Жүкті тасымалдауға теңіз келісімі және оның түрлері

 

Жүкті тасымалдауға теңіз келісімі және оның түрлері.

Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзiне жөнелтушi сенiп тапсырған жүктi белгiленген портқа жеткізуге және жүктi алуға уәкiлеттi тұлғаға (алушыға) беруге мiндеттенедi, ал жөнелтушi немесе алушы жүктi тасымалдағаны үшiн шартқа немесе тарифке сәйкес ақы төлеуге және жүктi қабылдап алуды қамтамасыз етуге мiндеттенедi. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты жүктi теңiз арқылы тасымалдау үшiн бүкiл кеменi, оның бір бөлiгiн немесе кемедегi белгілi бір жайларды (чартер) беру талабымен, сондай-ақ мұндай талап қойылмай жасалуы мүмкiн.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының нысаны. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты коносаментпен, чартермен, теңiз жүкқұжатымен ресiмделедi. Коносаменттiң, чартердiң, теңiз жүкқұжатының нысаны тасымалдау ережелерiмен белгіленедi.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмді шарт. Жүк тасымалдауды үнемi жүзеге асыру қажет болған жағдайда тасымалдаушы мен жүк жөнелтуші жүкті теңіз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттар жасаса алады. Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша тасымалдаушы жүктi белгiленген мерзiмде қабылдауға, ал жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға келісілген көлемде табыс етуге мiндеттенедi. Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта тасымалдаудың көлемi, мерзiмдерi, сапасы және көлiк құралдарын беру мен тасымалданатын жүктi табыс етудiң басқа да талаптары, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастырудың Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де талаптары белгiленедi. Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттағы келісілген жүктi тасымалдау талаптары, егер тараптар өзгеше келісімге келмесе, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына енгiзiлген болып есептеледi. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының талаптары жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттың талаптарына қайшы келген жағдайда жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының ережесi қолданылады. Коносаментке енгiзiлмеген жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттың талаптары, үшiншi тұлға үшiн, егер ол кеменi жалдаушы болмаса, мiндеттi болмайды.
Чартердiң мазмұны. Чартер бойынша құқықтар беру. Чартерде тараптардың атауы, кеменiң атауы, жүктiң тегi мен түрiне сiлтеме, жалдау ақысының мөлшерi, жүктiң тиелген порты, тиелген орны, сондай-ақ кеменің баратын порты немесе бағыты көрсетiлуге тиiс. Тараптардың келісімi бойынша чартерге өзге де талаптар енгiзiлуi мүмкiн. Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде кеменi жалдаушы тасымалдаушының келісімiмен жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша үшiншi тұлғаға өз құқығын беруге құқылы. Кеменi жалдаушы, сондай-ақ ол өзiнiң құқығын берген үшiншi тұлға, егер чартерде өзгеше көзделмесе, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындамағаны үшiн тасымалдаушының алдында ортақ жауапкершiлiкте болады.
Сталиялық уақыт. Сталиялық уақыт тараптардың келісімiмен, мұндай келісім болмаған жағдайда — тиеу портында әдетте қабылданған мерзiмдермен белгiленедi. Сталиялық уақыт жөнелтушiге, кеменi жалдаушыға кеменiң жүк тиеуге дайын екенi туралы хабар жiберiлгеннен кейiнгi келесi күннен бастап жұмыс күндерiмен, сағаттарымен және минуттарымен есептеледi. Тасымалдаушыға байланысты себептер бойынша не еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан немесе жүктің сақталуына қауiп төндiретiн немесе оны қауiпсiз тиеуге кедергi келтiретiн гидрометеорологиялық жағдайлардың салдарынан жүк тиеу жүргiзiлмеген уақыт сталиялық уақытқа енгiзiлмейдi. Кеменi жалдаушыға байланысты себептер бойынша жүк тиеу жүргiзiлмеген уақыт сталиялық уақытқа енгiзiледi. Жүк тиеу сталиялық уақыт есептеле бастағанға дейiн басталған жағдайда жүк тиеуге нақты кеткен уақыт сталиялық уақытқа есептеледi.
Контрсталиялық уақыт. Контрсталиялық уақыттың ұзақтығы тараптардың келісімiмен, ал ол болмаған жағдайда — жүк тиеу портында әдетте қабылданған мерзiмдерiмен белгiленедi. Контрсталиялық уақыт сталиялық уақыт аяқталған кезден бастап күнтiзбелiк күндермен, сағаттармен және минуттармен есептеледi. Контрсталиялық уақытқа жексенбi және ресми белгiленген мерекелiк күндер, портта жұмыс iстемейтiн деп жарияланған уақыт, сондай-ақ еңсерiлмейтiн күш немесе жүктің сақталуына қатер төндiретiн не оны қауiпсiз тиеуге кедергi келтiретiн гидрометеорологиялық жағдайлар туғызған жүк тиеудегi үзiлiстер де кіреді. Тасымалдаушыға байланысты себептермен жүк тиеу жүргiзiлмеген уақыт контрсталиялық уақытқа енгiзiлмейдi.
Демерредж. Демерредж тараптардың келісімiмен, ал мұндай келісім болмаған жағдайда — тиiстi портта әдетте қабылданған ставкаға сәйкес белгiленедi. Мұндай ставкалар болмаған жағдайда демерредж кеме мен оның экипажын күтiп-ұстауға жұмсалған шығыстармен анықталады.
Диспач. Тараптардың келісімiмен диспач белгiленуi мүмкiн. Мұндай келісім болмаған жағдайда диспач мөлшерi демерредждiң екiден бірi мөлшерiнде есептеп шығарылады.
Палубалық жүк. Тасымалдаушының тек тасымалдаушы мен жөнелтушiнiң арасындағы келісімге сәйкес қана палубада жүк тасымалдауға құқығы бар. Тасымалдаушы мен жөнелтушi жүктiң палубада тасымалдануы тиiс немесе мүмкiн екендiгi туралы келісімге келген жағдайда, тасымалдаушы мұндай келісімге қол жеткiзiлгенi туралы коносаментте немесе жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын растайтын басқа құжатта көрсетуге мiндеттi. Тасымалдаушы оны көрсетпеген жағдайда, ол жүктi палубада тасымалдау туралы келісімнiң жөнелтушiмен жасалғаны туралы дәлелдеуге тиiс. Тасымалдаушының коносаментті адал жолмен иемденген үшiншi тұлғаға қатысты, соның iшiнде алушыға қатысты мұндай келісімге сiлтеме жасауға құқығы жоқ. Белгiленген ережелердi бұза отырып, палубада жүк тасымалданған жағдайда, тасымалдаушы палубада жүк тасымалдау туралы келісімге сiлтеме жасай алмайды және жүктi тек қана палубада тасымалдау салдарынан жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) немесе оның кешiктiрiлiп жеткiзiлгенi үшiн жауапты болады. 4. Егер жүктi трюмде тасымалдау туралы келісім болса, жүктi палубада тасымалдау тасымалдаушының жауапкершiлiгiн шектеу құқығын жоғалтуға әкеп соғатын әрекетi (әрекетсiздiгi) деп қарастырылады.
Жүкке қоса жүретiн құжаттар. Жөнелтушi, жүктi кедергiсiз тасымалдау үшiн қажеттi, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құжаттарды (сертификат, лицензия, ветеринариялық сертификат, кеден декларациясы және өзге де құжаттар) тасымалдаушыға беруге мiндеттi. Жөнелтушi мұндай құжаттардың уақтылы берілмегенi, дұрыс немесе толық болмауы салдарынан келтiрiлген зияндар үшiн тасымалдаушының алдында жауапты болады.
Коносамент беру. Жүктi тасымалдау үшiн қабылданғаннан кейiн тасымалдаушы жөнелтушiнiң талап етуiмен жөнелтушiге коносамент беруге мiндетті. Коносамент, жөнелтушi қол қойған, көрсетiлген деректер болуға тиiстi құжаттың негiзiнде жасалады. Жөнелтушi тасымалдаушыға коносаментке енгізу үшiн табыс етiлген деректердiң дұрыстығына кепiлдiк бередi және мұндай деректердiң дұрыс еместiгi салдарынан тасымалдаушыға келтiрiлген залал үшiн жауапты болады. Тасымалдаушының жөнелтушiге залалдарды өтеттiрiп алуға құқығы жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушының жөнелтушiден өзге тұлға алдындағы жауапкершiлiгiн жоймайды.
Коносаменттiң мазмұны. Коносаментке мынадай деректер енгiзiлуге тиiс:
1) тасымалдаушының атауы және оның тұратын жерi;
2) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына сәйкес тиеу портының атауы және тасымалдаушының тиеу портында жүктi қабылдаған датасы;
3) жөнелтушiнiң атауы және оның тұратын жерi;
4) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына сәйкес түсiру портының атауы;
5) егер алушыны жөнелтушi көрсеткен болса, алушының атауы;
6) жүктің атауы, жүктi бірдейлендiруге қажеттi негiзгi таңбалар, тиiстi жағдайларда жүктiң қауiптi сипатын немесе ерекше қасиеттерiн көрсету, орынның немесе заттардың саны және жүктiң массасы немесе оның өзгеше түрде көрсетiлген саны. Бұл орайда барлық деректер жөнелтушi қалай ұсынса солай көрсетiледi;
7) жүктiң сыртқы жай-күйi және оның буып-түйiлуi;
8) алушы төлеуге тиiс мөлшердегi жалдау ақысы немесе жалдау ақысын олардың төлеуге тиiс екенiн өзге де түрде көрсету;
9) коносаменттiң берiлген уақыты мен орны;
10) егер коносамент біреуден көп болса, олардың түпнұсқаларының саны;
11) тасымалдаушының немесе оның атынан әрекет етушi адамның қойған қолы. Кеме капитаны қол қойған коносамент тасымалдаушының атынан қол қойылған деп есептеледi.
Тараптардың келісімi бойынша коносаментке өзге де деректер енгiзiлуi мүмкiн. Жүк кеме бортына тиелгеннен кейiн тасымалдаушы жөнелтушiнiң талап етуiмен оған борт коносаментiн бередi, онда осы көзделген деректерге қосымша, жүктiң белгiлi бір кеменiң немесе кемелердiң бортында екендiгi, сондай-ақ жүктiң тиелген датасы көрсетiлуге тиiс. Тасымалдаушы кеме бортына жүк тиелгенге дейiн жөнелтушiге тасымалдау үшiн қабылданған жүкке коносамент немесе сол жүкке қатысты өзге де тауарға билiк жасау құжатын берген жағдайда жөнелтушi тасымалдаушының талап етуi бойынша борт коносаментiнiң орнына сондай құжатты қайтаруға мiндеттi. Тасымалдаушы бұрын берiлген кез келген құжатты толықтыру арқылы, егер осылайша толықтырылған құжатқа борт коносаментiнде болуға тиiс деректердiң бәрi енгiзiлген болса, жөнелтушiнiң борт коносаментiне қойған талаптарын қанағаттандыра алады.
Тараптардың жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан бас тартуы. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты тараптарының әрқайсысы екiншi тарапқа зияндарды өтемей, кеме жүк тиеу орнынан кеткенге дейiн:
1) кеменi немесе жүктi басып алу қатерiн төнгiзетiн соғыс қимылдары мен өзге де iс-әрекеттер;
2) жөнелтiлетiн орынның немесе баратын орынның қоршауға алынуы;
3) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының тараптарына байланысты емес себептермен кеменiң кiдiртiлуi;
4) төтенше сипаттағы жағдайлар кезiнде кеменi мемлекеттік қажеттерге тарту;
5) тасымалдануға тиiс жүктi жөнелтiлетiн жерден алып шығуға немесе баратын жерiне жүктi алып кіруге тыйым салынған мән-жайлар туындаған кезде ол шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты тараптарының әрқайсысы, сондай-ақ рейс кезiнде осы баптың 1-тармағында көзделген кез келген мән-жайлардың бірi туындауы салдарынан, оны орындаудан бас тартуға құқылы. Бұл орайда жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы тасымалдаушыға жүкке жұмсалған барлық шығыстарын, соның iшінде оны түсiруге жұмсалған шығыстарын, сондай-ақ кеме нақты жүрiп өткен қашықтыққа бара-бар мөлшерде жалдау ақысын өтейдi.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *