КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАНҒА ХАЛЫҚТАРДЫҢ КҮШТЕП ЖЕР АУДАРЫЛУЫ:
ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ
Б.Қ.Омарова –
т.ғ.к., «Астана медицина университеті» АҚ доценті
Қазақстан Республикасы тəуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде еліміздің кеңестік кезеңдегі тарихы туралы ақиқатты айтуға, оның əлі де толық зерттелмеген көлеңке беттерін ашу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Тəуелсіздіктен кейінгі уақыт ағымында үлкен бетбұрыс жасалып, демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет құрылды. Бүгінде Қазақстан көп ұлтты мемлекет оның ұлан ғайыр кеңістігінде 130-дай тұрлі ұлттар мен ұлыстар өмір сүруде.
Қазіргі таңда ең күрделі үрдістер, яғни əміршілдік-əкімшілік жүйенің жаппай саяси қуғынсүргіні тарихты қайта зерделеуге арқау болуда. Бірақ тұтас халықтардың күштеп жер аудару тарихын зерттеу обьектісі əлі де болса тереңірек ізденістерді талап етеді.
Қазақстан өлкесіне күштеп жер аудару саясаты ХІХ ғасырдың ортасында басталды, яғни орыс ұлты өкілдерін патшалық үкімет күштеп қазақ жерлеріне қоныстандыра бастады. Ал, ХХ ғасырдың 20шы жəне 50-ші жылдарында КСРО-да көптеген ұлттарды, ұлыстарды күштеп жер аудару кеңінен орын алған болатын. Əкімшілдік-əміршілдік жүйе миллиондаған азаматтардың тағдырымен ойнады. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарында Қазақстан республикасы да бар еді. Осындай аласапыран заманда Қазақстандағы демографиялық ахуалдың күрт төмендеуін жер аударылғандар толықтырды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік əскер мен режимге жəрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеген біраз халықтар қудаланып, туған жерінен тыс, алыс жерлерге күшпен жер аударылды. Егер осындай адамдар немесе жеке бір топтар болған жағдайда тек соларға ғана заң жолымен шара қолданудың орнына кеңес үкіметі тұтастай халықтар мен этникалық топтарды күштеп жер аударған болатын. Мемлекеттің кең көлемде жүргізген осы заңсыз шаралары бүгінгі күнге дейін толық зерттелмей, тариханамалық тұрғыдан жүйеленбей келе жатқан күрделі мəселе. Əсіресе кеңестік жүйе тұсында саяси қуғын-сүргін бірнеше сатыдан өтті деуге болады. мəселен, ол патшалық Ресей тұсындағы Сібірге жер аудару, каторгаға жіберу, сонымен қатар депортация немесе күштеп жер аудару бұрынғы жүйеге қызмет еткен жеке адамдарға, одан кейін коммунистік партияның қарсыластарына, онан соң тұтас ұлттарды қамтыған болатын. Кеңестік қуғын-сүргін жылдары орын алған саясат, күшпен жер аударылғандарды ұлттық болмысынан, дінінен, мəдениетінен айырып, негізсіз кінə тағып, қатал жазалады. Бұл кеңестік ұлт саясатының заңдылығының сақтамауының айқын көрінісі еді. Бірінен соң бірі жарыққа шығып жатқан сол кездегі заң актілері күшпен жер аударылған халықтардың өсіпөніп дамуына, келешегіне түбегейлі кедергі келтірді.
Ұлы Отан соғысы қарсаңында жəне соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылған кəріс, неміс, шешен, ингуш, болгар, месхеттік түріктер, поляк, Қырым татарлары жəне басқа халықтар мен этникалық топтар өкілдері соғыс кезінде жəне соғыстан кейінгі жылдары республика халық шаруашылығының барлық саласында еңбек етіп, оның өркендеуіне өз үлестерін қосты. 1957 ж. олардың елдеріне қайтуына, ұлттық-мемлекеттік құрылымдарының қалпына келтірілуіне байланысты КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлықтары мен КСРО үкіметінің қаулы-қарарларына қарамастан олардың негізгі бөлігі осында түпкілікті қалып қойды. Тек Кавказ түріктері, немістер мен Қырым татарларына еліне қайтуға жағдай жасалған жоқ. Бүгінде олардың бəрі Қазақстан Республикасының тең құқықты азаматтары. Олардың Тəуелсіз Қазақстанның экономикасы мен мəдениетін дамытуға қосқан үлесі арнайы тарихнамалық тұрғыдан бір жүйеге енгізілген зерттеуді қажет етеді.
Кеңестік дəуірдегі Сталиндік қуғын-сүргін кезеңін, яғни тарихытың құрамдас бөлігі ретінде депортацияның күрделі мəселелерін зерттеу қазіргі таңда отандық тарихнама ғылымының басты міндеттерінің бірі болып отыр. Саяси қуғын-сүргін тарихы, халықтарды жазықсыз жер аудару мəселесі кеңестік кезеңде құпия сақталып келді. Бұл күрделі мəселелер туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу түгіл, оларды баспасөз бетінде жариялауға да тыйым салынды. Тек ХХ ғ. 80-ші жылдарының соңында ғана КСРО көлеміндегі демократиялық үрдістердің нəтижесінде, бұрын ақиқат тұрғысынан айтуға тыйым салынған тарихтағы «ақтаңдақтар» мəселесі көтерілді. Солардың қатарында КСРО-ның бір аймағынан екінші жеріне күштеп жер аударылған халықтар мен олардың тағдыры туралы зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол ашылды. Осы мəселеге байланысты бұрыннан құпия сақталған мұрағат құжаттары ашылып, араға 50-60 жыл салып барып кеңестік күштеп қоныс аудару саясатының орны толмас зардаптары туралы ғылыми конференцияларда баяндамалар жасалынып, алғашқы материалдар жарық көрді.
Кеңестік биліктің халықтарды жер аудару туралы жоспарлары, олардың іске асырылуы, тұрмыстық жəне құқықтық жағдайлары жөнінде құжаттарды алғаш рет Ресей ғалымдары Н.Ф. Бугай, В.Н.Земсков, А.М. Некрич жариялаған болатын.
Алғаш рет 1960-шы жылдары күштеп жер аудару саясатының үрдісіне назар аударған шетелдік зерттеуші Роберт Конквест болды. Ол «Советские депортации народов», «Большой террор» деген тақырыпта ғылыми еңбек жазды. 1990-шы жылдардың басында бұл тақырыптағы тарихнамалық зерттеулердің ауқымы кеңейді. Сонымен қатар, Сталиндік жүйе кезіндегі депортация тақырыбы шетелдік М.Гелб, П.Холквист, С.Виола, Ж-Ж. Мари жəне т.б. ғалымдардың зерттеу қызығушылығын туғызып, осы тақырып төңірегінде бірқатар ғылыми тұрғыда жазылған еңбектері жазылды. Сондай-ақ шешен ұлтынан шыққан шетелдік ғалым А.Авторханов солтүстік-кавказ халықтарының тағдыры туралы «Народоубийство — убийство чечено-ингушского народа» тақырыбында ғылыми зерттеу еңбегін жазды. ХХ ғасырдағы өзге ұлттарды күштеп жер аудару саясатынның мəн-мағанасына талдау жасай отырып ғылыми еңбектер жазған Б. Уильямс, Н. Наймарк, Т. Мартин жəне т.б. болды.
Ал, жаппай КСРО халықтарының күштеп жер аудару саясаты мен репрессияға ұшырағаны туралы А.И. Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ. 1918-1956: опыт художественного исследования» жəне А.М.Некричтің «Наказанные народы» деген тақырыпта жазылған еңбектері 70-ші жылдары жарық көрді. Бұл еңбектер тарихшылар мен қоғам қайраткерлерінің жаппай күштеп жер аудару саясатының үрдісі ғылыми тұрғыда жаңа зерттеулерге деген қызығушылықты туғызды. Кең ғылыми зерттеу деректеріне сүйене отырып Н.Ф. Бугай «Л. Берия — И. Сталину: «Согласно Вашему указанию…» тақырыбында жазылған монографиясы тұңғыш рет 1930 жылдардың басы мен 1950 жылдары жаппай күштеп жер аударылған КСРО-ның халықтарының тағдыры туралы жазылды жəне В.Н Земсковтың «Спецпоселенцы в СССР, 1930-1960» тақырыбында жазылған монографиясы демографиялық аспектке назар аударылған. Сондай-ақ «арнайы қоныстандру» саясатына назар аударылған зерттеулерде, əсіресе А. Герман, Л.Белковц, В. Брул, Т.Иларионова, Т. Чебыкина, Т.Черновалардың еңбегі жатады. Сонымен қатар Кронгардттың монографиясы «Немцы в Кыргызстане», В.Э. Кригера «Рейн-Волга-Иртыш: из истории немцев Центральной Азии.
Қазақстанның тəуелсіздік алуы тек қазақ халқы тарихының ақтаңдақ беттерін ғана ашып қойған жоқ. 1990 жылдан бері атамекендерінен қуылып, күштеп қоныс аударылған, бүгінде екінші отанында тұрақтап қалған басқа да ұлт өкілдерінің өткен тарихының көлеңкелі тұстарының шынайы беттерін де ашты. Осы күрделі тарихи кезеңді алғашқылардың бірі болып зерттеген еліміздің көрнекті ғалымы, академик М.Қ.Қозыбаев. Ал Қазақстанның мəдени дамуына өзге ұлттардың қосқан үлесі туралы Н.Е.Едыгенов, Р.Б.Сүлейменовтың зерттеулерінде қарастырылды. Елімізге күштеп көшірілген халықтарды атамекендерінен жер аудару саясатының жасырын ұйымдастырылып, орындалу барысын қашан жəне қанша адамның Қазақстанға қалай орналасқанын, еңбек армиясына қатынасуын нақты деректермен талдау жасай отырып дəлелдеген Қ.С.Алдажұмановтың зерттеулерінің мазмұны мен маңызы тереңдігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, қудалаудың негізгі нысанасы болған немістердің тарихына орай К.Н.Эрлиха, Э.В.Лайгер, В.И.Пассат, В.А.Ауман, А.А.Герман, В.И.Бруля, В.Бауэр, А.А.Айсфельд, Я.Е.Дитц, А.Н. Кичихин, Г. Вормсбехер, Л.А. Бургарт, В.П. Емельянов, А.В. Фитц сияқты авторлардың публикациялық еңбектері, құнды деректерімен тарихнамаға қосылған үлкен үлес екені белгілі.
Кавказдық ұлттардың депортация тақырыбына арналынған зерттеулер К.И.Чомаев, М.Н
Жабаев, Д.В. Шабаев, Р.С. Агиев, Э.А. Аджиева, Р.С. Тебуевтардың еңбектерінде көрініс тапты. Ал поляктардың күштеп жер аударылуы тарихындағы зерттеулерді С. Жаманкулов, Л. Михайлова, С.М.Мəшімбаев, Л.Т.Исовалар қарастырды. Сонымен қатар күштеп жер аударудың заңдылық аспектісін зерттеген ғалымдарымыз Ю.И.Романов, М.Т.Баймаханов, Б.Жангутин болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы халықтан құрылған жүйе – Еңбек армиясы. Еңбек армиясын зерттегендер жер аударылғандар туралы көптеген нақтылы мəліметтерді жарияласа, аталған мəселенің мазмұнын М.Қ. Қозыбаев, Қ.С. Алдажұманов, М.Т. Баймаханов т.б.ғалымдарымыздың құнды еңбектері аша түседі. Кеңестік қуғын-сүргін науқанының Қазақстанға жер аударылған Қырым, Кавказ жəне Еділ бойы халықтарына қолдану тəсілі, қуғындалу себептері Т.Омарбеков еңбектерінде жан-жақты талданып, көптеген мəліметтермен салыстырыла отырып, нақты дəлелдермен мəселенің шынайылығын көрсетеді. Қазақстан территориясына күштеп көшірілген халықтардың бірі кəріс. Жер аударылғаннан кейінгі кəрістердің Қазақстанның əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени дамуын сипаттауға арналған Г.В. Кан, Г. Хан, Г.Н. Ким, И.Югай, А.Хегай, С.Ку, Ким Сын Хва, И.Ким, Л.Квон, З.Ким, Н.Пан. Д.Меннің ғылыми еңбектері жарияланған. Осы мəселеге байланысты Қазақстандағы тарихи демографиялық үрдістердің орны айрықша. Кеңестік тоталитарлық жүйе кезеңінде халықтың демографиялық құрамы өзгерістерге ұшырап отырды, сондықтан да тарихи-демографиялық дамуы, олардың сандық, көрсеткіші туралы ғылыми талдаулар жасалды. Бұл мəселеге М.Х. Асылбеков пен
А.Б.Галиевтің, А.Н. Алексеенконың, М. Тəтімовтің, Л.Т. Қожекееваның, М.Х. Асылбеков пен А.И.Құдайбергенованың бірлескен авторлықтағы зерттеулерінен көрініс тапты. Кеңестік жүйенің тұсында арнайы жазалау орындары — еңбекпен түзеу колониялары үздіксіз жұмыс істеді. Түрлі себептермен тұтқындалғандар мен күштеп қоныс аударылған халықтардың «отанын сатқандар» ретінде лагерлерде, жазасын қалай өтегендігі туралы С.Д. Дильманов, Қ.С. Алдажұманов, Г.К. Бельгер, О. Дымов жəне т.б. ғылыми зерттеу еңбектерінде жазылған. Қазақстанға жер аударылғандардың өмірі туралы деректер Т.Кульбаев, А. Хегайдың «Депортация» (Алматы, 2000) жəне А.Т. Орымбаевтың «Депортация чеченского и ингушского народов в Казахстан в годы Великой Отечественной войны и их положение в послевоенные годы» (Астана, 2006) атты еңбектерінен көрініс тапқан. Зерттеліп отырған тақырыпқа тікелей қатысты күштеп қоныс аударылған халықтардың орналасқаннан кейінгі келген ортаға бейімделуі мен олардың келген жерлерінде жалпы еңбекке араласуы тарихын сипаттайтын кандидаттық диссертациялар бар. Батыс Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың орналасу барысы жəне олардың сол аймақтарда соғыстан кейінгі атқарған жұмыстары туралы
Ж.Қыдыралинаның «Депортированные народы в Казахстан» (А.,1999) монографиясы. А.Н.Табулденовтың «Депортации народов и эвакуационно-миграционные процессы в Северном Казахстане (1937-1956 гг.)» атты кандидаттық диссертациясы, Соғыстан кейінгі жылдары жер аударылып келген немістердің Қазақстанның ауылшаруашылығын қалпына келтіру, олардың тың жəне тыңайған жерлерді игеруге қатынасуы А.Н. Фризеннің кандидаттық диссертациясында тыңғылықты зерттелген. Сол сияқты М.Ч. Калыбекованың кандидаттық диссертациясында жер аударылғандардың Қазақстанға келуі, соғыстан кейінгі саяси-құқықтық жағдайы зерттелген. Қ.К.Қожанованың «Қазақстанға жер аударылған халықтар жəне олардың Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі (1946-1960жылдар)»тақырыбындағы кандидаттық диссертациясында соғыстан кейінгі кезеңде олардың елдің экономикасын дамытуға қосқан елеулі еңбегі туралы мəселе көтеріліп, күштеп жер аударылған халықтар еңбек саласында ауыр жұмыстарда жүріп, қиын кезеңдерді басынан өткізгені, олардың істеген еңбектері мен атқарған жұмыстары туралы баяндалды. 1946-1960 жж. арасында жер аударылғандар қандай жағдайда болды, қалай еңбек етті деген мəселені сол халықтардың өздерінің өкілдерінің естеліктерінен білуге болады. Бұл туралы Д.В. Шабаевтың, Т.А.Курдаевтың, Х.Х. Боковтің, Н. Нəдіровтің естеліктері мол мағлұмат береді.
Тағдыр тауқыметімен көп ұлт қоныстанған Қазақстанда олардың өзара жəне жергілікті халықпен қарым-қатынасының ерекше маңызы бар. Олардың қалай еңбек еткенін, қиын-қыстау кезеңдерінде қол ұшын берген қазақ халқына деген ризашылықтарын Ж. Балапановтың, Г.К.Бельгердің, В.А. Ауманның, Ш. Жарылғановтың кітаптары мен мақалаларынан көруге болады.Мұрағат құжаттарының ашылуына байланысты жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі жағдайын, республика халық шаруашылығының əр саласында қалай еңбек еткенін көрсететін құжатты жинақтар жарық көрді. Сонымен бірге Ресейден шыққан «Сборник законодательных и нормативных актов о реаблитации жертв политических репрессий» М., 1993 жəне 2 томнан тұратын «История Российских немцев в документах (1763-1992 гг.) М., 1993, «История Российских немцев в документах (1965-1992 гг.) М., 1994 атты жинақтарда да жер аударылған халықтарға қатысты құқықтық құжаттар жарияланды. Негізгі қазақстандық тарихнаманың кеңестік дəуірде жер аударылған халықтар мен өнеркəсіп аудандардың кəсіпорынымен көшірілуі кезеңін Г.А. Абишев, В.Я. Басина, В.С.Городецкая, Ж. Абуталиповтердің зерттеу жұмыстарында айтылған. Соғыс кезіндегі əскери-өнеркəсіптің дамуының Қазақстан экономикасына тигізген əсері туралы, зерттеу жұмыстары «Эшелоны идут на Восток: Из истории перебазирования производительных сил СССР в 1941-1942 гг»., «Очерки экономической истории Казахской ССР», «Великая Отечественная война Советского Союза. 1941-1945», «Очерки истории народного хозяйства Казахской ССР» деген еңбектерден көрініс тапты.
Ф.Н.Базанованың монаграфиясында соғыс кезінде жер аударылған халықтардың Қазақстанның тұрғын санының көбеюіне əсер еткен факторлары туралы жазылған. Ю.Шокаманов, Б.О.Жангуттин еңбектерінде Қазақстан территориясына жер аударылған халықтар мен өнеркəсіп орындарының ерекшелігі қарастырған. Қазақстан Республикасының ел басы Н.А.Назарбаев өз баяндамасында депортацияға ұшыраған халықтардың тағдыры «əлемдік тарихтағы көлемі мен қаталдығы жағынан орны толмас қайғы» деген. Шындығында да депортация мəселесі кеңестік тарихнамада жарты ғасыр бойы жабық күйінде көтерілмеді, оның себебі сол кездегі мемлекеттің саяси-идеологиялық саясатына байланысты. Көбінде жер аударылу халықтардың өз еркімен басқа жерге қоныс аударуы немесе жоспарлы жер аударылу деп түсіндірілді. Бірақ оның саяси астарын түпкілікті зерттеу болмады. Тек КСРО мемлекеті ыдырап оның құрамындағы республикалар өз тəуелсіздігін алғаннан кейін ғана бұл тарихтың жабулы беттері ашылды.
_______________
1. Николай Бугай. Депортация народов (конец 30-х — начало 40-х годов) // Историки спорят. — М., 1994.
2. Вормсбехер Г. Немцы в СССР // Знамя, 1988. — № 11. — С. 193-203.
3. Кичихин А.Н. Советские немцы: откуда, куда и почему? // Военно-исторический журнал. —
1990. — № 8. — С. 32-38, № 9. — С. 28-38;
4. Штрек В.К. Немцы. — Алматы: Білім, 1999. — 102 с.
5. Орымбаев А.Т. Депортация чеченского и ингушского народов в Казахстане в годы Великой Отечественной войны и их положение в послевоенные годы. — Астана, 2006.
Резюме
В статье рассматриваются процессы депортации народов, имевшие место в Советском Союзе, одни из трудных и сложных периодов нашей истории в 1930–1950-е годы. Массовые принудительные перемещения крупных социальных, национальных, профессиональных и иных групп населения, разрушившие ареалы традиционного проживания этносов, смешавшие представителей разных народов. Summary
In clause the processes deportation of the peoples having a place in the Soviet Union, in one of the difficult and complex(difficult) periods of our history — in 1930 — 1950 years are considered(examined). Mass compulsory movings of large social, national, professional and other groups of the population which have destroyed ареалы traditional residing этносов, mixed the representatives of the different peoples.