«ҚАРА» АТАНҒАН ТАЙПАЛАР ТАРИХЫНА КӨЗҚАРАС
Т. ОМАРБЕКОВ – т.ғ.д., профессор,
əл-Фараби атындағы Қазақстан тарихы кафедрасыны меңгерушісі
Əлім тайпасындағы Қаракесек, Қарасақал жəне Төртқара руларының түргештердің қара бөлігіне жататын тайпалармен байланыстылығы күдік туғызбайтын тəрізді. Осыған байланысты «қара» атауына аз да болса, тоқтала кетуге болады. «Қара» атауына байланысты қырғыз зерттеушілері өздерінің «кара бодун», «кара будун» бірлестігіне сипаттама берген сөзінде бұл тайпалық одақтың VІ-ХІІ ғғ. түрік еліндегі халықтың жалпы атауы болғанына назар аудара келе, «Кара» сөзү «қалың», «көп», «улуу» маанисин да туюнткан. Бұл термин руна сымал эстеликтерінде көп кездешет»[1], — деген еді.
Шындығында да Күлтегіннің бітіктасында Болчуда болған үлкен шайқаста «қағанын сонда өлтірдіміз: елін: алдымыз» деп баяндай келе, «Қара түргеш: бүтін (халық): көп ішке енді:» деп жазылған» [2]. Мұнда да байқайтынымыз, қара түргештердің санының көп екені айтылып отыр. Дегенмен де бұл жерде «қара» атауы түргештердің санына емес, олардың халықтық атауына қолданылған тəрізді.
Сонымен қатар қара түргештердегі «қара» атауын басқаша түсіндіруге тырысатын ғалымдар да бар екенін біз бұрынғы «дулат» тайпасының тарихына арналған зерттеуімізде атап көрсеткен болатынбыз» [3]. Онда осы мəселеге байланысты Г.Е. Грумм-Гржимайлоның төмендегідей пікірі келтірілген еді: «қара» деген эпитет «Орта Азия түріктерінде халықтың кіші, бағынышты бөлігін анықтауға қолданылғандықтан, осындай жағдайда қара түргештер деп түргеш тайпасының төменгі бұтақтан шыққан билік иелері аталған деп ойлауға болады» [4]. Осы соңғы пікірдің нақты тарихи негізі бар. Сондықтан да əрине, бұл дəлелді пікір, шынында да Орхон-Енисей жазуларында бұл атаудың осындай мағынаны аңғартқанын байқауға болады. Сонымен бірге «қара» сөзі қарапайым халық, қара бұқара деген мағыналарды білдірген жағдайлар да болған. Бұл əсіресе, түргештердің сары түргеш жəне қара түргеш болып бөлінуінен айқын көрінеді. Бұл жерде сары түргештер бұрынғысынша ашына қағандарын жəне олардан шыққан əулетті билік иелері ретінде мойындаған болса, ал қара түргештер Сұлудан бастап ашыналарды мойындаудан бас тарта бастады. Енді қара түргештер өздерін билейтін қағандарды ашына əулетінен емес, өз араларынан шыққан жергілікті бектерден тағайындайтын болды. Дегенмен де ашына əулетін мойындамай, екінші қатардағы қара бұқараға айналған қара түргештер, өздерінің байырғы бабаларының ашына руының басшылығымен ел болғанын ұмыта қойған жоқ. Осыған байланысты ашына рулық əулеті қаралардың санасында арғы бабалардың бейнесі ретінде тарихи тұрғыдан сақталып қалды.
Л.Н. Гумилевтың VІІ ғасырдағы қара түргештерді апар, яғни абар түріктерінен шығаратыны белгілі. Ол «сары» түсінігі биліктегілерді сипаттаса, ал «қара» түсінігінің Азияда халық деген мағынаны аңғартатынына назар аударған еді. Дегенмен де ҮІІІ ғасырға қарай атабабадан қалған бірін-бірі жақтырмайтын жəне қабылдамайтын ұстаным мен айырмашылықтар жойылып, олар өзара бірігіп кеткендей болатын [5]. Алайда сарылар мен қаралар өздерінің ағайыншылыққа негізделген жеке, дербес бірлестіктерін бəрібір сақтап қалды деп ойлаймыз. Оларды өз руларымен ұйысып жүруге сыртқы жаулардың үздіксіз шабуылдары мəжбүрледі. Мысалы, ұйғырлар олар үшін осындай жаулар еді. VІІІ ғасырдың орта шенінде ұйғырларға бағынбай батысқа жылжыған «қара салтаттылар» дегендердің өздері жекелеген зерттеушілер пікірлеріне қарағанда осы қара түргештер болса керек [6]. Бұл пікірді В.В.Бартольд та мақұлдайды екен [7]. Бұл тұста қара түргештер мекені алыстағы Ферғана аймағына дейін созылып жатты [8]. Жалпы түргештердің ғана емес, олардан көп ғасырлар кейін қалыптасқан Əлім тайпасының, яғни қаракесектердің географиялық аймағына орналасқан қаңлылардың да кейіннен VІІІ ғ. соңына қарай Қара жəне Сары қаңлылар деген атпен белгілі болғанын байқаймыз. Мұндай бөліністі қаңлылар түргештерден қабылдаған болулары мүмкін. Кезінде ежелгі қаңлылардың көшіп-қонып жүрген мекенінің кейініректе құрылған нүшбе (нушиби) бірлестігінің орналасу аймағына айналғаны жəне белгілі. Қара түргештер де осыған көрші аймақты жайлаған болатын. Шын мəнінде, қара түргештермен араласып, көрші жəне қоңсы болып көшіп-қонып жүрген қаңлылардың да қара атанғанын білеміз. Жалпы қаңлылардың қара атануы туралы «Қаңлының» тарихын жазған кезде арнайы баяндаған болатынбыз. Енді сол айтылғандарды қайталап, Қара қаңлылардың арғы тегіне біраз көз жүгіртуге тура келетін тəрізді. Осыған байланысты қытай жылнамасындағы төмендегідей дерекке көңіл бөлгеніміз жөн сияқты: «Осы тұста Құйғырлардың қағаны Өкей деген адам болатын. Ол жолда торуылдап, генгүндарға бара жатқан Қытай елшісін өлтіріп тастайды. Осыдан кейін Құйғырлар мен қытайлықтардың арасы өте шиеленісіп кетеді. Қытай Құйғырларға қарсы қалың əскер шығарады. Тұтқиылдан түн ішінде баса көктеп келген қалың қолдан шошынған «Өкей əскерін еріксіз шегіндірді. Шы Шюң (қытайдың жасақ басы – авт.) Оны Ғуқырған тауына ( ) дейін өкшелей қуғанда, Өкей жараланып əзер құтылды. … олардан салықшы тобының қазынамүлкі жəне бұрынғы жарлықнамалар қайтарып алынды. Қаған қалған қолын жиып, Қара қаңғалыларға (бөліп көрсеткен біз – авт.) барып паналады» [9]. Онан соң мəселе былай өрбіді: қытайлықтар Өкейді жəне оның соңынан ілескен Құйғырларды өкшелей қууға бұйрық алды. Нəтижесінде, қытайлықтар Қара қаңғалыларға мол пара беріп, Өкейді өлтіртті. Артында қалған Құйғыр халқы оның інісі Атнап тегінді қаған етіп көтерді [10].
Мұндағы Қара қаңғалылар кімдер деген сауал туындайды. Қытайдағы жылнамаларды қазақ тіліне аударған бауырларымыз бұған мынадай түсініктеме берген: «Қара қаңғалылар ( ) – қара сырлы арбаға отыратындықтан осылай аталған. Толық аты – Қара қаңғалы Шығай немесе Қара қаңғалы татар. («Билік ғибратнамасы сөздігі», 1. т., 455 бет.)» [11]. Көріп отырмыз, «қаңға» деген атау – биік арбалылар деген мағынаны байқататыны анық, тіптен жоғарыда айтылғандай, Шығай немесе татар тайпаларының жекелеген рулары да қарамен сырланған арбаға отырғандықтан, қара қаңғалылар аталған. Бұдан шығатын қорытынды, Батыс Моңғолия территориясындағы Қаңғаларды батыстағы Қаңлылармен шатастыруға болмайды. Осылайша, қаңға мен қаңлының екі түрлі тайпалық бірлестіктер екендігі тағы да анықталып отыр. Алайда бұдан қаңлы мен қаңғаның түп атасы да бөлек деген қорытынды шықпауы керек. Тегінде бұлардың ертеректе ата-бабаларының түп аталарының жоғарыда айтқанымыздай, ортақ этникалық бұтақтан, ғұндардан жəне диңлиңдерден тарауы əбден мүмкін нəрсе.
Ал енді жоғарыда айтылғандай, Қара қаңғалылар деп аталатын тайпа бар болса, онда сары қаңғалылар да болуы мүмкін бе? деген сауал туындайды. Алайда мұндай атаумен аталатын тайпа атының қытай жылнамаларында кездеспеуі мұндай сауалға жауап беруді қиындата түседі. Дегенменде кезінде қаңға аталған құйғырлардың көршілері ғырғыздардың кезінде шүкір сарылар атанғаны ойлантады. Осыған байланысты қытай жылнамаларында мынадай жолдар бар: «(Таң Сузұң заманында чянюан жылдары (758-760) Құйғырлардан жеңіліп, сонан кейін кіндік қағанатпен (яғни, Қытаймен – Т.О.) барыс-келіс жасай» алмаған Генғұндар кейіннен «тиектердің тілімен ғырғыз деп жаңылыс аталып кетті. Құйғыр тілінде шүкір сарылар деген мағына беретін бұл сөз онан əрі бұрмаланып, Қырқыз делініп жүрді» [12].
Қырғыздардың нүшбелермен (нушибилермен) Жетісу өңірінде көрші орналасқандарын зерттеушілер жазып жүр. Сонымен бірге Сыр бойындағы жəне Жетісу бойындағы қаңлылардың Қара жəне Сары қаңлыларға бөлінгені де зерттеушілерге белгілі болып отыр. Бұлар əрине, шығыстағы қаңғалардан бұл кезде этникалық жəне саяси болмыстары жағынан əлдеқайда алыстап кеткен болатын. Сыр бойындағы жəне Жетісудағы Қара қаңлылар əрине, біз жоғарыда əңгімелеген батыс Моңғолиядағы қаңлылардан (қаңғалардан – авт.) қол үзіп, шын мəнінде алғаш Батыс түрік қағанатына жəне кейіннен Түргеш қағанатына қосылған руларға əлдеқайда жақын болып, олармен бірде дос, бірде қас дегендей күн кешті. Бұл туралы Түргеш қағанатына байланысты деректер нақты мəліметтер бере алады. Алайда, тақырыптан ауытқып кетпеу үшін біздер қара түргештер мен қара қаңлылардың көрші аймақтарды мекендеп, жəне олардың қара немесе сары атанулары бір тарихи кезеңде, яғни түргештердің екіге бөлінуіне байланысты орын алған деп айта аламыз.
Ал енді Алшынның Қаракесегіне, Қарасақалына жəне Төртқарасына келер болсақ, бұлардың арғы бабалары осы Түргеш қағанатынан бастау алатын қаралармен тығыз байланысты деуге негіз бар. Алшын құрамында кейініректе есімдері қарамен байланысты ру тармақтарының шығуына олармен қоян-қолтық араласып жатқан Сыр жəне Жетісу аймағындағы Қара қаңлылардың да ықпалы аз болмаса керек. Оның үстіне, Қара қаңлылардың арғы бабалары Сыр бойында алшындардан əлдеқайда бұрын қоныс тепкенін тарихи деректерден жақсы білеміз. Осының өзі алшындар құрамындағы қара атауымен аталатын Қаракесек, Қарасақал жəне Төртқара руларының арғы бабалары біз əңгімелеп отырған Қара түргештердің бірлестігінен тарихи бастау алатынын байқатады.
Яғни, шежірелік деректерде Əлімнің атасы атанған немесе Əлімнің екінші есімі болып табылатын Қаракесек рулық бірлестігі (құрамында Қаракесек, Қарасақал, Төртқара рулары бар) өзінің арғы бабаларын қара түргештер құрылымынан алады. Осыған қарағанда, біз əңгімелеп отырған Алшын тайпалық бірлестігіндегі Əлімұлы тайпасының тарихы тереңде жатыр. Негізінен алты рулық бірлестіктен құрылған бұл тайпа кейініректе Қазақ хандығы тұсында Əлім атауымен жеке тайпа ретінде тарих сахнасына шыққан болса, ал оның құрамына енген рулардың арғы бабаларының тарихи тамырлары Түркі қағанаты дəуірлеріне барады. Əлім құрамына енген рулардың шығу тегіне алғаш рет нақты жəне ғылыми түрде тереңдеп барған Н.А.Аристов еді. Ол əлімдердің əртүрлі тайпалық бірлестіктерден құралғандарына назар аудара отырып, өзіндік болжамдар жасаған болатын. Шежірелік деректер бойынша, Əлімнің өзі кейде Қаракесек деген жанама атпен аталады жəне ол Қаракесектің ұрпағы ретінде шежірелік тұрғыдан таратылады. Сондықтан да «қаракесек» этнониміне алғаш жəне арнайы тоқтауымызға тура келеді.
«Қаракесек» атауы қазақ шежіресінде айтарлықтай белгілі этноним. Бұл арғындарда да белгілі ру. Кезінде Н.А. Аристов арғындардың Қарақаралы округіндегі 17 болыста қаракесектердің кеңінен таралғаны жəне ондағы тұрғындардың өздерінің «ежелгі күшті қаракесектер ұрпағы» екендіктерін əрбір болыстың мақтаныш ететіндігін атап көрсеткен еді [13]. Мұның өзі Қаракесек руының ежелден-ақ аса беделді бірлестік болғанын аңғартса керек. Сонымен бірге Кіші жүздің Əлімұлы тайпасы да Қаракесек руына аса құрметпен қарайды. Тіптен, жоғарыда атағанымыздай, Қаракесек Əлімнің арғы атасы болып келеді. Н.А.Аристов Қаракесектердің арғындар немесе əлімдер құрамында ғана емес, сонымен бірге Сырдарияның арғы жағындағы қарақырғыздардың ичкилик руында да кездесетінін ескертеді. Осыған байланысты ол: «Жалпы алғанда бұл ру Алшындарға бөтен жəне тегінде оған кейініректе қосылған, бəлкім арғындардан келген болар», — деген тəрізді болжам жасайды [14].
Шынында да, кезінде Қаракесек рулық бірлестігі ортақ бір одаққа біріккен ру тармақтарының басын қосқан бірлестік болған тəрізді. Біздің ойымызша, ол кезде ол Арғынға да, Алшынға да кірмеген. Əрине, қаракесек атауымен бұл бірлестік ІХ ғ. дейін тарих сахнасына шыға қоймаған. өйткені, мұндай тарихи атау бұл кезеңде еш жерде кездеспейді. Дегенмен де қаракесектердің арғы бабалары қара түргештер одағында өмір сүргенін мойындар болсақ, олардың Түргеш қағанаты құлағаннан кейін жəне «түргеш» этнонимі тарих сахнасынан кеткен соң, біраз уақыт қаралар деген атаумен Сыр бойында көшіп-қонып жүрулеріне тура келсе керек.
Қара түргештерді қарлұқтар бағындырған соң, Қаракесектер бірлестігі біртіндеп ІХ-Х ғғ. қарай қалыптаса бастаған болса керек. Тегінде басмыл тайпалар одағының күйреуі де, VІІІ ғ. соң осы одаққа біріккен тайпалардың ыдырауына байланысты бұл жіктелу үрдісін бастап берген тəрізді. Дегенмен де моңғол жаулауына дейінгі кезеңде біз тарихи деректерден «қаракесек» атауын кездестіре қоймаймыз. Оның есесіне ежелгі түрік рулары арасында «кесек» этнониміне жақын «кесе», «калсер» тəрізді этнонимдер кездесетіні белгілі. Бұлардың кейінгі ұрпақтары қазіргі кезде башқұрттар арасында кездеседі. Башқұрттың белгілі зерттеушісі Р.Г.Кузеев аталған рулардың кезінде Алтайдағы ежелгі түркілер ортасынан шыққандарын атап көрсеткен еді. Оның ойынша бұл кесе, калсар атауын алып жүрген рулардың тарихи тағдырлары Алтайдың солтүстігіндегі б.з.б. І мыңжылдықтың басында өмір сүрген угорсамодий қауымдастығымен тығыз байланысты. Белгілі ғалым бұлардың башқұрт немесе қазақ жеріне жылжу жолдарын төмендегіше түсіндіреді: «В начале и первой половине І тыс. н.э. древние тюрки (в составе, как правило, объединений в этническом отношении неоднородных) устремились на запад, вовлекая в свой состав тюркских и угорских кочевников степей Приаралья и Западного Казахстана. Уже в ту эпоху одни и те же этнонимы (в результате образования и распада различных племенных сочетаний кочевников) могли принадлежать племенам, говарящим и на тюркских, так и на угорских языках…Предки башкир родов кесе, кальсер и юмран поселились в Башкирии во второй половине І тыс. Н.э. в общем потоке движения булгарских племен» [15]. Назар аударар тағы бір нəрсе, қырғыздарда жоғарыдағы рулар атауларына жақын, ичкилик тобында кесек [16], ал тувалықтарда кезек-кулар [17] руларының кездесетіндігі. Тегінде осы, кейініректе əртүрлі халықтар арасына таралып, олардың тілдік ерекшеліктеріне сəйкес, атауларында кейбір ерекшеліктер пайда болған жоғарыда аталған ұқсас рулық этнонимдер ежелгі түркілердегі кесе немесе кесек атауларынан бастау алса керек. Осыған сəйкес жоғарыда аталған белгілі ғалымымыз, Р.Г.Кузеев кезінде мынадай негізді тұжырым айтқан еді: «Означает ли тождественность этнонимов кесе у башкир, кесе (или кичи) у туркмен-салоров, кичи-мерген у локайцев, кесек, кезек у киргизов и тувинцев общность происхождения или общность каких-то древних этапов этнической истории этих образований? Вероятно, да, но появление этнонима кесе(киши) в Средней Азии и Восточной Европе можно обяснить лишь раннетюркскими миграциями на запад»[18]. Р.Г.Кузеев көне венгер тарихын зерттеуші академик Д.Неметтің пікірлері негізінде кесе этнонимінің ежелгі венгер тайпаларының жетеуінде кездесетініне назар аударған еді. Аталған ғалым сонымен қатар қазіргі Венгрия аймағында кесе деген атаумен 50-ге тарта этнонимдердің кездесетіндерін, аталмыш этнонимнің түріктік негізі бар екендігін атап көрсеткен болатын.
Қырғыз зерттеушілері өздеріндегі ичкиликтер (Булгачы) рулық тобындағы ең ірі рулардың бірінің атауы кесек екендігіне назар аударады. Олардың ізденістері кесектердің байырғы қырғыз рулары болып табылатынын, жəне олардың ежелгі Енисей қырғыздары ұрпақтары болып табылатынын аңғарта түседі [19]. Айта кетер тағы бір мəселе, «кесек» атауы түркі халықтарында, соның ішінде қазақ-қырғыз тілдерінде ортақ мағынаны – «бөлек», «нəрсенің бөлігі» деген түсінікті білдіреді. Мұның өзі тайпалық бірлестіктің бір бөлігі, немесе мемлекеттің бір бөлігі дегенді аңғартуы да əбден мүмкін [20]. Осы айтылғандарды қорыта келе мынадай тұжырым жасауға болады: қаракесек рулар бірлестігі о баста Алтай-Саян өңіріндегі жəне Енисей бойындағы ежелгі түркілер қауымдастығының кесек атанған одағында қалыптаса бастаған. Кезінде кесе немесе кесек атанған осы Алтай рулары кейіннен Жетісудағы түргештер құрамында өсіп-өніп, араға бірнеше ғасырлар салып, қаракесек этнониміне ие болған.
ІХ-ХІІІ ғғ. «қара» атауымен топталып жүрген бұл тайпалар біртіндеп, өздерін басқаратын тарихи тұлғаның атына сəйкес (Қаракесек, Қарасақал) немесе құрамындағы ру тармақтарының санына қарай (Төртқара) жаңа этнонимдерді қабылдай бастады. Мұның өзі кезінде қара түргештер құрамында болған Алшынның қаралар руларының жаңа тайпалық топтарға бірігу үрдісі аса күрделі болып, бірнеше ғасырларға, дəлірек айтсақ, ХІІІ-ХҮ ғасырлардың өн бойына созылғанын байқаймыз. Сонымен бірге тарихы едəуір тереңде жатқан, Он оқ бодұн немесе Түргеш қағанаты дəуіріне алып баратын Алшынның қаралардан тұратын тайпалары жоғарыда айтқанымыздай, алғаш Алшын бірлестігінде өмір сүрді. Қазақ хандығының алғашқы ғасырларында қаралардың қазақтарға Алшын тайпалық бірлестігі деген атаумен əйгілі болғанын білеміз. Ол туралы жоғарыда айтып кеттік. Дегенмен де рулық таңбаларға талдау жасағанда ескерткеніміздей, кейбір Қаракесек бірлестігіне кірген рулардың, дəлірек айтар болсақ, Қарасақалдың Алшын бірлестігімен таңбалас, яғни осы одақта алғашқылардың бірі ретінде өмір сүргенін аңғарамыз.
Егер Қарасақал байырғы «сақалды» немесе «сақал» рулық бірлестігінен бастау алады деген тұжырым жасар болсақ, ал мұндай тұжырымды кейбір тарихи дəлелдер қостай түседі, онда оның тарихи тамырлары ортағасырлардағы түркі дəуіріне барады. Н.А. Баскаков ХІ-ХІІІ ғасырлардағы қыпшақ бірлестігінде осындай рудың болғанын жазып кеткен еді[21]. Кезінде осы қыпшақтардың (VІІ-VІІІ ғасырларда) Алтай маңын жəне Ертістің орта ағысын мекендегенін жақсы білеміз. «Соххы» деген атпен хакастар[22], «сақалды» деген атпен қырғыздар, «сокалыг» деген атаумен сары ұйғырлар[23] құрамдарында осындай рудың күні бүгінге дейін сақталып қалуы, сақалдардың арғы бабаларының VІ-VІІ ғасырларда Енисей жағалауында өмір сүргендерін дəлелдейтіндей. Тегінде түргештермен бірге Жетісу өңіріне қоныстанған осы сақалдар қара түргештермен бірге көшіп-қонғандықтан жəне олармен бірге жүргендіктен қара сақал атанса керек. Кейінгі қырғыздарда қазақтар тəрізді баргы, долос, саяк, солто, суу мұрын руларының құрамына қарасақалдардың таралып кетуі де осыны дəлелдей түсетіндей[24]. Кейініректе, ІХ-Х ғасырларда қарасақалдардың бір бөлігі оғыз тайпаларымен бірге Арал бойынан түрікмендерге барып қосылса керек. Қазіргі түрікмендерде де Қарасақал руының сақталып қалуы осыны дəлелдейді[25]. Сонымен бірге тарихтың белгілі бір кезеңінде қарасақалдар Жағалбайлымен, Телеумен жəне Шектімен көрші-қоңсылық өмір кешкен тəрізді.
Мұны қарасақалдардың екінші рулық таңбасының аталған руларға жақындығы дəлелдей түседі.
Ал Кете, Төртқара, Шекті рулары болса, ол кезде бір тайпалық құрылымға бірігіп, Төртқара немесе Шекті тайпалық одағында өмір сүрді.
Қытай тарихи деректерінде Шектінің ежелгі атауы VІ-VІІ ғғ. жылнамаларда кездеседі. Мұның өзі алғаш Шектінің құрамында болған Төртқара рулары кейіннен Қаракесек тобына қосылса керек деген қорытындыға жетелейді.
Дегенмен де VІІ ғ. өзінде қытай деректерінде көрініс беретін Шөмекен (Шөмекей) тайпалық бірлестігінің рулық таңбасының бірі – Қаракесектің екінші рулық таңбасына ұқсас кейінгі
— л əрпіне жақын бұл таңба Қаракесекте аяғымен тұрса, ал Шөмекейде ол көбіне бір жағына сұлап жатады . Мұның өзі бұл таңбаның алғаш Қаракесектерге тəн болғанын, кейіннен осы таңбаны шөмекейліктердің қабылдағанын, бір сөзбен айтар болсақ, Шөмекей тайпасының қаракесектер құрамына, яғни Алшын одағына біраз кейінірек кіргенін байқататын тəрізді. Шежірелік деректер де мұны теріске шығармайды. Оларда Шөмекей Əлімнің баласы емес жəне оның інісінен тарайтын туыс. Сонымен қатар Шөмекейдің рулық таңбасының бірі жоғарыда айтқанымыздай, Алшын тайпалық бірлестігінің ортақ таңбасын еске түсіреді. Мұндағы айырмашылық – Алшын таңбасының ұшы жоғары қарап тұрса , ал Шөмекейдің дəл осындай таңбасының жоғары қараған тұмсығына көлденең сызық қойылған . Мұның өзі Алшын одағындағы Шөмекейдің орнының шектеулі екендігін, жəне оның бұл одаққа кейіннен қосылған кірме екенін аңғартатындай. Осы біз əңгімелеп отырған үрдістер тегінде
VІІ-ІХ ғғ. орын алған тəрізді.
Оның үстіне, Шөмекейдің екінші таңбасының Алшынға жəне Қарасақалға жақын болуы, оның бұл одаққа кейінірек қосылғанын тағы да байқатады. Тегінде бұл VІІІ ғ. қарай орын алған болса керек. Өйткені, Он оқ бодұнның құрамында Нүшбелердің емес, Дулулардың (Бес түріктердің) одақтасы болған Шөмекейлер (Шөмекендер) кейіннен Түргеш қағанаты күйреген соң, Батысқа қарай жылжып, біртіндеп Алшын (Қаракесек) одағына қосылған тəрізді.
Ал енді, өзіміз əңгімелеп отырған Əлімнің Қаракесек тобының жеке тарихына арнайы тоқталатын болсақ, бұл туралы кезінде М.Тынышпаев та өз пікірлерін айтқан еді. Ол Қаракесек тайпалық одағына Шөмекейді жəне Кетені біріктірген. Олардың ежелден келе жатқан ұраны ортақ. Олар жауға «дөйт» деп ұрандатып шапқан. Осы ұранның мəн-мағынасына тереңдете назар аударған ол, кейінгі кезге дейін Қашқардың оңтүстік-батысынан Алтай тауларының шығыс бөлігіне дейінгі аралықта қарақырғыздардың қаракесек жəне тойт деген руларының баяғы заманнан бері қатар өмір сүріп келе жатқандарын жəне бізге келіп жеткен аңыз бойынша, олардың өзара туыс екенін атап көрсетеді. Осыған байланысты ол төмендегідей қорытынды жасайды: «Осылайша, қаракесек жəне дөйт (тоит) Кіші жүз қырғыздарында (қазақтарында – авт.) жəне қарақырғыздарда қатар кездесе береді. Оның үстіне бұл атаулар онда да, мұнда да өзара байланысты» [26].
«Қаракесек» этнонимі туралы айтқан кезде өзімізге көрші қырғыз жерінде де дəл осындай атаумен рудың кездесетінін айтпасқа болмайды. Қырғыздың «Окчу» руынан шыққан Қаракесек «Манас» дастанында эпизодтық кейіпкер қатарында қатысады. Ол бойынша қол бастаған Қаракесек Алтайдан Анжиянға келіп, батырлар мен билер бас қосқан үлкен кеңеске қатысады. Сонымен бірге Қаракесек хан төңірегінде жүрген ірі батырлар қатарында аталады [27]. Тегінде осы дерек назар аударарлықтай мəлімет деп ойлаймыз. «Манас» жырының тарихи тамыры тереңде жатқанын ескерер болсақ, осында аталатын Қаракесек атты батырдың қазақ жəне қырғыз руларының арғы бабаларының басын қосқан көрнекті тарихи тұлға болып шығуы əбден мүмкін. Оның үстіне қазақтар тəрізді қырғыздарда да Қаракесек руының құрамында дəл осындай атпен Қаракесек рулық тармағы кездеседі екен [28].
Қазақта да Əлімнің бабасы Қаракесек тайпасының құрамында Қаракесек руының кездесетінін ескерсек, мұндай ұқсастықтарды кездейсоқтық деп қарай алмаймыз. Тегінде, шамамен VІ-VІІ ғғ. осындай есіммен аталған тарихи тұлғаның үлкен тайпалық бірлестікке ықпалды тұлға болғаны, бəлкім «Манаста» көрсетілгендей, қол бастаушы батыр болғаны рас болар. «Манас» жырындағы көптеген деректер тарихи шындықты негізге алғанын ескерер болсақ, кезінде Қаракесектің ықпалында болған үлкен рулық бірлестіктің кейіннен шашырап, əртүрлі халықтың құрамында жүруі тарихи үрдісте жиі кездесетін жағдай екенін ескермеуге тағы болмайды.
Н.Аристов 1876 ж. қарақырғыздарды зерттеген əскери ғылым экспедициясының материалдарына сүйене отырып, төменгі Алай жеріндегі қырғыздың ичкилик руының құрамында 20 бөлімше бар екенін, олардың ішіндегі ірілері – кадырча, канды, найман, таит, кесек, каратеит жəне т.б. болып табылатынын атап көрсеткен еді. Сонымен бірге зерттеуші Алшынның біз жоғарыда айтқандай, кейбір руларына жауынгерлік ұран болып жүрген таит (доит) атауының қырғыздардың ичкилик руы ішіндегі кеңінен таралған ру тармағы болып табылатынына назар аударған еді [29].
Тағы бір назар аударатын мəселе, жоғарыда аталғандай, қырғыздардың тейит руының құрамында қара тейит деген ру тармағы кездеседі. Қырғыз зерттеушілері бұл рудың атындағы «қара» деген сөз географиялық орналасуға байланысты келіп шыққан деп түсіндіреді. Біздің ойымызша, бұл Қаракесектерге жақын ру аты. Өйткені, осыған байланысты қырғыз ғалымы О.Каратаев былай деп жазады: «Манас» эпосында қара тейиттер қырғыздың белгілі руларының бірі, белгілі қаһармандардың руы қатарында саналады. Үлкен Алай жерінде Қара-Тейит атауының топонимикалық атауы бар» [30].
Осы дерек қазақтың Қаракесек одағына кірген руларының дөйт (қырғыздарда тейит – авт.) руының есімін жайдан-жай жауынгерлік ұран ретінде пайдаланбағанын байқататындай. Тегінде дөйт руы (қырғыздарда тейит – авт.) қаракесектердің о бастағы қалыптаса бастаған бірлестігіне беделді тарихи тұлғаның басшылығымен үлкен ықпал жасаған болса керек.Осыған байланысты Қаракесек тайпалық одағының осы атауды өздеріне жауынгерлік ұран ретінде қабылдаулары əбден мүмкін.
Қытай деректерінде осы «қара» атауына байланысты назар аудартатын тағы бір мəлімет бар. Одан байқайтынымыз, Он оқ елі күйрегеннен кейін қытайлықтар түркілер аймағына əкімшілік реформасын жүргізген кезде, Қара дуаны деген атпен Қара ұлысында жаңа əкімшілік аудан құрған. Мұның өзі қаралардың саны жағынан да, көлемі жағынан да сол тұстағы Қарлық, Генгүн, Құйғыр тəрізді іргелі елдермен қатарлас тұрғандығын аңғарта түсетіндей. Бір сөзбен айтқанда, түрік жерінде құрылған он тоғыз дуанның бірі, осы Қара дуаны болды. Осылайша, Түргеш, Қаңлы тəрізді мемлекеттердің халықтарының қараға жəне сарыға бөлініп жатуы тіптен, осындай «қара» атауымен жеке əкімшілік ұлыстың өмірге келуі, онан соң оны қытайлықтардың қолдап, өздерінің түркілерге ықпалын күшейту мақсатымен Қара ұлысын Қара əкімшілік дуанына айналдыруы, бір сөзбен айтқанда, «қара» атауының тарихымыздан қалмай, үздіксіз тарихи үрдістерге ілесіп жүріп отыруы осы өңірде (Қаратау мен Сырдың аралығында) алғаш Қаракесек деген атпен əйгілі болған кейінгі Кіші жүздің бірнеше тайпаға (Қаракесек, Қарасақал, Төртқара) бөлінген бірлестіктерінің үлкен бір бөлігінің қалыптасуына алғышарттар қаласа керек деп ойлаймыз.
1. Кыргыз тарыхы. – Бишкек, 2003. -218-219 бб.
2. аза)стан тарихы туралы т4ркі деректемелері. – Алматы, 2005. — Т.ІІ. -73 б.
3. аза) ру-тайпаларыны тарихы. Дулат. ХІ.- Т. 1-кітап. – Алматы, 2008.-240 б.
4. Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край.- Т.ІІ. -314 б.
5. Гумилев Л.Н. Древние тюрки. – М., 1993. -353 б
6. Гумилев Л.Н. Древние тюрки. – М., 1993. -377б
7. Бартольд В.В. Отчет о поездке в Среднюю Азию с научною целью. –СПб., 1897. -125 б.
8. Гумилев Л.Н. Древние тюрки. – М., 1993. -377 б
9. ытай жылнамаларындағы )аза) тарихыны деректері (б.з. 275 — 840 жылдары). 2 кітап. -211.
10. ытай жылнамаларындағы )аза) тарихыны деректері (б.з. 275 — 840 жылдары). 2-кітап. -211.
11. ытай жылнамаларындағы )аза) тарихыны деректері (б.з. 275 — 840 жылдары). 2-кітап. -337.
12. ытай жылнамаларындағы )аза) тарихыны деректері (б.з. 275 — 840 жылдары). 2-кітап. -220.
13. Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. – СПб., 1897. -104 б.
14. Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. -108-109 бб.
15. Кузеев Р.Г. Происхождение башкирского народа. Этнический состав, история расселения. – М.,
1974. — 273- 274 бб.
16. Абрамзон С.М. Киргизы и их этногенетические и историко-культурные связи. – Л., 1971. -27 б.
17. Вайнштейн С.И. Тувинцы-тоджинцы. Историко-этнографические очерки. – М., 1961. -3 б.
18. Кузеев Р.Г. Происхождение башкирского народа. Этнический состав, история расселения. — 272.
19. Каратаев О. Кыргыз этнонимдер с@зд4гі. – Бишкек, 2003. -106-107 бб.
20. Каратаев О. Кыргыз этнонимдер с@зд4гі. — 107 б.
21. Баскаков Н.А. Имена половцев и названия половецких племен в русских летописях // Тюркская ономастика. – Алма-Ата, 1984. -72 б.
22. Бутанаев В.Я. Этническая история хакасов ХVІІ-ХІХ вв. – М., 1990. -60 б.
23. Каратаев О. Кыргыз этнонимдер с@здігі. -155-156 бб.
24. Каратаев О. Кыргыз этнонимдер с@здігі. -155-156 бб.
25. Атаниязов С. Словарь туркменских этнонимов. – Ашхабад, 1988. -44 б.
26. . Тынышпаев М. Материалы истории киргиз-казахского народа. – Ташкент, 1925. -23-25 бб.
27. Каратаев О. Кыргыз этнонимдер с@зд4г4. -92 б.
28. Аттокуров С. Кыргыз этнографиясы. – Бишкек, 1997. -195 б.
29. Аристов Н. Опыт выяснения этнического состава киргиз-казаков Большой Орды и каракиргизов.
–СПб., 1895. -143 б.
30. Каратаев О. Кыргыз этнонимдер с@зд4г4. -96 б.
Резюме
Статья посвящена истории происхождения слова «қара» в названиях древних тюркских родов и племен (қара түргеш, қаракесек, қарасақал, төртқара и т.д.). Автором сделан сравнительный анализ древних и средневековых письменных источников, такие как Орхоноенисейские памятники, китайские источники и шежире. По мнению автора, присутствие и сохранение слова «қара» в названиях племен связано с административными подраз-делениямиулусами «Қара».
Summary
Article describes the history of the origin of the word «қara» in the title of the ancient Turkic tribes and clans (қara turgesch, қarakesek, қarasaқal, tөrtқara, etc.). The author made a comparative analysis of ancient and medieval written sources, such as the Orkhon-Yenisey monuments, Chinese sources and shezhire. The author argues that the presence and preservation of the word «қara» in the names of the tribes associated with the subdivision-uluses «Қara.»