Авиациялық көліктік құжаттар.
Тасымалдау құжаттары – жолаушы тасымалында – билет, жүк ретінде жолаушының заттарын тасымалдауда – жүк квитанциясы болып табылады.
Жолаушы билет сатып алуда түрлі қызмет көрсету деңгейін таңдай алады. Әлемдегі кез келген әуе компаниясында мынадай үш класс бар: бірінші класс (билетте F әрпімен белгіленеді), бизнес-класс (С) және экономикалық класс (Y). Бірінші класс – ең қымбат, экономикалық класс – ең арзан тұрады. Кластардың басты айырмашылығы – орынтақтарының жайлылығы, тағамның сапалылығы, тегін тасымалданатын жүктің мөлшерінде, әуе жайдағы қызмет көрсету сапасында. Эконом-кластағы орынтақтар тар әрі бір-біріне жақын орналасса, бизнес-класс пен бірінші класта олар әлде қайда қолайлы әрі өзара едәуір қашық орналасқан.
ИЛ-96 ұшағында жолаушылар орынтағын қызмет көрсету кластарына қарай орналастыру: бірінші, бизнес, эконом-кластар
Қазір көптеген әуе компанияларының бірінші және бизнес-класында орнатылған орынтақтар жайылып төсекке айналады, мұның ұзақ ұшу сапарында пайдасы зор.
Қызмет көрсету кластары арасындағы мәнді айырмашылықтардың бірі – бұл тегін тасымалданатын жүк нормасы. Эконом-кластың жолаушыларына тегін тасымалданатын жүк нормасы, әдетте, 20 кг, бизнес-класта — 30 кг, бірінші класта — 40 кг болып белгіленеді.
Қазіргі уақытта әуе билетін сатып алу әдісі алуан түрлі. Әуе билетін әуе агенттіктерінен, әуежайлардан, интернет бойынша, дүкеннен, санаторийден, туристік агенттіктерден және т.с.с. сатып алуға болады.
Әуе билеттері алуан түрлі болуы мүмкін: көзбен шолып байқайтын, автомат оқи алатын магнит жолақты және электрондық. Қазіргі кезде әлемде бланкінің үш түрі кең таралған: автоматты көшірілетін билет, отырғызу талоны бар автоматты купонды билет және қол бланкі. Электрондық билет – бұл ерекше жағдай. Қандай да бір бланкіні керек етпейтіндіктен, электрондық билет барған сайын кең таралуда. Бұл билет әуе компаниясының компьютерінде сақталатын әлдебір электрондық жазба болып табылады, мұнда дәстүрлі купондар электрондық баламамен алмастырылған. Ешқандай агенттік, ешқандай басқа әуе компаниясы толығымен бұл “жазбаны” көре алмайтындықтан, мұндай билет егер бүкіл ұшу сапарын бір әуе компаниясы атқаратын жағдайда ғана берілуі мүмкін.
Бұл жаңалықтың негізгі артықшылығы – мұндай «есті» билетті үйде ұмтылып қалдыру немесе жоғалту мүмкін емес, ол үшін агенттікке барудың қажеті жоқ. Электрондық тіркеу жүйесінің арқасында тапсырыс берген билетіңізді тікелей әуежайдағы әуе компаниясының арнайы бөлімінен алуыңызға болады. Сонымен қатар, электрондық билетті соңғы сәтте, ұшатын күні алуға және тіпті агенттікпен сөйлесетін уақытты үнемдеп, ұшып көтерілу уақытында ауыстыруыңызға да болады. Өзгерістер енгізетін жағдайда жаңа билет алудың керегі жоқ, жолаушының әуежайда көрсететін жалғыз құжаты – бұл шетелдік төлқұжаты.
ИАТА-ның шешіміне сәйкес 2007 жылдың соңына қарай әуе компаниялары – осы ұйымның мүшелері дәстүрлі әуе билеттерін пайдаланудан толығымен бас тартып, электрондық жол жүру құжаттарын рәсімдеу жүйесін енгізуі тиіс.
Әуе жүк тасымалындағы жүк қағазы. Қолданылып жүрген халықаралық және мемлекеттік реттеуді сақтай отырып атқарылатын әуеде жүк тасымалдау жөнелтуші мен тасымалдаушы арасындағы белгілі бір заңдық қатынастарды қамтитын көлік процесі болып табылады. Құжаттар дұрыс толтырылмайынша, жүктерді әуеде тез тасымалдау мүмкін емес.
Әуеде жүк тасымалдау шартының жасалғанын растайтын әуеде жүк тасымалдау қағазы (авианакладная) жүк жөнелтуші (жүк қабылдаушы) мен тасымалдаушының қарым-қатынасын, тараптардың құқықтары мен міндеттерін, жауаптылық шегін реттеп отыратын басты құжат болып саналады.
Әуеде жүк тасымалдау қағазы – әуе көлігінде пайдаланылатын барынша маңызды құжат, оны тасмалдаушы немесе оның уәкілетті агенті береді. Бұл құжат мынадай мақсаттарға қызмет етеді:
• тасымалдау келісім – шарты жасалғанын құжатпен растайды;
• жүктің алыну дәлелін қамтамасыз етеді;
• жүк қағазы ретінде қолданылады;
• сақтандыру талап етілетін жағдайда оны растайды;
• жүкті өңдеу, жөнелту және жеткізу кезінде тасымалдаушының қызметкерлері үшін нұсқау ретінде қолданылады.
Әуеде жүк тасымалдау қағазының даналары. Әуеде жүк тасымалдау қағазының үлгісін ИАТА жасаған. Ол қағаздың үлгісі мен оны толтыру ережелерін ғана емес, сондай-ақ оның түпнұсқасы мен көшірмесінің түсін, әрбір данасының мақсаты да белгілеп берді:
1-түпнұсқа – жасыл түсті, оны берген тасымалдаушыда қалады;
2-түпнұсқа – қызғылт түсті, жүк тобымен бірге көрсетілген жерге дейін барады және жүкпен қоса жүк қабылдаушыға беріледі;
3-түпнұсқа – көгілдір түсті, жүк жөнелтушіге беріледі;
4-көшірме – сары түсті, алғаны туралы қабылдаушының қолы қойылып, жүк жеткізілетін әуежайда қалады;
5-көшірме – ақ түсті, жүк жеткізілетін әуежайда кедендік тексеруге арналған;
6 және 7-көшірмелер – ақ түсті, екінші және үшінші тасымалдаушыларға арналған;
8-көшірме – ақ түсті, жөнелту әуежайындағы агентте қалады;
9,10 және 11-көшірмелер – ақ түсті, қажеттігіне қарай пайданылады.
Әуеде жүк тасымалдау қағазын толтыруда әр түрлі санаттағы жүктердің тасымалдануын рәсімдеу ерекшеліктерін ескеру қажет.
Әуедегі әрбір жүк тасымалы үшін әуеде жүк тасымалдау қағазын толтыру талап етіледі. Бұл қағаз тиісінше толтырылып, оған жүк жөнелтуші мен жүк қабылдаушы қол қойған соң тасымалдау шарты күшіне енеді. Жүкті жөнелтуші жүктің күйі мен сипаттамалары туралы өзі хабарлаған мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығы үшін жауап береді. Жүкті жөнелтушінің жүктің сипаттамалары туралы мәліметтерді шала және қате хабарлауы салдарынан тасымалдаушы немесе кез келген басқа адамдар шеккен барлық залал үшін жүкті жөнелтуші жауапты болады. Жүкті жөнелтуші өзінің қол қоюы арқылы әуеде жүк тасымалдау қағазында көрсетілген шарттармен және тасымалдау жағдайларымен келісетінін растайды. Әуеде жүк тасымалдау қағазы ағылшын тілінде толтырылады.
Жүк жөнелтушінің тілегі бойынша жүк қағазын тасымалдаушы өзі толтыра алады және бұл жағдайда тасымалдаушы жүк жөнелтушінің атынан және оның тапсыруы бойынша әрекет етті деп есептеледі.
Жүктің мұражай жадығаттары, өнер шығармалары, қымбат тұратын электрондық аппаратура, құралдар секілді кейбір санаттарын тасымалдауда қаттама қағазын толтыру ұсынылады. Бұл қағазды жүк жөнелтуші бір дана етіп толтырып, қол қойған соң әуеде жүк тасымалдау қағазына бекітеді, сөйтіп ол жүкпен қоса жіберіледі.
Әуедегі жүк тасымалы саласында экспедиторлық агенттіктер желісінің тез дамып келе жатқанын ескере отырып, ИАТА 1986 жылы мазмұны жөнінен әуеде жүк тасымалдау қағазынан ешқандай айырмасы жоқ “бейтарап жүк қағазы” үлгісін пайдалануға енгізді. Әуе компаниясы беретін бұл қағазда компанияның логатипі болмайды және ол экспедиторға әуе тасымалы шартын тасымалдаушы ретінде толтыруға мүмкіндік береді.
Бейтарап жүк қағазын алған әуе компаниясы экспедиторға осы құжатты бергені үшін өтем төлейді. Экспедиторлар оны “үй қағазы” деп атайтын болды. Бұл термин тіпті ресми нұсқаулардың мәтініне де еніп кетті. Алайда кейбір әуе тасымалдаушылары бұл қағаздарды пайдаланушылардың өсіп келе жатқанына алаңдап отыр. Олар әуе тасымалдаушылары мен топтастырушыларын (консолидаторы) заң тұрғысынан шектеу сақталуы тиіс, өйткені бұл қызметтің осы екі түріне арналған әртүрлі рыноктардың сақталуын қамтамасыз етеді деп есептейді.
Экспедитор жүкті келісілген орнына жеткізіп, қабылдаушыға тапсыру туралы акцепттелген экспедиторлық тапсырманы орындау үшін жөнелтушіден жүкті қабыдау сәтінде “үй қағазын” жазып береді. Ол жүк жөнелтуші мен экспедитор арасында жүк тасымалын ұйымдастыру жөніндегі шарттың жасалғанын, сондай-ақ экспедитордың жүкті нақты тасымалдаушыға тапсырғанға дейін өз жауаптылығына алатыны жөніндегі қолхаты екенін білдіреді.
Бірден астам жүк жөнелтушілерден қабылданып, біріктірілген жүктерді жөнелтуде мынаны ескеру қажет:
– құрамында қауіпті жүктер болатын жүк жөнелтілімінің әрбір компонентіне тиісті декларацияның жеке үлгісі қабылдаушы агентке тапсырылуы тиіс;
– жүк жөнелтілімінің әрбір компонентіне тиісті декларация даналары біріктірілген жүкпен қоса жіберілуі тиіс. Осы жүк баратын әуежайдағы агент жүкті алған соң әрбір декларацияның көшірмесін жүкті тарататын агентке беруі тиіс.
Барлық қажетті құжаттар әуеде жүк тасымалдау қағазына мықтап бекітіліп, онда көсетілуі тиіс.
Жүк пен тауар құжаттарының өзара бөлініп қалмауы үшін құжаттарды жүктің сыртында берік ұстап тұратын өзі жабысатын пакеттар қолданылуы мүмкін.
Қауіпті жүктерді тасымалдауда әуеде жүк тасымалдау қағазына қосымша қауіпті жүктерді жөнелтушінің декларациясы (Shipper`s Declaration for Dangerous Goods) толтырылады, бұл жүк жөнелтуші толтырып, қауіпті жүктерді тасымалдауға қабылдау кезінде тасымалдаушыға ұсынылатын құжат. Кемінде 2 дана етіп толтырылатын декларация былайша таратылады:
– қол қойылған бір көшірмесі жүк қабылдайтын агентте сақталады;
– қол қойылған екінші көшірмесі жүкпен қоса оның бартын жеріне жіберілуі тиіс.
Радиоактивті материалдарға жеке декларация толтырылуы тиіс, онда басқа қауіпті жүктер болмауы керек. Декларация бланкісі ақ қағазға қара және қызыл бояумен немесе ақ қағазға тек қызыл бояумен басылуы мүмкін. Бланкінің екі жағына тік басылатын қиғаш штрих сызықтар тек қызыл түсті болуы тиіс.
Жүк жөнелтуші Декларацияны толтырып, оған қол қояды. Оны ешқандай жағдайда консолидатор, форвардер немесе жүк агенті толтыруға және (немесе) оған қол қоюға болмайды. Тасымалдаушының жүк агентінің талап етуімен Декларацияға енгізілген ақпаратты осындай жүк агенті тағайындаған уәкілетті адам тексере алады.
Осы заманғы жүк тасымалдау жұмысы жергілікті жинау орталықтарына контейнерлермен тасымалдау құралдарының болуын және оларды бөліп, жүк тасымалдайтын ұшақтарға жеткізуді талап етеді. Әуе көлігімен тасымалданатын жүктер жүйелі және жалданбалы рейстер жасайтын жолаушылар және жүк ұшақтарының жүк қоятын бөлімдеріне орналастырылады. Сөйтіп, әуежайларда жүктерді жеткізуге, тиеуге және оларды ұшақтардан түсіруге арналған құралдар болуы тиіс. Көп ретте әртүрлі клиенттердің заттары мен тауарларынан тұратын мұндай жүктерді әуежай қызметкерлері сұрыптап, топтайды да, жөнелтуге арналған жүк пакеттері немесе арнайы контейнерлерге тиейді.