіндегі қонақжайлық орындары мен таверналар азаматтардың қарым-қатынас жасайтын орындарымен бірге, революционерлердің астыртын жиналатын орны, қару-жарақ қоймасы, Оңтүстік-Батыс жағалауындағы таверналарда жиі жиналатын пираттардың іске тарту кеңселері болды деп те айтқан жөн сияқты.
Батыс елдерінде қонақжайлықтың Англиядағы ұйымдастырылуы үздік болып есептелгендіктен американ қонақжайлық орындары ағылшындарды үлгі етіп, оларға еліктеген. Джеймстаун (Вирджиния) қаласында колонизация басталған кездің өзінде таверна болғаны туралы деректер сақталса да, дегенмен, белгілі американ таверналарының біріншісін (Stadt Huys) 1642 жылы голландықтар Жаңа Амстердамда (ол кездегі Нью-Йорктың атауы) ашқан.
Революция соғыстары бұл таверналарға көп өзгерістер енгізген жоқ. Олар шаршаған жиһангездерге баспанамен қатар, қоғам өмірі орталықтары, саяси жиналыстарының орны, дене мен рух аңсауларын қандыратын қайнар көздері болған. Бүгінгі таңда олар отель деп аталады. Бұл – француздан келген сөз. Оны қалыптасып келе жатқан ұлтқа Францияның тигізген әсерінің көрсеткіші деп ұққан абзал.
Сол жылдар шамасында АҚШ-қа көптеген француз аспаздар-эмигранттар жер аударған. Олардың көбі француз атымен аталған және француздар анклавы болған Жаңа Орлеанға жол тартқан. Кейінде бұл қаланы ағылшындар, испандықтар, қайтадан француздар, ең соңында, американдықтар жаулап алған. Жаңа Орлеанның ең белгілі мейрамханаларының бірі ретінде қазірге дейін Court of the Two Sisters (Екі апалы-сіңлілі) болып саналады. Кіре берістегі қабырғасында Америка қатысқан соғыстарда тұтқында болған американдықтардың аттары жазылған.
XVІІІ ғасырда патшалық Ресей курорттары дамуының алғашқы кезеңі басталды. Бұл үрдісті Ұлы І Петр патша 1713 жылы минералды суларды іздестіру қажеттілігін нұсқалап ынталандырды. Осы мәселе жөнінде 1719 жылы 20 наурызда сауықтыратын орындарды ашудың заңдық негізі болған арнайы жарғы («Указ о дохтырских правилах») жарияланды. Осы күннен Ресей курорттарының тарихы басталды деуге негіз бар [2].
Туристік саяхаттардың саны көбейсе де, бірқатар елдер, қалалар және ондағы көрікті жерлері туралы дұрыс өңделген ақпарат жетіспеген. Аз да болса, осындай басылымдарға Франция туралы 1672 жылы де Сен Морис баспадан шығарған алғашқы жолнамасын атауға болады. Бұл жолнамада, мысалы, Франция шекараларынан Парижге апаратын жолдар жөнінде, ел астанасы мен айналасы туралы қысқаша ақпарат берілген. Сонымен қатар, шығарылымда екі жол жүйесінің толық сипаттамасы ұсынылған: біріншісі (petit tour) Оңтүстік Францияны, екіншісі (grand tour) Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Францияны қамтыған [63].
XVІІ-XVІІІ ғасырларда Испания мен Португалия жаңа жерлерді ашу мен зерттеудің даңғыл жолынан шетке қарай ығыстырылды. Дүниежүзілік саясат пен экономиканың бұл маңызды салаларында Голландия мен Англия алғашқы қатарға шығады.
XVІ ғасырдың басында Нидерланды испан империясына қарайтын. Ресми түрде отар елі болса да, өте қарқынды дамыған. Нидерланды экономикасының тиімділігі өте жоғары болған: Испания қазынасына төлейтін жалпы салық сомасы 2 млн. алтын дукат болса, Испанияның қалған шетелдік аумақтарының (оның ішінде Америка аумақтары) барлығы бар-жоғы 5 млн. әкелетін. 1566 жылы басталған буржуазиялық-демократиялық революция тәуелсіздік үшін соғыс түрінде өткен. Испаниямен шайқасу ұзақ жылдарға созылып, талай қан төгілді. Тек 1648 жылы «Біріккен провинциялардың» тәуелсіздігін Испания мойындады. Енді бұл провинциялар арасындағы ең үлкенінің атауын алып Голландия болды.
Революция арқасында Голландия XVІІ ғасырдың өзінде индустриялық даму жолына түсті. Голландия мануфактуралары ең жоғарғы деңгейге көтерілді. Голландияның алып сауда флоты оны әлем саудасында делдал рөлін атқаруға мүмкіндік берді. Осы флот ашылмаған жер көлемін азайтуға да үлес қосты. Голландия банк кәсібінің орталығы болып, бір жағынан Қытай, Молукк аралдары және Индонезия, екінші жағы Персия, Арабия және Шығыс Африка араларында делдал болған. Таңғалдыратын ақиқат – Голландия тіпті, Қытай мен Жапония арасында да делдалдық сауда операцияларын іске асырған.
1606 жылы голландық Виллем Янсзон жаңа құрлық ашып, оны Жаңа Голландия деп атады, оны тек ХІХ ғасырда Австралия – Оңтүстік Жер деп атайтын болды. Австралияның Жаңа Голландия атын алған себебі – голландықтардың XVІІ ғасырда жағалаулары мен айналасындағы теңіздерді зерттеуінде. Дегенмен, Виллем Янсзон тек Кейп-Йорк түбегінің батыс жағалауын ғана ашқан. Ұзақ уақыт голландықтар да, бүкіл әлем де Жаңа Голландияны Оңтүстік материктің өте ірі түбегінің бірі деп есептей берген. Сөйтіп, Антарктида мен Австралияны біртұтас құрлық деп ойлаған.
XVІІ ғасырдың 40-жылдарының басында Голландиялық Үндістан генерал-губернаторы Австралия Оңтүстік материктің бір бөлігі бола ма және Жаңа Гвинея оған қосыла ма деген сұрақтарға жауап тапқысы келген.
Бұл мәселені шешу үшін және де Явадан Еуропаға жаңа жол іздеу үшін жас капитан Абель Тасман (1603-1659) шақырылды. Жас болса да, Абель Тасман көптеген теңіз жорықтарынан өткен тәжірибелі басшы және теңізші болған.
1642 жылғы желтоқсан айында Тасман Жаңа Зеландия жерлерін ашты. Оңтүстік және Солтүстік аралдарының арасындағы бұғаздың оңтүстік жағалауында жайлы шығанақта тұрақ жасалды.
Тасман Жаңа Зеландияны Оңтүстік материктің бөлігі және біртұтас құрлық деп ойлады. Отыз жыл өткен соң бұл қателіктер түзелді.
Аталған Абель Тасман экспедициясының нәтижелерін бағаласақ оны, тарихи географияның беделді маманы Дж. Бейкер айтқандай, «жарқырап тұрған сәтсіздік» деуімізге болады. «Австралия шеңберінің» радиусы тым үлкен болғандығынан Австралия, Тасмания және Жаңа Гвинея осының ішінде қалып қойды. Дегенмен, бұл экспедиция XVІІІ ғасырдың ең маңызды саяхаттарының бірі болып табылады. Осы жорық нәтижесінде Вандимен Жері (Тасмания), Жаңа Зеландия, Тонга мен Фиджи архипелагтары ашылды. Сонымен бірге Австралия мен Антарктида аралығындағы қырқыншы ендіктердің тұрақты батыс желдерінің зонасында Үнді мұхитынан Тынық мұхитқа апаратын жаңа жол табылды. Бұл ашуларды бір ғасыр өткенде ғана Джеймс Кук дұрыстап бағалады. Абель Тасман, оны өзі де білмей, Австралия бөлек құрлық екенін дәлелдеді.
Ең белгілі ағылшын ашушылар-саяхатшылардың бірі – Джеймс Кук (1728-1799). Ол өте тәжірибелі теңізші болған, мысал үшін, бұл заманда ұзақ теңіз саяхаттарында елді қырып жығатын ауру – деңгенеден (цинга) бір-де бір адамын жоғалтқан емес. Бұл дертпен күресу шарты үлгілі тазалық сақтау және барлығы үшін мүлтіксіз орындалуға міндетті көп витаминді диета ұстаған. Оның беделі өте биік болған. Қарапайым жұмысшы-батырақтың баласы, джентльмен ол ақсүйек моряктардың құрметіне бөленген. Дж. Кук тек жақсы картограф қана емес, оның ғылыми ой-өрісі керемет кең болған.
1768 жылы Кук «Индевор» («Ұмтылыс») кемесінде жаңа ғана ашылған Таити аралына зерттеушілер тобымен бірге аттанады. Мұнда Венераның Күнді айналған орбитасының өлшеулері жүргізілді. Бұл мәліметтер Жер мен Күн арақашықтығын дәл өлшеу үшін қажетті. Алайда, құпия болып ешкімге сыры ашылмаған саяхаттың мақсаты аңыздағы Оңтүстік материкті табу және жақында басқа теңізшілер ашқан кейбір аралдарды зерттеу тұғын. Осы сапар нәтижесінде, Жаңа Зеландияның арал екені анықталады, Үлкен тосқауыл рифы мен Австралияның шығыс жағалауы ашылады.
Куктың 1772-1775 жылдары «Резольюшен» кемесінде өткен екінші саяхаты оңтүстік ендіктердің 40-60 0 аралығында Антарктида құрлығына жалғасатын ауқымды құрлықтың жоқ екенін дәлелдеді, ал Птолемей болжамдарынан туған ондай пікір XVІІІ ғасыр соңының өзінде кең тараған-ды.
Куктың 1776-1780 жылдары «Резольюшен» және «Дискавери» кемелерінде Тынық мұхитының солтүстігі мен Солтүстік Полярлық теңізге жасаған үшінші саяхаты нәтижесінде Гавай аралдары, Принс-Вильям, Кук, Бристоль және Нортон шығанақтарымен шайылатын Аляска жағалауы ашылды.
Саяхаттың үшеуі де нәтижелі болған, себебі оларда алғашқы рет әртүрлі мамандықтағы ғалымдар қатысып, қазір де зор ғылыми маңызы бар көптеген мәліметтерді жинаған.
XVІІІ ғасырдың екінші жартысында талай елдің теңізшілері мен саяхатшылары жасаған экспедицияларының нәтижесінде Жер құрлығының барлығы дерлік, теңіздер мен мұхиттар ашылып зерттелді. Америка, Азия, Африка мен Австралияның жерінде кейбір аумақтар әзірше беймәлім болып қала берді. Құрлықтарды бір-бірімен байлайтын маңызды теңіз жолдары қалыптасты.
Осы ашулардың нәтижесінде Еуропа мен Африка, Оңтүстік және Шығыс Азия елдері арасындағы байланыстар нығайды, Америкамен қатынас жасала бастады.
Сонымен, XVІІ-XVІІІ ғасырларда саяхаттар ауқымы кеңейді. Жер айналатын саяхаттар үйреншікті болып кетеді. Тынық, Атлантика, Үнді мұхиттарын жылына жүздеген кемелер кезіп өтеді. Халықаралық сауда жетілдіріледі, ал сауда компаниялардың іс-әрекеті кең ауқымды аумақтарға жайылып, жылдан жылға саны өсіп келе жатқан жұртты сауда ісіне тартады. Ағарту дәуірінде таза ғылыми мақсаттағы экспедициялардың саны көбейеді, құрлықтардың жүйелі зерттелуі басталады. Алайда, өз «клиенттерін» тауап ету және емдік туризм жоғалтпады. Емдік туризмнің жаңа бағыты – теңіз курорттары пайда болады.