ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫНАН

ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ ТАРИХНАМАСЫНАН

Г.Е.Сабденова –
т.ғ.к., əл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

Əлемдік тарих сахнасына «моңғолдар» атауымен дамыған ортағасырлық кезең бас кезінде-ақ кең түрде танылған Орталық Азияның көшпелі моңғол-түрік тайпалары мен халықтарының тарихы бірнеше ғасырлардан бері тарихшы, археолог, этнолог, деректанушы, заңгер, əдебиетші жəне мəдениеттанушылар тарапынан жан-жақты қарастырылып келеді. Қазіргі таңда олардың тарихы мен мəдениетіне қатысты жүздеген іргелі еңбектер жазылған, бұл зерттеулерде түріктер, моңғолдар құрған мемлекеттердің қалыптасуы мен дамуы, негізгі кезеңдері, өзіндік саяси тарихы мен əлеуметтікэкономикалық жəне рухани өмірі толымды түрде сараланған. Сонымен қатар осы уақыттардағы мемлекеттердің тарихына қатысты азды-кемді мəселелер мамандар назарынан қағыс қалып келе жатқандығы немесе зерттеушілер тарапынан белгілі бір тақырып аясындағы сауалдарға сан алуан көзқарастар, əркелкі тарихи ұстанымдар əлемдік тарихнамада қалыптасқандығы да белгілі. Кейбір жайттарға не болмаса түйіні түйіткілді проблемаларға қатысты соны пайымдаулар мен тұжырымдамалар жасалғанымен, оған қарсы айтылған ой-пікірлердің де жетіп артылатындығы тарихнамадағы қалыпты жағдай екендігі де рас. Көбіне тарих ғылымында орныққан мұндай жағдайды мəселенің байыбына барып, оны тереңінен зерделеген не таразылаған іргелі тарихнамалық ізденістердің жетіспей жатуымен де түсіндіруге болады.
Əсіресе сан жылдар бойы кеңестік тарихнама тұсында зерделенген кейбір ортағасырлық кезеңдердегі тақырыптар аяусыз мансұқталып, маркстік-лениндік ілімге сай келмейтін тарихтың шешуші тұстары саяси өктемдікпен жазылды. Мысалы, ұзақ жылдар бойы кеңестік идеология тарапынан ортағасырлық кезеңдегі мемлекеттердің, əсіресе моңғол шапқыншылығы, Шыңғыс-хан саяси келбеті мен Алтын Орда тарихын зерттеу ісі қатты қысымға ұшырап келді. Оны 1944 жылғы 9 тамыздағы БКП (б) ОК-нің «О состоянии и мерах улучшения массово-политической и идеологической работы в Татарской партийной организации» атты жəне 1945 жылдың 27 қаңтарындағы «О состоянии и мерах улучшения агитационно-пропагандистской работы в Башкирской партийной организации» Қаулыларынан да көруге болады. Соңғы құжатта ғылыми ізденістерде ұлтшылдық белең алып жатқандығы сынға алынып, оны түзеудің жолдары қарастырылса, алғашқы аталған Қаулыда коммунистік партия мамандардың ең алдымен неге назар аударуы қажет екендігін тəппіштеп көрсетіп берді. Ортағасырлық тарих беттерінің шынайы зерделенуіне кері əсерін тигізген, оның саясилануына тікелей ықпал еткен бұл Қаулыда мынадай мəтін кездеседі: «обратить особое внимание на исследование и освещение истории совместной борьбы русского, татарского и других народов СССР против чужеземных капиталистического гнета, захватчиков, против царизма и помещичье, а также на историю социалистического преобразования Татарии в период Советской власти и популяризацию выдающихся деятелей, ученых и революционеров татарского народа и его сынов-героев Отечественной войны» [1, 114]. Аталмыш Қаулылар бір шетінен автономиялық республикалар тарихын сол кездегі əкімшілік бөлініс аумағы негізінде ғана жазуға мəжбүрлеген еді; екіншіден, «моңғол-татар» тарихын жазуда мəселеге таптық тұрғыдан келуге күштеді; үшіншіден, ортағасырлық мемлекеттердің тарихын баяндауда «дəріптеудің» мүлдем болмауы керектігін шегеледі; төртіншіден, одақтық республикалар тарихшыларының барлығы осы құжат шеңбері негізінде ғылыми ізденістермен айналысулары тиіс екендігін тұспалдап болса да аңғартқан еді.
Мұндай іс-шаралардан кейін одақтық мектеп оқулықтарында, тіпті университеттік оқу құралдарында моңғолдардың тарихи рөлін теріс көрсету кеңінен белең алды. Санаға қатып-семіп қалған мұндай жаңсақ пікірлер қазіргі таңда ресейлік мектеп оқулықтарында өріп жүргендігін татар тарихшылары баса көрсетіп отыр. Олар 6 сыныпқа арналған (Данилов, Косулина, 2007; Сахаров, 2007) мектеп оқулықтарында ХІІІ ғасырдағы ағылшын миниатюрасы бар екендігін, ондағы сурет астындағы түсініктеме сөз «Моңғолдардың айуандығы» деп берілгендігін, соның негізінде авторлар моңғолдарды адам етін жегіштер ретінде көрсеткендігін қынжыла баяндайды [2]. Міне, бұл ресейлік тарихнаманың «қасіреті» болып табылады, ал оның тамыры өткен ғасырларда-ақ «великоростар» тұсында орныққан секілді. Ресейлік əріптестер тарапынан жіберіліп отырған мұндай олқылықтар (тіпті керағар таптауырындар, догматикалық постулаттар) тарих толқынындағы оқиғаларға жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан келмеуден де туындап отырған секілді.
Моңғолтанудың қалыптасу барысында патшалық Ресей немесе оның мирасқоры Кеңестер Одағы тұсындағы озық ойлы тарихшылар тұрмақ, тіпті моңғолдардың тарихына шынайы бағасын берген шет елдердегі мамандардың да еңбектері маркстік ілім аясынан тыс деп танылып, айтылған пайымдаулары терістелді, бұрынырақта жасалынған тұжырымдамалары жоққа шығарылды. Жетекші мамандардың өздері де кейде қызуқандылыққа салынып, шетелдік əріптестерін «буржуазияшыл көзқараста», «фашистік тұрғыдан пайымдау жасаған» деген күлдібадам бағыттағы қаралауларға да көшкен еді. Мəселен, өз заманында моңғолтануға қомақты үлес қосқан Бертольд Шпулер (Spuler) атты неміс тарихшысының «Алтын Орда. Моңғолдар Ресейде, 1223-1502 жж.» деген 1943 жылы шыққан еңбегі (1965 ж. Висбаденде екінші рет толықтырылып жарық көрген) бірқатар зерттеушілер тарапынан үнемі сынға ұшыраумен болды. Белгілі тарихшы А.Ю. Якубовский оның «жұмысы мол əдебиеттерді қамтитындығына жəне академиялық тұрпатына қарамастан, ғылыми ізденіс емес, еңбек орыс халқының тарихын бұрмалайды жəне татарларға қарсы күресін нақты аша алмайды» деп жазды [3, 910]. Ал М.Г. Сафаргалиев болса: «Автордың қомақты дереккөздері мен зерттеулерді пайдаланғанына қарамастан, Жошы ұлысы тарихының жекелеген сауалдарына тоқталған кезде ол мəселенің дұрыс шешімін таба алмаған. Шпулер көшпенділердің жекелеген заттай мəдениетін, əсіресе сауда мен қолөнер салаларын тым əсерлеп бояу жолымен айналысып кеткен» деп көрсетті [4, 282-283]. Алтын Орда мемлекетіндегі заттай мəдениетін жан-жақты зерделеген көрнекті археолог Г.А. ФедоровДавыдов та Б. Шпулерге фашистік кезеңге сай реакцияшыл ұстанымдағы неміс тарих ғылымының шырмауынан шыға алмаған деген сыңайдағы айыптаулар тақты [5, 6]. В. Егоров болса, еңбекте берілген сілтемелерге автор түсініктемесі жетіспейді, онда тарихи география мəселелері қамтылмаған деп қорытынды жасады [6]. Дегенмен кеңестік тарихнама өкілдері Б. Шпулердің мол деректік қорды талдағандығын, еңбектің академиялық сипатта екендігін мойындауға мəжбүр болды, татымды уəж айтпаса да, заман талабына сай монографияның кемшін тұстарын «əшкерелеуге» тырысып бақты.
Əйтсе де, Алтын Орда тарихы туралы алғашқы ғылыми ізденістер өткен ғасырларда жүргізіле бастағанымен, қомақты зерттеу жұмыстары бола қоймағандығын, сондай-ақ бұл тақырып неміс ғалымдарының бастамасымен ХІХ ғасыр алғашқы жартысында кең түрде қарастырыла бастағандығын да айта кеткен жөн. Бұл мемлекеттің саяси тарихына алғашқылардың бірі болып монография түзген Й. Хаммер фон Пургшталл (Й. Хаммер-Пургсталл) болып табылады [7]. Оған дейін ресейлік Ғылым академиясында ХІХ ғасыр бас кезінде осы тақырыпты зерттеу керектігі айтыла бастаған болатын. Мəселен, 1808 жылы академияда «моңғол» кезеңін зерттеген еңбекке арнайы сыйақы берілуі керектігі айтылды, одан соң аталмыш мəселе 1826 жылы Ғылым академиясының 100 жылдығына орай қайта қозғалып, тақырыпқа арнайы конкурс та жарияланды. Конкурс талаптары бойынша моңғолдардың Ресейдегі үстемдігі қандай болды, мемлекеттердің саяси байланысына, ішкі жүйесіне, білім саласына не əкелді деген сауалдарды зерттеуші барлық жазба дереккөздерін (орыс, шығыс жəне батысеуропалық) кешенді түрде қамтуы арқылы талдап шығуы тиіс болды. Алайда 1826 жылғы Алтын Орда тарихын жазуға арналған бірінші академиялық конкурс ешқандай нəтиже бермеді, мəселе 1832 жылы қайтадан күн тəртібіне қойылды. Конкурсты ұйымдастырушылардың бірі академик X.М. Френ келешекте жазылатын монографияда Алтын Орданың қалыптасуының алғы-шарттары, даму жəне құлдырауы, өзіндік өмір өткелдері, халқының өмірі мен тұрмысы, діни көзқарастары, саяси тарихтағы негізгі оқиғалар мен іргелес мемлекеттермен қарым-қатынасы, соның ішінде орыс жерімен байланысы ашылуы тиіс деген талаптардың қойылуын дұрыс деп тапты. Ол жазбаша дереккөздерімен қатар нумизматикалық материалдарды да ғылыми айналымға енгізу керектігін айтты [8]. Шамамен осы уақытта Ресей Ғылым академиясының конкурсына жоғарыда айтылған Йозеф Хаммер-Пургсталл [7] еңбегі (1979 ж. қайта басылып шыққан – Г.С.) ұсынылған болатын. Алайда оған ресейлік зерттеушілер дереккөздеріне шынайы əрі сыни баға бере алмаған деп айыптады. Й. Хаммер-Пургсталлдан кейін Жошы ұлысының ішкі жағдайына қалам тартқан шығыстанушы И. Березинді [9] де атап кеткен лəзім. Одан соң Ш. Маржаниді [10] де атауға болады. Осы кездері патшалық Ресей тарихнамасында Алтын
Орда дəуіріндегі, оның қарсаңындағы жəне одан кейінгі саяси-мəдени жағдайлар басқа да ғалымдардың (Ш.Ш. Уəлиханов, М.И. Иванин, В.В. Бартольд, Б.Я. Владимирцов, т.б.) еңбектерінде де көтерілді. Отандық тарихнамада олардың еңбектері біршама толымды түрде қарастырылған. В.В. Бартольд мəселенің нақты шешімін таппай жатқандығын жазба дереккөздерінің аздығымен деп түсіндірді.
ХХ ғасыр алғашқы жартысындағы қазақстандық зерттеушілер (М.Тынышпаев, С.Асфендиаров, т.б.) де еңбектерінде Жошы ұлысының тарихы баяндалды. М. Дулатов өзінің бір мақаласында «Алтын Орда» атауының себептеріне, Жошы ұлысына, қазақтың үш жүзге бөліну үрдісіне, «Алаш» атауына, Қазақ хандығына жəне олардың хандары жайында толымды мəліметтер берсе, Е. Омаров «Қазақ календары» журналына жариялаған «Қазақ тарихынан» деген мақаласында Шыңғыс хан тұсында Қазақстан аумағында тіршілік еткен тайпалар туралы да қызықты мəліметтер келтірген [11]. Олардан өзге де ұлт зиялыларының еңбектерінде де осы мəселелер қамтылды.
Ал ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Жошы ұлысының тарихы бірқалыпты қарастырыла бастады. Оған жаңа серпін берген В.Г. Тизенгаузен құрастырған «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды» деректемелік жинақтардың 1940 жылдары 2-томының (1-томы 1884 жылы жарияланған – Г.С.) жарыққа шығуы деуге болады [12]. Бұл жинақтарды ғылыми жұртшылық кеңінен пайдаланып қадеге асырды. Ғалымдардың талдауынан Жошы ұлысына қатысты көптеген жайттар өте бастады. Осы кезеңдегі тарихқа қатысты зерттеулер жүргізген А.П. Григорьев «Монгольская дипломатика XIII-XV вв.», «Ярлык Менгу-Тимура: Реконструкция содержания», «Время написания ярлыка Ахмата» сынды еңбектерін жариялап, жазба дереккөздеріндегі мəтіндерге үңілді
[13]. А.Н. Насонов, Б.Д. Греков пен А.Ю. Якубовский, А.А. Али-Заде, И.П. Петрушевский, М.Г.Сафаргалиев, Г.А. Федорова-Давыдов, Л.О. Бабаян, И.Б. Греков, К.А. Пищулина сынды кеңестік жəне қазақстандық ғалымдар Алтын Орда тұсындағы жəне одан кейінгі замандардағы тарихтың қатпарлы беттеріне қалам тартып, монографияларын, мақалаларын жариялады. Олардың еңбектеріндегі Алтын Ордаға қатысты тұстарына кезінде В.Л. Егоров терең тарихнамалық шолу жүргізген [6]. Сондай-ақ Жошы ұлысында тіршілік еткен халықтардың заттай мəдениетін зерттеуге археологтар да өздерінің үлестерін молынан қосты. Олардың арасынан Г.А. Федоров-Давыдов, Э.Д.Зиливинская, И.С. Вайнер, Л.М. Носкова, Н.Н. Бусятская, т.б. ерекше атап кетуге болады. Есімдері аталған ғалымдардың еңбектерінде алтынордалық археологияның көптеген мəселелері (қоғамдық құрылыс, баспана, монша, шыны өндірісі, керамика, нумизматика, т.б.) айшықталды. Сонымен қатар, мамандар тарапынан жекелеген билеушілердің (Бату, Берке, Мөңке-Темір, Ахмет, т.б.) ғұмырнамасы нақтыланды. Алтын Орданың дербестікке қай ханның тұсында қол жеткізгендігі сынды проблемалар қаузалып, қазіргі таңда оған қатысты ғалымдардың ой бір жерге тоқайласқан. Көпшілік мамандар бүгінде Беркенің ақша шығаруы орталық тарапынан қарсылыққа ұшырағанын айтып, бұл Мөңке тұсында жолға қойылды, яғни осы кезден бастап Алтын Орда дербес мемлекетке айналды деп ой түйген [2; 13].
Қазақстандық академиялық басылымдарда да Алтын Орданың тарихы жан-жақты қамтылды. Мысалы, 1970-1980 жылдары шыққан көптомдық «Қазақ ССР тарихында» қарастырылып отырған кезеңге қатысты тыңғылықты жұмыс жасалғандығын бірқатар мамандар (Кычанов, т.б.) айтып өткен. Дегенмен жіберілген кемшіліктер де бар екендігін бірқатар мамандар көрсетті, солардың бірі
В.Л.Егоров авторлар Ноғай Еділ жағалауындағы өз ұлысын Батудың ұлы Мөңке-Темірден алды дейді, алайда бұл жаңсақтық, себебі ең алдымен Мөңке-Темір Батудың ұлы емес, бұдан кейін Ноғай ұлысы Еділ бойында емес, Днестр өңірінде болған жəне Ноғай мен Ноғай Ордасы екі тарихи-географиялық түсінік дейді [6]. Оның айтқан сөздерінің жаны бар, дегенмен бұл жерде кеңестік тарихнамада тарихи география саласы бұл уақытта дами қоймағандығын да ескеру керек, оның үстіне мұндай олқылықтар кейінгі басылымдарда біршама түзетілді.
Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап ресейлік жəне қазақстандық тарихнамада Жошы ұлысын зерттеу жаңа белеске көтерілді. Осы уақыттардан бері жинақталған тарихнамалық қор зерделеуден өте бастады. Бүгінгі күні бірнеше бағытта зерттеулер жүргізілген. Мəселен, Р.Ю. Почекаев «Право Золотой Орды» атты монографиясында құқықтық құжаттар, акт материалдары, жылнамалар секілді дереккөздерінің негізінде алғаш рет Алтын Орда құқықтық жүйесін, оның негізгі принциптері мен құқықтық қатынастардың реттелуін, Русь құқығына əсерін толымды түрде талдаған [14]. Ал «Монголы, татары, Золотая Орда и Булгария» деген монография авторы А.Х. Халиков [15] сыртқы байланыстарға, оның ішінде Еділ өңіріндегі саяси жағдайларға, Бұлғарияның Алтын Орда құрамына өтуіне тоқталған. Зерттеуші Л.Ф. Абзалов [16] Жошы ұлысындағы ресми жазба тіл мен кеңселік (канцеляриялық) мəдениетті саралаған, автор іс жүргізу коммуникациясы тəсілдері мен тілі, іс жүргізу жүйесі мен практикасына ерекше назар аударған. Тізе берсе, мұндай тың тақырыптарға арналған ізденістер ресейлік тарихнамада көп-ақ. Олардың бір парасына тоқталған біздің ойымызша, келешекте Жошы ұлысына арналған осындай еңбектердің барлығы да кешенді тарихнамалық талдаудан өтуі тиіс.
Отандық зерттеушілер де Жошы ұлысы тарихына қатысты көптеген зерттеулер жүргізді. Олардың арасынан З. Қинаятұлы [17], З. Жандарбек [18], Б. Батырша-ұлы [19], Қ. Өскембай [20], т.б. зерттеушілердің еңбектері атап кеткен жөн. Мамандар арасында сан алуан проблемалар көтерілді, белгілі бір проблемаға қатысты соны тұжырымдар да жасалды. Дегенмен кейбір жайттарға келгенде зерттеушілер арасында əртүрлі пікірлер кездеседі. Мəселен, «Алтын орда» атауын алар болсақ, оны бірқатар мамандар (Б. Батырша-ұлы) «Дешті-Қыпшақ мемлекеті» ретінде қарастырады, келесілері оны «Жошы ұлысы» немесе «Жошы-Қыпшақ ұлысы» деп атау керектігін жазады (З. Қинаятұлы), үшіншілері (Қ. Салғара) «Жошы-Қыпшақ империясы» деп атаған дұрыс дейді. Қазандық тарихшылар оны «Жошы ұлысы (Алтын Орда)» деп қана атауда [2]. Біздіңше, соңғы атау біршама дұрыс секілді, дегенмен оны нақтылай түсу қажет. Бұл жерде ресейлік, батысеуропалық жəне шығыстық дереккөздері мен əлемдік тарихнамаға да азды-кемді жүгініп, барлық талаптарға жауап беретін мəселенің оңтайлы шешімін шығарған да дұрыс сияқты.
Айта кететін бір жайт, кезінде кеңестік тарихшылар (А.Г. Митрошкина, Г.А. Богатова, Г.А.Фёдоров-Давыдов, В.Л. Егоров, т.б.) да «Алтын Орда» атауының шығу төркінін зертттеу нысанына айналдырған болатын. Олардың еңбектерін саралап шыққан Т.И.Сұлтанов кейінгі орыс дереккөздеріндегі «Алтын Орда» мен «Алтын Ұлы Орда» ерте кездердегі шығыстық терминдерден (Сыра орда, Урду-и заррин-и бузург) бастау алуы мүмкін екендігін айтады да, «Алтын Орда» сөзінің тарихи еңбектерде ХІХ ғасырдан бастап қана толық қалыптасқандығын айқындайды. Зерттеуші бұл терминмен Жошы ұрпақтарының мемлекеттері ғана емес, хан резиденциясы да ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда аталғандығын айтып өтеді [21].
Қорыта айтқанда, Жошы ұлысының баянын тарихи зердеден өткізген ғалымдардың ізденістері белгілі ғылым салалары (деректану, археология, т.б.) негізінде бірнеше бағыттар бойынша тармақталады деуге болады. Олардың қай-қайсысы болмасын Жошы ұлысының өткен тарихынан, мəдениетінен хабар беретіндіктен тек ғылыми ғана емес, көпшілігінің танымдық-тəрбиелік, көркемдік маңызы да зор. Тіпті халық бұқарасының сана-сезіміне қозғау салатын еңбектер де ұшырасады. Мұндай еңбектерге тарихнамалық тұрғыдан баға беру бір мақала шеңберінде атқарыла да, ашыла да қоймайтындығы белгілі жайт. Əйтсе де болашақта Жошы ұлысының тарихнамасы отандық мамандар тарапынан кеңінен қарастырылуы тиіс деген пікірдеміз.
Бүгінгі күні Жошы ұлысынан өз тарихи дамуын бастайтын немесе оны ұлттың қалыптасуындағы маңызды кезең ретінде қарастыратын түрік тілді бірқатар халықтар бар. Олардың өткенін танып-білу мен жаңғырту жалпыадамзаттық өшпес құндылықтар негізінде өрбітілуі тиіс. Сан ғасырлар бойғы жинақталған дереккөздерін игеру де қоғам алдында тұрған мəселелерді оңтайлы шешуге ықпал ететіндігі де белгілі. Жоғарыда келтірілген тарихнамалық шолудан, Жошы ұлысының тарихын зерттеудің негізгі үш кезеңі анық байқалады. Оның біріншісі осы заманға қатысты дереккөздерін жинақтаумен, ғылыми айналымға енгізумен анықталынатын патшалық Ресей тұсындағы кезең болса, екіншісі кеңестік кезең болып табылады. Соңғы аталған кезеңде де Жошы ұлысына қатысты деректік қордың шоғырлануы одан ары жалғастырылды, жүздеген ғылыми мақалалар мен ондаған іргелі еңбектер жарияланды. Саяси тарих, археология, мəдениеттану сынды бірнеше ғылым салалары бойынша қызықты ізденістер жүргізілгенімен, Жошы ұлысының тарихнамасында кеңестік саяси өктемдік лебі де байқалып тұрды. Ал КСРО ыдырағаннан кейінгі кезеңде Жошы ұлысының тарихнамасы бұрынғы идеологиялық қыспақтардан арыла бастады, жекелеген тарихи тұлғалардың саяси келбеті қайта қалпына келтірілді. Келешекте бірқатар сауалдар шешілуі тиіс, олардың арасында тарих ғылымының дамуы жағдайында Жошы ұлысының зерттелу кезеңдерін айқындау, түйіні түйіткілді сауалдарға қатысты зерттеушілердің пайымдауларын таразылау, мемлекеттілік үрдістердің трансформациясын айқындау жəне шетелдік тарихнаманы саралау тұр. Бұдан даулы мəселелер төңірегіндегі теориялық-методологиялық сауалдар да қағыс қалмағаны абзал.
__________________
1. КПСС в резолюциях и решениях съездов, конференций и пленумов ЦК. Изд. 8-е, доп. и испр. – Т. 6. – М.: Политиздат, 1971. – 527 с.
2. История татар. Том III. Улус Джучи (Золотая Орда). XIII — середина XV в. — Казань: Институт истории АН РТ, 2009. – 1056 с.
3. Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. – М.-Л.: Изд-во АН СССР,
1950. – 479 с.
4. Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды // На стыке континентов и цивилизаций. Из опыта образования и распада империй Х-ХVI вв. / Сост. И.Б. Муслимов. – М.: Инсан, 1996. – 768 с.
5. Федоров-Давыдов Г.А. Кочевники Восточной Европы под властью золотоордынских ханов. Археологические памятники. – М.: Изд-во МГУ, 1966. – 275 с.
6. Егоров В.Л. Историческая география Золотой Орды в ХIII-ХIV вв. – М.:Наука,1985.–
246 с.
7. Hammer-Purgstall J. Geshichte der Golden Horde im Kiptschak, das ist der Mongolen in Russland. – Pest, 1840.
8. Арапов Д. Ю. Русское востоковедение и изучение истории Золотой Орды // Куликовская битва в истории и культуре нашей Родины. – М.: Изд-во Мос. у-та, 1983.
9. Березин И.Н. Очерк внутренного устройство улуса Джучиева // Труды восточного отделения имп. археол. общ-ва. – СПб., 1864. – Т. 8.
10. Марджани Ш. Очерк истории Болгарского и Казанского царств // Тр. ІҮ археол. съезда. – Казань, 1884. – С. 40-58.
11. Смагулова С.О. XX ғасырдың 20-30- жылдарындағы қазақ тіліндегі мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы. Тар. ғыл. докт… дисс. автореф. – А., 2010. – 49 б.
12. Тизенгаузен В. Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т. 2. –
М.-Л., 1941. – С. 84-85.
13. Григорьев А.П. Монгольская дипломатика XIII-XV вв. – Л.: Наука, 1978. – С. 20-21; Григорьев А.П. Ярлык Менгу-Тимура: Реконструкция содержания // Историография и источниковедение истории стан Азии и Африки. – 1990. – Вып. XII. – С. 67, 69; Григорьев А. П. Время написания ярлыка Ахмата // Историография и источниковедение истории стан Азии и Африки. – 1987. – Вып. Х. – С. 38-47.
14. Почекаев Р.Ю. Право Золотой Орды. – Казань: Фэн, 2009. – 260 с.
15. Халиков А.Х. Монголы, татары, Золотая Орда и Булгария. – Казань: Фэн, 1994. – 102 с.
16. Абзалов Л. Ф. Официальный письменный язык и канцелярская культура Улуса Джучи.
Автореф. дисс… канд. ист. наук. – Казань, 2009. -26 с.
17. Қинаятұлы З. Қазақ мемлекеті жəне Жошы хан. – Астана, 2004. -325 б.
18. Жандарбек З. Шыңғыс хан жəне түркі мемлекетінің қайтадан қалпына келтірілуі // Қазақ тарихы. — 2006. — №6. – 6-9 б.; Жандарбек З. Алтын Орда мемлекетіндегі билер институты // Қазақ тарихы. — 2006. — №3. — С. 9-14 б.
19. Батырша-ұлы Б. Дешті-Қыпшақ мемлекетінің Мысыр Мамлүк елімен XIII-XV
ғасырлардағы тарихи байланыстары // «Қайнар» университетінің хабаршысы — 2008. — № 4/1 . — 21-31-
б.; Батырша-ұлы Б. Мысыр мамлүк мемлекетінің Дешті-Қыпшақпен байланыстары XV ғ.ғ. //
Жамбыл. — 2006. — №2. — 185-218 бб.; — №3. -180-214 бб.
20. Өскенбай Қ. Жошы ұлысының құрылуы // Абай. — 2002. — №1. — 12-14 б.
21. Султанов Т.И. Как улус Джучи стал Золотой Ордой // Татарский мир, 2004. – №12.

Резюме
В статье автором подведены некоторые итоги и определены основные направления дальнейшего изучения историографии Улуса Джучи. Можно утверждать, что с XVIII века до наших дней данная проблема всегда находилась в центре внимания исторической науки. Автором выделены основные три периода. Каждому периоду было свойственно свое видение и оценка этого процесса и в итоге на концептуальный подход ученых почти всегда влияли идеологические факторы.

Summary
The article the author presented some results and identified key issues for further study of the historiography of Ulus Jochi. It can be argued that since the XVIII century to our days, the problem has always been the focus of historical scholarship. The author has identified three key periods. Each period was typical of his vision and evaluation of this process and ultimately to the conceptual approach of scientists is almost always influenced by ideological factors.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *