Картографиялық проекциялардың жіктелуі. Жердің беткі қабатының проекциялаудың әдістері.
Жер элипсоидының немесе шардың бетін жазықтықта кескіндеудің математикалық əдістерін картографиялық проекция дейміз. Жердің градус торларын картада кескіндеуді картографиялық тор, ал меридиандар мен параллельдердің түйілісетін нүктесін тоғысу нүктесі дейміз.
Картаны құру үшін алдымен жазықтықта картографиялық торлар, содан кейін тордың ішіне географиялық нысандарды шартта белгілермен белгілеп олардың кескіндері түсіріледі. Градус торларын құру əртүрлі тəсілдерді қолдану арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Географиялық карталарды құруға қолданылатын проекциялар белгілеріне қарай қосалқы геометриялық жазықтықтың түрлеріне, қосалқы геометриялық жазықтықта бағдарлау əдістеріне жəне бұрмалану сипатына қарай жіктеледі.
Картада кездесетін бұрмаланулар сипатына қарай, картографиялық проекциялардың мынадай түрлері белгілі: тең ауданды, тең бұрышты, тең аралықты және еркін проекциялар.
Тең ауданды проекциялардағы карталарда географиялық объектілердің ауданы бұрмаланбай дәл беріледі, бірақ өте үлкен аумақтарда бұрыштар мен геометриялық пішіндер елеулі бұрмалануға ұшырайды.
Тең бұрышты проекциялардағы карталарда бұрыштардың бұрмалануы жоқ. Сонымен қатар мұндай карталарда аумағы шағын жерлер пішіні де дәл кескінделеді. Ал ұзындықтың масштабы картаның кез келген нүктесінде барлық бағытта да бірдей мөлшерде сақталады. Неғұрлым аумағы үлкен географиялық объектілердің ауданы қатты бұрмалануға ұшырайды.
Тең аралықты проекциялардағы картада ұзындықтың масштабты тек канa бір басты бағыт бойынша, тек параллель — немесе мередиан бойымен ғана сақталады. Бұрыштар мен ауданнын бүрмалануы соншалықты байқала бермейді.
Еркін проекциялардағы карталарда бұрыштар мен ауданның, ұзындықтың бұрмалануы аз мөлшерде картаның кез келген нүктесінде кездеседі.
Географиялық объектілерді жазықтыққа көшіру үшін пайдаланылатын көмекші геометриялық беттердің түріне және картографиялық тордың ерекшелігіне қарай проекциялар: цилиндрлік, конустық және азиммуттық деп бөлінеді.
Азимуттық проекцияда параллельдер тұйық шеңбер жасап, ал меридиандар бір нүктеден жан-жаққа бойлық бұрыштарының көрсеткішіне сәйкес бөлінген түзу сызықтар түрінде таралады. Азимуттық проекциялар жекелеген материктер мен полюстік аймақтардың картасын жасауда кенінен қолданылады.
Цилиндрлік проекцияда параллельдер мен меридиандар көп жағзайда бір- біріне тікбұрыш жасап орналасады. Цилиндрлік проекциялар дүниежүзілік карталардың барлық түрін жасауда кеңінен пайдаланылады.
Конустық проекциялар қоңыржай ендіктерде орнасқан аумақтар үшін өте қолайлы, бұрмалану аз байқалады. Сондықтан Ресей, Қазақстан және ТМД елдерінің карталары көбінесе осы проекциялар негізінде жасалады.
Картографиялық проекция бұрмалану сипатына қарай төмендегідей жіктеледі:
1.Тең бұрышты (конформдық) Картографиялық проекцияларға масштаб тек нүктенің орнына ғана тәуелді болады, ал бағытына байланысты болмайды. Мұндай проекциялардағы бұрмалану эллипстері шеңберге айналады; мысалы, Меркатор проекциясы мен стереография проекциясы;
2.Тең шамалы (эквиваленттік) Картографиялық проекцияларда аудандар сақталады: мұндай проекцияларда жасалған карталардағы фигуралардың ауданы осы фигуралардың ауданына пропорционал, ал пропорционалдық коэффициенті картаның бас масштабының квадратына кері шама болады. Бұрмалану эллипстерінің ауданы әр уақытта да өзгермейді, тек олардың пішіні мен бағдары жағынан ғана айырмашылығы болады. Еркін Картографиялық проекциялар тең бұрышты да тең шамалы да проекцияларға жатпайды.
Олардың ішінде тең аралық (бас масштабтары бірі-біріне тең) және ортодромиялық (шарының үлкен шеңбері – ортодромиялары түзу сызықпен кескінделеді) проекциялар ерекшеленеді.
Көп конусты проекцияның картографиялық торларын глобустың градус торларының бөліктерін бірнеше жанасатын конустарда жобалап, конус жолақтарының бетінде түзілген кескіндерді біріктіріп жазықтыққа көшіру арқылы құрады.
Жалған цилиндрлік проекциялар – параллельдері параллель түзу сызықтармен, орта меридианы осы сызыққа перпендикуль түзумен, қалған меридиандары қисық сызықтармен кескінделетін проекциялар. Жартылай конустық проекциялар – параллельдері орта меридианды кескіндейтін түзу сызық бойындағы шеңберлермен бейнеленетін проекциялар.